Accessibility links

Кезінде Александр Белов өзін қамау себебін түсіндіріп, «Навальныйдан кейін кезегімді күтіп жүргенмін. Әйтеуір Немцовтан кейінгі кезек емес қой, соған да тәуба» деген. Мәскеудің Мещан аудандық сотында орыс ұлтшылдары лидерінің сот процесі аяқталып келеді. Үкім тамыздың 24-і шығуы тиіс.

Айыптаушылар Александр Беловты (Поткин) 9 жылға соттауды сұрап отыр.

2011-2014 жылдары Белов (Поткин) наразылар қозғалысына белсенді түрде қатысып, наразылық шараларын ұйымдастыру комитетінің мүшесі болған. 2011 жылы қарашаның 4-і күні Путиннің отставкасын талап еткен науқан басталғанын жариялап, оппозицияның үйлестіру кеңесі жұмысына қатысты. 2014 жылдың қазанында тұтқындалып, 2015 жылы басшыларының бірі Беловболған «Русские» бірлестігіне тыйым салынды.

Беловты «Қазақстанда Нұрсұлтан Назарбаевтың режимін құлатуды көздеген экстремистік ұйым құрды, ұлтараздықты қоздырды, экстремистік әрекеттерге шақырды» деп айыптайды. Белов айыбын мойындамайды әрі қылмыстық істің саяси астары бар деп санайды. Оны Борис Немцов, Гарри Каспаров және Ольга Курносова сияқты либерал саясаткерлердің көбі жақтап, істі Ресей және Қазақстан арнайы қызметі қолдан құрастырған деп мәлімдеген.

Егер 2010 жылы Ресейден кетіп қалмағанда Александр Беловтың інісі әрі серігі Владимир Басманов та ағасының кебін құшар ма еді. Ресейде оған іздеу жарияланған. Басманов қуғында жүріп «Ұлт және Азаттық» («Нация и Свобода») комитетін құрған, ал 2016 жылы наурыздың 15-і күні Владимир Путинді жауапқа тартуды талап етіп, Гаага халықаралық сотына жүгінген. Ағасын бостандыққа шығаруды көздейтін кампанияны жүргізуші әрі Александр Беловтың сайты мен блогтарының редакторы Владимир Басманов Азаттықтың Орыс қызметіне сот процесі жайлы айтып берді.

Александр Белов (Поткин) соты өтіп жатқан залдың есігінде тұрған адамдар.

Александр Белов (Поткин) соты өтіп жатқан залдың есігінде тұрған адамдар.

- Мұндай арсыз, дөрекі судьяны көрген жоқпыз дегенді сотта болғандардың бәрі айтты. Судья Альберт Тришкин Беловты үнемі қорлайды, куәлерді шақырудан бас тартады, өзін судья емес, айыптаушы сияқты ұстайды. Бұл - мүлде жиіркенішті көрініс. Ресей сотынан әділ төрелік күту қиын екенін де, алда-жалда тиісті үкім шығармай қалса, кез келген судья далада қалатынын немесе өзі айыпталушыға айналуы мүмкін екенін де түсінемін, бірақ мен судья Тришкиннің айыптаушы рөлін не үшін өзіне жүктеп алғанын түсінбеймін. Прокурор үйінде жайбарақат жатуына немесе сотта кітап оқып отыруына болар еді, өйткені оның бүкіл жұмысын судья атқарды, - дейді ол.

Бұдан ары Владимир Басманов былай жалғастырды:

- Үкім 24 тамыз күні Мәскеудің Мещан аудандық сотында шығады. Бірақ Белов түрмеде отырғалы онсыз да екі жылдай уақыт болды, прокуратура оны 9 жылға соттауды талап етіп отыр. Оны қанша жылға соттайтынын болжай алмаймын, бірақ Белов биліктегі чекистер режиміне қауіпті адам болғандықтан, оны 2018 жылдың жазынан ерте, яғни кезекті жалған «президент» сайлауы өтпей шығармайды деп ойлаймын. Меніңше, оны тағы 5-7 жылға соттауды жоспарлап отыр. Ал кейін Ходорковский сияқты жаза мерзімін ұзарта салуы мүмкін. Бұдан бөлек, Беловты бес миллиард жымқырды деп айыптайды, ал бұл - экономикалық бап бойынша «Кировлес» ісінен кейін тағылған ең қисынсыз айып. Кей кәсіпкерлермен таныстығы болмаса, іс жүзінде Александрдың «айыбы» мүлде дәлелденген жоқ. Ең сорақысы, олар 9 жыл саяси және қоғамдық қызметпен айналысуына тыйым салғысы келеді. Режимнің бейшаралығы соншалық,оларға түрмеде отырған сағы сынбаған жалғыз адам қауіпті болып көрінеді.

Елді жаппай қайыршылық пен жұмыссыздық жайлап, жұрттың көбі ас-суын үнемдеуге көшкен экономикалық дағдарыс кезінде жаппай халық наразылығы кез келген сәтте бұрқ ете қалуы мүмкін. Сондықтан олар маңайына жұртты топтастыра алатын жандардың бәрін оқшаулап тастағысы келеді. Олар «басшысыз тобыр» оңай тарқап кетеді, толқулар төңкеріске ұласпайды деген принципті ұстанып отыр.

Ал тіпті қысқаша тұжырсам, Сечин, Шувалов сияқтылар Ресейді одан әрі басқарып, өздерінің зәулім сарайлары мен жеке ұшақтарының рахатын көріп, чекистердің ұры режимі халықтың мойнында отыра беруі үшін Беловты ұзақ мерзімге түрмеге жаппақ. Белов бізді тақтан құлатады деген қорқыныштан емес, жай сақтықтан ғана солай ете салады. Өйткені ол режимге ең қауіпті саяси қарсыластар бестігіне осыдан 10 жыл бұрын кіріп қойған. Олар бұл жолда ештеңеден тайынбайды. Олар сот төрелігі, әділдік дегенге пысқырып та қарамайды. Ал Ресей ФСБ-ның (федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) конституциялық құрылысты қорғау басқармасы әуелі тергеушілерге, кейін судья, прокурорларға жарлық беріп қойған.

Беловтың үкімін судья шығармайды, оны Лубянка баяғыда жазып қойған, әсіресе Путин мен оның досы Назарбаевтың жуырдағы кездесуінен кейін егер оны босатса, нағыз ғажайып болады. Оны босататынына онша сенбеймін, өйткені Беловты босатса, Кремльдің жікшілдікті мойындағаны болып шығады. Түркиядағы оқиғалар Путиннің үрейін ұшырғанын кейінгі кездегі кадрлық ауыс-түйістер көрсетті. Шын мәнінде, Путин жан-жақтан -элиталық топтар мен күштік құрылымдардан да, оппозициядан да, тоналған халықтан да соққы күтеді. Ол қазір жанталасуда, бірақ іс мұнша тереңдей қойды деп ойламаймын.

– Бірақ айыптаудың ресми әрі өзгеше көрінетін жағы да бар ғой. Сіздің пікіріңізше, іс жүзінде не болды және оны не үшін жазалағылары келеді?

– Оны «мына қанды қылмыстары» үшін ресми айып тағып, 9 жылға соттағылары келеді. Айтпақшы, ресейлік БАҚ-тар бұл жайлы ұялғанынан жазбай отыр.

Бірінші, «Срок» тележобасы журналистері Беловпен келіспей құрастырып, жариялап жіберген Рамзан Қадыровты сынаған видео үндеу. Тура кафенің ішінде шешендер оның өрімдей бойжеткен танысына шабуыл жасап, әлгі қыздың қолын әйнек тіліп кеткен, жедел жәрдем шақыруына тура келгенін естіп Белов қатты ашуланған. Үндеу Белов оқиға орнына бара жатқан кезде жазылған. Әлгі бойжеткен маған хабарласып, сотқа барып, Беловты қорғауға дайын екенін айтқан, бірақ неге екені белгісіз, оны шақырған жоқ. Бірақ өзге куәлер әлгі жайттарды растайтын түсінік берді.

Екінші «қылмысы» - Путиннің досы Назарбаевтың диктатурасымен күресіп жатқан қазақстандық оппозициямен араласқанын айып етіп тағып отыр. Ол қазақстандық оппозиционерлерге қандай бейбіт жолдар арқылы заңды саяси күрес жүргізуге болатынын үйрететін бірер лекция оқыған. Енді оны әлгі семинарлар арқылы Қазақстандағы тұрақтылықты шайқалтып, Ресей басқарып отырған Еуразия Одағын күйреткісі келген деп айыптайды. Менің қолымда оның өзге аудитория алдында оқыған күш қолданбай қарсыласу тәсілдері туралы лекциясының жазбасы бар, оны үкім жарияланған күні міндетті түрде жариялаймын. Оппозициялық қозғалыстың әр мүшесі күрес әдістерін көбірек білсе деймін.

Үшінші - қашан жазылғаны да, liveinternet тегін ресурсында кім және қашан жариялағаны да белгісіз әлдебір қияли екі мәтінге қатысты айыптайды.Тергеушілер әлгі мәтіндер - құпия жоспар, Белов оларды жариялау арқылы Қазақстанда төңкеріс жасап, Назарбаевтың конституциялық құрылысын құлатқысы келген деп санайды. Беловты мұндай ерекше саяси себептермен соттау мүлде қолайсыз болғандықтан, Навальныйдың үстінен қозғалған «Кировлес» сияқты өзге бірдеңе ойлап табуды ұйғарған.

Төртінші айыптау Белов ертеректе Назарбаевтың бұйрығымен меншік иесінен тартып алынған, кейін Ресей билігі қамау салған БТА-банктің жер телімдерін заңдастырғысы келген дегенге саяды (тура ЮКОС-қа қатысты іске ұқсайды, бірақ әлгі банк мемлекет қаржысын пайдаланбаған). Ал Белов бандерашылар мен Батыс елдері арнайы қызмет орындарының көмегімен Львовта штаб-пәтер ашып, түскен ақшаны Ресейде үкіметке қарсы Майдан ұйымдастыруға жұмсамақ болған (тергеу материалдарында осындай сандырақтар бар). Бірақ олар әлгі жер телімдеріне Ресей мемлекеті баяғыда қамау салып тастағанын, сондықтан Ресей билігінің рұқсатынсыз оларды пайдалануға болмайтынын ескермейді.

Беловты міне, осы «қылмыстары» үшін 9 жылға соттағылары келеді. Ресейде кісі өлтіргені үшін немесе Дағыстан тауларында терроризм үшін осындай жаза кесіледі. Айтпақшы, Солтүстік Кавказ территориясында «Ислам мемлекетінің» (Ресейде тыйым салынған) астыртын ұйымы барына қарамастан, үгітке еріп, ИМ ұйымына қосылған содырлармен біздің құқық қорғау органдарымыз тәрбиелік сұхбат өткізіп, «енді бұзақылық жасамаймын» деген уәдесін алғаннан кейін оларды босатып қоя беруге мүмкіндік табады. Сондықтан 9 жылға сотталып, оны ұзарту мүмкіндігін алу үшін Ресейде қандай зұлымдыққа бару керегін мен тіпті білмеймін. Маньяк, қанішер болу керек шығар.

Белов бостандыққа шыққан кезде оның балалары есейіп, ал қарт әке-шешеміз оның түрмеден шыққанын көрмей көз жұмуы мүмкін. Әкеміз 75 жаста, ол – бізді, яғни бала-шағасын асырау үшін бүкіл ғұмырын арнаған адам. Анатолий Иванович Александрдың жағдайын көп уайымдайды, ал шешеміздің қайғысы айтпаса да түсінікті.

Владимир Басмановтың ұлы Игорь-Пересветпен түскен суреті.

Владимир Басмановтың ұлы Игорь-Пересветпен түскен суреті.

Александр Беловқа тағылған сияқты айыптар 1937 жылы Смоленск облысы тұрғындарын Жапонияға тыңшылық етті деген айыптауларға ұқсайтынын кез келген сауатты адам түсінеді. Ол заманда «импералистерге көмектесу үшін АҚШ-қа апаратын жерасты жолын қазды» деп айыптап, үштіктің сотын өткізіп, ату жазасы немесе 25 жылға соттаған.

Беловты қудалаудың нақты себебі: Александр Белов - елде «Путин отставкаға кетсін!» деген науқан бастауға шақырған алғашқы адам, мемлекеттік думаға сайлауы нәтижелері бұрмаланған күні ол «Орыс маршы» шеруінде жұртты көшеге шығуға шақырған әрі 2011 жылы желтоқсанның 4-і күні Мәскеудің орталығына пікірлестерімен бірге шыққан. Бұл Путиннің күштік құрылымдарымен болған алғашқы қақтығыс еді.

Мына 2012 жылғы екі видеоны көріп шықсаңыз, 2014 жылы оны не себепті тұтқындағанын да, қазір болып жатқан оқиғаларды да түсінесіз.

Бұдан бөлек, ол Путиннің Донбастағы авантюрасын қолдаудан, Украина мен Францияда саяси қастандық ұйымдастырудан бас тартты. Одан мұндайды да талап еткен, ыңғайы келген кезде ол бұл жайлы халықаралық соттарда куәлік етуге дайын.

Кремльде отырған күйе көбелек тым кекшіл әрі ештеңені ұмытпайды. Сондықтан Беловты жазалау - Удальцовты түрмеге қамап, Навальныйды қудалаған, Немцовты өлтірген, 2011-2012 жылдары трибуналарда Беловпен қатар тұрған Пономарев, Пионтковский, Каспаров сияқты жандарды эмиграцияға кетуге мәжбүр еткен тізбектің бір буыны. Міне, мұны айқын түсіну керек.

– Айыптаушы тараптың куәгерлері ретінде сотқа кімдер шақырылды?

– Бұл істің көп бөлігі Ресейдің арнайы қызметіне жуық әрі олардың марапатын алған адамның жалған куәліктеріне құрылған. Әлгі кісі іске құпия куәгер ретінде тартылған, сотта Белов оны таныды, оның шын тегі - Макаров. Қазақстан оппозициясының көп өкілінен жауап алынып, Беловтың семинарына қатысқан қарапайым студенттер немесе жай таныстары тергелді. Айыптаушы тараптың куәгерлерінің көбі өтірік айтқысы келмей, қорғаушы тараптың позициясын ашық қолдады. Кейбірі Солтүстік Корея жайлы анекдот стиліндегі әлдебір сандырақ дүниелерді айтады. Мысалы, куәгер әйелдердің бірі Facebook желісінде аккаунт тіркеу - революцияға алғашқы қадам десе, енді бірі кез келген митинг заңсыз деп санайды.

2011-2012 жылдары наразылық акцияларына қатысқан тағы бір куәгер Георгий Боровиков - нағыз монархист, қатаң жаза қарастыратын ауыр баппен сотталған. Түрмеде Боровиковты ұрып-соғып, қорқытқан,пәтерін тартып алып, ақыры ымыраға көндірді. Енді ол «Белов Ресейді күйреткісі келеді, ал мен отанымның игілігі үшін қызмет етуге әзірмін» деп мәлімдейді. Ол шетел агентурасының Белов арқылы жасап отырған қылмыстық әрекеттерін тоқтатуды талап етеді. Мұндай қылығын қолдау мүмкін емес болса да, мен Боровиковті қатты аяймын.

Кезінде БТА-Банктің Ресейдегі әріптесі болған әрі талай жыл бұрын сотталған, Назарбаев Путиннен «БТА-ның Ресейдегі мәселесін шешіп беруді сұрағаннан кейін қысымға ұшыраған коммерсанттардың ішінде де бір бейшара болды. Әлгі адам «Беловты танымаймын, көрмеген кісім, бірақ бәріне сол кінәлі» деп міңгірледі.

– Белов жақтастарының қатары аз, ал оны қолдау үшін сот залына санаулы адам ғана келгендей көрінді. Оның сотын журналистер де онша елемеді, мұның себебі неде?

– Біріншіден, ұзаққа созылған саяси процестердің бәріне халық онша көп жиналмайды. Алғашқы бірер отырысқа жұрт көп келеді де, кейін қызығушылық азаяды. Бұл Белов қана емес, бүкіл оппозициядағы үлкен олқылық. Екіншіден, бүкіл отырысқа қалмай қатысқан адамдар да бар. Ал үшіншіден әрі ең маңыздысы - Тришкин Беловтың процесті ашық өткізу құқығын бұзды. Сот отырыстары аядай залда өтті, көрермендердің процесті дені дұрыс залға ауыстыру туралы шағымбары мен талаптарын мүлде елемей қойды. Ақыры сотқа келген көрермендер отырыс қорытындысын күтіп, бірнеше сағат бойы сот есігі алдында отыруға мәжбүр болды. Бірақ кейін келе алмайтын жағдайлар болды. Жұмыстан сұранып келіп, есіктің көзінде сағаттап отыру үшін нағыз фанат болу керек қой.

Ал БАҚ-тың жөні бөлек. Жуырда Белов сот отырыс залында өліп қала жаздады. Болған жайтты ішінде Беловпен достасқандары бар 50 шақты журналистке өзім хабарладым. Жедел жәрдем келді. Ал БАҚ-тың реакциясы қандай болғанын білесіз бе? Әлгі оқиға жайлы ресейлік екі оппозициялық БАҚ, сол жерде болған бір БАҚ, сосын украиналық бірер БАҚ қана жазды. Бітті. Оқымағаннан емес, жұрттың бәрі оқыды. Журналист үшін мұндай ақпараттық себеп күнде бола бермейді ғой. Жуырда бір жолдасым Кремль ресейлік БАҚ-тарға Беловтың ісіне қатысты хабарды аз тарату туралы нұсқау берген сияқты деген пікірін айтты. Ал мен бұған сенімдімін. Өйткені мұның өзге себебі жоқ. Белов - жай ұлтшыл емес, 2011-2012 жылдары Удальцов, Навальный, Пономаревпен бірге наразылық шеруінің басы-қасында болған адам.

– Қазір оның жағдайы қалай?

– Қазір жақсарған сияқты. Меніңше, оның қан қысымы күрт көтеріліп кеткен немесе жүйкесі әбден жұқарған сияқты. Дәрігерлер судьядан сот отырыстарын жиі өткізбеуді сұраған, бірақ ол бұл ескертуге пысқырмайды, өйткені ФСБ процесті сайлауға дейін тезірек бітіруді бұйырған. Меніңше, судьяның арсыз қылығы мен қапырық автозактарда ары-бері сабылу оны әбден титықтатып жіберген сияқты, сот отырыстары күн сайын дерлік өтті ғой.

Александр Белов (Поткин) сот залында тұр.

Александр Белов (Поткин) сот залында тұр.

– Александр Белов екеуіңізден алған сұхбатты жариялағаннан кейін мен сынға толы көптеген хат алдым. Маған мемлекет ұлтшылдарды әділетсіз қудаласа да, мұндай көзқарастағы адамдарды аяуға болмайды, өйткені «олар - Путиннен де жаман антисемиттер, гомофобтар, адамды ұлтына бола өлтіруге, ұрып-соғуға арандатады» деп жазған. Мұндай сыншыларға не деп жауап берер едіңіз?

– Кімді аяп, кімді аямау - жұрттың өз еркі. Бірақ олар қоғамдағы барлық маңызды тенденцияларды, қандай саяси қозғалыстар бар екенін, олардың не ұсынатынын, қандай жұмыс жүргізетінін, өздері азаматы саналатын мемлекетте саяси себептермен кімдерді қудалайтынын білуі тиіс. Бұл - қалыпты нәрсе. Ақпараттық тұрғыдан еркін қоғам. Мен мысалы, марксизм немесе қазіргі солшылдардың идеяларын құптамаймын, экономика саласында либералдармен келіспейтін тұстарым көп, бірақ олар жайлы жазбаңдар деп әлдебір БАҚ-тан талап ету ойыма да келмейді, өзімнің саяси платформамды дұрыс деп санаймын әрі оны ашық қорғауға әзірмін. Меніңше, кей жолдастардың саяси көзқарасы өзгеше жандар туралы ештеңе білгісі, естігісі келмеуінен олардың өз дүниетанымына деген сенімсіздігі байқалады.

Бұдан бөлек, меніңше, біз биліктің наразылық күштерінің ынтымақтастығын бұзуына мүмкіндік бермеуіміз керек. Әлдебір топ белсенділік таныта бастаса болды, оларды қаралап шығатын кремльшіл «оппозиционерлер» табыла кетеді. Мысалы, алыс сапарларда жүретін көлік жүргізушілерді құқығы бұзылып еді, «оларға сол керек, қолдамаймын» деп шыға келді. Мұғалімдер наразылыққа шықса, «сайлау нәтижелерін ең көп бұрмалайтындар солар» деп шығады. Ұлтшылдар наразы болса, «соларды қойшы, нағыз жексұрындар, оларға сол керек» дейді. Валюталық салымшылар наразылы білдірсе, «нақұрыстардың өздері кінәлі» деп шығады. Мұндай қисынның түбі басыңа іс түскенде ешкім сені қолдамайтын күйге әкеледі.

Ұлтшылдарды немесе либералдарды, не ЛГБТ қозғалысын не шартты «гейкүрескерлерді», еврейлер немесе антисемиттерді күшейтіп жіберуі мүмкін деген уәжбен наразылық қозғалыстарына қатыспаймын дейтін жандарға қатысты айтайын. Путиншілдер өз кумирінің билігін қорғау үшін қандай идеяларды жамылса да маған бәрібір. Сайлауға ПАРНАС партиясынан ұсынылған негізгі кандидаттардың бірі Вячеслав Мальцевтің сенімді өкілі Дмитрий Демушкин «ұлт-азаттық күреске қарсы шығатындардың бәрі, олар қалай деп аталғанына қарамастан, біздің жауымыз» деп дұрыс айтты. Мен үшін әлдебір Севастьянов-Савельевтер мен Красовский-Боровойлардың еш айырмасы жоқ. Олардың бәрі - Путин итаршыларының одақтастары. Ал біз нағыз демократтар мен либералдармен бірлесіп, әлгі көкезу мылжыңдардың қожайындары – чекистермен күресетін боламыз, ал путинді қолпаштайтын екіжүзділер бізге қызық емес, олар - ұры-қарылардың режимі құлаған бетте тым-тырақай қашатын түкке тұрғысыз пенделер.

Көп айтудың қажеті жоқ. Тек айтарым, наразылық күштерінің мүмкіндігін ұлғайтатын мына сайлаудағы біздің одақтасымыз әрі біз дауыс беруге үгіттейтін партия - путиншілдер өлтірген Немцов құрған Халық еркіндігі (ПАРНАС) партиясы. Бірақ Явлинскийдің «Яблоко» партиясына еш уақытта дауыс бермеу керек. Өйткені «Жуырда Путинмен кездескеніңіз рас па?» деген сұраққа Явлинский жауап берген видеоны тауып алып, көріп шығыңыз. Сол кезде бәрі айқын болады.

Озбырлармен күресіп, бандиттер диктатурасына ашық қарсы шығып, олармен мәмілеге келмегені үшін Белов өмірінің ең тамаша жылдарын түрмеде өткізіп жатыр. «Ұлт және Азаттық» комитеті Беловқа белсенді көмектесіп, мен Украинадағы, Сириядағы, Шешенстандағы қылмыстары үшін Путинді жауапқа тартуды талап етіп, Гаага сотына арызбен жүгінгеннен кейін Путиннің қарақшылары менің фотомды Ресей ішкі істер министрлігі сайтына іліп, іздеу жарияланды деп ресми мәлімдеді. Ресей билігінің талабымен шағын болса да шетелдегі бүкіл қаржылық шоттарымды бұғаттап тастады. Paypal деген шетелдік сервис сияқты еді, бірақ ол да мені бұғаттап қойыпты. Маған Мәскеуден Азизова Дениз Эльмановна деген 25 жастағы тергеуші ФСБ-ның тапсырмасымен үстімнен маған белгісіз негіздермен қылмыстық іс құрастыра бастағанын хабарлады. Ол жуырда мигрант болып келіп, колхоз жерлерін арзанға сатып алған, қазір Путин маңында жүрген ұсақ олигарх – «тауық королі» «Ярославский бойлер» акционерлік қоғамы сияқты өзге бірнеше ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының тең қожайыны Азизов Эльман Назифовичтің қызы екен.

Бұл жолы менің үстімнен тағы қандай сандырақтар ойлап тапқанын әлі анықтаған жоқпын. Айтпақшы, әлгі тергеуші - «Антон Носиктің Сирия халқына қарсы қылмысын тексеріп жүрген» әйел.

Отбасымды, әйел, бала-шағамды жуырда көре алмайтыным анық. Менің кейінгі әрекеттеріме биліктегі ұры-қарылардың жауабы осындай болды. Ал бізді сөгетіндер не шаруа бітірді? Олар елді демократияландыру жолындағы күреске қандай үлес қосты? Путин мен оның қанішерлерін айналып-толғанатын кімдер? Аңқау телекөрермендер емес, сәл сауатты аудиторияға жұмыс істейтіні болмаса, олардың Киселев пен Соловьевтен еш айырмасы жоқ.

Александр Белов (Поткин) пен Алексей Навальный.

Александр Белов (Поткин) пен Алексей Навальный.

– Белов басқарған қозғалыстың келешегін қалай болжайсыз?

– Қозғалыс деп қозғаушы күш ретінде әрекет ететін әлдебір қуатты ұйымдардың маңайына ұйысуды айтады. Егер мұндай ұйымдар болса қозғалыс аман қалады, ал болмаса қозғалыс құрдымға кетуі үшін 10 жыл жеткілікті. Сондықтан мен үшін «Ұлт және Азаттық» комитетін (ҰАК) дамыту маңызды. Шындығында, бұл ұйым Белов 6-7 жыл бұрын жариялаған идеялар негізінде құрылды. Бірақ ол кезде қоғам, біздің аудитория ол идеяларды қабылдауға дайын емес болатын. Александр - көшбасшы ғана емес, іске асыру үшін жылдар болмаса да, талай айлар кететін идеялардың, тактикалық мақсаттардың генераторы. Беловтың қозғалысқа ықпалын судья Тришкиннің атүсті шығарған үкімімен тоқтату мүмкін емес.

Қозғалыстың, «Ұлт және азаттық» комитетінің, серіктеріміздің келешегі қандай болатыны белгісіз, сондықтан бәрі өзімізге және келешекке деген құқымызды қаншалықты белсенді қорғай алатынымызға байланысты. Не өзге наразы күштермен бірлесіп жеңеміз, не олармен бірге жойыламыз.

Кейінгі жылдары серіктеріміздің көбін чекистердің «Ұлы импария» тірі деген ежелгі әрі шіріген ертегісімен жолдан тайдырмақ болды. Оның авторлары «Ұлы империя» (нақтырақ айтқанда, оның елесі) орыс халқының сүйегінің үстіне салынып, әміршілері ұрлайтын ештеңе қалмағанын түсінген бойда бір күнде күйрейтінін айтуды ұмыта береді.

Бірақ бұл сынақтан біз абыроймен өттік. Беловтың арқасында деуге де болады. Беловқа билік «егер Путин билігінің қылмыстық сыртқы саясатын сөзбен және іспен қолдасаң кенелесің» деген уәде берген. Оны Ресей үкіметі төрағасының орынбасары үгіттеген. Өзгелер биліктің сол уәделеріне сатылып кетті, бұл жайлы құжаттарды өз көзіммен оқыдым, олардың құны бес тиын болып шықты. Келешекте мұның бәрі міндетті түрде әшкере болып, кейбіреулердің қалай сатылғанын жұрт білетін болады. Ал ол өзін құрбандыққа шалып, бас тартты. Енді ол түрмеден қашан шығатыны белгісіз, тіпті шыға ма, жоқ па - неғайбіл. Бірақ ол ең белгілі ұлтшылдардың бірі ретінде мұндай құрбандыққа бару арқылы біздің қозғалысты құтқарып қалды.

Бұл біз ерен күш-жігеріміздің арқасында еңсерген үлкен қатер болды. Айналаң «Ресейдің даңқы арта берсін! Қырым біздікі! Киевті аламыз!» деп бақырып жатқанда мұндай жалған патриоттыққа ашық қарсы шығу бізге мүлде оңай болған жоқ.

Енді мұның бәрі артта қалғанда ендігі мақсат - барлық қиындық, репрессияға қарамастан, чекистердің қорқау режимі әлі жойып үлгермеген өзге саяси күштермен бірлесіп елді билік басындағы бандадан құтқару керек. Бұл жолда олар бүкіл халықпен бірге бізді не біз оларды жеңеміз.

Қазір біз – билікке сатылып, жау жағына шығып кетпегендер мен «Ұлт және азаттық» комитетінде шоғырланған ұлтшылдар және біздің жақтастарымыз Мальцев пен Касьянов екеуімен бірге Думаға дені дұрыс адамдарды енгізуге тырысып көреміз. Бұл бізге трибунаға жетіп, ұйымдасу мүмкіндігімізді жақсарту үшін қажет (жөні түзу депутаттар болмаса, Украинада адамды құрметтеуді талап еткен революция да болмас еді).

Егер жаңа орталық сайлау комиссиясы сиқыршы Чуровтың фокустарын қайталамақ болса, сайлау күні ұзаққа созылатын жаппай наразылық қайта басталуы мүмкін.

Сайлауалды дүрбелең бәрібір өз құрылымыңның сапасы мен санын күшейтуге, сонымен бірге қарапайым азаматтар арасында біздіңидеяларымызды көбірек таратуға септеседі.

Біз халықты оятып, жинаймыз. Қарсылық күштерін жетілдіреміз. Ал 1613 жыл сияқты мүмкіндік туған кезде Кремльді озбырлардан босатып, елді ұры-қарылардан тазартамыз, халыққа азаттық пен даму мүмкіндігін береміз.

Владимир Басманов.

Владимир Басманов.

– Апелляция беріп, соттарда бұдан ары күресуді қажет деп санайсыз ба әлде мұның пайдасы жоқ па?

– Міндетті түрде. Бірақ Путин соттарына сенгеннен емес, жергілікті соттардан өткенімізді және бұл жүйе өзін-өзі күйретіп жатқанын бүкіл әлем көруі үшін. Барлық кезде, барлық жағдайда осылай істеу керек. Мұны жұрттың көбі түсінбейтіні және бұлай істемейтіні өкінішті. Кей халықаралық инстанцияларға жүгіну үшін үкім шыққан мемлекеттегі тиісті институттардың бәрінен өту қажет.

Бұған қоса жуырда «Белов тізімі» тізімі құрылады - кейінгі жылдары Александрды қудалағандар, оның үстінен қолдан іс құрастырғандар, тергеушілер, Сухов сияқты прокурорлардың, ФСБ-ның конституциялық құрылысты қорғау басқармасы деп аталатын органы қызметкерлері мен бұл қылмысқа қатысы бар өзге адамдарды анықтап, әлгі тізімге қосамыз. Әлгі тізімге енген адамдар Сирия мен Солтүстік Кореяға ғана демалысқа бара алуы үшін тізімді әлем елдерінің көбінің парламент депутаттарына таратып, олардың шетелдегі есеп-шоттарын бұғаттатамыз. Елді чекистердің кісі жегіш билігінен құтқарғаннан кейін қылмыскерлердің бәрін міндетті түрде жауапқа тарту үшін өзге тәуелсіз оппозиционерлермен келісім жасаймыз.

Егер ресейлік тыңшылар мен диверсанттарды үнемі ұстап алатын Украина немесе өзге мемлекеттер оларды Путин режимімен күресіп, тұтқында отырған күрескерлерге алмастырса дұрыс болар еді, бірақ бұған үміт жоқ.

– Жуық арада саяси режим өзгеріп, ағаңыз бостандыққа шығады деген үмітіңіз неге негізделген?

– Дуал құлап, саяси тұтқындар бостандыққа шығатыны даусыз. 1917 жылдың қаңтарында Ленин серіктеріне революцияны «немерелеріміз көретін болады» деген. Бірақ нақты жағдай өзгеше болып шықты. Қазір де солай болады.

Режимге экономикалық тықыр таяды, бірер жылға жетерлік қана ақша қалды. Ары қарай Солтүстік Корея экономикасының кебін құшып, жаппай террор басталады немесе күйреп тынады. Қазіргі алыпсатарлар, жеке меншік ұшағы барлар Солтүстік Корея сияқты елде тұруға әзір ме? Бұл сұрақтың әзірше жауабы жоқ, бірақ меніңше дайын емес. Күйе-көбелек өзін құтқару үшін азды қанағат тұтатын әрі оның 30-жылдардағы Сталин сияқты қалай өрлегенін білмейтін қарақшыларының төменгі құрамына сүйенуі мүмкін.

Бізбен келіспейтіндердің назарын Батыстың шартты көмегін күтуге болмайтынына аударғым келеді. Жуырда БАҚ путиндік Ресей АҚШ-тың құнды қағаздарына шамамен 100 миллиард доллар құйғанын хабарлаған, яғни бұл ол жаққа тікелей инвестиция құйып жатыр деген сөз. Кремльде отырған сұмырайлар Батыс елдерін ауыспалы емес, тура мағынасында сатып алуға тырысып жатыр. Біз бұған қосылмаймыз. Бірақ Батыс елдері басшылары әрдайым жеңімпазды қолдайтынын, сондықтан Батыстың көмегіне үміт артуға болмайтынын есте ұстау керек. Жеңіс пен азаттыққа біз тек өзіміз ғана, өзімізің ерік-жігеріміздің күшімен ғана жете аламыз.

Біз бәріміз - «Ұлт және Азаттық» комитетінен бастап кез келген саяси оппозициялық бағыттағы адамдарға дейін ұйымдасып, өзара байланыс орнатып, өзара көмек берісетін құрылым қалыптастыруымыз, бірге әрекет етіп, кез келген жолмен күшімізді арттыруға тиіспіз. Біз одақтас саяси күштердің батыл әрекеттерін қолдауға, қалғандарды соңымыздан ерте алатындай қауқарымыз болуы тиіс. Әйтпесе ұрпағымыз (егер Путин билігінен кейін ұрпақ қалатын болса) қорқақтар пен құлдар ретінде моламызға түкіріп, қарғайтын болады.

Ал мезгілі жеткенде саяси тұтқындарымыздың бәрі бостандыққа шығып, осалдық танытпағандар жаңарған қоғамымыздан лайықты орын алады. Ал оларды түрмеге тыққан сұмырайлар өз істеріне қатты өкінетін болады.

Сөзімді Беловтың бірнеше жыл бұрынғы «Олар бізге үкім шығарып жатырмыз деп ойлайды, ал шын мәнінде олар өздеріне үкім шығарып жатыр» деген сөздерімен аяқтағым келеді.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Дмитрий Волчек​тің мақаласы орыс тілінен қысқартылып аударылды.

XS
SM
MD
LG