Accessibility links

Каспий елдері саммиті өтті


Астраханьда өткен Каспий елдері саммитіне қатысушы президенттер. 29 қыркүйек 2014 жыл

Астраханьда өткен Каспий елдері саммитіне қатысушы президенттер. 29 қыркүйек 2014 жыл

Ресейдің Астрахань қаласында Каспий елдерінің саммиті өтті. Бес мемлекет басшылары Каспий теңізіне қатысты бірнеше келісімге қол қойды.

Саммитке Каспий жағасындағы бес елдің де президенттері - Түркіменстаннан Гурбангулы Бердімұхамедов, Әзербайжаннан Ильхам Әлиев, Ресейден Владимир Путин, Ираннан Хасан Роухани және Қазақстаннан Нұрсұлтан Назарбаев саммитке қатысты.

Жиында Каспий теңізіндегі гидрометеорология саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге, Каспий теңізіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге және Каспий теңізінің су және биологиялық ресурстарын сақтау мен тиімді пайдалану туралы келісімге қол қойылған.

Жиын басында сөйлеген Владимир Путин Каспий аймағын "бейбітшілік пен шынайы тату көршілердің оазисі" деп атады.

Бес елдің ресми өкілдері миллиардтаған долларға тең табиғи байлыққа ие теңіздің заңдық мәртебесін анықтауға қатысты жылдар бойы келіссөз жүргізіп келеді.

Каспийдің заңдық мәртебесіне қатысты алғашқы халықаралық құжаттар Совет Одағы мен Иранның арасында 1921 және 1940 жылы жасалған.

Постсоветтік Әзербайжан, Қазақстан мен Түркіменстан ол келісім-шарттарды мойындамайды.

Каспийдің заңдық мәртебесіне қатысты "Каспий көл ме, теңіз бе" деген ең басты мәселе сол күйі анықталған жоқ.

Егер Каспий көл деп танылса, бес мемлекет теңіз ресурсы мен пайдасын теңдей бөліп алмақшы.

Егер теңіз деп танылса, Каспийдің жағасындағы ел өз территориясының тұсындағы бөлікке иелік етпек. Мұндай жағдайда Каспийдің ең ұзын жағалауы тиген Қазақстан ұтпақшы. Теңіздің Қазақстан жағындағы бөлігіндегі мұнай мен газ қоры қалған бөліктен артық деп болжанады.

Астрахань портында тұрған ирандық әскери кемелер. Көрнекі сурет

Астрахань портында тұрған ирандық әскери кемелер. Көрнекі сурет

Каспий теңіз болып танылған жағдайда Иранға теңіздің 13-ақ пайызы тиесілі болып қалады. Иран жақтағы жағалауда мұнай мен газ қоры тым аз деп саналады.

Әзербайжан, Қазақстан мен Түркіменстан Каспийдің өздеріне қарайтын ұлттық секторларына шетелдік инвесторлар тартып, мұнай-газ өндіруді жеделдете бастап кеткен. Бұл үш ел де өз секторларын бөліске салуға қарсы.

Саммиттен кейін Ақорда таратқан хабарға қарағанда, саммиттің қорытындысын айтқан Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "жиында бес ел барлық күрделі мәселелерде келісуге ниеті барын байқатқанын" айтқан. Ол "Келіссөздер нәтижесінде Каспий жағалауы елдері іс-қимылының негізгі аспектілері бойынша іс-қимыл ұстанымдары жақындай түсті" деген.

Бұған дейін кейбір сарапшылар "Бес мемлекеттің әрқайсысы Каспийде өз әскери-теңіз күштерін жасақтап жатқанын, Каспийдегі ең қуатты әскери ойыншы Ресей мен Иран теңізге шетелдік әскери кемелерді шақыруға қарсы екенін" айтқан болатын.

Ресей мен Қазақстан президенттері қыркүйектің 30-ы күні Атырауда өңіраралық форумда қайта жүздеспек.

Қыркүйектің 29-ы өткен Астраханьдағы жиын - соңғы 12 жылда өткен төртінші Каспий саммиті.

Бұған дейін мұндай саммиттер 2002 жылы Түркіменстанда, 2007 жылы Иранда және 2010 жылы Әзербайжанда өткен.

XS
SM
MD
LG