Accessibility links

Мәскеулік қор шымкенттік науқас балаға көмек сұрайды


Ракпен ауыратын шымкенттік жасөспірім Азамат Едіге. Сурет жеке архивінен алынды.
Ракпен ауыратын шымкенттік жасөспірім Азамат Едіге. Сурет жеке архивінен алынды.

Шымкенттік жасөспірім Азамат Едіге Ресейдегі қайырымдылық қордың көмегімен күрделі операция жасатып, Мәскеуде емделген. Енді баланы тағы тексертіп, емдетуге әке-шешесінің ақшасы жоқ.

Шымкент қаласының тұрғыны Азамат Едігенің жасы 17-де. Кішкентай кезінен спорттың күрес және футбол деген түрлерімен шұғылданған. Жаттығу кезінде алған жарақаттарына баланың өзі де, әке-шешесі де кезінде мән бермеген. Бірақ оң аяғының тізе буыны қақсап ауырғаны күшейіп, ақсаңдай бастаған соң әке-шешесі оны тексерткен.

«Қатерлі ісік, рак болуы мүмкін» деген қорқынышты диагнозды Азаматтың әке-шешесі Шымкенттегі ауруханада естіген. Биопсия алып, оны Мәскеуге талдауға жіберген. Мәскеу мамандары диагнозды растағанда «не болса да, рак болмаса екен» деп тілеп жүрген әке-шешесінің төбесінен жай түскендей болған. Азаматтың әке-шешесі - дәрігер: анасы – УДЗ маманы, ал әкесі - 20 жыл стажы бар хирург. Азаматтың анасы Земфира Ибрагимова Азаттық тілшісіне:

- Азамат бала кезінен спортпен әуестеніп, жүлделі орындар алып жүрді. Жарақатты көп алатын спорт түрімен айналысқан соң аяғы ауыра бастағанда әуелі бәріміз сол жарақаттардың салдары ғой деп ойладық. Бірақ рентгенге түсіріп, биопсия жасатқанда сене алмадық. Біз - дәрігер болсақ та, кәдімгі қарапайым әке-шешеміз. «Балаңыз - рак» дегенді есту қай әке-шешеге болсын ауыр ғой, - дейді.

ЖОЛ ІЗДЕУ

Есеңгіреп қалған әке-шешесі есін жиып, баланы емдету жолдарын іздей бастаған. Әкесі жылдар бойы шұғыл операция жасап, талай адамның өмірін сақтап қалған. Ерлі-зайыптылар кеңесе келе, Мәскеуге баруға бекінеді.

Азаматтың әкесі Елдос Сұлтанов «Ресейге қарағанда, Қазақстандағы балалар онкологиясы кенжелеп қалғанын» білген. Ол Мәскеуде талай рет болып, біліктілікті арттыру курстарынан өткен. Блохин атындағы Ресей онкологиялық ғылыми орталық дәрігерлерімен араласып тұрған.

Азамат Едігенің анасымен түскен суреті. Сурет жеке архивінен алынды.
Азамат Едігенің анасымен түскен суреті. Сурет жеке архивінен алынды.

Тексеруден өтіп, 10 мың доллар төлеп, алғашқы химиялық терапия алған соң мәскеулік дәрігерлер Азаматтың анасына онкологиялық науқастарға қаржылай көмектесетін «Гольфстрим» қайырымдылық қорынан көмек сұрауға кеңес берген. Бұдан кейінгі химиялық терапия курстарын да, баланың анасының ауруханада тұрған ақысын да осы қор төлеген. Ресейдегі «Гольфстрим» қайырымдылық қорының қайырымдылық жобалар жөніндегі менеджері Наталья Зайцева Азаттық тілшісіне:

- Азаматтың жасы 17- де, Қазақстаннан келген жігіт. Ашығын айтқанда, оны емдетуге ақша жинау өте қиынға түсті. Неге екені белгісіз, мұндай ересек балалар үшін көмек табу өте қиын. Азамат Едіге – Қазақстаннан келген алғашқы науқас. Оның отбасы қиын жағдайға тап болды, - дейді.

Ол мұндай жағдайда барлық мүмкіндікті пайдалауға кеңес береді. Наталья Зайцева «Қазақстанда баланы емдей алмаса, қол қусырып отырмай, тез арада жиналып, шұғыл шешім қабылдау керек» дейді.

Ресей ғана емес, ТМД елдерінің көбінің азаматтарына көмектескен қор өкілдері ауруханаға баланы тексеруден өткізіп, тиісті химиялық терапия курстарын жасауды өтініп кепілхат жазып, 200 мың рубль ақша аударған.

- Тамыздың басында өтетін кезекті тексеру мен одан кейінгі емделуге ақша керек. Ақша жиналатын шығар деп үміттенеміз. Ақша жинауға қазақстандықтар да көмектесер деп ойлаймыз, - дейді Наталья Зайцева Азаттық тілшісіне.

МҮСІРКЕГЕНДІ ҚАЛАМАЙДЫ

Азаматтың әкесінің беделі арқасында баланың туған қаласында қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған. Кезінде Азаматтың әкесі операция жасап, ажалдан аман алып қалған бір кісі қатты көмектескен. Жұрт бір кездері көмегі тиген дәрігердің баласына көмектесу үшін ақша жинады. Жиналған ақша Германиядағы операцияға жұмсалған.

Блохин атындағы онкология ғылыми-зерттеу орталығының дәрігері адам ағзасының суреттерін қарап тұр. Мәскеу, 5 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)
Блохин атындағы онкология ғылыми-зерттеу орталығының дәрігері адам ағзасының суреттерін қарап тұр. Мәскеу, 5 сәуір 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаматқа Германияда жасалған операция сәтті өтіп, ол тағы бір курс химиялық терапия алған. Енді емдеуді жалғастыру қажет. Азаматты Мәскеу клиникасында емдету мен Германияда жасалған операциядан кейін тексертуге баланың әке-шешесінің ақшасы жоқ. Көлігін, пәтерін сатқан олар қолындағы бүкіл ақшасын жұмсаған.

Тамыздың басында Азамат Мәскеуде болуы тиіс, оған 500 мың рубль, анасы екеуінің ұшақпен арғы-бергі жолына 220 мың теңге қажет. Мәскеуге әлі сегіз мәрте бару қажет. Германияда қайта тексеруден өту үшін қанша ақша керек екенін дәрігерлер Азаматтың әке-шешесіне әлі айтпаған. Ақпан айында Кёльнде жасалған операцияға әке-шешесі 79 мың еуро жұмсаған.

Әр емдік курстан кейін Азаматтың анасы баласымен Қазақстанға қайтып келеді. Өйткені емдік курстардың арасындағы екі апталық үзіліс кезінде отбасының Мәскеуде қалуға жағдайы жоқ. Азаматтың әкесі жұмысқа жуырда ғана шыққан, ал анасы жұмыссыз.

Қазақстанда Азамат жылына бір рет қана квота бойынша тегін емделе алады.

Қазір ол қиналса да, протезбен жүруді үйреніп жатыр. Азаттық тілшісімен кездесуге Азаматтың анасы жалғыз келді. Ол өзін мүсіркегенді қаламайды. Шахмат ойнағанды жақсы көретін Азамат болашақта прокурор болуды армандайды.

  • 16x9 Image

    Алма КЕНЖЕБЕКОВА

    Алма Азаттықта 2012 жылдан бері жарияланып келеді. ҚазҰУ-дің журналистика факультетін бітірген соң "Преступление и наказание", "Время По", "Мегаполис", "СолДат" сияқты БАҚ-тарда тілші болған. IWPR халықаралық ұйымымен кәсіби әріптестік байланысы болған. "Юридическая газета" мен "Сета" радиосында бас редактор қызметін атқарған.​

XS
SM
MD
LG