Accessibility links

Химиялық қару нысанының түбіндегі тіршілік


Мирный ауылының тұрғындары.

Мирный ауылының тұрғындары.

Ресейдің «Марадыковский» нысаны - Совет Одағы химиялық қаруын сақтаған сегіз аймақтың бірі. Азаттық тілшісі осы нысанның түбіндегі Мирный қаласына барып, тұрғындар жағдайымен танысып қайтты.

77 жастағы Клавдия мен оның күйеуі - 84 жастағы Михаил екеуі билік таратқан газдан қорғайтын масканы алғанымен, қалай киетіндерін білмейді.

Михаил газдан қорғайтын құралдың ілгегін ағытып, бауын босатып, киюге тырысты. Қасында отырған жұбайы Клавдия «Бұл затты баяғыда лақтыра салуымыз да мүмкін еді» дейді. Олар масканың қалай киілетінін дұрыс білмейді. Михаилге Клавдия «мына жері былай тұруға тиіс сияқты еді» деп көмектесіп отырды.

«МАРАДЫКОВСКИЙ» МӘСЕЛЕСІ

Ресей орталығындағы Киров облысының Мирный ауылының тұрғындары газдан қорғайтын маска-құралдарды аса қажетсінбейтін сияқты. Өйткені, маскаларды қарттар көрінген жерге тастай салған, біреуі шкафта, біреуі кереуеттің астында жатыр.

Мирный тұрғыны газдан қорғайтын масканы көрсетіп тұр.

Мирный тұрғыны газдан қорғайтын масканы көрсетіп тұр.

Клавдия бес жыл бұрын жергілікті биліктің газдан қорғайтын осы құралдарды алуды талап еткенін айтады. Ол түбіртекке қол қойған да, құралды үйге әкеп тастай салған. Содан бері еске алған емес.

Бірақ Мирныйда қандай қауіп бар екенін, қандай жағдай болуы мүмкін екенін тұрғындар білмейді. Ауыл мен «Марадыковский» химиялық қарулар нысанының арасын тек теміржол бөліп жатыр.

Ресейдегі сегіз химиялық қарудың үлкен қоры сақталған «Марадыковский» кейін оларды жойды. Соңғы жеті жылда зарин сияқты жүйкені жансыздандыратын, люизит тәрізді теріге әсер ететін, басқа да аса қауіпті химиялық заттардың 7 мың тоннаға жуығы залалсыздандырылған.

Тергеу комитетінің аудандық бөлімі «Марадыковскийге» террорлық шабуыл жасамақ болғандарды тұтқындадық» деп мәлімдеді. Бұл хабардан жергілікті жұрт іш жиып қалды. Полиция Солтүстік Кавказдан шыққан екі күдіктіні ұстады.

Полицейлердің айтуынша, нысаннан 500 метр қашықтықта орналасқан иесіз үйден бомбаға қажет бөлшектер табылған. Осы мәлімдемеден бірнеше күн өткен соң Солтүстік Кавказдан шыққан жанкешті әйел Волгоград қаласындағы автобуста жарылыс жасап, жеті адам қаза тапты.

«Марадыковский» ақпараттық орталығының баспасөз хатшысы Павел Филев Азаттыққа газдан қорғайтын маска мен басқа да қорғаныс құралдарын химиялық қару сақталған аймақтың маңындағы 50 мыңдай тұрғынға таратқандарын айтты.

- Федералдық заңға сәйкес, жеке қорғаныс құралдары (химиялық заттар ауаға тараған кезде пайдаланылатын құралдар – ред.) ересектерге де, балаларға да берілген. «Марадыковский» аймағында тұратын адамдардың бәрі қорғаныс заттарын алды, - дейді ол.

Дегенмен, сәбилерге арналған ықшам қорғаныс камерасын көрсетуді сұрағанда, Филатов олардың «саны шектеулі» екенін және ақпараттық орталықты сақтаулы тұрғанын айтты.

ХИМИЯЛЫҚ ҚАРУДЫҢ ЗАРДАБЫ

Химиялық нысанның қызметкерлері қарапайым тұрғындарға қарағанда төтенше жағдайға дайын екен. Өзін Светлана деп таныстырған жас ана газдан қорғайтын маскасын жұмысқа апарып, алып қайтатынын айтты.

- Оны жұмыс кезінде иығымызға іліп жүреміз. Оқу-жаттығу немесе төтенше жағдай, тексерістер болған сәтте оларды киіп алып, эвакуация орнына барамыз, - дейді ол.

Ресми деректер бойынша, «Марадыковский» нысанындағы қаруларда жою бағдарламасы басталғаннан бері ешқандай төтенше жағдай болмаған. Бірақ жергілікті тұрғындар мен қызметкерлер ондай жағдайлардың болғанын айтады.

Жергілікті коммунистік партия бөлімінің баяндамасында 2010 жылы бірнеше қызметкердің уланғаны айтылған. 2009 жылы солдат Константин Ильинских ресми диагноз бойынша «белгісіз заттан уланып, дүние салады».

Химиялық қару нысаны түбіндегі ауылдың тұрғыны. Ресей, Киров облысы, 6 желтоқсан 2013 жыл.

Химиялық қару нысаны түбіндегі ауылдың тұрғыны. Ресей, Киров облысы, 6 желтоқсан 2013 жыл.

- Оның масканы шешіп тастап, химиялық заттардың қасында жүргенін өз көзіммен көрдім. Аяғында уланып қайтыс болды, - дейді жұмысшылардың бірі.

1953 жылы Совет Одағы бұл облысқа химиялық қару сақтайтын нысан салды. Бірақ аймақта экологиялық проблемалар одан бұрын да бар еді. 1960 жылы Совет Одағы химиялық заттарды жоюға кірісті, кейбірін өртеді, қалғанын жергілікті көлге тастады. Мирный ауылындағы тұрғындардың қақпасы мен сарайынан кезінде химиялық қару сақталған әскери жәшіктерді көруге болады.

Осы жазда жергілікті экологияны бақылау тобы қауіпсіздік аймағында фосфор мөлшері артқанын анықтады. Мирныйдың 77 жастағы тұрғыны Клавдия мұндағы жұрттың көпшілігі «Марадыковский» нысаны қауіпсіз» деген ресми мәлімдемеге сенбейтінін айтады.

- Оларға қайдан сенесің? Әрбір екінші адам... тіпті кішкентай балалар анасымен бірге кетіп бара жатып, «Мама, аяғым ауырады» дейді. Екіден жаңа асқан баланың аяғы неліктен ауырады, - дейді ол.

«Марадыковский» нысанындағы химиялық қарулар 98 пайыз жойылды, бірақ әлі күрделі залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу қажет. Ресей ескі химиялық қаруы қалдықтарын 2015 жылға дейін жойып бітіруді жоспарлап отыр. Нысан мен Мирныйдың болашағы бұлыңғыр. «Марадыковский» қызметкері Светлана осыған алаңдайды.

- Бұл жердегі нысанды жойып жібермейді, ұсақ-түйек жұмыстарды қалдырады деп үміттенем. Осындағы халыққа азды-көпті жұмыс табылады деп ойлаймын. Ал басқа жақтан жұмыс іздеп келгендер, қайтатын шығар, - дейді ол.

Екатерина Лушникованың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG