Accessibility links

Қытайларға мұражайға берілген орыс усадьбасы


Қытайды басқарған Чжоу Эньлай, Мао Цзэдун мен Лю Шаоцидің суреттеріне қарап тұрған бала. Пекин, 26 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Қытайды басқарған Чжоу Эньлай, Мао Цзэдун мен Лю Шаоцидің суреттеріне қарап тұрған бала. Пекин, 26 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Мәскеу облысындағы көне усадьбада неліктен Қытай компартиясы мұражайы ашылды, ал жергілікті тұрғындардың бұл жайлы пікірі қандай?

Шілде айында Мәскеу маңында Қытайдан келген мәртебелі қонақтардың қатысуымен осы елдің коммунистік партиясының мұражайы ашылды. Ол қытайлар қираған үйіндіден аршып, қалпына келтірген орыстың көне усадьбасында орналасқан. Жергілікті тұрғындар мұны қазірдің өзінде ғажайыптың құдіреті деп атап жүр, енді олар Қытай экспансиясынан мүлде қорықпайтын сияқты.

МӘСКЕУ ТҮБІНДЕГІ «ҚЫТАЙ»

– Путинді көргің келе ме? Онда 1 тамыз күні осы жерге кел. Ол мұнда біздің мұражайда Қытай императорымен кездеседі. Мұны саған ғана айтып тұрмын, негізі – құпия. Ал бұл үшін маған 50 рубль бересің. Келісесің бе? – дейді өзін Владимир деп таныстырған кісі.

Көптен қырынбаған жүзі мен мүңкіген арақ иісіне қарағанда, ол Ресей президенті мен Қытай төрағасы екеуінің Первомай кентінде өтуі тиіс кездесуі жайлы ақпаратты талай адаммен бөліскен сияқты. Бірақ Владимирдің сөздерінің жаны бар сияқты. Өйткені ол күн сайын Подмосковьедегі өзгеше мұражайдың терезесі алдында отырып арақ ішеді.

«Мұнда Чайнатаун салынады екен» деген қауесет Первомай кентіне үш жыл бұрын жеткен. Петербургте өткен G20 саммитінде кенттегі көне дворян усадьбасында Қытай компартиясы мұражайын ашу үшін қытайларға Путиннің өзі рұқсат беріпті, оған Мао Цзэдунның портреттері ілінеді екен, тіпті ескерткіш қойылуы мүмкін деген хабар тараған. Қысқасы, ол кезде Қытай экспансиясынан не күтуге болатыны түсініксіз болған.

Первомай кенті іргесінде совет заманында «Мелодия» грампластикаларын шығарған әрі төңіректегі кент тұрғындарының көбі жұмыс істеген әйгілі Апрелевка фабрикасы орналасқан. 1990 жылдардың аяғында мұндағы өзге өндіріс орындары сияқты әлгі фабрика да жабылған. Ауданда көрікті орындардан көненің көзін бағалайтын жандар фотоға түсуді жақсы көретін Старо-Никольск усадьбасы ғана қалған.

Кезінде әлгі усадьбаны Алексей Михайлович патшаға айналымға мыс ақша шығару туралы берген кеңесі әйгілі «мыс бүлігіне» ұласқан бояр Федор Михайлович Ртищев салған. 18-ғасырдың аяғында усадьба Мусин-Пушкиндер әулетінің меншігі болған, кейін көпес Крыгиннің, ал сосын алтын өндіруші әрі фабрикант Бергтің иелігіне өткен.

Усадьбаның қараусыз қалған кездегі суреті.
Усадьбаның қараусыз қалған кездегі суреті.

Совет заманында усадьба мүлде қараусыз қалған. Ал 2011 жылы қоныстағы үлкен үй өртеніп кеткен. Мұнда қытайлар келгенге дейін усадьбадан үлкен үйдің қирандысы, қос қабатты етіп салынған жапсарлас үй, сыртқы қақпа мен Духовск шіркеуінің жұрнағы ғана қалды. Қалған дүниенің бәрі қалпына келместей болып мүлде қираған еді. 2000 жылдары тарихи усадьба территориясының бір бөлігіне коттедждер мен қазіргі заманға сай үйлер салып тастады. Дворяндар қонысы мүлде жойылып кететіндей көрінген.

Қазір Ресейдің орталық бөлігіндегі орыс усадьбаларының көбінің күйі осыған ұқсас. Бірақ 2012 жылдан бастап Мәскеу қаласы мен Подмосковье облысында «Әр шаршы метрі – бір рубль» бағдарламасы іске қосылған. Әлгі бағдарламада қираған «мәдени мұра» нысандарын жеңілдікпен жалға алу қарастырылған. «Қираған» нысандардың тарихи келбетін қайтарған арендатор кейінгі 42 жыл бойы нысанның жалпы аумағының әр шаршы метріне бір рубльден төлейді.

Әлгі бағдарлама бойынша аукционға шығарылған лоттардың сипаттамасы «Усадьба үй-жайы мен қора-қопсысынан қосалқы үйдің қираған жұрты сақталып қалған, үлкен үйдің орны бар» деген сарындағы жарнама буклеттерінің мәтіндеріне мүлде ұқсамайды. Оны біз жоғалтқан Ресейді жоқтау деуге көбірек келеді.

– Күйреген усадьбаларды қалпына келтіруге кіріскен ресейлік таныс бизнесмендер «жұмсаған ақшамызды 10-15 жылдан кейін қайтарып алсақ» деп армандайды, – дейді «Архнадзор» қоғамдық қозғалысын құрушылардың бірі, «Хранители наследия» сайтының редакторы Константин Михайлов.

Ол қираған дворян мекендерін қалпына келтірудың қиын да болса ұтымды тәжірибесі жайлы «12 усадебных одиссей» кітабын жазған. Ол мұндай 12 усадьба жайлы дерек жинаған. Ал Ресейдің Еуропа жақ бөлігінде мұндай «қиранды» усадьбалар саны 400-ден асады. Инвестициясын пайдаға айналдыру амалын таппаған ресейлік инвесторлар оларға ақша салуға тартыншақтайды. Ал қытайлардың жөні бөлек.

– Старо-Никольск усадьбасының жолы болды. Олар бұған экономикалық емес, идеологиялық тұрғыдан мән береді, – деп санайды Михайлов.

ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ СЕБЕП

1928 жылы Старо-Никольск территориясында Қытай коммунистік партиясының (ҚКП) бір ғасырлық тарихында шетелде өткен жалғыз съезі – 6-съезі өткен. Съезд өткізетін орын кездейсоқ таңдалмаған. Ол кезде мұнда советтік Ресейде екінші адам саналған Николай Бухариннің өзі тұрған. Бұл Бухариннің құдіреті жүріп, Сталинмен жақын дос болған жыл болды. Екеуі бір-бірін «Николаша» және «Коба» деп атаған. Бухарин Коминтернді басқарып, Қытай революциясы жеңісін дайындаған.

Сондықтан ол съез делегаттарын «өз» қонысында қабылдауды ұйғарған. Бухарин съездің ашылу салтанатында сөз сөйлеп, қытай коммунистерін билік үшін күресте ұйымдасу үшін «Бізді Сталин мен Мао тыңдап тұр!» деген әйгілі әннің сарынымен табанды шабуылға көшуге шақырған. Қытай коммунистік партиясына төнген жікшілдік қатері осы 6-съезде еңсеріліп, ұзақ мерзімді іс-қимыл бағдарламасы құрастырылды деп саналады. Сондықтан Первомай кенті «Қытай революциясының бесігі» деп атауға әбден лайық.

Мәскеу маңындағы Первомай кенті.
Мәскеу маңындағы Первомай кенті.

Қытай өкілдері мұны ешқашан есінен шығарған жоқ әрі Совет одағымен жауласқан ең қиын замандардың өзінде Первомай кентінде ҚКП-ның тарихи съезіне арналған мұражай ашуға тырысқан. Қытайлар көздегеніне жету үшін әдетінше асықпай әрі баппен әрекет етті. 2008 жылы Наро-Фоминск мен Фошаня бауырлас қалаға айналып, енді ол жаққа Қытайдан аудандық шенеуніктер, жергілікті спортшылар мен музыкадан дарынды балалар жиі барып тұрады. Қытай достық көпірін бір мақсатты – Старо-Никольск усадьбасын жалға алуды көздеп орнатты деп болжауға болады.

Ақыры ұзақ жылдарға созылған қажырлы дипломатия өз жемісін берді. 2013 жылы «үлкен жиырмалықтың» саммитінде усадьбадағы үлкен үйді Қытай мәдени орталығына 49 жылға жалға беру туралы келісім-шартқа Ресей президенті Владимир Путин мен ҚХР төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен қол қойылды. Содан кейін оқиға Ресей бюрократиясы механизмі мүмкіндік берген шамада шапшаң өрбіді. Құжаттарды ресімдеуге екі жыл кетті. Бірақ қытай мердігерлері усадьбаны небәрі бір жыл ішінде жөндеп шықты.

Көне ғимараттарды қайта жаңғыртуға қатысты талай жайттарды білетін Константин Михайлов бұл қарқынға әлі күнге дейін таң қалады.

– Қытай инвесторлары Первомайға келіп, усадьбаның қандай күйде екенін көрген кезде бәрін бұзып тастап, оны қайтадан салуды ұсынғанын білемін. Бірақ біздің мамандар жаңа құрылыс пен қайта қалпына келтірілген тарихи ғимараттың арасындағы айырмашылықты түсіндіргеннен кейін, олар райынан қайтты, – дейді ол.

Қытай мердігерлері иықтарын бір қиқаң еткізіп, келіскен. Бұдан әрі бүкіл шаруа өзгеше қарқынмен іске асты. 2015 жылдың күзінде жобалау құжаттарын мақұлдауға өткізіп, 2016 жылдың маусымы аяғында нысанды бітіріп қойды.

​«ҚЫТАЙЛАР КЕЛІП, АБЫРОЙ БОЛДЫ»

Зейнеткер Тамара Алексеевна Первомай кентінде 1972 жылдан бері тұрады.

– Қытайлар сол кездің өзінде келіп, мына ғимаратты жалға беруді сұрап жүретін, – дейді ол.

Тамара Алексеевна Мәскеуден келетін автобустар тоқтайтын аялдама жанындағы орындықта күнге қыздырынып әрі айналасындағы жаңа пейзажды тамашалап отыр.

– Әне, анау тұста коммуналдық тұрғын үй болған. Оны өртеп жіберді, кейін талқандап тастап, оларға содан кейін ғана берді. Қалпына келтіргені үшін қытайлардың даңқы арта берсін. Қалай жайнатып жібергенін, тап-тұйнақтай еткенін көрдіңіз бе? – дейді ол.

Первомай тұрғындары.
Первомай тұрғындары.

Зейнеткер әйел сиқырлы өзгеріске әлі үйрене алмай жүр. Ол күн сайын үйінен шығып, мұның бәрі – оқтай түзу тротуарлар, балалардың ойын алаңы мен теннис үстелдері бар саябақ, үйлердің әдемі сырты, тап-таза әрі жаңарған аялдамалар, әдемі етіп боялған қоқыс жәшіктердің түс емес екеніне көз жеткізіп қайтады. Ол «Былтыр мына көшемен жүрудің өзі қорқынышты болатын. Маңайдың бәрі лас, бүлініп-қираған, мастар жүретін» дейді.

– Мұнда ештеңе жоқ болатын. Мүлде қираған ғимарат ғана тұрған. Кей тұстарының қабырғасы ғана қалған болатын. Ауласында қоқыс ыбырсып жататын. Қай бұрыштан маскүнем немесе нашақор шыға келетінін білмейтінсің, – дейді ол.

Мұндай қарқынды жұмысты ешқашан көрмеген жергілікті тұрғындар әсіресе қытай бригадаларының шапшаң қимылына қайран қалады. Первомай тұрғындары ғажайыптың куәсі болдық деп санайды. Орта жасқа келіп қалған Ольга мен Светлана саябақтың кіре берісінде тұра қалып, бұрынғы заманды еске алады:

– Бүкіл шаруаны бір жылда тындырып тастады. Күн-түн демей жұмыс істеді. Өздері өте еңбекқор, ақпейіл жандар екен. Тіпті құрылыс жүріп жатқанның өзінде бәрін ұқыппен жасады. Біздің мазамызды мүлде алған жоқ. Мықты жігіттер екен! Шынымды айтсам, мұндай жандарға қызыға қараймын. Ресейде осындай жандар көп болғанда ғой! – дейді Ольга.

Ол «Қытай экспансиясы жайлы ой шошытпай ма?» деген сұраққа:

– Ой, келе берсін, өздері сондай ақпейіл адамдар екен, – деп жауап берді.

Ал жанындағы құрбысы:

– Біз өзге нәрседен – мынаның бәрін қайта қиратып тастамаса екен деп қорқамыз. Мұнда кешкісін жастар жиналып алады да, таңертең қоқыс жәшіктері бөтелке мен, өзге ме қоқысқа толып жатады. Бұл – біздің ресейліктерге ортақ менталитет. Егер күзет қоймаса, бір жылда быт-шытын шығарады. Қазір әзірше демалатын орын бар. Мұнда күн сайын келемін. Дүкенге шықсам болды, арнайы бұрылып келіп, кептерлерді қарап кетемін. Мына жерде ойнап жүрген балаларға қарап отырамын. Қандай әдемі екенін өзіңіз де көріп тұрсыз ғой. Алдында не болғанын көрсеңіз ғой, қазіргімен салыстырғанда, жер мен көктей болатын, – дейді.

Айтпақшы, усадьбаны қалпына келтіріп, іргедегі тұрғын үйлер орналасқан ауданды жаңғыртқаннан кейін кенттегі жер күрт қымбаттап кеткен. Жылжымайтын мүліктің де бағасы мұндағы шамадан көп шарықтап кеткен. Екі жыл бұрын усадьбаның іргесіндегі тозығы жеткен үш қабатты үйдегі пәтер 900 мың рубль тұрған. Енді әлгі барактың келбеті Еуропаның орташа деңгейлі таунхаузына ұқсаған кезде әлгі пәтерге 8-9 миллион рубль сұрайды. Үш жарым миллионға жартылай жертөледен бөлме сатып ала алмайсың. Қытай жұмысшылары үйдің сырты мен шатырын ғана жөндеп, ал аралық жабындылар мен қабырғаларын жаңартуды ресейлік басқару компаниясы еншісіне қалдырған. Бірақ бақытты үйдегі бір жылдың ішінде миллионерге айналған пәтер иелерінің таңырқауында шек жоқ.

Усадьбаның өз қақпасы келем деушілердің бәріне ашық. Қытай мәдени орталығы филиалы орналасқан бас ғимаратқа кең аллея апарады. Екі жағына гүлзар егілген. Орыс дворяны усадьбасында бірегей нысан – Қытай компартиясы мұражайының ашылу рәсімі шілденің басында өтіп кеткенімен, аулада бірнеше жұмысшы әлі жұмыс істеп жүр. Ол кезде усадьбаға Ресей вице-премьері Ольга Голодец пен қытай қалалық кеңесінің вице-премьері Лю Яньдун келген. Жұмыстың әлі аяқталмағанына қарағанда, мұнда мәртебесі олардан жоғары қонақтар келеді деп күткен сияқты.

Күзге қарай мұнда Қытай фильмдерінің сеанстары (субтитрі орыс тілінде) мен Қытай революциясы тарихына арналған лекциялар сияқты шаралар мен көрмелер бағдарламасы ұйымдастырылады және Старо-Кикольск усадьбасының тарихына қатысты экспозиция ашылады деп хабарланған.

ӘЗІРШЕ ҚЫТАЙЛАР ҒАНА КІРЕ АЛАТЫН МҰРАЖАЙ

Қазір мұражайға Мәскеуден арнайы автобустармен ұйымдасып келетін қытай туристерін ғана кіргізеді. Мұражайдың мәрмәр таспен қапталған холында зерігіп жүрген күзетші мұнда қытай туристері толқып, әйелдері қолдарына қызыл қалампыр гүлін ұстап келетінін айтады. Экскурсия жетекшісі туристерді съез делегаттарының фотосуреттері мен қабылдаған қарарлардың көшірмелері ілінген екінші қабатқа ертіп апарады. Ол «Төменге түскен жұрттың көбінің көзінде жас тұрады» дейді.

– Мұның бәрін жан тебірентеді. Бірақ арнайы рұқсатсыз мұнда әзірше кіруге болмайды, – деп аяқтады күзетші әңгімесін.

Ол «қытай басшыларым қатал, сондықтан проблема болғанын қаламаймын» деп ішке кіргізу жайлы өтінішті орындаудан үзілді-кесілді бас тартты. «Бастықтардан біреу-міреуді көруге бола ма?» деген сұрақтан кейін күзетші әлдебір жаққа телефон соғып, бірер минуттан кейін холлға мұражайдың жас қызметкері Ли Вэй келді. Биязы мінезді әрі сәнді етіп тігілген сұр түсті костюм киген ол жылы жымиып, «бұл – коммунистік партиямыздың тарихындағы Подмосковье парағына қызығушылық танытып, қадірлейтін әрі ұйымдасқан түрде келетін қытай азаматтарының келетін орны» екенін растады.

Ли мұражай жекелеген туристерді әзірше қабылдамайтынын, бірақ журналист мырза алтыншы съездің шешімдеріне қатты қызықса, оның тілегін орындап, экспозицияны көрсетуге әзір екенін айтты. Бірақ журналист мырзадан сұрақ қойып, фотоға түсірмеу шарты талап ететінін ескертті. Сұхбат беріп, фотоға түсіруге директордың өзі ғана рұқсат береді. «Ли жолдастың құрметті директорға қоңырау соғып, тиісті рұқсат алуына бола ма?» деген сұраққа қызметкер жымиып, директорға телефон соғуға болмайды деп түсіндірді. Оның айтуынша, әуелі ресми хат жолдап, сосын директор елшілікпен сұхбат тақырыбын келісу мүмкіндігін тапқанша күту қажет.

Ли Вэйдің шартына көну мұражайды тап қазір аралап көрудің жалғыз амалы екені түсінікті болды.

Бірінші қабаттағы экспозиция «Қытай коммунистік партиясының алтыншы съезіне арналған тұрақты көрме» деген алтын түстес әдемі әрі ірі иероглифтермен және орысша жазудан басталады. Жазба қызыл матамен көмкерілген. Мәрмәр баспалдақпен екінші қабаттағы интерьері алтыншы съез отырыстары өткен замандағы қалпына келтірілген залға көтерілесің.

Қапталдас бөлмеде Старо-Никольск ғимаратын қайта жаңғырту туралы қысқаша ақпарат ілінген үш стенд тұр. Әлгі ақпарат қытай тіліне аударылмаған. Соған қарағанда, мұражайға келетін қытайларға ол қызықсыз сияқты. Қабырға түбінде усадьбаның үлкен үйінен қалған ағаш тұтқа, жақтау мен балюстраданың сынығы сияқты тарихи жәдігерлер қойылған шағын сөре орналасқан. Оның астында орыс және қытай тілінде «ҚКП VI съезі өткен ғимарат құрылысының элементтері» деп жазылған. Қытай мұражайы қызметкерлері усадьбаның 200 жылдық тарихы жайлы осыны ғана хабарлауды жөн санаған сияқты.

Есесіне съезд делегаттары тұрған көлменің ішкі көрінісі үлкен сүйіспеншілікпен қалпына келтірілген. Еденде жалтыраған паркет, таза жайма төселген үш кереует, кереуеттердің аяғында үш былғары шабадан тұр, қабырғада – үш шам. Бұрыштағы дөңгелек үстелде күл салғыш тұр және қолмен әлдебір сөздер жазылған.

Ли Вэй әлгі жазуды оқи алмайтынын мойындады, өйткені әлгі сөздер ескі иероглифтермен жазылған. Социалистік Қытайда жазба жүйесі Мао Цзедунның шешімімен оңайлатылған. Сондықтан Қытайда революцияға дейінгі жазылған кітаптарды мамандардан өзге ешкім оқи алмайды. Әлгі жазуларды оқи алмағанына сәл қысылған жолдас Ли интерьер көрінісінен бірер фото түсіруге рұқсат етті.

Жалпы мұражай экспозиция совет заманындағы провинциялық бай мұражайларды еске түсіреді. СССР-да революция қаһармандарын дәріптеу үшін кей усадьбаларды сақтап қалған. Қытай құрылысшылары пайдаланған әрлеу-өңдеу материалдарының сапасы болмаса, біз үшін мұнда таңданатын ерекше ештеңе жоқ.

Мұражайды аралап бітіп, бірінші қабатқа түскенімізде есік алдында директордың орысша мүлде сөйлемейтін орынбасары тұр екен. Менің «Қоштасар алдында сізбен фотоға түсуге бола ма?» деп сұрағымды Ли Вэй аударып берді. Бірақ директордың орынбасары күліп, басын шайқады да, мені жолықтырғанына қуанғанын білдірген сыңаймен әрі сыртқа шығуға икемдегендей түрмен иығымнан қақты.

Оның бұл ишарасы кездесудің аяқталғанын білдірді. Мұражайдан шығып, қытай құрылысшылары екпінді қарқынмен ретке келтірген жақын маңдағы саябақты аралап шықтым. Бұл күні саябақта тынығушылар аз болды. Тыныштықта пинг-понг добының тарсылы естілді. Бірнеше бала Первомайға жаңадан келген спорт түрін үйреніп жүр.

XS
SM
MD
LG