Accessibility links

Путиннің серігі басқарған компаниядағы коррупция


"Ресей теміржолы" компаниясының бұрынғы басшысы Владимир Якунин. Санкт-Петербург, 16 маусым 2016 жыл.
"Ресей теміржолы" компаниясының бұрынғы басшысы Владимир Якунин. Санкт-Петербург, 16 маусым 2016 жыл.

Былтыр "Ресей теміржолы" (РТЖ) мемлекеттік компаниясының басшысы Владимир Якунин аяқ астынан қызметінен кетті. Бұған ел ішіндегілер де, былайғы жұрт та таңғалды.

Владимир Якунин Ресей президенті Владимир Путиннің серіктерінің бірі саналады. Олар 1990 жылдары «Озеро» деп аталатын саяжай кооперативін бірлесіп құрып, көл жағасындағы қымбат үйде көрші тұрған. Ресей Украинадан Қырымды аннексиялап алған соң Якунинге де АҚШ санкция жариялаған еді. Бірақ көпшілік оның мұртын балта шаппайды деп болжаған.

Қызметтен босатылған Якунинге парламенттің жоғарғы палатасынан орын ұсынған еді. Ол бұл ұсынысты қабылдаудан бас тартып, есесіне «Өркениеттер диалогы» деген үкіметтік емес ұйым құрды, Путин оны медальмен марапаттады.

Кейбіреулер оны қаржы тапшылығы кезінде компанияны дұрыс басқармай, жемқорлық ошағына айналдырып, соның кесірінен РТЖ-ны мемлекет қаржысына кіріптар етіп қойғандықтан босатты деп санайды.

РТЖ - көлемі жөнінен әлемде 3-орын алатын ірі теміржол компаниясы. 2014 жылы ол 1,5 миллиард доллар шығынға батқан. «Ведомости» қаржылық басылымының былтыр жазған сараптамасына қарағанда, компания 2020 жылға дейін жылына 6,8 миллиард доллар субсидия алып отырмаса, шығын шеге бермек.

Азаттықтың Орыс қызметі жүргізген зерттеу нәтижелеріне қарасақ, Ресейдің алпауыт компаниясында жемқорлықтың қалай жүзеге асатынын байқау қиын емес. Конкурссыз келісім-шарттар, құжаттарда тиісті басшылар қолдарының болмауы, бағасы шарықтаған келісімдер, ешқандай рұқсаты жоқ компаниялардың мемлекет қаржысын пайдалануы сияқты көптеген қитұрқы амалдар бар.

900 мыңға жуық қызметкері бар алып компанияның ең ірі бөлімдерінің бірі - орталық инфрақұрылым басқармасы. Бұл басқарма 85 мың шақырымды алып жатқан теміржолдың жұмысына, техникалық жөнделуіне және инфрақұрылымына жауап береді.

РТЖ-ның Азаттықтың қолына түскен ішкі құжаттары мен келісім-шарттарына қарасақ, инфрақұрылым басқармасы жалдаған мердігерлер теміржолды қалдықтардан, қардан тазалау, электрмен қамтамасыз ету сияқты жұмыстарды жекеменшік компанияларға орындатқан, бірақ теміржолдың өз қызметкерлеріне сол үшін жалақы төлеп, шығындарды мемлекеттік компания қаражатымен жапқан. Мұндай схемадан РТЖ-да пайда көріп отырған біреу бар ма, жоқ па - ол жағы белгісіз.

«ЕРЕКШЕ ЖАҒДАЙ»

Заң бойынша мемлекеттік компания ретінде РТЖ шығындарды азайту үшін (ерекше жағдайларды есептемегенде) бәсекелі түрде тендер өткізіп, оның жеңімпаздарымен сатып алу келісім-шарттарын жасасуы керек. Бірақ басқарманың құжаттарынан байқағанымыз, олар «ерекше жағдай» дегенді сылтау етіп, бұл ережені үнемі бұзып келген. Оның үстіне, компания басшылары белгілі бір тауарды немесе қызмет түрін сатып алғанда бір ғана компаниямен шарт жасасу мүмкіндігін орынды-орынсыз пайдаланады.

РТЖ басшысы Владимир Якунинді (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путин медальмен марапаттап жатыр.
РТЖ басшысы Владимир Якунинді (оң жақта) Ресей президенті Владимир Путин медальмен марапаттап жатыр.

Азаттық радиосының қолына түскен бір құжатқа қарасақ, инфрақұрылым басқармасы келісім-шарттар мен заңдық құжаттардың жобасын жасату үшін НИИАС және «ЭРТА-консалт» заң фирмаларын жалдаған. Ал бұл – теміржол компаниясының заңгерлері де оп-оңай атқаратын шаруа.

2014 жылы көрсеткен қызметі үшін РТЖ-дан 11 миллион рубль (332 мың доллар) алған НИИАС - РТЖ-ға қарайтын мекеме, бірақ оның акцияларының 25 пайызы басқа адамдарға тиесілі. РТЖ беймәлім Ресей азаматы мен Кипрдегі екі фирмаға тиесілі «ЭРТА-консалт» компаниясына «энергетика министрлігіне арналған құжаттарды дайындағаны үшін» 2013 жылы 11,8 миллион рубль (391 мың доллар) төлеген.

2013 жылы жанармай қоймаларын жөндеуден өткізу үшін «РемСтрой» компаниясымен 1,3 миллион рубльге келісім-шарт жасалды. Бірақ артынша басқа бір компаниямен жаңа келісім-шартқа қол қойылады, ал оған төленетін ақша алдыңғыдан 300 мың рубльге ғана аз болып шығады. Кейіннен полиция жүргізген тергеу нәтижелеріне қарағанда, бұл жұмыс 215 мың рубльден қымбат тұрмауы керек болған.

Теміржолдың бойын ағаш және басқа да өсімдіктерден тазарту мақсатында 2011 жылы «Легион» компаниялар тобымен келісім-шарт жасалады. Ал РТЖ-ның өз қызметкерлері немесе оның аймақтағы филиалдары дәл осы жұмысты үш немесе бес есе арзанға жасайды. «Легион» ағаштарды толық отай алмағандықтан, 2011-12 жылдары қалған жолды теміржолдың өз қызметкерлері тазалап шыққан.

РТЖ-ҒА АДАЛ БОЛҒАНДАР

2012-14 жылдары инфрақұрылым басқармасының құқық және келісім-шарт бөлімінің басшысы болған Александр Маргиев шығындардың өсуіне, ешқандай құжатсыз келісім-шарттардың жасалуына басқарма басшылығы кінәлі деп санайды. Маргиевтің айтуынша, ол «ешқандай конкурссыз, нұсқау бойынша жасалған заңсыз келісім-шарттарға қол қоюдан бас тартып келген».

Маргиевтің сөзінше, ауызша келісім-шарттардың көпшілігіне инфрақұрылым басқармасының сол кездегі басшысы Владимир Супрун мен оның инфрақұрылым жөніндегі вице-президенті Александр Целько жауапты. Супрун қазір зейнетке шыққан, ал Якуниннің ежелгі серігі Целько Якунин қызметтен кеткен соң орнын босатқан.

«Келісім-шарт саласындағы былықтарды айтып, Якунинге және директорлар кеңесінің төрағасы Аркадий Дворковичке шағымданғанымда, олар мені қолдамады» дейді Маргиев. Оны 2014 жылдың желтоқсан айында «төрт сағат жұмыста болмады» деген желеумен жұмыстан шығарып жіберген.

Маргиевтен «құтылған» соң басқарма басшылығы оны қолдап жүрген орынбасары Марина Кочетоваға шүйлігеді. «Ол (Маргиев) кеткен соң бізден арыздарыңды жазып, жұмыстан кетіңдер деп күн сайын талап ете берді, бірақ біз бұдан бас тарттық» дейді Кочетова.

Маргиевтің кеткеніне үш ай болғанда Кочетова мен оның құқық бөліміндегі тағы бір әріптесі компьютерлерінен жоғарыда айтылған фактілерді әшкерелейтін құжаттардың жоғалып кеткенін байқаған. Осыны айтып шағымданғанда, оларға жазалау шаралары қолданылып, артынша қызметтері төмендетілген, ал олардың орнын тәжірибесіз мамандар алған.

Азаттық радиосы Маргиевтің пікірі бойынша Супрун және Целькомен сұхбаттаспақ болған, бірақ олармен байланысу мүмкін болмады.

Сергей Хазов-Кассианың мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG