Accessibility links

Ресейдің мұнай алпауыты Ходорковскийдің жазасына тағы мерзім жамалуы мүмкін


Ресейдің "Юкос" компаниясының басшысы, түрмеге жабылған Михаил Ходорковский(сол жақта) мен Платон Лебедев Мәскеу сотында. 24 мамыр. 2005 жыл

Ресейдің "Юкос" компаниясының басшысы, түрмеге жабылған Михаил Ходорковский(сол жақта) мен Платон Лебедев Мәскеу сотында. 24 мамыр. 2005 жыл

Түрмедегі Михаил Ходорковскийге заңсыз қаржылық операциялар жасады деген күдікпен жаңа айыптар тағылып отыр. Оның қорғаушылары жаңа сот ісі бұрынғы олигарх әрі Кремлді сынаушы Ходорковскийді абақтыда ұзағырақ ұстау үшін жасалып отыр дейді. Бақылаушылар бұл сот процесі Ресей президенті Д. Медведевтің елде тәуелсіз сот құруға берген уәдесіне сынақ болады дегенді айтады.

Кезінде Ресейдің "Юкос" мұнай компаниясының басшылығында өте байқуатты болған Михаил Ходорковский салықтан жалтарды әрі алаяқтық жасаған деп 8 жылға сотталған болатын. Енді түрмеге жабылған мерзімінің жартысына келгенде оны тағы жаңа айыптаулар күтіп тұр.

45 жасар бұрынғы миллиардер Ходорковский мен оның бизнестегі әріптесі Платон Лебедевке 1998-2003 жылдары 20 млд-тан аса долларды қалталарына басқан деген айыптаулар бойынша сейсенбі күні Мәскеуде сот процесі басталады.

Бұл соттың алдында Ходорковскийді Мәскеуге 6 мың шақырым жердегі Сібірдің Чита колониясынан алып келді. Хабарларға қарағанда, Ходорковскийдің алдыңғы түрме жазасына тағы 15 - 27 жылға дейін қосылуы мүмкін.

Ходорковскийді қолдаушылар мен құқық қорғаушылар бұл айыптаулар премьер-министр Владимир Путиннің өзі президент болып тұрғанда өткір сынаушысы болған оны түрмеде ұзақ мерзім ұстауға тырысуы деп біледі.

Бұл туралы оппозициялық саясаткер, бұрынғы депутат Владимир Рыжков Азаттықтың орыс қызметіне берген түсініктемесінде былай деді:

“Барлық көрсеткіштерге қарағанда, мақсат - оны теміртордың аржағында қалдыру болып отыр. Ол жазасының тең жартысын өтеді, енді ол түрмеден ертерек шығуға өтініш беруі мүмкін еді. Екі жыл бұрын жаңа қылмыстық іс басталып, оны түрмеде ұстау үшін екінші ұзақ мерзімге жабу туралы саяси шешім жасалып қойған”.

Кезінде Ресейдің ең бай адамы әрі ең ықпалды кәсіпкері болған Ходорковский 2003 жылдың қазан айында қамауға алынып, алаяқтық жасады, салықтан жалтарды деп 8 жылға сотталған. Ол Чита түрмесіне 2005 жылдың мамырында айдалғанда, құқық қорғаушы топтар бұл сот процесін қатты сынаған болатын.

Енді Ходорковский рахымшылық сұрау құқына жақын қалғанда, жаңа айыптаулар шығып отыр.

Бұл сот процесінің басталуы 2008 жылдың 2 наурызындағы президенттік сайлауда жеңіске жеткен президент Медведевтің Ресейдің сот жүйесіндегі сыбайлас жемқорлықты жойып, тәуелсіз сот құру жөнінде берген уәдесіне тура бір жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр.

Бұл арада оппозициялық топтар Медведевтің уәдесі қаншалықты орындалады деген тұрғыда сот процесін жіті бақылауларында ұстайтындығын айтып отыр.
"Солидарность" оппозициялық тобының мүшесі Александр Осовцов:

“Медведевпен бұл жағдай әрине өте қызықты, өйткені бұл Ходорковскийдің екінші соты, ал Медведев президент болып тұрғандағы бірінші сот болып отыр. Бұл оның айтып жүргеніндей соттарды көбірек тәуелсіз ету туралы барлық сөздеріне сынақ болады. Бұл шындықтың келген сәті”.

Ал тағы басқалар премьер-министр Путин мен оның бірінші орынбасары Игорь Сечин сияқты жақын одақтастар билікті әлі де иеленіп отырғанына алаңдаулы. Биліктегі бұл топ өздеріне саяси және қаржылық қарсылас ретінде Ходорковскийді түрмеде қалдыруды жүзеге асырады дейді олар.

2003 жылы Ходорковский қамалғанда "Юкос" Ресейдің ең ірі мұнай компаниясы болып тұрған және оның мүлкіне Путин маңындағы Сечин мен басқа да қауіпсіздік қызметкерлерінің көзі түскен. Ходорковский сотталып кеткенде, "Юкостың" мүлкі талан-таражға түсіп, көбін Сечин басқаратын “Роснефть” мемлекеттік мұнай компаниясы иеленген.

Бұл сот процесі сонымен қатар Кремль елдің энергетикалық өнеркәсібіне бақылауды күшейтіп отырған тұста болғалы отыр.

Ходорковский оппозициялық партияларды қаржыландыру арқылы саяси ықпалын арттырды деп те тергелген.
Десе де, көптеген сарапшылар басқа да олигархтар сияқты 1990-шы жылдары өте көп байлыққа ие болған Ходорковский де періште болмағанын айтады. Ол кезінде бұрынғы президент Борис Ельцинмен байланыстарын пайдаланып, бизнесін дамытып, салықтан жалтарып, өзінің аздаған үлескерлерінің ғана мүддесін жүзеге асырып келген.

2000 жылы Путиннің келуімен саяси орта өзгергенін сезген әрі шетелдік инвесторлар тартыла бастаған соң, Ходорковский өз іс-әрекетін ретке келтіре бастаған.
Сөйтіп "Юкос" төленбеген салықтарын өтеп, денсаулық сақтау жеңілдіктерін жасап, үлескерлерінің көп дивиденттерін берген.
"Юкосты" Ресейдің ең мықты компанияларының бірі ретінде Батыста қошаметпен қабылдайтын.

Ходорковскийдің халықаралық адвокаттар тобының өкілі Роберт Амстердам бұл сот процесі ресмилердің нұсқауымен жасалып отыр дейді.

Ходорковский мен Лебедевке тағылған жаңа айыптар бойынша, олар 1998-2003 жылдары мұнайдан түскен ($23.6 млд) 850 млд рубль ақшаны жымқырған делініп отыр.

Айыптаушылар сонымен қатар оларды ($12.5млд) 450 млд доллар ақшаны қалталарына басқан, оған қосымша "Юкостың" еншілес үш компаниясы арқылы 7,5 млд долларды жеп қойған деп айыптайды. Егер осы айыптармен сотталатын болса, олардың қазіргі түрме мерзіміне тағы кемінде 15 жыл қосылуы мүмкін.

Ходорковский ақпанның 25-де Мәскеуде өткен тағы бір сотта жеңіп шықты. Оған қарсы түрмеде бірге отырған Александр Кучма деген адам шағым түсіріп, ол өзін Ходорковский жыныстық қатынасқа мәжбүрледі деп соттан моральдық өтем ретінде 14 мың доллар өндіріп беруді сұраған.

Ходорковский мен Лебедев ақпанның 24-де Чита аймағындағы түрмеден Мәскеудегі Матросская тишина түрмесіне әкелінген еді.
XS
SM
MD
LG