Accessibility links

Махачкала портына таласқандар


Махачкала порты. 24 қыркүйек 2012 жыл.
Махачкала порты. 24 қыркүйек 2012 жыл.

Кейінгі жылдары Каспий жағасындағы Махачкала (Дағыстан) портымен тасымалданатын жүк азайған. 2010 жылы 4,8 миллион тонна зат жөнелтілсе, 2015 жылы 3,8 миллионға кеміген. Биыл алты айда 1,6 миллион тонна жүк өткен. Бірақ аукционда сатылады дегелі мемлекеттік портқа талас көбейген.

Кейінгі жылдары Каспий жағасындағы Махачкала (Дағыстан) портымен тасымалданатын жүк азайған. 2010 жылы 4,8 миллион тонна зат жөнелтілсе, 2015 жылы 3,8 миллионға кеміген. Биыл алты айда 1,6 миллион тонна жүк өткен. Бірақ аукционда сатылады дегелі мемлекеттік портқа талас көбейген.

Әу баста бәсеке-талас Дағыстанның ықпалды олигархтары Зияуддин Магомедов пен Сүлейман Керимовтың арасында басталған еді. Кейінгі күндері Дағыстан билігі портты сатып алады-ау деген үшінші адаммен келіссөздер жүргізе бастады.

Каспийдің терең жерінде орналасқан жалғыз порт саналатын бұл нысанға Кремльдегі түрлі топтар арасында тартыс жүріп жатыр. Солтүстік Кавказ жөніндегі министрдің бірінші орынбасары Одес Байсұлтанов оны басты транспорттық және логистикалық орталыққа айналдыру идеясын қолдайды, ал Дағыстанның «Черновик» апталығының жазуына қарағанда, Ресей қорғаныс министрлігі порттың бір бөлігін Каспийдегі әскери-теңіз флотына алып беруге мүдделі.

Авар ұлтының өкілі, 47 жастағы Зияуддин Магомедов – Ресейде және шетелде логистика, инжиниринг, жол салу, мұнай және газ тасымалдау мәселелерімен айналысатын «Сумма» инвестициялық тобының басшысы.

Бизнесмен Зияуддин Магомедов.
Бизнесмен Зияуддин Магомедов.

Өткен жылы ол Роттердамдағы мұнай терминалына инвестиция салу жайын қарастырып жатқан. Биыл маусым айында «Сумма» мен Hyperloop One компаниялары Мәскеу қалалық басшылығымен Ресей астанасында жоғары жылдамдықты жолаушылар көлігі жүйесінің жобасын пысықтау жөнінде келісімге келді. Магомедов Дағыстанның ықпалды мүфтиі Ахмад қажы Абдулаевқа жақын.

БӘСЕКЕНІҢ БАСЫ

Сүлейман Керимов - Дағыстанның оңтүстігінен шыққан 50 жастағы лезгин. Ол бизнес-карьерасын 1990-жылдары «Нафта Москва» инвестициялық компаниясының бақылаушы пакеттерін сатып алудан бастаған. Ешқашан журналистерге сұхбат бермейтін жұмбақ кәсіпкердің бизнесінің құны 7,4 миллиард доллар шамасында деп бағаланады.

Дағыстандық журналист Андрей Меламедовтың айтуынша, екі бизнесменнің портты сатып алудағы мақсаттары екі түрлі. Магомедов осы арқылы негізгі инфрақұрылымды бақылауына алып, бизнесін кеңейткісі келеді. Қазірдің өзінде «Сумма» компаниясының Новороссийск және Таман порттарында акциялары бар. Ал Керимов - әлеуеті мықты бірақ тозып кеткен құрылымдарды сатып алып, оларды дамытып, қымбат бағаға қайта сатуға машықтанған адам.

Бұл екеуі Махачкала портына бірнеше жылдан бері таласып келеді. 1998-2010 жылдар аралығында портты Магомедовтың досы, авар ұлтының өкілі Әбусуфиан Хархаров басқарған. Ол Ресей үкіметінің портты жаңартуға көп қаржы салғанын алға тартып, оны жекешелендіруге қарсылық білдірген.

Кейіннен Хархаров Дағыстан премьер-министрі орынбасары болып тағайындалады, алайда артынша ол қызметтен кетеді. Қазір ол порттың кейбір мүліктерін сатуда жемқорлыққа жол берді деп айыпталып, істі болып жатыр.

Кәсіпкер Сүлейман Керимов.
Кәсіпкер Сүлейман Керимов.

Бұдан соң порттың директоры болып тағайындалған Ахмед Гаджиевтың бауыры Магомед - Керимовтың оң қолы саналады. Cәуірде келісім-шарты аяқталған соң Ресейдің теңіз және өзен флоты агенттігі Гаджиевпен келісім-шартты ұзартпай, оның орнына Магомедовтың адамы Андрей Гормахты тағайындауға тырысты. Дегенмен көршілес Шешен республикасы Гудермес аудандық соты ешкім танымайтын әлдебір шешен кандидат лауазымды қызметке жарияланған байқауға қатыса алмай қалғандықтан, порт директорын тағайындау туралы шешім заңсыз деп тапты.

ҚАДЫРОВТЫҢ ҚАТЫСЫ

Шешен республикасының басшысы Рамзан Қадыров - Керимовке жақын адам. Ресейдің теңіз және өзен флоты агенттігі Магомед Кантаев есімді шешеннің директорлыққа түсуге мүлде өтініш бермегенін айтып ақталғанымен, Ресей Бас прокуратурасы Гудермес аудандық сотының шешімін қолдады. Содан соң Гаджиевтің орынбасары болған Мұрадхан Хидиров порттың уақытша директоры болып бектіліді.

Хидировтың айтуынша, порттың болашағына қатысты шешімді Дағыстан Республикасының басшысы Рамазан Абдулатипов, президенттің Солтүстік Кавказ Федералдық округіндегі өкілі Сергей Меликов және Федералдық транспорт министрі Максим Соколов маусым айының ортасында бірлесіп шығаруы керек. Бірақ одан бері бұл үшеуі мүлде бас қосқан емес.

Есесіне Хидиров қызметке тағайындалған тұста Ресей баспасөзінде Ресейдің мұнай құбырлары жүйесін басқаратын монополист «Транснефть» компаниясы Қазақстан мен Түркіменстаннан келетін шикі мұнайды Махачкала порты арқылы жөнелтуді тоқтатуды қарастырып жатыр деген ақпарат таратты. Оған себеп – «Дагнефтепродукт» компаниясына тиесілі резервуарлардағы мұнайдың біраз бөлігі ұрланады екен. 2013-2014 жылдары айына 10 мың тоннаға дейін мұнай ұрланғаны хабарланды. Магомедовтың «Транснефтьпен» бизнес байланысы бар, себебі Новороссийск портын оған тиесілі «Сумма» компаниясы осы «Транснефтьпен» бірлесіп басқарады. Ал Гормах кезінде «Транснефтьтің» еншілес кәсіпорнын басқарған.«Дагнефтепродукт» - Дағыстан парламентінің бұрынғы спикері Магомедсұлтан Магомедовтың компаниясы, ал оның бауыры Магомедсалам 2010-2013 жылдары Дағыстанның президенті болған, қазір Ресей президенті әкімшілігінде жоғары басшылық қызметте.

Шілденің соңында «Транснефть» Махачкала арқылы шикі мұнай тасымалын қайта жалғастыратынын хабарлады.

Дағыстан басшысы Рамазан Абдулатипов.
Дағыстан басшысы Рамазан Абдулатипов.

Соңғы бір сұхбатында Дағыстан басшысы Рамазан Абдулатипов Магомедовтың да, Керимовтың да портты меншіктеп алғанын қаламайтынын ашық айтты. Оның айтуынша, олар сол себептен үшінші бір тараппен келіссөз жүргізіп жатыр. Кейіннен Дағыстанның ақпарат құралдары нысанды түркиялық Yilport Holding порт операторы қарамағына алуы мүмкін деп хабарлады. Ал оның артында Мәскеудегі қазір жабылған Черкизов базарының негізін қалаушы Тельман Исмаилов тұр деген мәлімет бар.

МӘСКЕУДІҢ ҮНСІЗДІГІ

Махачкала порты үшін бәсеке жүріп жатыр, ал ол әлі күнге (қағаз жүзінде болса да) федералдық үкіметтің меншігінде тұр. Демек Абдулатиповтың оны сатуға заңдық құқығы және бұл портты шетелдік компанияның сатып алуға қақысы да болмауы мүмкін.

«Черновик» газетінің жазуына қарағанда, мамыр айында Гаджиев пен Гормах арасында порттың директорлығы үшін талас басталғалы оның құқықтық мәселесін реттейтін Ресейдің мемлекеттік мүлік агенттігі ләм-мим деместен үнсіз отыр.

Ал Солтүстік Кавказ мәселелері жөніндегі министрдің бірінші орынбасары Байсұлтанов маусымның ортасынан бері Махачкала портын ірі транспорт және логистикалық орталыққа айналдыру жобасын қолдай бастады. Иранмен арадағы сауда көлемі артқан жағдайда мұның қажеттілігі көп болмақ, әрі бұл порт арқылы тек мұнай ғана емес, дәнді дақыл, ағаш және құрылыс материалдары тасымалданбақ.

Каспий жағасындағы Махачкала.
Каспий жағасындағы Махачкала.

Шілденің соңында Керимовпен байланысы бар деген кипрлық Arolia Holdings компаниясы 678 миллион рубль (10,3 миллион рубль) алашағын талап етіп Махачкала портын сотқа берді. Бұл сома порттың бір жылдағы айналымынан асып түседі, сондықтан егер сот кипрлық компанияның талабын қолдаған жағдайда онда Махачкала порты банкрот деп жариялануы ықтимал. Arolia мұның алдында да Daghestan Airlines пен Махачкала әуежайын Керимовқа алып беру үшін осы тәсілді қолданған. Ол жолы нарықтық құны 800 миллион рубль болатын нысан бар-жоғы 300 миллион рубльге сатылған.

Бұл таласқа Ресейдің федералдық үкіметі араласа ма, жоқ па - ол жағы әлі беймәлім. Әзірге белгілісі – таласып жатқан тараптардың ешқайсысы қалыптасқан ойын ережесімен жүруге құлық танытып отырған жоқ.

Лиз Фуллердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG