Accessibility links

Немцовтың қазасын Киров өлімімен салыстырды


Большевик Сергей Киров. (Көрнекі сурет)

Большевик Сергей Киров. (Көрнекі сурет)

Көптеген тарихшылар орыс оппозиционері Борис Немцовтың қазасын 1934 жылы қастандықпен қаза тапқан Сталиннің бәсекелесі, большевик Сергей Кировтың өлімімен салыстырады.

Сталиннің бәсекелесі саналған Киров оққа ұшқан соң, Сталин бұл оқиғаны желеу етіп «Үлкен террор» атты қырғын бастады. Солайша «ескі» большевиктердің көзін жойды.

Иосиф Сталин (сол жақта) мен Сергей Киров. 1926 жыл.

Иосиф Сталин (сол жақта) мен Сергей Киров. 1926 жыл.

1934 жылы желтоқсанның 1-і күні Совет Одағы тарихының қаралы парағы ашылды. Ленинград коммунистік партиясының танымал жетекшісі әрі күн санап күшейіп келе жатқан «көсем» Иосиф Сталинге қарсы тұра алатын тұлға - Сергей Киров қастандық құрбаны болды.

«ҚАРСЫЛАСТЫ ЖОЮ ҮШІН ІСТЕДІ»

Ресми нұсқа бойынша, Сталиннің бұл қылмысқа қатысы жоқ. Бірақ ол осы саяси қастандықты пайдаланып «Үлкен террор» атты қанды қырғын бастады. Кировтың ажалына «тікелей немесе жанама қатысы бар» деп, мыңдаған саяси қарсыластарының көзін жойды.

«Кировке жасалған қастандықты ұйымдастыруға жауапты болдым» деген СССР құпия қызметінің мүшесі Александр Орлов «Сталин Кировтың өлімін қолдан ұйымдастырды. Бұл қылмысқа оппозицияның бұрынғы жетекшілерін айыптап, Лениннің ескі достарының көзін құртпақ болды» деп жазады.

80 жыл өткен соң сарапшылар Кировтың қазасы мен ақпанның 27-сі күні оққа ұшқан Борис Немцовтың өлімін салыстырып, мысалдар келтіре бастады. Немцов та Киров тәрізді тартымды, сөзі өтімді адам еді. Кезінде кейбіреулер Кировты Сталиннің бәсекелесі деп есептесе, бүгінгі Ресейде «Немцов Путиннің орнын басуға лайық» деп санайтындар бар болатын.

Бақылаушылар Немцовтың өлімінен соң Путиннің бір кездегі Сталин тәрізді сөйлей бастағанын тез байқады. Путин де бұл істі «арандату» деп атап, тергеу ісін тікелей өзі басқаратынын айтты.

«ҚАСКӨЙЛЕР»

«Немцовтың қазасынан соң тағы бір «Үлкен террор» бола ма, Кремльде қалған қарсыластар біртіндеп жойыла ма?» деген сауал туды.

Ресейлік ғалым Карен Давиша CNN.com сайтына «Кремльдегі басшылар енді елді мүлде оқшаулап, күйретуді ойлап отыр ма? Әлде Кремль өздері құрған қорқынышты жүйенің мақсаттарын орындап шыққысы келе ме?» деген пікір жазды.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Думадағы оңшыл күштер одағының лидері Борис Немцов. 2000 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Думадағы оңшыл күштер одағының лидері Борис Немцов. 2000 жыл.

Кремль Немцовтың қазасына қатысты түрлі болжамдарын жариялап, неше түрлі «қаскөйлерді» атап жатыр. Олардың ішінде – АҚШ, Украина ұлтшылдары, діни экстремистер де бар.

Советтік кезең диссиденті Виктор Кравченко «Киров опат болған кезде алдымен оның қазасына шетелдіктерді – эстондарды, поляктарды, немістерді, тіпті ағылшындарды айыптады. Бұдан соң қарт большевиктер қаралы тізімге ілініп, қылмысты соларға жаба салды» деп жазады.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG