Accessibility links

«Путиннің мұрагері» мәселесі талқылана бастады


Көшеде сатылып тұрған матрешкалар: (Солдан оңға қарай) Владимир Путин, Дмитрий Медведев, Борис Ельцин, Михаил Горбачев, Леонид Брежнев және Владимир Лениннің матрешкалары. Ресей, 24 наурыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет)
Көшеде сатылып тұрған матрешкалар: (Солдан оңға қарай) Владимир Путин, Дмитрий Медведев, Борис Ельцин, Михаил Горбачев, Леонид Брежнев және Владимир Лениннің матрешкалары. Ресей, 24 наурыз 2008 жыл. (Көрнекі сурет)

"Леонид Брежнев те, Борис Ельцин де мұрагерін қойып кетті. Ал Владимир Путиннің қолынан бұл келе ме?" деген сауал сарапшылардың көбін алаңдатады.

Кремльдегі Ресей жетекшілері «Путиннен кейін билік кімге қалады?» деген сұрақты бір сәт болсын ұмытпайды.

«Кремль тұрғындары» биліктің ауысу процесінен айырылып қалғысы жоқ. Мәселен, Брежнев билігінің соңғы кезеңінде совет жетекшілері өздерінің мәңгі өмір сүрмейтіні есіне түсіп, мемлекеттің келесі басшыларын дайындау туралы ойлана бастады. Михаил Горбачевке Кремльдің есігі осыдан кейін ғана ашылған еді.

Ресейдің бірінші президенті Ельцин де қартайғанын сезіп, Кремльдегі топтардан бұрын қимылдады. Орнына Путинді қойып кетті. Путинді таңдаған себебі де түсінікті. Ресейде биліктің бейбіт түрде ауысуын қамтамасыз ететін институттар мен дәстүрлер, саяси мәдениет жоқ. Сондықтан бұл шаруаны Ресей басшылары өздері реттеуді жөн көреді.

Саясаттанушы, Ресей президенті әкімшілігі жетекшісінің кеңесшісі қызметін атқарған Глеб Павловский жақында «Московский комсомолец» газетіне берген сұхбатында «Путиннің келесі президентті таңдайтын топ құру туралы ойланып жүргенін» айтты.

«Путин мұрагері кім екенін 2018 жылы білдіре ме, әлде оны 2024 жылы айта ма - әзірге белгісіз. Бұл мәселені 2024 жылға дейін созу қиын: мұрагердің орнын 12 жыл бос сақтау оңай емес. Үміткерлер міндетті түрде бірнеше рет електен өтеді» дейді Павловский.

«ТІЗІМДЕ МЕДВЕДЕВ ЖОҚ»

Путин мұрагер туралы ойлайтын болса, оның тізіміне кімдер кіруі мүмкін?

Саяси салмағы күн сайын азайып, Путиннен алшақтап бара жатқан қазіргі премьер-министр Дмитрий Медведевтің тізімде болмауы да ғажап емес.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен премьер-министр Дмитрий Медведев. Мәскеу, 31 қаңтар 2013 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен премьер-министр Дмитрий Медведев. Мәскеу, 31 қаңтар 2013 жыл.
«Особая буква» сайтында саяси сарапшы Павел Святенков «Дмитрий Медведевтің әлсіздігі білініп тұр, оның шама-шарқы белгілі болып та қалды» деп жазды.

Медведевтің қаңтардағы бір сұхбатында «қайтадан президенттікке таласып көремін» дегенін көпшілік күлкіге айналдырды.

Ал Давостағы экономикалық форумда Медведев Bloomberg телеарнасына сұхбат беріп, ешқашан Путинге қарсы келмейтінін кесіп айтты.

Осы сөзінен кейін Медведевке қарсы шығушылар көбейіп, оны НАТО-ның Ливия басшысы Муаммар Каддафиге қарсы әуе шабуылына келіскені үшін айыптады.

Ал саясаттанушы Алексей Мухин «Новые Известия» газетіне берген сұхбатында «Медведев Путиннен кейінгі президент ретінде өзін тым өктем ұстай бастады» деді. Оның ойынша, «Кейбір топтар Медведевті ерте қимылдап қойды деп біледі. Сондықтан премьер-министрдің саяси имиджіне барынша күшті соққы берілген».

Сарапшылардың көбі «Медведев премьер-министр міндетін бір жылдан артық атқармайды, оны ауыстырады» деп болжаған еді. Олар «Егер Путин Медведевті премьерліктен босатса, орнына келген адамға қарап көп нәрсені аңғаруға болады. Мәселен, Медведевтің орнына саяси профилі жоқ Михаил Фрадков немесе Виктор Зубков сияқты «техникалық» премьер-министрлер келсе, Путин орнына кімді қалдыратынын әлі анықтаған жоқ деген сөз. Ал үкімет басшысына саяси салмағы бар біреуді әкелсе, ол адам міндетті түрде болашақ президент ретінде қарастырылатын болады» дейді.

Нью-Йорк университетінің профессоры, «Мәскеу көлеңкесінде» блогының авторы Марк Галеотти «Саяси салмақты тұлғаны премьер-министр етіп тағайындау - оған билікті өткізе бастау деген сөз. Одан бөлек, ол адамға саяси салмағын арттыра түсу мүмкіндігі де беріледі» дейді.

Галеоттидің пікірінше, егер қоғамда саяси салмағы бар адам премьер-министр болса, «ол белсенді қадам жасайды... (және) басқалар мұрагер ретінде қарайтын қадам емес, саяси беделін одан әрі көтеретін қадамдарды ойлап табады».

ЕКІ СЕРГЕЙ

Осындай саяси беделі бар екі шенеунік соңғы кезде орыс бұқаралық ақпарат құралдарының ерекше ықыласына бөленіп отыр. Олар - Мәскеу мэрі Сергей Собянин мен Ресейдің қорғаныс министрі Сергей Шойгу.

Ресей президенті болып тұрған кезіндегі Дмитрий Медведев (сол жақта), Мәскеу мэрі Сергей Собянин (ортада), төтенше жағдайлар министрі Сергей Шойгу (оң жақта) Мәскеу метросын тексеріп жүр. 27 қаңтар 2011 жыл.
Ресей президенті болып тұрған кезіндегі Дмитрий Медведев (сол жақта), Мәскеу мэрі Сергей Собянин (ортада), төтенше жағдайлар министрі Сергей Шойгу (оң жақта) Мәскеу метросын тексеріп жүр. 27 қаңтар 2011 жыл.
2010 жылдың қыркүйегінде Юрий Лужков Мәскеу мэрі қызметінін алынған соң оның орнына тағайындалған Собянин астанада үлкен құрметке ие және Кремльмен қарым-қатынасы да жақсы. Путин оны сенімді адам санайды, солай бола тұра ол оппозицияға да тартымды көрінгісі келеді.

Павловскийдің ойынша, «Путин оған ерекше үміт артып, болашақ жоспарларына қосады».

«Мұрагерлер тізімінде Собянин бар, ал Медведев жоқ деп ойлаймын» дейді ол.

Шойгудың жұлдызы да оңынан туып тұр. Төтенше жағдайлар министрі ретінде ол он жылдан астам Ресейдегі әрбір апат (табиғи әрі жасанды) кезінде халықтың қасынан табылды.

Былтыр желтоқсанда Ресейдің атышулы қорғаныс министрлігін басқаруды міндетіне алған ол Ресей үкіметіндегі ең танымал министрге айналып шыға келді.

Саясаттанушы Павел Святенков «Кремль «Шойгудың даңқын не істесек екен?» деп бас қатырып отыр. Оны пайдалана ма, әлде саяси сахнадан құрта ма?» деген сауал тастайды.

Ресейдің бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудрин де - Путинге жақын адамның бірі. Оппозицияға көңілі бұрып тұратынына қарамастан, ол анда-санда Медведевтің орнын басатын тұлға ретінде айтылып қалады.

«ПУТИН ӘЛСІРЕЙ БАСТАДЫ»

Әрине, бүгін мұрагер деп отырған тұлғаның ертең журналистер сұхбат алуға ғана жарайтын адамға айналуы таң қаларлық жайт емес. Сергей Шахрай, Владимир Шумейко немесе Борис Немцовты еске алыңыз – олардың бәрі кезінде Ельциннің мұрагері саналған.

Мұрагердің өзгеріп кетуіне Путиннің ойы ғана емес, биліктегі басқа «зиялылардың» әрекеті де әсер етуі мүмкін.

Галеотти өткен аптадағы жазбасында «Путин «кететін уақытым жетті, ізбасарым кім болады» деген мәселені ойлауы екіталай» деп жазды. «Егер Путин болашақ президент туралы өзі ойламаса, оның орнына басқалар ойлайтын болады» дейді ол.

Егер бұл пікір рас болса, Путинның «Lame duck» («Ақсақ үйрек», АҚШ-та орнынан кететін, ықпалы азайған президентті осылай атайды – ауд.) рөлін атқара бастағаны. Бұны Ресей қоғамындағы шиеленістерден көруге болады.

Галеоттиге сенсек, «Бұл (шиеленістер – ред.) ресейліктердің қазіргі Путиннің бұрынғы Путин емес екенін түсінгенін білдіреді. Мұрагері туралы әңгіме қозғалған сайын, Путиннің әлсірегенін байқаймыз».

Ресей президенті Владимир Путин ішкі істер министрлігі туын Владимир Колокольцевке тапсырып тұр. Мәскеу, 8 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Ресей президенті Владимир Путин ішкі істер министрлігі туын Владимир Колокольцевке тапсырып тұр. Мәскеу, 8 ақпан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)
Бірақ Ресейде «мұрагер операциясының» ерекше бір тұсы бар. Ол - билікте отырған адамның мұрагерден қателесуі. Мәселен, Брежневтің маңындағылар жас кадрларды билікке әкелеміз деп, Горбачев пен Ельциннің өсуіне жол ашты - олар Совет Одағының тарауына ықпал етті.

Ал Ельциннің тобы ол Кремльден кеткен соң біздің мүддемізді қорғайды деп Путинге үміт артты. Оның қандай нәтиже бергенін Борис Березовскийден сұраңыздар.

Шетелдік басылымдар «Назарбаевтан кейінгі Қазақстан не болмақ?» деген тақырыпқа да қалам тартып тұрады. Мәселен, Stratfor («Стрэтфор») сараптама орталығының «Қазақстан: билік құрылымының эволюциясы» атты мақаласында «Қазақстанда билікті қолға алуға ұмтылатын ықпалды тұлғалар бар екені, бірақ Назарбаевтың кландық бәсекені реттеп отыруы биліктің ауысуын қиындатып жібергені» жазылған.

Мақаланы ағылшын тілінен Динара Мәзен аударды.
XS
SM
MD
LG