Accessibility links

Кремль ел ішінде де, шетелде де интернеттегі жөн әңгімені анайы сөз пен бос байбаламға айналдыратын тролльдерді пайдаланады. Бұл жаңа кәсіп иелері қалай жұмыс істейді?

Киевтің 49 жастағы тұрғыны Владимир Нестеренко да интернетке жиі кіретін басқа адамдар сияқты екі «әлемде» өмір сүреді. Өмірде ол салмақты мақалалар жазатын елге сыйлы авторлардың бірі болса, онлайнда қитұрқы пікірлерімен интернетте шу шығарып жүретін орыстілді комментатор «Адольфычке» айналады. Ол Twitter, Facebook және Live Journal әлеуметтік желілеріндегі аккаунттары арқылы Ресеймен арадағы конфликтіге қатысты оқыс сөзге толы пікір жазып отырады.

Владимир Нестеренко жақында жарық көрген бір жазбасында: «Мәскеуліктердің көбінің Абхазияда дачалары бар. Олар қазіргі Қырымдағыдай бір кездері грузиндерді қуып шығып, гүлденген аймақты арзан ... етпегенде, ол дачаларға ие болар ма еді?» дейді.

Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведевтің Батыс елдері салған жаңа санкцияларға қатысты паңдана айтқан сөзіне ол кекесінмен «Под...ло разбушевалось» деген бейәдеп пікір жазды. Бұл – Украинада әдетте Ресей президенті Владимир Путинді әжуа қылу үшін пайдаланылатын анайы сөз.

Адольфыч кейде тым қатты кетеді, оның қоғамға жат әрекет істеп жүргені де рас. Тролль деген осы ма? Бірақ Адольфыч мұны тролльдің ісі деп білмейді.

Интернетте жиі қолданылатын @ белгісі ескерткіші. Ресей, 25 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернетте жиі қолданылатын @ белгісі ескерткіші. Ресей, 25 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

«Өтірік айтпауға тырысамын әрі маған ешкім ақша төлемейді. Соңғы кездері Ресейдің, Украинаның және Батыстың баспасөзі мен әлеуметтік желілерінде қаптап кеткен тролльдерден айырмашылығым – осы» дейді Адольфыч.

«Меніңше, «троллингпен» айналысушыларға ақы төлейді. Олар айына 1 мың доллардың айналасында жалақы алып отырады. Олардың заңды блогтары бар, сондықтан көп жұмыс істейді. Бірақ керек кезінде олар «жалған ақпаратты» әдейі таратып, елді адастырумен айналысады» дейді Нестеренко.

«ЕСКІ ӘДІС»

Кремль өзінің Қырымды аннексиялау әрекетін қолдау мақсатында «тролль армиясын» пайдаланып, жалған ақпарат тарату науқанын жүргізді деген пікір бар.

Саяси шолушы Макс Седдонның Buzzfeed сайтында маусым айында жарияланған деректеріне қарағанда, Кремль АҚШ-тың Fox News телеарнасы мен Huffington Post және Politico сияқты ақпарат құралдарында Путиннің саясатын насихаттау үшін ағылшын тілін білетін ресейліктерді жалдап, оларға миллиондаған доллар қаржы жұмсаған.

Тролльдер көбіне әлденеше жалған аккаунт ашып алып, мақалалардың соңында күнінен «Путин Обаманы жер қылды!» деген сыңайдағы 50 пікір жазып отырады.

Интернетте цензура орнатуға қарсылық. Мәскеу, 11 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Интернетте цензура орнатуға қарсылық. Мәскеу, 11 шілде 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Ел ішінде интернет бостандығын шектегеніне қарамастан, Ресей тролль армиясын құруды мықтап қолға алған дейді сарапшылар. Ресей тамыздың 1-інде әлеуметтік медианы шектейтін даулы заң қабылданды. Мамандардың айтуынша, бұл заң сөз бостандығын шектеп, түрлі пікірлердің айтылуына кедергі жасайды.

Ресейдің танымал блогшысы, «Ресей интернетінің әкесі» аталып кеткен Антон Носик Кремль Украинаға қатысты бұрыннан бар үгіт-насихат соғысы стратегиясын қайта қолға алғанын айтады. «Бұл жолғы ойынның бәсі тым қымбат» дейді ол. (Buzzfeed сайтының жазуына қарағанда, бір ғана тролль компаниясы - Санкт-Петербургтегі «Интернет зерттеу агенттігі» биыл 10 миллион доллар жұмсағалы отыр).

– Тіпті осыдан бес жыл бұрын Кремль ақылы комментарий әдісін оппозицияға қарсы соғыс құралы ретінде пайдаланатын. Бүгінгі оқиғалардан жаңа ештеңе көріп тұрған жоқпын. Бір ерекшелігі – олар Алексей Навальныйға, «Эхо Москвы» және «Коммерсантқа» қарсы соғысқа қарағанда Украина тақырыбына анағұрлым көп қаржы жұмсап жатыр, – дейді Антон Носик.

Ол талай жыл бойы кремльшіл «Наши» жастар тобының тролльдерін басқарған Кристина Путупчиктің іші қызғаныштан өртенерін айтып, «өйткені оның кезінде қазіргідей бүкіл интернетті ластауға жететін бюджет болмаған еді» дейді.

ПІКІРТАЛАСТАН БЕЗДІРУ АМАЛЫ

Кремльдің қомақты қаржысы далаға кетіп жатыр дейтіндер де бар. Global Voices сайтында Ресей интернетіне шолу жасайтын Кэвин Ротроктың айтуынша, Кремльді жақтайтын пікірлер тасқыны АҚШ-тағы Ресейге қатысты көзқарасты мүлде өзгерте алған жоқ. Оның сөзінше, бала асырау, жыныстық азшылық құқықтары және Украинадағы соғыс тақырыптары Ресейдің беделін қатты төмендетіп жіберген.

Кремльшіл ақпарат құралдары бұрындары болған оқиға суретін жариялап, оларды "Украинаның қазіргі сәті" деп өтірік сипаттап береді.

Кремльшіл ақпарат құралдары бұрындары болған оқиға суретін жариялап, оларды "Украинаның қазіргі сәті" деп өтірік сипаттап береді.

– Кремльдің бұл тыраштануы «біз құр отырмай, әрекет жасап келеміз, Батыс ақпарат құралдарына әсер етіп жатырмыз» деп ақталу үшін ғана керек. Бірақ Батыстағы, соның ішінде АҚШ-тағы Ресейге қатысты қоғамдық пікір жақсы емес. 12 миллион түгіл 120 миллион доллар жұмсаса да, тілшілердің жұмыс әдісін өзгертіп, қоғамдық пікірді басқа бағытқа бұру мүмкін емес. Бұл – босқа кетіп жатқан ақша, – деді Ротрок.

Бір нәрсе ғана айқын - ресейшіл тролльдер қарапайым жұртты ашуландырып, намысына тиюге көп ден қояды, салмақты пікірталасқа бара бермейді.

Ресейдегі Кремльдің құпия құжаттарын үнемі жариялап отыратын Шалтай-Болтай сияқты кейбір «қарақшылар» ірі ойынға араласса, қатардағы тролльдер ұсақ-түйек тапсырмалармен шұғылданады.

Интернеттегі «бұзақылықпен» тек қарапайым адамдар емес, Ресейдің жоғары лауазымды саясаткерлері де айналысады. Солардың бірі - Ресей премьер-министрінің орынбасары, бұл елдің НАТО-дағы бұрынғы өкілі Дмитрий Рогозин. Ол жуықта Twitter жазбасында леопард ұстаған Путиннің суреті мен кішкене пудель итін ұстаған Обаманың суретін қатар қойып «құндылықтары әркелкі» екені жайлы жазды.

Ол тағы бір жазбасында Шығыс Украинадағы сепаратистер қиратқан әскери қарулар фотосы астына «Дон дауысын басқа өзгертті» деп жазған.

Ресейдің жалған ақпарат тарату әрекеттерін Interpretmag.com сайты үшін бақылап отыратын сарапшы әрі құқық қорғаушы Кэтрин Фитцпатриктің сөзінше, Мәскеу тролльдерді саяси тақырыптарға қатысты салмақты пікірталас жасатпау үшін пайдаланады.

– Washington Post немесе New Republic сайттарына кіріп, Ресейді сынаған мақаланы оқысаңыз, оның соңындағы 12 жасар баланың жазғанына ұқсас 200-ге тарта пікірге көзіңіз түсері анық. Одан соң мақалаға пікір қалдыру ойыңыздан айнып қаласыз. Мұндай әдіс демократиялық пікірталасты тоқтату үшін қолданылады, әрі ол нәтиже де беріп жатыр, – дейді сарапшы.

Азаттық тілшісі Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG