Accessibility links

Азаматтық туралы заң шеттегі орысты алаңдатты


Ресей думасының депутаты Андрей Луговойдың сөзінен кейін шетелдегі Ресей эмигранттары "тыңшы" деп жарияланудан қауіптеніп отыр.

Ресей думасының депутаты Андрей Луговойдың сөзінен кейін шетелдегі Ресей эмигранттары "тыңшы" деп жарияланудан қауіптеніп отыр.

Екі елдің азаматы болып жүрген ресейліктер енді шетелдік төлқұжаты бар екенін билікке мәлім етуі тиіс. Шетелдегі ресейлік эмигранттар «бұл заңның бізге әсері қандай?» деп алаңдай бастады.

Жаңа заң бойынша, шетелдік төлқұжатын жасырған ресейліктер енді айыппұл төлейді. Бірақ заңның бұлдыр тұстары көп. Мәселен, шетелде тұрып жатқан ресейлік эмигранттар заңның өздеріне қатысы бар-жоғын біле алмай отыр.

ЭМИГРАНТТАРДЫ АЛАҢДАТҚАН ЗАҢ

Жаңа заңға Ресей президенті Владимир Путин маусымның 4-і күні қол қойды. Ол бойынша енді Ресей аумағында тұрып жатқан азаматтар шетелдік төлқұжатын жариялауы тиіс. Бірақ шетелде тұрып жатқан ресейліктерге де осындай талап қойыла ма, жоқ па - анық емес.

Дегенмен шетелде тұратын жүздеген мың Ресей азаматы енді шетелдік төлқұжатын жарияламай тұрып нақты таңдау жасауға немесе Ресей азаматтығынан бас тартуға мәжбүр болуы мүмкін. Кейбіреулер ресейлік төлқұжаттан бас тартсақ, елге оралғанда алдымыздан бюрократиялық қиындықтар шығады деп қорқады.

Мәскеу облысында туып-өскен Ксения қазір АҚШ-тың Чикаго штатында кәсіпкерлікпен айналысады. Фамилиясын атағысы келмеген ол «Егер екі елдің бірін таңдайтын күн туса, Ресей құжатының күшін жойғаннан басқа амалым жоқ» дейді. Жаңа заңды бұзғандар айыппұл төлейді немесе қоғамдық жұмыстарға кесіледі.

Қазір шеттегі ресейлік эмигранттар елшіліктерге барып, әлеуметтік сайттар мен интернет-форумдарға кіріп, заң талаптары туралы нақты жауап іздеп жатыр.
Бруклиндегі орыс моншасы. (Көрнекі сурет)

Бруклиндегі орыс моншасы. (Көрнекі сурет)

Бұдан ары Ресейдің федералдық миграциялық қызметі екі елдің төлқұжатын алған тұрғындарды әшкерелеумен де айналысады. Бұл мекеме тамыздың 5-і күні күшіне енетін заң туралы ешқандай ресми нұсқаулық берген жоқ.

Заң бойынша, шетелдік төлқұжаты бар ресейлік азамат 60 күн ішінде онысын мәлімдеп, Ресейде тұруға рұқсаты бар екенін растауы тиіс.

Вашингтон қаласындағы орыс қауымдастығының президенті Елена Старосельская: «Бұл заң бүкіл әлемдегі ресейліктерді алаңдатып тұрғаны рас, бірақ қатты қайғырып жүрген адам тағы жоқ» дейді.

Вашингтон мен қала маңындағы орыс тілді қауымды біріктіретін ұйым басшысы Азаттыққа «ресейлік азаматтардың жаңа заңға қатысты көптеген сауалдар қойғанын» айтты. Старосельская олардың сауалдарына жауап алу мақсатында Вашингтондағы Ресей елшілігімен және басқа да тиісті орындармен хабарласқан. Ол «Ресейде тұрақты тіркеуге тұрған эмигранттар ғана басқа елдің төлқұжаты бар екенін мәлімдеуге тиіс екен» дейді.

Ресей елшілігі заңға қатысты нақты дерек бере алмайтынын, Мәскеуден «толық түсініктеме» күтіп отырғандарын айтқан. Олар «Ақпарат қолымызға тиген бетте жеткіземіз» деген.

«ТЫҢШЫЛАРДАН КҮДІКТЕНЕДІ»

Қос азаматтық туралы заң Мәскеу мен Батыс арасында Қырымға байланысты араздық туған кезге дөп келді. Кремльді сынайтындар «Ресей үкіметі халық санасындағы «жаудың қоршауында отырмыз» деген менталитетті күшейтіп жатыр» деп сынайды.

Ал Кремль жақтастары Ресейдің ішіндегі «5-колонна» (тыңшылар, жасырын ұйымдар, т.б.) Батыс мүддесі үшін үкіметті жікке бөледі» деген пікірлерін үнемі айтып жүр.

Заң авторы, Ресей думасының депутаты Андрей Луговой өткен айда бұл заңның осы мәселеге (тыңшылар, жасырын ұйымдар – ред.) қатысы бар екенін айтты. Ол «Қос азаматтық алу Ресей азаматтығының маңызын төмендетеді, отан алдындағы адалдықты әлсіретеді» дейді. (Кейбір сарапшылар Ресей қауіпсіздік қызметінің бұрынғы офицері Александр Литвиненконың өлімін Луговойдан көреді. Луговойды «Литвиненкоға у берді» деп айыптаушылар бар).

Луговой «Жақында болған геосаяси оқиғаларды, Ресейге Батыс елдерінің қысым көрсетіп жатқанын ескерсек, бұл (заңды айтады – ред.) - өте маңызды қадам» дейді. Израильде жүрген ресейліктер. (Көрнекі сурет)

Израильде жүрген ресейліктер. (Көрнекі сурет)

Ресейдің де, АҚШ-тың да азаматы болып жүрген Ксения Азаттыққа америкалық төлқұжатын жариялауға қарсы емес екенін айтты. Оның ойынша, бұл заң Ресейдегі оппозиция белсенділеріне, Ресейде тұратын, бірақ екінші бір елдің азаматтығын алып қойған кәсіпкерлерге қарсы қабылданған.

«Ал маған келсек, болашақта бала тууды жоспарлап жүрмін, сол баламның болашағы үшін тағы бір мезі қылатын құжат жинау жұмысын атқарып шығармын, азар болса құжаттарыма тағы бір қағаз қосылар» дейді ол. Бірақ басқа ресейліктер бұл заңға Ксения сияқты жеңіл-желпі қарамайды.

Нью-Йоркте тұратын, АҚШ-тың грин-картасын (green-card - ұзақ мерзімге тұру рұқсаты) алған Аня Левитова: «Алаңдамай қайтеміз, билік оған қол қойса, демек белгілі бір мақсат көздеп отыр деген сөз» дейді.

Ол - Мәскеудегі «Evans Property Services» жылжымайтын мүлік фирмасының басқарушы серіктесі. Ол «Ресейге барған сайын үнемі шетелдік азаматтығымды көрсетуді талап етеді» дейді.

Оның айтуынша, Ресейдегі шекара бақылау қызметкерлері адамның бара жатқан еліне визасы бар-жоғына қарап-ақ азаматтығын анықтай алады. Левитова: «Сондықтан бұл мәселенің ақпаратты жариялауға (адамдардың екі елдің азаматы екенін жариялауға) қатысы шамалы. Меніңше, билік сатқындарды (тыңшыларды) ұстауды көздейтін шығар, олардың ойынша қос азаматтық алған адамдар - сатқын» дейді.

САЛЫҚ МӘСЕЛЕСІ

2010 жылғы дерек бойынша 1 миллион 600 мың ресейлік шетелде тұрады. Олардың жартысынан астамы Еуропа Одағы елдерін, Израиль мен АҚШ-ты мекендейді. 2003-2012 жылдар аралығында 83 мыңнан астам ресейлік АҚШ азаматтығын алған.

АҚШ ішкі қауіпсіздік департаменті дерегінше, 2003-2012 жылдар арасында 193 мыңнан астам ресейлік АҚШ грин-картасын (шетелдіктерге АҚШ-та тұруға рұқсат беретін құжат - ред.) алған. Бұл эмигранттардың көбі Ресейдегі мекенжайын ауыстырмаған, бірақ нақты тұрып жатқан жерін көрсететін құжат та алмаған. Қағаз жүзінде бұл эмигранттардың Ресейдегі отандастарынан еш айырмасы жоқ.

Мұның салыққа да қатысы бар. Ресейден тыс аймақта тұруға 12 айға берілген құжатта ол адамның шетелде болу мерзімі 183 күннен асып кетсе, ол сол елдегі табысының 30 пайызын салық ретінде Ресей бюджетіне төлеуі тиіс. Ал жергілікті тұрғындар салыққа табысының 13 пайызын ғана төлейді.
Украина және Ресейден алған екі төлқұжатын көрсетіп тұрған әйел. Қырым, 7 сәуір 2014 жыл.

Украина және Ресейден алған екі төлқұжатын көрсетіп тұрған әйел. Қырым, 7 сәуір 2014 жыл.

Левитова «Сондықтан қос азаматтыққа қатысты жаңа заң Ресей аумағында жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын эмигранттарға недәуір қаржылық шығын келтіреді. Егер ол адамдар ресейлік тіркеуінен бас тартып, шетелде тұрақты тұратын болса, түскен табысының 30 пайызын салық ретінде төлеуге тиіс болады. Мәселен егер Ресейден 1 миллион долларға пәтер сатып алып, оны 900 мың долларға шығынмен сатсаңыз да 300 мың доллар салық төлеуге мәжбүр боласыз» дейді.

Екінші жағынан, Ресейде тіркелген орнын сақтап, шетелдік төлқұжатын немесе тұрақты тіркеу құжатын жариялаған адамның есімі деректер қорына енеді.

Левитова «салық органдары сол тізімдегі адамдардың қайсысы жоғарыда айтылған 30 пайыздық салықты төлеуі тиіс екенін тексеріп отырады» дейді.

Левитованың айтуынша, оның компаниясы заң шыққаннан бері Мәскеудегі жылжымайтын мүліктерін сатып жатыр. Ал Ресейдегі шетелдіктер Мәскеудегі меншіктерін ресейлік төлқұжаты бар адамдардың атына рәсімдеуге көшкен. «Адамдар жаңа заң шетелдік меншікке кесірін тигізеді деп қорқады» дейді ол.

«АҚЫРЫН КҮТІП ОТЫРМЫЗ»

Заңның түйткілді, анықтауды қажет ететін тұстары көп. Мысалы, шетелдік төлқұжатты жариялауды шет елдегі Ресей елшілігіне барып жасау керек пе, әлде Ресейге келіп мәлімдеу қажет пе? Үкімет тарапынан ресми нұсқаулық болмағандықтан, ресейлік эмигранттардың біразы заңның қандай жолмен орындалатынына қатысты ресми түсініктеме күтіп отыр.

Бостондағы жоғары технологиялық фирманың техникалық жетекшісі Кирилл Панкратов «Мен қазір заң ерекшеліктерін білу үшін ештеңе істеп жатқан жоқпын. Заң күшіне енген соң, оның нақты талаптары біліне бастайды. Басқалардың әрекеті мен оның нәтижесіне қараймын» дейді.

Танымал орыс блогері Панкратовтың АҚШ-тың грин-картасын алғанына 10 жылдан асқан. Ол өзі танитын ресейлік эмигранттардың жаңа заңды талқылағанын, бірақ заң талаптарын дәл қазір іске асыра қоймайтындарын айтты.

Ол Азаттыққа «Алаңдауға себеп бар ма?», «Нақты не істеуіміз керек?» деген сауалдар туғанын айтып, «таныстарымның ішінде ешкім әлі бұл заңға байланысты қандай да бір әрекет жасап жатқан жоқ» деді.

Чикагода тұратын Ксения достарының жаңа заң туралы білетінін, бірақ көбі оған қатысты талаптарды Ресейге бармай-ақ, сол жүрген елдерінде орындаймыз деп сенетінін айтты. Ресей азаматтығын сақтағысы келетін эмигранттар шетелдік төлқұжаттарын жариялау үшін Ресейге бармайтын шығармыз деп үміттенеді. «Ондай талап қойылып жатса, әрине ашуланасың» дейді Ксения.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG