Accessibility links

«Біртұтас Ресей» сайлаушымен сөйлесуге әзірленіп жатыр


Ресей президенті Владимир Путиннің "Біртұтас Ресей" партиясы жиынында түскен суреті. Мәскеу, 3 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путиннің "Біртұтас Ресей" партиясы жиынында түскен суреті. Мәскеу, 3 қазан 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Қыркүйектегі сайлау алдында Ресейдің билік партиясы – «Біртұтас Ресей» өз кандидаттарының партия ережесін қатаң ұстанғанын қалайды.

«Біртұтас Ресей» (Единая Россия - ред.) ұзақ уақыт ел басқарып отырған президент Владимир Путиннің экономика әлсіреп, сыбайлас жемқорлық күшейген кездегі билігі тұсында партия үміткерлері сайлаушыға қалай сөйлеуі керек екенін үйрететін видеолар әзірледі.

Ресейдегі дума сайлауы және жергілікті сайлаулар қыркүйекте өтуі тиіс. Сондықтан биліктегі «Біртұтас Ресей» партиясы кандидаттарының сайлаушылар мен журналистердің кез келген қолайсыз сауалына тосылмай жауап бергенін қалайды.

«ОҒАН ТЕҢДЕС КӨШБАСШЫ ЖОҚ»

Партия сайтындағы жабық секцияға кандидаттарға арналған видео-нұсқаулар салған. Онда Путиннің ұзақ билігі, Батыспен келіспеу және күрделі экономикалық жағдай тәрізді мәселелер жөнінде сайлаушылармен қалай әңгімелесу жайы көрсетіледі.

Материалдарды сайлауға қатысуды жоспарлаған һәм сайтқа тіркелген адамдар ғана көре алады, бірақ РБК агенттігі ақпанның 2-сі күні үміткерлерге арналған видеолардың жалпы мазмұнымен таныстырды.

Карикатура.

Карикатура.

РБК дерегі бойынша, Путинге қатысты сұрақ қойылса, Біртұтас Ресей үміткерлері 1990-шы жылдардағы «бей-берекет заманды» еске салып, 2000 жылы Путин билікке келген соң ғана елде тәртіп орнағанын ескертуі керек. Партия атынан сөйлеген үміткер «Ресей ол уақытта батпаққа тізесінен ғана батып тұрған жоқ, шыңыраудың шетінде тұрған еді» деп мәлімдеуі тиіс. Бұдан соң кандидаттар «елде дәл осындай дәрежедегі көшбасшы жоқ» екенін баса айтуға міндетті.

«АҚШ РЕСЕЙДЕ ТӨҢКЕРІС ЖАСАУДЫ ҚАЛАЙДЫ»

Путинге қарсы оппозиция туралы айтылғанда, партия өкілдері «АҚШ «қызғылт-сары төңкерістер» көмегімен әлемді билегісі келеді, қазір олар Ресейге назар аударып отыр» деулері тиіс. Төңкерісті бастау үшін Ресейдегі оппозиция Кавказ, Сібір және Қиыр Шығыс аймақтарында сепаратизм қоздыруы мүмкін екені де айтылуы керек.

Ресейдің «сөз бостандығы жағынан әлем чемпионы» екені жайлы «Россия сегодня» арнасының басшысы Дмитрий Киселев баяндайды. Оның айтуынша, «Журналистика мен көпшілік алдында пікір айтуды шатастырып алған Украина қазір қиын жағдайға түскен».

Украина 2014 жылы Қырымды бөліп әкеткен, шығыс аймақтардағы сепаратистерді қолдайтын Ресеймен және ішкі экономикалық мәселелерімен күресіп жатыр.

Экономика туралы айтқан кезде «Біртұтас Ресей» өкілдері аз сөйлейді, олар негізінен Путиннің экономикалық кеңесшісі Сергей Глазьевтің ұсынысын қолдаумен шектеледі. РБК «Біртұтас Ресей» партиясының өкілі, дума депутаты Вячеслав Никоновтан бұл жайды сұрағанда, ол «партия әлі экономикалық платформасын әзірлемеді» деп жауап берген.

«ОЛ КЕЗДЕ БІЗДІҢ ПАРТИЯ ҚҰРЫЛМАҒАН ЕДІ»

Жоғары билік және «шенеуніктердің қателіктері» туралы нақты сауалдар түскен кезде үміткердің әріптестері туралы сөз қозғалуы мүмкін. Сондықтан кандидаттар «осындай балластан (артық жүк – ред.) құтылу үшін» сайлауға түскенін айтуы керек.

Ал екінші жағынан, дума депутаты Ирина Яровая сайлаушылар алдында «парламентте әділетсіз бәсеке болған жылдары, ел үшін өте қиын кезеңдер орнағанда біздің партия әлі құрылмаған болатын» деп ақталуды да үйретеді.

РБК дерегі бойынша, партия сайтының осы жабық секциясына 11 мыңнан астам адам тіркелген. Ресейдегі сайлау жүйесі жоғарыдан басқарылады және мұнда бәсеке дамымаған. Путин билікке келгелі либералдық оппозицияның жолы жабылды. Ал биліктегі «Біртұтас Ресей» партиясы барынша көп дауыс жинауға ұмтылады. Ұйым Путиннің ұпайын түгендеп, Кремльдің мақсатына жетуіне қажетті тәсілдерді жасауға тырысады.

"Біртұтас Ресей" жиынында отырған Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев. Мәскеу, 27 қаңтар 2016 жыл.

"Біртұтас Ресей" жиынында отырған Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев. Мәскеу, 27 қаңтар 2016 жыл.

2014 жылдың қыркүйегіндегі аймақтық сайлаудан соң «Коммерсантъ»​ газетінің журналисі Мария Карнаух «Елдің барлық 84 облысында «Біртұтас Ресей» жеңіске жетті. Бұл партия өкілдері губернатор орындарының 77 пайызын жеңіп алды» деп жазды.

Қазір «Біртұтас Ресей» парламенттің төменгі палатасы - думада 450 орынның 238-ін иеленген, аймақтардағы заң шығару орындарындағы 3787 орынның 2840-ы осы партия үлесінде.

Ресейдің барлық облыс губернаторлары «Біртұтас Ресей» мүшелері және көп жағдайда олар партияның облыстық бөлімдерін басқарады. Партия төрағасы - премьер-министр Дмитрий Медведев.

Роберт Коалсонның мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG