Accessibility links

Кремльдің ескі қарсыластары, жаңа кедергілері


Ресей премьер-министрі Владимир Путин мен президенті Дмитрий Медведев. Мәскеу, 17 қараша 2011 жыл.
Ресей премьер-министрі Владимир Путин мен президенті Дмитрий Медведев. Мәскеу, 17 қараша 2011 жыл.

Ресейде биыл 4 наурызда президент сайлауы өтеді. Премьер-министр Владимир Путин төрт жыл үзілістен соң Кремльге қайта оралудан дәмелі.


Бір қарағанда бұл сайлаудың бұрынғы сайлаулардан көп айырмасы жоқ сияқты. Бірақ желтоқсанның 24-індегі наразылықтан соң Путин-Медведев жақтастарының ұйқысы тыныш емес.

«НАРАЗЫ» ОЙЫНШЫҚТАР

Ресейдегі Барнаул қаласының өкіметке наразы тұрғындары саяси қарсылықтың жаңа бір түрін ойлап тапты. Желтоқсандағы сайлауда бұрмалаудың көп болғанына қынжылған наразы жұрт іштегі қыжылын билікке білдірудің басқа амалын көрмей отыр. «Себебі Кремльден шалғайдағы бұл қалада қарсылық акциясына шыққан адам бірден түрмеге тоғытылады» дейді жергілікті белсенділер.

Желтоқсанның 24-інде Мәскеуде алаңға 100 мың адам шығып, ың-шыңсыз тараған еді, ал Барнаулда одан әлдеқайда шағын митингіге келгендердің 20-сы қамалған.

Белсенділер Кремльге қарсы ұран көтерген аю ойыншықтарды, «Лего»
Ресейдегі ойыншықтар "шеруі". Барнаул, 14 қаңтар 2012 жыл.
Ресейдегі ойыншықтар "шеруі". Барнаул, 14 қаңтар 2012 жыл.
құрастырмалы ойыншықтарын қаланың орталық алаңына шығарды. Ойыншықтар ұстаған кішкентай плакаттарға «Таза сайлау өткенін қалаймыз!», «Путин, халық мүддесін өз мүддеңмен шатастырма!», «Шыдамның да шегі бар!» деген сөздер жазылған.

Ұйымдастырушылар «нано-шеру» деп атаған мұндай қарсылық акциясы Барнаулда осымен екінші рет өтті.

Шараны ұйымдастырушы студент Ольга Артамонова «халықтың билікке наразы екенін, сол наразылықты жеткізудің басқа қауіпсіз жолын таба алмағандарын» айтты.

– Жоғары басшылық біздің сөзімізге құлақ асып, әділ сайлау өткізетін және демонстрациялар ұйымдастыруға рұқсат беретін мезгілдің тез туғанын қалаймыз, – дейді Ольга Артамонова.

«ЖАСТАР ОЯНДЫ-АУ»

Полиция ойыншықтарды суретке түсіріп, ұран сөздерді жазып алды, бірақ ешкімді тұтқындаған жоқ. Жергілікті белсенділер мұны жеңіске балап, алдағы уақытта осы әдісті жалғастыра беретіндерін айтты.
Басшылар да, оппозиция да – түсініксіз кейіпкерлер.

– Біздің бұл шарамыз елдегі саясаттың көшірмесі іспетті. Біздегі сөз бостандығы да, тәуелсіз баспасөздің саны да – ойыншық тәрізді шағын ауқымда. Басшылар да, оппозиция да – түсініксіз кейіпкерлер. Бірінші рет жиналғанда біз жай тәжірибе жасап, билік пен ақпарат құралдарының реакциясын байқап көрдік. Бағымызға орай, бұл шара туралы ақпарат дүйім жұртқа таралды, халық естіді, – дейді ұйымдастырушылардың бірі Андрей Тесленко.

Бұл шара Беларусьте жуықта өткен осы тәрізді наразылық шараларын еске түсіреді. Ол елде тұтқындаудан қорыққан халық жаппай қол шапалақтап, немесе телефондарда бір мезетте бір әуенді қойып, үкіметке наразылықтарын білдірген.

«Нано-шеруге» қатысқан жергілікті оппозиция белсендісі Сергей Мамаев жастардың азаматтық көзқарастарын белсенді түрде жариялап отырғанын жақсы нышанға балады:

– Жастар оянды-ау әйтеуір. Олар наразылықты бастаса, өкімет мұны қалай көзге ілмегенсиді? – дейді Сергей Мамаев.

ПУТИН-МЕДВЕДЕВТІ САСТЫРУ

«Жастар оянды» дегенді тек Сібір тұрғындары айтып отырған жоқ. Ресей халқы басқалар сияқты бейқам еместігін желтоқсанның 24-інде Болотный алаңына жиналған топтың қарқынынан байқауға болады.

Ельцин дәуірінен бергі ең ірі наразылық шарасы Путин-Медведев жұбын қатты
Ресейдегі сайлау қорытындысына қарсы шеру. Санкт-Петербург, 24 желтоқсан 2011 жыл.
Ресейдегі сайлау қорытындысына қарсы шеру. Санкт-Петербург, 24 желтоқсан 2011 жыл.
састырғаны рас. Олар халықтың ашу-ызасын басу үшін тіркелмей келген партияларды тіркеуге, губернаторларды сайлауға уәде берді, бірақ Дума сайлауын қайта өткізу туралы өтінішті орындай алмады.

«Төрт жыл үзілістен соң Кремль билігін қайта алуға ынта білдірген Путиннің рейтингі біраз төмендеді» дейді батыс сарапшылары. Бірақ алып Ресейдің саяси алаңындағы тоқырау Путиннің қолайына келіп отырған тәрізді.

Әзірше либералдардан да, коммунистерден де, ұлтшылдардан да Путинмен жекпе-жек ұрысқа шығуға дайын тұрған ешкім жоқ.

«КРЕМЛЬДІҢ ҚОСЫМША ЖОБАСЫ»

Журналистердің «Ресей саясатында Прохоровтан басқа қызық ештеңе қалмады» деп мысқылдауының мәні бар.

Өз басымен қайғы болып кеткен либерал-демократтардың сөзін айтқан миллиардер Михаил Прохоровтың көп пікірі либералдық құндылықтар туралы ұмыта бастаған Ресей халқының құлағына жағатыны рас.

Прохоровтың «Билікке келе сала Ходорковскийді босатқызамын», «Басқаруға көнетін демократияның уақыты бітті», «Қандай жолмен болса да тұрақтылықты
Ресейлік бизнесмен Михаил Прохоров Азаттық радиосына сұқбат беріп отыр. Мәскеу, 19 қаңтар 2012 жыл.
Ресейлік бизнесмен Михаил Прохоров Азаттық радиосына сұқбат беріп отыр. Мәскеу, 19 қаңтар 2012 жыл.
орнату дегенге ресейліктер бұдан былай көне алмайды», «Желтоқсанда демократиялық жолмен жаңа дума сайлауын өткіземіз» деген саяси тұрғыдан батыл ұрандары наразы көпшілікті елең еткізері хақ.

Әлемнің ең бай адамдарының тізімінде 32-орында тұрған Прохоров мұндай мәлімдемелеріне қоса «Билікке келсем, қолымдағы бар активтерімді сатып, қайырымдылықпен айналысамын», «Бір көргеннен ғашық болсам, сол жерде үйленемін» деген сияқты, қалың бұқараға бағытталған жеңіл-желпі популистік ұрандарды да көп айтып жүр.

Прохоровтың Путинді тікелей сынамайтыны және белгілі. Мұның өзі «Прохоров – либералдар тарапынан болатын ықтимал қауіптің бетін қайтару үшін дайындалған Кремльдің жобасы» деген пікірге азық болады.
Шын мәнісінде бұлар оппозиция емес, Кремльдің 20 жылдан бергі агентурасы ғана.

– Шын мәнісінде бұлар оппозиция емес, Кремльдің 20 жылдан бергі агентурасы ғана. Агенттің жұмысы – құрметті жұмыс жұмыс қой. Себебі олар Кремльдің және жеке өз бастарының игілігі үшін жұмыс істеді. Идея үшін емес, әрине, ақша үшін, – деп «думалық» оппозиционерлерді бір түйреп өтті Михаил Прохоров жеке блогында.

Оның бұл сөзі «Прохоров – оппозицияның дауысын ұрлау үшін жүрген адам» деген күдікті күшейте түседі.

Прохоров пен «өзін-өзі ұсынушы» басқа елеусіз адамдарды қоспағанда, саяси ортаға бәлендей серпіліс әкелетін тұлғалар көрінбей тұр.

Думада өкілдері бар «ресми» саяси партиялар – ЛДПР, КПРФ және «Справедливая Россия» 2 миллион адамның қолын жинамай-ақ бірден кандидатын ұсына алады. Халыққа үйреншікті партиялар сайлауларға түсуден жалықпаған ескі лидерлерін қайта ұсынғандықтан, бұл сайлаудың алдыңғыларынан еш айырмасы болмай тұр.

«БӘРІН ШЕШЕТІН – ПУТИН»

Ельцин дәуірінен қалған оңшыл демократтардың ішіндегі «тірісі» - «Яблоко» партиясы Григорий Явлинскийдің кандидатурасын президент сайлауына ұсынған еді. Ресейдің орталық сайлау комиссиясы оны қолдап қол қойған 2 миллион адамның тізімін тексеріп жатыр.

Партия басшысы Сергей Митрохин Явлинскийдің өтпейтінін алдын-ала біліп отыр.

– Себебі «Яблоконың» өкілдері бұған дейінгі Дума сайлауында принциптен таймайтынын көрсетіп, аудандық және аймақтық сайлау комиссияларының жынына тиген. Ал қолдардың растығын тексеретін – сол бұрынғы адамдар, – деді ол ВВС-ге берген сұхбатында.

Сергей Митрохиннің ойынша, «қол санында тұрған мәселе жоқ, бәрін шешетін – бір адам – Путин».
XS
SM
MD
LG