Accessibility links

Ресей педофилдерге кастрация жасап, өмір бойы түрмеге қамауы мүмкін


Красноярск маңындағы түрме. Ресей, 1 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Красноярск маңындағы түрме. Ресей, 1 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей мемлекеттік думасының депутаттары педофилдердің жазасын қатайтатын заң жобасын алғашқы оқылымда-ақ қабылдады. Химиялық кастрация жасау (ер адамды еркектік қабілетінен айыру) және өмір бойы түрмеге қамауды парламенттегі фракциялардың бәрі қолдады.


Алайда заң жобасы тағы екі оқылымда мақұлданып, федерация кеңесінде бекітілуі керек.

ЕРІКТІ ЖӘНЕ МӘЖБҮРЛІ КАСТРАЦИЯ

Мемлекеттік дума депутаттарының көпшілігі «егер жәбірленуші 14 жасқа толмаған болса, қылмыскерге медициналық мәжбүрлеу шарасын қолдану керек» деген баппен келісіп отыр. Ол шараның қандай болатынын сот анықтауы тиіс.

«Российская газета» басылымының жазуынша, заң жобасында «химиялық кастрация» термині кездеспейді. Тек кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағандарға медициналық ықпал ету шаралары туралы ғана айтылады. Депутаттар арасында дау туғызған да – осы.

Басылым Ресей федерациясы коммунистік партиясының атынан сайланған депутат Нина Останинаның «Неден қорқамыз? Химиялық кастрация деген аяқ-қолды, дененің басқа да бір мүшесін шабу деген сөз емес қой. Бірақ неге екені белгісіз, ондай термин жоқ» деген сөзін келтіреді.

Президенттің мемлекеттік думадағы өкілі Гарри Минх психиатрлардың пікіріне сүйене отырып, педофилдерге арналған химиялық кастрацияның ерікті және мәжбүрлі түрде болатынын түсіндірді.

– Педофилдерге қолданылатын химиялық кастрация тек ерікті түрде іске асуы керек. Оның өзінде де тек оң әсері болуы тиіс, – дейді Гарри Минх «Бірінші арнаның» эфирінде.

«Российская газета» Ресей либералды-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Игорь Лебедевтің:

- Қылмыскер химиялық кастрация түріндегі медициналық мәжбүрлеу шараларына келіседі деу қиын, - деген сөзіне сілтеме жасайды.

ӨМІРЛІК ТҮРМЕ ЖАЗАСЫ

Заң жобасы бойынша, педофилдерде шартты түрде сотталу мүмкіндігі болмауы керек. Мұндай қылмыс бойынша сотталған адам түрмеден тек кесілген мерзімінің бестен төртін өтегеннен кейін ғана мерзімінен бұрын
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Татьяна Яковлева. Мәскеу,18 қыркүйек 2009 жыл.
Ресей мемлекеттік думасының депутаты Татьяна Яковлева. Мәскеу,18 қыркүйек 2009 жыл.
босап шыға алады. Ал қазір педофилдер жаза мерзімінің төрттен үшін өтесе, мерзімінен бұрын бостандыққа шыға алады.

Ресей сарапшылары балаларға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасап сотталғандардың арасында екінші қайтара қылмыс жасағандардың үлесі 90 пайыз екенін айтады.

Басылым мемлекеттік думаның денсаулық сақтау комитетінің мүшесі Татьяна Яковлеваның «Сол себепті де жаңа заң жобасына сай қайтара қылмыс жасаған педофилдерді өмір бойы түрмеге отырғызу жазасы кесіледі» деген сөзін келтіреді.

- Менің пікірім бойынша, баланың өмірін өксітіп, болашағына балта шапқан, адамдарға деген сенімін мүлдем жойған қылмыскер атылуы керек. Бірақ Ресейде өлім жазасына мораторий жарияланғандықтан, мерзімінен шартты түрде босату немесе өзге кешірім жасалмастан, қылмыскерді өмір бойына бас бостандығынан айыру керек, - дейді Татьяна Яковлева.

«ЖАЗАЛАУ ҚЫЛМЫСТЫ АЗАЙТПАЙДЫ»

Либералды-демократиялық партиядан сайланған депутат, вице-спикер Владимир Жириновский заңды қатайту барлық мәселені шешеді деген пікір білдірді.

– Сіз жаратылыстың бұйрығын тыя алмайсыз. Үйлесімді қарым-қатынасты іздестіру керек. Жыныстық тәрбие беріп, қандай да бір арнайы медициналық мекемелер құру керек, – дейді вице-спикер.

«Владимир Жириновский «бүкіл мемлекет, барлық адамзаттың стресте жүргеніне», сол себепті «жыныстық сипаттағы қылмыстар санының артатынына, оны ешқандай қылмыстық қуғындау тоқтата алмайтынына» сенімді» деп жазады ресейлік басылым.

Балалар психиатрлары мен психологтары ассоциациясының басқарма мүшесі Александр Шадураның ойынша, педофилдерге қарсы шараларды күшейтуден ондай қылмыстың азайып кетуі неғайбыл.

Александр Шадура заң шығарушылар балаларға жыныстық зорлық-зомбылық көрсеткен адамды жазалауға бағытталған бастамалармен шектеліп қалмауы керек деп санайды.

– Шынымды айтсам, бұл заңды шығарушылардың қисыны маған түсініксіздеу болып тұр. Балаларға қарсы жасалған қылмыстың өзі – сұмдық. Ал қылмыстың өзге түрлеріне қарағанда жыныстық зорлық-зомбылық әлдеқайда ауыр болуы мүмкін. Бірақ басқа қылмыс түрлері де бала психикасына елеулі әсер етеді ғой. Сондықтан жауапкершілікті күшейтетін болса, онда балаларға қарсы жасалатын барлық қылмыс түрлері үшін жауапкершілікті арттыру керек. Екінші жағынан, халықаралық тәжірибе жазалауды қатайту қылмыстың азаюына ешқашан әсер етпейтінін көрсетіп отыр. Балаларды зорлық-зомбылықтан қалай қорғау керек? Ең алдымен, балаларға қарсы зорлықтың кез-келген түрі, мысалы, отбасында ұрып-соғуды қоғам қабылдамау керек. Мұнда баланы зорлық-зомбылық жасауға жол бермейтін қандай да бір ауқымды бағдарлама қажет, – дейді Александр Шадура.

Ресейде өткен жылы кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы 9500-ден астам қылмыс жасалыпты.

ҚАЗАҚСТАН ЗАҢЫ

«Новости-Казахстан» ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша, Қазақстан үкіметі де педофилдерге қатысты жазалау шараларын қатайтуға уәде етіп отыр. Заңнамаға қажетті түзетулер таяу арада қосылуы мүмкін.

«Бұдан бір жыл бұрын Қазақстан парламенті балалар құқығын қорғау мәселелеріне қатысты заңға түзетулер енгізген» деп хабарлайды агенттік. Кәмелеттік жасқа толмағандарға қарсы жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін тағайындалған жазаның бірі – 15-20 жылға дейін бас бостандығынан айыру.

Сондай-ақ кәмелеттік жасқа толмағандарды тәрбиелеуге міндетті адамдардың - ата-ананың, педагогтың осындай қылмысы үшін 10 жылдан 20
Қазақстан парламентінің депутаты Ғани Қасымов. Алматы, 1 шілде 2011 жыл.
Қазақстан парламентінің депутаты Ғани Қасымов. Алматы, 1 шілде 2011 жыл.
жылға дейін педагогикалық қызметпен айналысуына тыйым салу енгізілді» деп хабарлайды «Новости-Казахстан» агенттігі.

Қазақстан парламентінің депутаты Ғани Қасымов сол кезде педофилдерге педагогикалық қызметпен өмір бойы айналысуға тыйым салуды және химиялық кастрация жасауды ұсынған болатын.

– Премьер-министр менімен келісті, әділет және ішкі істер министрліктеріне бұл нормаларды қайта қарастыруды тапсырғанын айтты. Одан бері бір жыл өткендіктен енді ол заңды қайта қарастыруымызға болады. Қазір бұл министрліктер балалар құқығын қорғау туралы заңның педофилдерге қатысты тұстарына түзетулер мен толықтырулар дайындауын күтіп отырмын, – деді Ғани Қасымов парламенттің жоғарғы палатасының 6 қазан күнгі пленарлық отырысынан кейін журналистерге берген жауабында.

«БҰЛ ҮЙДЕ ПЕДОФИЛЬ ТҰРАДЫ»

Tengrinews.kz сайтының жазуына қарағанда, соңғы кездері парламент депутатына «педофилдерге қолданылатын жазалау шараларын күшейтуді сұрап» хабарласқан адам көп.

Сайттың жазуынша, Ғани Қасымов:

- Ол қатаң шаралардың біріншісі – өмір бойы бас бостандығына айыру, екіншісі – химиялық кастрация жасау. Мен педофилдің өмір бойы түрмеде отырғанын, шықпағанын қолдаймын. Мысалы, АҚШ-та педофилдердің көліктерінің нөмірі бір түсті ғана болып келетін штаттар бар. Оған қарап көлік иесінің педофил екенін елдің бәрі біледі. Одан бәрі теріс айналады. Шешелері балаларын жасыра бастайды. Олар тұратын үйде тақтайша ілініп тұрады. Бізде «Мұнда еңбегі сіңген мәдениет қайраткері немесе халық әртісі тұрады» деп жазып қойса, оларда «Мұнда педофиль тұрады» деп жазып қояды, - дейді.

КТК телеарнасының ақпараты бойынша, жыл басынан бері Қазақстанда 80 бала осындай зорлық-зомбылық көрген.
  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG