Accessibility links

АҚШ-тың ең танымал бұрынғы тыңшысы СССР КГБ-сінің ең танымал бұрынғы қызметкеріне сауал қойды. Кейбіреулер оны «ресейлік насихаттың бір қыры» санайды.

Жыл сайынғы тікелей эфирде өтетін сұрақ-жауап марафонында Ресей президенті Владимир Путин әртүрлі сұрақтарға жауап берді. Оған Қиыр Шығыстағы зейнеткер, Қырымдағы жаңа ресейлік азамат, Мәскеудегі украиналық арнайы жасақтың бұрынғы қызметкері сауалдарын қойды.

СНОУДЕННІҢ СҰРАҒЫ

Бұдан кейін Эдвард Сноуденнен бейне хабарлама келді. АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің бұрынғы қызметкері сөзін «Здравствуйте» деп амандасудан бастады. Америка үкіметінің бірқатар зерттеулері жаппай бақылау бағдарламасын «тиімсіз» деп тапқанын ескерткен Сноуден Путиннен (бұрынғы КГБ өкілінен) «Ресей жеке тұлғалардың өзара әңгімесін жазып алып, оларды сақтап, талдай ма?» деп сұрады.

Сноуденнің «америкалық акцентін түсінуге қиналып отырмын» деген Путин сауалға таңғалмаған сияқты. Ол «екеуіміз де бұрын тыңшы болғандықтан, сауалға кәсіби тілде жауап берейін» деді.

«Біздің барлау қызметтерін заңға сай қатаң бақылаймыз» деді Путин. Ол тыңшылықтың Ресейге қауіп төндіретін «қылмыскерлер мен террористерге» қарсы қолданылатынын айтты. Ресей президенті «Америка пайдаланатын құрылғыларға ақшамыз жетпейді. Біздің арнайы қызметті қоғам мен заң бақылайды» деді.

ПУТИННІҢ ЖАУАБЫНА СЕНУГЕ БОЛА МА?

Хабарламасын алдын ала жазып жолдаған Сноуден бұдан кейін эфирден көрінбеді. Путиннің жауабының күмән тудыратын тұстары да баршылық. Ресейде, шын мәнінде, көптеген тыңшылық бағдарламалар бар. СОРМ (Шұғыл іздестіру шаралары жүйесі) деп аталатын жүйе Ресейдегі барлық интернет-провайдерлерге тікелей қосылуға мүмкіндік береді. Ресей Сочи қысқы олимпиада ойындары кезінде «барлық байланыстарды» бақылау технологиясын қолданды.

Бір күн бұрын Ресейдегі «ВКонтакте» әлеуметтік желісінің негізін қалаушы азамат өзіне қысым жасалғаны туралы құжаттарды жариялады. Одан Украинадағы оқиға кезінде бас көтерген «Еуромайданшылардың» жеке деректерін алып беруді талап еткен.

Бұрын Сноуденге ашық хат жазған оппозициялық белсенді әрі журналист Роман Доброхотов «америкалық қашқын ақпарат жинау туралы сұрағын «ВКонтакте» желісінің негізін қалаушы Павел Дуровқа қоюы керек еді» деп әзілдеді.

Бірақ Путиннің тыңшылық бағдарламасын Вашингтонмен салыстыруына мүмкіндік берген Сноуден өзі қаласа да, қаламаса да Ресейді насихаттаушы «құралға» айналды.

Путиннің ««Біртұтас Ресей» («Единая Россия») партиясының партиясының мүшесі, мемлекеттік дума депутаты Александр Сидякин осыны растағандай Twitter парақшасына «Эдвард Сноуден бізбен бірге» деп жазды.

Кремльдің ағылшын тілді Twitter аккаунты да Путиннің жауабын жариялады.

Сноуденнің жақтастары «Американың бұрынғы тыңшысының АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің құпияларын жайып салған әрекетін қолдамайтындар ғана оның Путинге сауал қойғанына ашуланады» дейді.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік агенттігінің құпияларын жариялағанда Сноуденмен бірге жұмыс істеген журналист Гленн Гринвальд оны бар күшін салып қорғаған еді. Гринвальд Сноуденнің былтыр Ресейге барып, саяси баспана алуына ықпал етті. Ол бұрынғы тыңшының Ресейді паналаған әрекетін «АҚШ-тың жазасынан қашқан адамның еріксіз қадамы» деп ақтауға тырысқан. Бұл жолы Гринвальд бұрынғы тыңшының Путинге сұрақ қоюын «Сноуден енді Кремльге шабуылдап, олардың (Ресейді айтады - пед.) тыңшылық құжаттарын алып шығып, АҚШ-қа қайтуға тырысуы керек. Сол кезде оны сынап жүрген патриоттар да оның қайтып келгенін қалайтын еді» мысқылдады.

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG