Accessibility links

Ресейлік БАҚ-та әсіреұлтшыл риторика орнықты


Әскерилер мінген көлік қасынан өтіп бара жатқан әйелдер. Симферополь, 14 наурыз 2014 жыл
Әскерилер мінген көлік қасынан өтіп бара жатқан әйелдер. Симферополь, 14 наурыз 2014 жыл

Кремль жаба бастаған тәуелсіз БАҚ-тардың орнын әсіреұлтшыл риторикалы журналистер басты. Олар халықты «қайта түлеген Ресейдің жетекшісін» қолдауға шақырады.

Жылдар бойы жазушы Александр Прохановтың әсіре ұлтшыл риторикасы елеусіз қалып келген. Енді оның айы оңынан туды. Оппозициялық сайттар бірінен кейін бірі жабылғасын, ақпарат кеңістігінде кремльшіл БАҚ-тың әсіре ұлтшыл сипаттағы мақалаларына орын босады.

Қырым дағдарысы шиеленісе түскен кезде Кремль ресейлік тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қудалай бастады. Ақпарат алаңының ортасына әсіре ұлтшыл насихат айтушы топтар шықты.

Ресейдің алдыңғы қатарлы күнделікті шығатын басылымдарының бірі – «Известия» газеті осы аптада жазушы, журналист, оңшыл радикал, Батысқа қарсы пікірлері арқылы аты шыққан Александр Прохановтың мақаласын жариялады. Кремльмен етене жақын газетке шыққан мақала бірден көптің көзіне түсті.

Проханов көп жылдар бойы белсенділік танытып келеді, алайда ешқашан мұндай беделді мінберге шығып көрмеген.

«ҚЫРЫМ – БАСЫ ҒАНА»

Ол Мәскеудің Украинадан Қырым түбегін тартып алуын «Ресейдің Батыс алдындағы қорсынуын тоқтатын ұлттық рухтың оянуы» деп шабыттана сипаттайды.

«1991 жылы орыстар сұмдық соққыға жығылды. Олар есеңгіреп қалды, кескіленді, сабалды. Елдің мейлінше гүлденген бөліктерін бөліп әкетті. Орыстар енді бой көтермес үшін 1990 жылдар бойы тапталды, езгіленді, ал кесіп тастаған бөліктері қансырап, азап шектірді. Алайда енді ем-дәру келді. Орыстар оянды. Орыстар іріп-шіріген күйден арылды, үстіндегі шаңын қағып тастады. Орыстар сұмдық езгіден босады. Олар жаңа науқанға, салтанатты шеруге кірісті. Олар көктемдей түлеп, сап түзеді».
СССР-дің туын ұстап тұрған ер адам. Симферополь, 17 наурыз 2014 жыл
СССР-дің туын ұстап тұрған ер адам. Симферополь, 17 наурыз 2014 жыл

Қазір 76 жастағы Проханов журналистік карьерасын 1960 жылдары советтік БАҚ-тың шетелдегі тілшісі ретінде бастаған болатын. Журналист 1991 жылдың тамыз айында мемлекеттік төңкеріс жасамақ болып сәтсіздікке ұшыраған ГКЧП жетекшілерін ашық қолдаған. Кейін «Завтра» атауымен белгілі оңшыл бағыттағы шағын тиражды журнал басуын жалғастыра берген.

«Известия» үшін жазған мақаласында Проханов «Қырым – Кремльдің өзіне тиесілі деп санайтын және қайтарып алатын иеліктердің басы ғана» дегенге меңзейді.

«Бірінші көтерілген Қырым болды. Қырғынға ұшырап жатқан бауырларын қорғау үшін жасақтарын жіберуге әзір тұрған Ресей әскері Украинаны көздеп отыр. Ресей тарихи қадам жасады. Ресей мемлекеті өз дамуында күш жинап, биікке көтерілгені соншалықты, жаңа тарихи деңгейге шығуға дайын тұр».

«ХАЛЫҚ ПУТИННІҢ ҚАСЫНАН ТАБЫЛУЫ ТИІС»

Батыстың қолдануы ықтимал санкцияларына қатысты Проханов Ресей елі жетекшісінің жанынан табыла білуі тиіс деп санайды.

«Батыстың Ресейге көрсететін қысымы орасан болмақ. Ресейдің оңтүстігіне фашистер міндетті түрде шабуыл жасайды. Оларға қайтаратын дұрыс жауап – қоғамның рухын көтеру, елдің жетекшісі – Путиннің жанынан табылуы».

Прохановтың көпшілік назарын тудырған «Известия» газетіндегі мақаласы Кремльдің саясатын сынаған үш ақпараттық вебсайтты Мәскеу жауып тастағаннан кейін жарияланды. Бұл – осы аптаның басында Lenta.ru сайтының редакторы жұмыстан босатылып, танымал тәуелсіз жаңалықтар сайтының журналистерді топ-тобымен жұмыстан кеткесін жарияланған комментарий.

(Фарангиз Наджибулланың материалын аударған – Әзина Мақұлжан)
XS
SM
MD
LG