Accessibility links

Ресей футболы нәсілшілдіктен айығар емес


ЦСКА Чемпиондар лигасындағы үш ойынын жабық стадион жағдайында ойнады.

ЦСКА Чемпиондар лигасындағы үш ойынын жабық стадион жағдайында ойнады.

Футболдан келесі әлем чемпионатына үш жылдан аз уақыт қалды, қонақтарды қабылдайтын Ресейден «ішкі чемпионатындағы нәсілшілдікті тыйсын» деп талап ететін халықаралық ұйымдар көбейді.

Еуропаның футболдағы нәсілшілдікті бақылайтын тобы «ресейлік шенеуніктер мәселені шешуге тырыспай отыр» дейді.

Нәсілдік кемсітуге толы әндер айту, плакаттар жаю Ресей стадиондарында жиі байқалады, жанкүйерлер көбіне бұл әрекеттерін кавказдықтар мен орталықазиялықтарға қарсы жасайды.

Ресей және Шығыс Еуропа бойынша футбол сарапшысы Павел Клименко «Ресей футбол одағының (РФО) шенеуніктері мәселені азайтып көрсетеді, тіпті кейде мұндай құбылыстың бар екенін жоққа шығаруға тырысады» дейді.

Еуропаның футболдағы нәсілшілдікке қарсы ұйымы (Fare) зерттеушісі Клименко Азаттық радиосына «Ресей футбол одағы өткен маусымда бірқатар шара қабылдап, кейбір клубтарға нәсілшілдік әрекеті үшін санкция салды. Бірақ бұл тәртіптік жазалау тұрақты жүргізілмейді» деді.

Биылғы Fare жариялаған есеп бойынша, алдыңғы екі футбол маусымында Ресейде 200-ден астам нәсілшілдік және кемсітушілік оқиғалары тіркелген.

Клименконың пікірінше, «ондай оқиғалар бұдан әлдеқайда көп, себебі нәсілшілдік жайлы деректер жариялана бермейді». Баяндамада «кавказдықтарға қарсы мәлімдеме (плакат және т.б.)» жасалған 22 оқиға туралы және осы аймақтан шыққан этникалық топтың 15 адамына шабуыл жасалғаны айтылады.

Сондай жағдайлардың бірі Ресейлік премьер-лигасында, Дағыстанның Махачкала қаласының «Анжи» командасының ойыны кезінде болды. Ресей астанасында өткен сайыста ЦСКА командасының жанкүйерлері «Анжи» тобын кемсітіп, мазақтаған.

«Анжи» шенеуніктерінің айтуынша, тамыздың 1-і күні өткен ойында ЦСКА жанкүйерлері Кавказ аймағына қатысты кемсітетін сөздер айтып, бұл аймақ тұрғындарының намысына тиген. Олардың бірі «Animal Planet» (Хайуанаттар ғаламшары) деген жазуы бар плакат ұстап, клуб таңбасының орнына гейлерге қарсы белгіні салған.

«Анжи» шенеуніктерінің айтуынша, ЦСКА жанкүйерлері Кавказ аймағына қатысты кемсітетін сөздер айтқан.

«Анжи» шенеуніктерінің айтуынша, ЦСКА жанкүйерлері Кавказ аймағына қатысты кемсітетін сөздер айтқан.

«Анжи» клубының бас директоры Сергей Кораблев тамыздың 3-і күні мәлімдеме жасап, «Ресей футболындағы фанатизмнен арылуға» шақырды.

«ЦСКА жанкүйерлері біздің клубты қорлайтын әндер айтып, ойыншылардың этникалық тегіне қатысты ашу-ыза тудыратын пікірлерін айқайлады» дейді ол.

Ал кейбір ЦСКА жанкүйерлері «Анжи» клубын қолдаушылардың орыс әйелдеріне қатысты сексуалдық сипаттағы «әндер» айтқанын хабарлады.

ЦСКА дау-дамайдан арылар емес. Өткен маусымда бұл клуб Чемпиондар лигасындағы үш ойынының бәрін жабық есік жағдайында – жанкүйерсіз стадионда өткізді. Оған Еуропа футболын басқаратын мекеме - UEFA шешімі себеп болды.

UEFA команданы жанкүйерлерінің нәсілшілдік және күш көрсету әрекеттері үшін жазалады. Клуб UEFA-ға 200 мың еуро (220 мың доллар) айыппұл төлеуге міндеттелді және Еуропаның жоғарғы турнир сайыстарының екі ойынына жанкүйер әкелмейтін болды.

Өткен айда Ресей премьер-лигасы жыл сайын өткізетін сұлулық сайысындағы «Сүйкімді ару» атағын жеңіп алған ЦСКА жанкүйері әлеуметтік желіде нәсілшілдік, неонацистік сипаттағы пікірлер қалдырғаны үшін атағынан айырылды. Бойжеткен көбіне кавказдықтарды мұқатып отырған.

Тамыздың 5-і күні РФО тәртіптік жазалау комиссиясы тағы бір шара қолданды. Мекеме «баннерге жазылған қорлау сөздері үшін ЦСКА клубы 500 мың рубль (7800 доллар) төлесін» деген шешім шығарып, алдағы ойында команда стадионының бір бөлігі жабық болатынын мәлімдеді.

Комиссия ЦСКА жанкүйерлерінің «балағат пен кемсіту» сөздерін айтқанын анықтады, бірақ клубты нәсілшілдікке қарсы айыптамады. Комиссияның осындай шешімдеріне бақылаушылар наразы.

Шілде айында тәртіптік жауапкершілік комиссиясы нәсілшілдік әрекет жасаған «Спартак Москва» жанкүйерін жазаламады. Шілденің 24-і күні өткен премьер-лига ойыны кезінде «Уфа» командасының ойыншысы – Эммануэль Фримпонгты «Спартак» жанкүйері мазақтап, маймылдың дауысын салып кемсіткен.

Бұл оқиға кезінде «Спартак» сүттен ақ, судан таза болып шықты (тек ойын кезінде жанкүйерлер алаңға зат лақтырғаны үшін 300 доллар шамасында айыппұл төлеуге міндеттелді). Ал кемсітуге шыдамай, өзін мазақтаған жанкүйерге саусағын шошайтқан Фримпонг екі ойынға қатысу құқығынан айырылды. Бұл жағдайға қайран қалған ойыншы өз пікірін Twitter желісіне жариялады. Онда футболшы «Бірақ, РФО қалжыңнан басқа нәсілшілдік айғақтарын естімедік те, көрмедік те демекші ғой. Мұндай қолдауларыңа рахмет" деп жазған.

Сыртқы бақылау әсер еткен болар, Ресейдің әлем чемпионатын ұйымдастыру комитеті Фримпонг оқиғасын ескеріп, «нәсілшілдік пен кемсітудің кез келген түрін айыптайтындарын және 2018 жылғы әлем кубогы қарсаңында елдегі футбол мәдениетін көтеруге тырысатындарын» мәлімдеді. Әзірге нәсілшіл жанкүйерлердің өзгергені байқалмайды. Клименко кавказдық ойыншылардың Африкадағы қара нәсілділерден де көп қорлауға ұшырайтынын айтады.

«Бұл - өте кең тараған жағдай, бірақ ресейлік футбол ойындарының есебінде ол айтылмай қалады. Ресей жанкүйерлері кавказдық ойыншыларды мұқату жағынан африкалық қара нәсілділерді қорлаудан да озып кетті» дейді Клименко.

«Анжи» немесе «Терек Грозный» сияқты кавказдық командалар Мәскеу немесе Санкт-Петербург қалаларына немесе Ресейдің басқа жерлеріне барғанда ресейлік топтармен қақтығысып қалады. Нәсілшілдік әрекеттерге кавказдық клубтардың өздері де және жанкүйерлері де «қарсыластарының» намысына тиетін сөздер айтып, әртүрлі жауап қатып жатады» дейді ол.

2010 жылдың желтоқсанында Солтүстік Кавказ аймағынан шыққан футбол жанкүйері этникалық орысты өлтіріп, бұл оқиғаның соңы бүлікке ұласты.

Футбол жанкүйерлері Кремльге жақын орналасқан Манежный алаңына неонацистік белсенділермен бірігіп келіп, әсіреоңшыл топтардың шеруін өткізді. Оның соңы әсіреұлтшыл топтардың «бөгделер» мен полиция жасағына шабуылына ұласты. 30-ға жуық адам жараланып, 60-тан астам футбол жанкүйері тұтқындалды.

Клименконың айтуынша, еурокубокке қатысатын клубтар неонацист жанкүйерлерден құтылуға тырысады, бірақ әсіреұлтшылдар әлі де көп. «Әр клубтың жанкүйерлері арасында алаңнан өз идеологиясын айқайлап айтып отыратын әсіреұлтшыл топтар бар. Неонацистік топтар Ресейде өз пікірлерін жариялау үшін стадионды жиі пайдаланады: себебі ол жерден жазасыз кетеді» дейді Клименко.

Тони Веселовскийдің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG