Accessibility links

Ходорковский: Cаясаттан тыс қала алмаймын


Ресейдің бұрынғы олигархы Михаил Ходорковский. Нью-Йорк, 6 қазан 2014 жыл.

Ресейдің бұрынғы олигархы Михаил Ходорковский. Нью-Йорк, 6 қазан 2014 жыл.

Ресейдің бұрынғы олигархы Михаил Ходорковский «елдегі жағдайға саяси жолмен ықпал ету мақсатында» «Ашық Ресей» жобасын қайта қолға алды. Ол Voice of America радиосына сұхбат берді.

Михаил Ходорковский Voice of America радиосына (VOA) берген сұхбатында болашақ жоспарларын айтып, Ресейдің қазіргі ішкі-сыртқы саясатына баға берді.

VOA: - Қайта ашылған «Ашық Ресей» жобасы – веб-сайт, яғни интернет-жоба. Мақсаттарыңыз не? Ресей билігі бұл әрекетіңізге тосқауыл қояды деп қауіптенбейсіз бе? Басқасын айтпағанда, жақында ғана Ресей үкіметінде «ақпараттық ғасырдағы Ресейдің ұлттық мүдделерін қорғау» мәселесін талқылаған жиын өтті...

Михаил Ходорковский: - Әрине, «Ашық Ресей» жобасында интернет мүмкіндіктерін пайдаланамыз. Дегенмен біз тек онлайн-технологияға сүйенбейміз. Себебі халықтың ойлау жүйесі бұрынғы қалпынан өзгерген жоқ. Біз бетпе-бет коммуникацияны да қолай көреміз. Офлайнда біз адамдар арасындағы жеке коммуникацияны да қолданатын боламыз. Жобаның ерекшелігі – біз Ресейдегі еуропашыл азаматтардың бірін-бірі табуына, араласуына көмектесеміз. Оларды ортақ мүдде жолында бірлесе күресуге дағдыландырамыз. Бұл топ Ресей қоғамындағы ықпалды күшке айналады. Біздіңше, бұл біраз уақыт алады, алғашқы қадамды 2016 жылғы сайлау кезінде жасайтын боламыз. Тіпті дауыс беру нәтижелеріне еш әсер ете қоймаса да, қоғамның бұл бөлігі өз көзқарасын бұрынғыдан батыл түрде айтуы тиіс. Негізінде, Ресейде халықтың қалай дауыс бергені емес, дауыстардың қалай саналғаны маңызды.

VOA: - Түрмеден шыққанда сіз саясатқа мүлде араласпаймын дегенсіз. Ал жақында «қажет болған жағдайда Ресейдегі көп мәселелерді шешуге көмектесуім мүмкін» деген пікір айттыңыз. Сіздің бұл мәселеге байланысты көзқарасыңыз өзгерді ме?

Полиция қызметкері Михаил Ходорковскийді (оң жақта) Мәскеу сотына әкеле жатыр. 20 қыркүйек 2005 жыл.

Полиция қызметкері Михаил Ходорковскийді (оң жақта) Мәскеу сотына әкеле жатыр. 20 қыркүйек 2005 жыл.

Михаил Ходорковский: - Бұрындары айтқанымдай, көбіміздің пайым-түсінігіміздегі саясатқа қызығушылығым жоқ. Қандай да бір бюрократиялық билікке қол жеткізуге ұмтылмаймын. Бірақ бұрын айтқанымдай, өз жауапкершіліктерімнен бас тарта алмаймын. Бұрындары Ресейге саяси тұрғыдан ықпал ету керектігін де айтқанмын. «Бұған дайынсыз ба?» деп сұрақ қойғанда, «дайынмын» деп жауап бергенмін. Бұл жауапкершіліктен ешқашан бас тартқан емеспін. Өмірде басқа да қызығушылықтарым, айналысатын басқа да шаруаларым бар. Саяси істер маған аса ұнамайды. Бірақ қазір бұл істен бас тартып, тасада қалғаным дұрыс болмас еді.

«ПУТИН ҮЛКЕН САЯСИ ҚАТЕЛІК ЖАСАДЫ»

VOA: - Енді Украина мәселесіне ойыссақ. Сізге орыстың мәңгілік екі сұрағын қояйын: Кім кінәлі? Не істеу керек?

Михаил Ходорковский: - Менің бұл туралы көзқарасым өзгерген жоқ. Путиннің Украинада жасағаны – өте үлкен саяси қателік. Қырым да оңай мәселе емес. Ресей қоғамы үшін Қырымның ерекше қасиетті мәні бар. Бұл туралы көп адаммен, соның ішінде украиналық әріптестеріммен сөйлестім. Жер дауы мен 45 миллион бауырлас халықты қатар қойсақ, мен көрші елмен достық қарым-қатынасты таңдар едім. Ресейдің шынайы одақтастары көп емес. Бізбен тарихи тамыры ортақ елдер өте аз. Украин ұлты – сол аз туыстың ішіндегі ең ірісі. Біз олармен араздасып қалдық, мұның салқыны ондаған жылдар бойы сезіліп тұратын болады. Оның үстіне, біз шекара үшін соғыстық, ал Еуропаның бірігіп жатқанын, бүкіл жер жүзінің жаһанданып жатқанын ескерсек, бұл мәселе қазір онша маңызды болмай қалған. Жалпы Еуропада шекара болғанын қаламаймын. Адамдар ешқандай кедергісіз қарым-қатынас жасауы керек. Бізде ешқандай шекара болмауы керек. Осы күні түрлі шектеулер жасап, шарт қоятын мемлекеттен гөрі, халықтың еркін көшіп-қонуына мүмкіндік беретін ел жеңеді.

VOA: - 1990-жылдары Борис Ельциннің тұсындағы көп сынға ұшыраған жекешелендіру науқанының пайдасын көрген сіз сияқты олигархтың енді оппозициялық саяси рөл атқаруы қызық көрінеді. Жекешелендіру туралы, әсіресе, Ресей экономикасының ең пайдалы саласы – энергетика секторындағы жекешелендірудің қалай өткені туралы не айтасыз?

Қазір «Национализация» деген ұранмен байлықты Путиннің маңайындағылардың қалтасына салып беру процесі жүріп жатқанын көріп отырмыз.

Михаил Ходорковский: - Жекешелендіру ауыр әлеуметтік зардаптар алып келгені рас. Жабық қорлар құрып, халықты жекеменшікке көбірек тартатын әдісті қолданған әлдеқайда тиімді болар еді. Ресей үкіметіне 2003 жылы осындай ұсыныс айттық та. Өкінішке қарай, ол кезде Путин жекеменшіктің ең пайдалы дегендерін өз айналасындағыларға бөліп беріп қойған, сондықтан ол бұл байлықты бүкіл елдің мүддесі үшін қайта бөліске салуға құлықсыз болды. Қазір «Национализация» деген ұранмен байлықты Путиннің айналасындағылардың қалтасына салып беру процесі жүріп жатқанын көріп отырмыз. Нәтижесі – мұнай секторының шығыны көбейіп, оның бюджетке түсетін пайдасы азайып жатыр. Ақпарат құралдарының хабарлауына қарағанда, жылына 50 миллион доллар жалақы алатын «Роснефть» басшысы Ұлттық әл-ауқат қорынан 1 триллион рубль қаржы сұраған. Ал бұл қор Зейнетақы қорының дефицитін жабу үшін құрылған болатын.

«ОЛИГАРХТАРДЫҢ АРАНЫ АШЫЛЫП КЕТКЕН»

VOA: - Бірақ [ұлттық қордан қаржы сұрау] Батыстың Ресейге салған санкцияларының кесірі емес пе? Санкциялар жайлы көзқарасыңыз қандай?

Михаил Ходорковский: - Мен санкциялардың әсерін бұл саладағы өте нашар менеджменттің зардабынан үлкен деп айтпас едім. Санкциялар оларды салық көлемін азайтып, үкімет қорынан субсидия сұрауға мәжбүр етті. Бірақ мұнай секторы – тиімді сала. Қазіргі мұнай бағасын ескерер болсақ, өте тиімді сала. Санкция болсын-болмасын, бұл саладағылардың федералдық бюджеттен қаражат сұрайтындай дәрежеге қалай құлдырағандарын түсіне алмаймын.

VOA: - Сіздің ойыңызша, бұрынғы Борис Ельциннің айналасындағы олигархтар мен қазіргі Путиннің айналасындағы «Озеро» кооперативі (1990-жылдары Путин мен оның серіктерінің Санкт-Петербург маңындағы дачаларды жекешелендіру үшін құрған тобы – ред.) олигархтарының арасындағы негізгі айырмашылық неде?

Михаил Ходорковский: - Ельциннің кезіндегі және қазіргі Путиннің тұсындағы негізгі бизнесмендердің ықпалын салыстырсам, қанша қарама-қайшы тұлға болғанына қарамастан, Ельциннің өзінің айналасындағыларға, тіпті отбасы мүшелеріне федералдық бюджеттен миллиондаған рубльді тікелей аудартып жатқанын елестете де алмас едім. Оның үстіне, оның айналасында аз адам болды, яғни олардың араны мұншалық түпсіз емес еді.

«РЕСЕЙ ТАЛАЙ РЕЖИМДІ КӨРГЕН, БҰДАН ДА АМАН ӨТЕДІ»

VOA: - Ресейге қайтқыңыз келмей ме? Күтпеген жерден Путин хабарласып, сізге премьер-министр болуды ұсынса қайтер едіңіз?

Жеке басының билігін, орнында өмір бойы қалуды ойлап отырған, елге тиігізіп жатқан пайдасы да шамалы адамның шынайы сайлау өткізгенін, сол сайлау арқылы биліктің уақтылы ауысуын қамтамасыз еткенін елестетудің өзі қиын.

Михаил Ходорковский: - Жеке басының билігін, орнында өмір бойы қалуды ойлап отырған, елге тиігізіп жатқан пайдасы да шамалы адамның шынайы сайлау өткізгенін, сол сайлау арқылы биліктің уақтылы ауысуын қамтамасыз еткенін елестетудің өзі қиын. Ал мен үшін жалғыз жол – осы әділ сайлауға түсу.

VOA: - Ресейдің болашағына болжамыңыз...

Михаил Ходорковский: - Ресейдің мың жылдан астам тарихы бар. Қазіргі режим не істесе де, Ресей қала береді. Біздің тарихымызда бұдан да нашар режимдер болған, бірақ біз олардан аман-есен өттік. Бұдан да аман-есен өтеміз.

(VOA тілшісі Александр Пановтың сұхбатын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG