Accessibility links

Ресейде оппозицияның «сайлауға» қатысуы – залалды іс


Ресейлік саясаткер Гарри Каспаров.
Ресейлік саясаткер Гарри Каспаров.

Ресейлік саясаткер, шахматтан әлем чемпионы, «Адам құқықтарын қорғау» қоры халықаралық кеңесінің төрағасы Гарри Каспаров бұл комментарийінде путиншіл режим жайлы ойымен бөлісті.

Ресейдегі «парламент сайлауы» деп аталатын науқанға екі аптадан аз уақыт қалды. Демек көз алдымызда болып жатқан оқиғалардан біраз қорытынды шығаруға да болады. Қазіргі жағдайда Путин режиміне қарсыласу тұрғысынан қарағанда оппозицияның «сайлауға» қатысуы қисынсыз ғана емес, тіпті залалды іс болып тұр.

Ресейде «сайлау» деп аталатын процедура билік туралы шешім қабылдауға еш қатысы жоқ, бар болғаны режимге легитимділік тұрпатын беретін көзбояушы механизмге айналғалы да біраз уақыт болды. Соған қарамастан өздерін «оппозиция» деп атайтын саясаткерлер бұл процеске қатысуға ұмтылып келеді, алайда олар осы арқылы Ресей азаматтарын нәтижесі алдын-ала белгілі саяси процеске тартып, Кремльге көмектесіп отырғандарын түсінбейді немесе түсінбегендей кейіп танытады. Осылай істеу арқылы олар қоғамның еш күйзеліссіз өзгеруге деген ұмтылысын жоққа шығарып жатыр.

Ресей күйзеліссіз өзгеріс жасай алатын межеден әлдеқашан өтіп кеткен.

Алайда ең қиыны – Ресей күйзеліссіз (соның ішінде электоралдық процедуралардың көмегімен) өзгеріс жасай алатын межеден әлдеқашан өтіп кеткен. Оның үстіне, бұл режимнің агониясы неғұрлым ұзаққа созылса, Ресейде соғұрлым ауқымды бұлқыныстар болуы мүмкін. Сайлауға қатысудың маңыздылығын дәлелдеу арқылы «оппозиционерлер» жұртты бекер үміттендіріп, сонысымен қандай да бір өзгеріске деген үміт отын сөндіріп отыр. «Оппозиция өз ұстанымын қолдау үшін электоралдық ойындарға қатысуы керек» деген пікірді айтып жүргендер елдегі саяси ахуалды, әсіресе соңғы бірнеше жылда болған өзгерістерді мүлде ескермей келеді.

Тоталитарлық режимнің ең басты ерекшелігі – билік азаматтардың іс-әрекетін ғана емес, ойларын да қадағалауға тырысады.

Путин режимінің гибридтік типтен толыққанды тоталитаризмге трансформацияланып біткенін ашық айтуымыз керек. Бұл тезиске күмәнмен қарайтындарды да түсінемін, себебі қарабайыр түсінік бойынша тоталитаризм кезінде ең алдымен жаппай репрессия болуы керек. Алайда шын мәнінде тоталитарлық режимнің ең басты ерекшелігі – билік азаматтардың іс-әрекетін ғана емес, ойларын да қадағалауға тырысады. Әлеуметтік желілерде материал жариялау мен «лайк» қою сияқты «ой қылмыстарының» статистикасына, үгіт-насихат машинасының «саналарды улау» қарқынына қарап-ақ Ресейде тоталитаризмнің орнағанын аңғаруға болады. Тоталитаризм жағдайында сайлауды саяси күрестің құралы ретінде пайдалану мүмкін емес екені анық.

Одан да сорақысы – жүйе өзіне қауіп төндіретін адамды белгілі бір себептермен електен өткізе алмай қалғанда тіпті радикалды әдістерді қолданады. Геннадий Гудковтың, Илья Пономаревтың, Лев Шлосбергтің депутаттық мандаттан айырылуын, Ярославль қаласының мэрі Евгений Урлашовтың басында болған ауыр жағдайды ескерсек, «режимге ішінен ықпал ету» туралы әңгіменің қаншалық қисынсыз екенін байқаймыз.

Алдағы сайлаудың халықаралық құқықтық маңызын да ескеру керек. Ресейдің жаңа тарихында алғаш рет федералдық сайлау аннексияланған Қырым мен Севастополь аумағында өткізілмек. Кремльдің бұл сайлауды аннексияны заңдастыру құралы ретінде пайдалануға бар күшін салатыны қазірден-ақ белгілі. Ресей басшылығы жеке мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың сайлау нәтижелерін қолдаған кез келген мәлімдемелерін олардың Қырым мен Севастопольдің Ресейге қарайтынын жанама түрде мойындауы деп дәріптеуге тырысып бағады. Мұның қарапайым қисыны бар: сайлауды заңды деп таныса, сайлау өткен барлық аймақта, соның ішінде Қырым мен Севастопольде де ол легитимді болып есептеледі. Ал Қырым мен Севастополь аймағында Ресейдің мемлекеттік думасына сайлауды заңды деп таныса, олардың бұл аймақтардың Ресейге қарайтынын мойындағаны деген сөз.

Халықаралық қауымдастық алдағы сайлаудың нәтижелерін мүлде мойындамауы керек.

Сондықтан халықаралық қауымдастық алдағы сайлаудың нәтижелерін мүлде мойындамауы керек. Мұндай жағдайда электоралдық процедураларға қатысу – ұрланған затты заңдастыру деген сөз. Думаға бірнеше оппозициялық депутаттың (бәлкім, тек биліктің рұқсатымен) өтуі жағдайды одан бетер ушықтырады, себебі олар ештеңеге ықпал ете алмайтын «оппозицияны» режимнің тоталитарлық сипатын бүркемелейтін көзбояушы жабын ретінде пайдаланады.

Ресей басшылығы репрессия мен манипуляцияның көмегімен ішкі қауіптің барлығын дерлік жойды. Демек қазір жағдайды тек сырттан ықпал ету арқылы ғана өзгертуге мүмкіндік бар. Мұнда тұтас Ресей федерациясына, сондай-ақ путиндік Ресейде шешуші міндет атқаратын жеке адамдарға қарсы салынған халықаралық санкциялар маңызды рөл ойнайды. Ал Путинге қарсы санкциялар өздігінен салынып, ұзартылып жатқан жоқ, бұл – Батыстағы истеблишмент пен қоғамдық пікірмен жүргізілген тыңғылықты жұмыстың нәтижесі. Осыны атқару барысында Путинннің қаптаған лоббистеріне қарсы күресуге тура келеді.

Режимнің тағдыры шешілетін негізгі күрестің Батыста жүріп жатқанын Кремльдегілер жақсы түсінеді.

Режимнің тағдыры шешілетін негізгі күрестің Батыста жүріп жатқанын Кремльдегілер жақсы түсінеді. Путин мен оның айналасындағылар тарихтан сабақ алып жатыр: диктаторлық режимдер сыртқы саясатта жеңіліске ұшырағанда (мұнда әскери жеңіліс болуы міндетті емес) режимнің өзі де күйрейді. Сондықтан да қазіргі санкциялар мен болашақта салынатын бұдан да қатаң санкцияларды алып тастау үшін материалдық, саяси ресурстар тегіс қолданылып жатыр. Памфилованы Барвихадағы сайлау нәтижелерін жоққа шығару үшін емес, Батыстағы Путин агентурасының саяси капитализациясын жоғарылату үшін Орталық сайлау комиссиясына басшы етіп тағайындады. Ел ішінде демократиялық процедуралардың алдамшы көрінісін жасау арқылы сыртқы саяси аренада режимнің «қадірін» арттыру көзделіп отыр. Осы сыртқы саяси тірестен мүлде бейхабар кейбіреулер «есесіне бірдеңе жасап жатырмыз» деп айқайлап, электоралдық ойындарға араласып келеді. Соларқылы олар Кремльге және оның Батыстағы «ықпал ету агенттеріне» үлкен көмек көрсетіп отыр.

Қазіргі жағдайда таяу арада Путин режимінің жойылуына сеп болатын нақты алгоритмді ұсыну өте қиын. Алайда алдымен аз дегенде бұл режимді нығайтатын әрекеттерден бас тартуымыз керек.

XS
SM
MD
LG