Accessibility links

Ресейде «өзбек гейді» отандастары жазалады


"Вконтакте" әлеуметтік желісі арқылы тараған "гейді азаптау" видеосынан алынған скриншот.

"Вконтакте" әлеуметтік желісі арқылы тараған "гейді азаптау" видеосынан алынған скриншот.

Әлеуметтік желілерге бір адамды шөлмекпен зорлаған видео шықты. Ұялы телефон мен WhatsApp қосымшасы арқылы тараған бұл видеода этникалық өзбектің үрейден «гей екенін мойындағаны» көрсетіледі.

Азаптаушылар алдымен оның аты-жөнін сұрап алады да, одан соң киімін шешіп алып, өртеп жібереді. Әлгі адамның қолына кісен салып, ұрып-соғады, намысына тиетін сөздер айтып, қарумен қорқытады. Соңында оны шөлмекке отырғызып, зорлайды. Үрейі ұшқан жігіт еңіреп жылаумен болады.

КӨРЕРМЕНДЕР АЗАПТАУШЫЛАРДЫ ҚҰПТАЙДЫ

Бұл - Ресейде гомосексуалдарға жасалған кезекті шабуылдың бірі. WhatsApp арқылы осы видеоны көргендердің көбі зорлық-зомбылықты қолдап, «жазасын алды» деп «гейді» мұқатады.

Суретші Константин Алтуниннің жыныстық азшылық өкілдеріне жасалатын қысымды әжуалаған картинасы. Санкт-Петербург, 23 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Суретші Константин Алтуниннің жыныстық азшылық өкілдеріне жасалатын қысымды әжуалаған картинасы. Санкт-Петербург, 23 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Азаттық тілшісі азаптауға қатысқан адамды тапты. Ресейден хабарласқан, өзбекше сөйлеген куәгер әлгі адамды «гей болғаны үшін жазалағандарын» айтты.

- Күнәсін мойындап, азаптаудан сабақ алсын деп оны шөлмекке отырғыздық. Өзбектердің намысын қорғау үшін солай еттік. Осында тұрып, жұмыс істейміз, әртүрлі ұлттың адамдарымен араласамыз. Осылай әрекет етпесек, бізді ешкім сыйламайды, - деді ол Азаттыққа.

Жәбір көрсетушінің (студент - ред.) айтуына қарағанда, «гейге шабуылды олар қыркүйектің 11-і күні Новосибирск қаласында жасаған, жәбірлеушілердің барлығы этникалық өзбектер болған».

Оның айтуынша, «Құрбандықты алдымен гейлерге қарсы әрекет ететін орыс топтары тапқан. «Орыс жасағы» (топтың аты – ред.) кейін «гейді» қаладағы өзбектерге тапсырған».

- Ресейлік жігіттер оны ұстап алып, бізге хабарласты. Біз - алты-жеті адам оны тергедік, ол бәрін мойындады. Орыстар оның педофил екенін айтқан, бірақ өзі оны теріске шығарып, гей екенін мойындады, - дейді азаптауға қатысқан адам.

ГОМОФОБИЯ

Азаттық тілшісі видеоны көріп шықты, бірақ оның түпнұсқа екенін де, оқиғаға қатысушылардың түрін де анықтай алмады.

Новосибирск полициясы «бұндай оқиға болғанынан хабарсызбыз» дейді. Полиция өкілі Азаттыққа «осы тектес шабуылдың бұрындары да тіркелмегенін» айтты. Алайда мұндай шабуылдар жыныстық азшылық өкілдеріне қарсы науқан басталғалы (гомосексуалдарға қарсы заң қабылданғалы – ред.) Ресейдің көптеген аймақтарында жасалып жатыр.

Шеру кезінде полиция тұтқындаған гей-белсенді "Гомофобиядан махаббат күшті!" деген жазуды полиция көлігінен көрсетіп тұр. Мәскеу, 25 мамыр 2013 жыл.

Шеру кезінде полиция тұтқындаған гей-белсенді "Гомофобиядан махаббат күшті!" деген жазуды полиция көлігінен көрсетіп тұр. Мәскеу, 25 мамыр 2013 жыл.

1993 жылы Ресей гомосексуализмді қылмыс деп танитын заңды өзгерткенмен, бұл елде гомофобия (жыныстық азшылық өкілдеріне қысым - ред.) азайған жоқ. Мәскеудегі гейлер шеруін де, гейлерге қарсы белсенділер жиынын да полиция басып-жаншумен келеді.

Жақында күшіне енген «дәстүрлі емес сексуалдық байланыстарды насихаттауға тыйым салу» туралы заң жыныстық азшылық өкілдеріне шабуылдың үдей түсуіне әсер етті.

Жаңа заң жобасында гомосексуалдарды ата-аналық құқығынан айыру туралы да айтылады. «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде Новосибирскідегі жағдайға ұқсас тағы бір видео пайда болған. Онда азаптаушылар транссексуал әйелді ұрып-соққан. Әйел азаптау құралы - шөлмекті сындырып, қашып кетеді. Бұл видео жарияланған кезде де көрерменнің көбі азаптаушыларды қолдады.

Әлішер Сыдықов пен Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG