Accessibility links

«Ресей өзінің тарихынан қорқады»


Трансполяр магистраліндегі Салехард-Игарка участогі.
Трансполяр магистраліндегі Салехард-Игарка участогі.

Тұтқындардың жолданбай қалған хаттары, жұмыс қолғаптары мен тозығы жеткен қысқы аяқ киімдері, сынған гитара. Чехиялық энтузиастардың арқасында ГУЛАГ-тың қараусыз қалған 15 лагерінен табылған осындай заттарды енді онлайн-режимде көруге болады.

Тұтқындарды мәжбүрлі жұмысқа жіберумен айналысқан НКВД бөлімшесі пайда болғаннан шамамен 100 жылдан кейін еңбекпен түзету лагерьлері аумағындағы үй-жайлардың фотосуреттерін интернетте жариялау үшін олар жеті жылдан бері жыл сайын Сібірге кетеді.

«ГУЛАГ. Онлайн» музейі тарихшылар, археологтар мен журналистерден тұратын энтузиаст жандар тобының жұмысын қолдайтын чехиялықтардың ақшасына құрылған. Қазір ол топ Қарлагты зерттеу үшін Қазақстанға баруға интернет арқылы тағы ақша жинап жатыр. Ал жуырда аяқтаған жұмыстарының нәтижесі қазір желіде жарияланған. Жарияланған материалдың орыс тіліндегі нұсқасы да бар.

Онлайн-мұражайдың тарихы ГУЛАГ лагерінің тұтқындары жүргізген 501-503 құрылысын зерттеуден басталған. Чукотка түбегі мен Баренц теңізі арасын қосатын Трансполярлық магистральдің бір бөлігіне айналуы тиіс деп жоспарланған Солтүстік Сібірдегі Салехард-Игарка теміржол құрылысы осы екі санмен таңбаланған. Бірақ әлгі жол салынып бітпей қалған, қазір жұмыс істемейді. Ол жолдың бойында қараусыз қалған, бірақ өзге лагерьлермен салыстырғанда жақсы сақталған еңбек лагерьлері көп.

ГУЛАГ лагерьлерінің біріндегі қарауыл мұнарасы.
ГУЛАГ лагерьлерінің біріндегі қарауыл мұнарасы.

Темір жолдың әлгі бөлігін зерттеудің арқасында ГУЛАГ лагеріне онлайн-тур жасап, лагерь аумағындағы үй-жайлардың қандай болғанын, барактардың ішіне үңіліп, тұтқындар қандай жағдайда жұмыс істегенін көруге болады. Бұл ақпарат куәлердің, көбі СССР-де қуғынға ұшыраған чехословактардың видео-әңгімесімен толықтырылған. Әр лагерь картада белгіленген, сондықтан әр тұтқынның тағдыры не болғанын анықтауға болады. Әлгі картада әлдебір адамның қай лагерьде отырғаны ғана емес, оның қай жерде тұтқындалып, тергелгені немесе сотталғаны да көрсетілген.

Еңбекпен түзету лагерінің 3D-моделі.
Еңбекпен түзету лагерінің 3D-моделі.

GULAG.cz қоғамы төрағасы Штепан Черноушектің сөзінше, ГУЛАГ жүйесі туралы қоғам сайтындағы мұндай толық ақпаратты ресейлік ешбір мұражай жарияламаған.

Экспедиция мүшелері. Оң жақ шеттегі - Штепан Черноушек.
Экспедиция мүшелері. Оң жақ шеттегі - Штепан Черноушек.

- Біз ГУЛАГ сөзін совет заманындағы бүкіл репрессияның синонимі ретінде қабылдаймыз. Бірақ біз бұл істі СССР-де репрессияға ұшыраған чехословак азаматтарының тағдыры жайлы айтудан бастағанбыз. Бұл - қоғам мүшелері, Прагадағы тоталитарлық режимдерді зерттеу институты қызметкерлері Ян Дворжак пен Адам Градилектің зерттейтін тақырыбы. Екеуі репрессияға ұшыраған жандарды негізгі үш топқа бөледі. Біріншісі – Екінші дүниежүзілік соғысқа дейін, яғни 1917-1939 жылдары Украинаның Волынь губерниясында немесе Ресейдің өзге облыстарында 19-ғасырдан бастап тұрған чехтар, социалистік мемлекет құруға көмектесу үшін Чехословакиядан барып, сұмдық репрессияға тап болған коммунистер. Оларды ату жазасына кескен немесе ГУЛАГ лагерьлеріне жіберген. 1938 жылы Житомирдегі үлкен қырғын кезінде бір күнде 80 чехты атып тастаған. Бұл оқиға қыркүйектің 28-і күні Чехияның жебеушісі - Әулие Вацлавтың туған күні болған, - дейді ол.

Қуғын-сүргіннің екінші кезеңі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде болған. Олардың көбі – нацистерден немесе венгр фашистерінен Совет Одағына қашқан адамдар. Олар совет елінде ұйымдасып, немістерге қарсы соғысамыз деп үміттенген. НКВД (ішкі істер халық комиссариаты – ред.) органдары оларды тура шекара түбінен ұстап әкетіп, соттап, еңбекпен түзету лагерьлеріне жіберіп отырған. Әлгі адамдардың көбі Людвик Свободаның легионы құрылған 1942 жылы Бузулукте аман қалған. Ол кезде ГУЛАГ лагерьлерінде отырған Чехословакия азаматтарына рақымшылық жарияланып, көбі үйіне – Чехословакияға оралған. Олардың саны – шамамен 10 мың адам.

Советтік репрессияға барлығы 25 мың чех пен словак ұшыраған.

Советтік репрессияға барлығы 25 мың чех пен словак ұшыраған. Бұдан бөлек үшінші топ бар. Олар соғыс біткеннен кейін Қызыл армиямен бірге Чехословакияға келген СМЕРШ (орыс тілінен аударғанда «жаудың тыңшыларын анықтаудың ерекше тәсілі» дегенді білдіреді – ред.) пен НКВД органдары Ресей мен Украинадан қашқан бұрынғы эмигранттарды немесе бірдеңесі ұнамай қалған қарапайым адамдарды, тіпті көшеде кетіп бара жатқан кездейсоқ жүргіншілерді ұстап алып, ГУЛАГ лагерьлеріне жібере бастаған (жүргіншілерді тұтқындап, Совет Одағына мәжбүрлі жұмысқа жіберген жағдайлар болған) 1945 жылдан бастап репрессияланғандар.

- Сіздердің экспедицияларыңыз зерттеу үшін көбінесе Салехард-Игарка темір жолы бойындағы лагерьлерді ГУЛАГ-та болған чехословактардың тағдырына байланысты таңдады ма?

Салехард-Игарка теміржолының қараусыз қалған бір бөлігі.
Салехард-Игарка теміржолының қараусыз қалған бір бөлігі.

- Тікелей болмағанымен, мұндай байланыс бар. Салехард-Игарка учаскесі – ішінде 1939-1940 жылдары нацистерден қашып Совет Одағының шекарасынан өткен кезде тұтқындалған Чехословакияның азаматтары да болған тұтқындар салған Воркутаға дейінгі темір жолдың жалғасы. Негізі, ГУЛАГ лагерьлерінің сақталып қалғандары аз, кезіндегі 30 мың лагерьден қазір небәрі жүздеген лагерь ғана қалған. Біз бір жағынан осы фактіні де ескердік.

- Мен әлгі темір жол бойындағы қараусыз қалған лагерьлерде тұтқындардың қаншама жеке заттары сақталып қалғанына таңғалдым...

- Бұған мен де таңғалдым. Өркениеттен жырақ қиянда қараусыз қалған лагерьге кіріп, барактарды аралай бастасаң, бәтіңкелер, бас киімдер, тіпті тұтқындардың жазған хаттарын табасың, пештің ішінен біз тіпті өлеңмен жазылған хаттарды таптық. Ал бұл мұражай да емес, қаз-қалпында сақталған заттар. Сондықтан Ресейде ГУЛАГ-тың бұрынғы лагерьлерінің территориясында неліктен бір мұражай жоқ деген сұрақ туады. Мен нацистердің лагерьлері тұрған жерлерде ашылған талай мұражайларды араладым, Аушвиц, Бухенвальдта болдым, сондықтан қазір Еуропада қараусыз қалған, мысалы тұтқын еврейлер пайдаланған заттарды тауып алуға болатын нацистік лагерьлер бар дегенді тіпті елестете де алмаймын.

Бірақ Ресейде ондай лагерьлер әлі күнге дейін бар, сондықтан маған әлгі экспонаттарды көрсетуге болатын мұражай құру туралы идея келіп, GULAG.cz парақшалары осылай пайда болды. Әріптестерімізбен бірге тапқан кей заттар бүлінбеген қалпында сақталған, сірә құрғақ климаттың әсері болар, ол жақта жылына тоғыз күн нөлден төмен температураны көрсетеді. Бірақ заттардың көбі бүлініп, жарамсыз болып қалған, өйткені кей барактардың шатыры құлаған, ал кейде оларға жергілікті балықшылар немесе аңшылар кіріп, лагерьде қалған заттарды отқа жағу үшін пайдаланған. Олар лагерьді біртіндеп бұзып жатыр. Сондықтан біз әлгі заттарды тым болмаса интернетте көрсетейік деп 3D технологиясын пайдалануды ұйғардық. Енді тым болмаса желіде көрсету үшін, лагерьден тапқан кез-келген затты жан-жағынан фотоға түсіреміз.

2013 жылғы экспедиция кезінде табылған ГУЛАГ тұтқынының күнделігі.
2013 жылғы экспедиция кезінде табылған ГУЛАГ тұтқынының күнделігі.
Еңбекпен түзету лагері орнынан табылған ұстара.
Еңбекпен түзету лагері орнынан табылған ұстара.

-​ Әлгі жолданбай қалған хаттарды, тұтқындардың күнделіктерін, заттарын қолыңызбен ұстап көрген адамсыз ғой, сол кезде қандай сезімде болдыңыз?

- Бойымды қилы сезімдер биледі деуге болады. 2009 жылы біз ГУЛАГ-тың қараусыз қалған алғашқы лагеріне барғанымызда айналаны қурай басып кеткендіктен, ондай ерекше атмосфераны сезінбедім. Бірақ бірінші баракқа кіріп, алғашқы құжаттарды тапқан кезде тарих тірілгендей болды. Өйткені кім екенін де білмейтін әлдебір адамның жазбаларын оқи бастағанда әлгі тұтқынның күнделікті тыныс-тіршілігін елестете бастайсың. Адамға күшті әсер етеді екен. Ал шамамен оныншы лагерьге барған кезде бәріне кәсіби көзбен қарай бастайсың. Ол кезде қай жерден іздеу керегін білесің, ондай кезде эмоцияға емес, бүкіл зейініңді затты тауып, оны фотоға түсіріп алуға аударасың. Эмоцияға мен әдетте Прагаға оралғаннан кейін берілемін.

Барактар.
Барактар.

- Жуырда «Пермь-36» саяси репрессиялар тарихының мемориалдық орталығы жабылып қалды. Пермь өлкесі басшылығының орталықтың бұрынғы қызметкерлерінің көбін жұмыстан шығарып жібергеніне лагерьдің бұрынғы күзетшілері мен қызметкерлерінің наразылығы ықпал еткен сияқты. Ресей билігінің сіздердің жұмыстарыңызға деген көзқарасы қандай?

- Экспедия кезінде біз темір жол маңайында орналасқан Игарка, Салехард және Надым қалаларының әкімшіліктерімен байланыста болдық, олар бізге ашқандай бөгет жасаған жоқ. Ал виртуалды мұражайды Чехияда құрып жатырмыз, сондықтан билікпен ешқандай байланысымыз жоқ. Ресейдегі осындай жалғыз мұражай – «Пермь-36» мұражайына қатысты жағдай бізді қатты алаңдатады. Бірақ әлгі мұражай бұрынғы сталиндік лагерьдің территориясында емес, соғыстан кейін түрме болған орында ашылған ғой. Бірақ ол мұндай жалғыз мұражай еді, ал Пермь өлкесі билігінің оны тартып алғаны мені қатты алаңдатады.

Бұл тенденция маған тіпті қауіпті көрінеді, өйткені тарихты әлдебір оқиғаларды жасырып, билікке тиімді етіп қайта жазуға тырысу әрекеттері басталып келеді. Өкінішке қарай, Ресейде бұл тенденция қазір анық байқалып тұр. Тарихты ешкім тәуелсіз тұрғыдан сипаттай алмауы үшін, тарихи оқиғаларды қазіргі билікке тиімді болатындай етіп түсіндіру үшін Ресей мемлекеті тарихты өз бақылауында ұстағысы келеді. Қазір репрессия деңгейі ондай ауқымды болған жоқ, қазіргі Ресейде дәріптелетін совет үкіметінің қуғын-сүргінге тікелей қатысы болған жоқ деген сарындағы әңгімелер айтылып жүр. Бұл – өте қауіпті тенденция. «Мемориал» халықаралық қоғамы «шетел агенті» деп танылып, «ВКонтакте» желісінде 1939 жылы Совет Одағы Гитлермен бірігіп Польша территориясын басып алды деп жазған пермьдік блогерге айыппұл салынды. Мұның бәрі Ресейдің өз тарихынан қорқатынын байқатады.

Александра Вагнердің мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG