Accessibility links

Ресейде нашақорлар жәрдемсіз қалады


Көпқабатты үйдің баспалдағында өзіне героин егіп отырған нашақор. Ресей, Мәскеу, 14 қараша 2010 жыл.

Көпқабатты үйдің баспалдағында өзіне героин егіп отырған нашақор. Ресей, Мәскеу, 14 қараша 2010 жыл.

Бұл елде бір жарым миллион нашақор бар. Ресей «НАТО Ауғанстаннан кетсе, есірткі саудасы еселеп өседі» деп қауіптенсе де, бұл проблемамен күресудің ешқандай жобасын жасамаған.

Нашақорлар саны 1 милионнан асып кетсе де, Ресей үкіметі бұл проблемаға қатысты ірі жобалар жасамаған.

ИГОРЬДІҢ ТАҒДЫРЫ

Тісі түсіп, әбден жүдеген, көкшіл көздері солғын тартып, мағынасыз бұлдырап тұратын Игорь есімді жігіт есірткінің зардабын жақсы біледі.

Он жылдан бері есірткіге тәуелді 27 жастағы Игорьдің есірткіні өз еркімен тастауға ерік-күші жетпейді. Игорь бала кезінде-ақ есірткінің дәмін татып үлгерген. Анасы қайтыс болған соң, 12 жасар бала көше қаңғитындарға қосылған. Бір жылдан соң күніне екі литр арақ ішетін, екі жылдан соң есірткі шегетін жағдайға жеткен.

Нашақор аяғына есірткі егіп жатыр. Ресей, 3 қазан 2010 жыл.

Нашақор аяғына есірткі егіп жатыр. Ресей, 3 қазан 2010 жыл.

- Балалардың бәрі басында есірткіні «мен бұған тәуелді болмаймын», «шамамды жақсы білемін», «өз күшіме сенемін» деп бастайды. Мен де 2001 жылы дәл сондай оймен есірткі қолдана бастадым. Арада 12 жыл өтті. Мен әлі сол сөздерді қайталап жүрмін, - дейді ол.

Есірткіні үнемі үзбей шегу үшін Игорь ұрлықты да үйренді. Бала кезден бірге өскен достары одан безіп кетті. Үш жыл түрмеде отырды. Жамбасына шыққан жарасы іріңдеп, асқынып кеткен. Қазір ол өзінің белсіз болып қалғанын және үйленіп, отау көтеруге жарамсыз екенін жасырмай айта береді.

Фамилиясын айтқысы келмеген Игорь - ақкөңіл, ашық-жарқын, әңгімешіл жігіт. Бірақ өзінің осы күйге қалай түскенін еске алғанда түрі бұзылып, тілі күрмеліп, сөйлей алмай қалады.

- Мен жұмыс істеуден қашпаймын. Бұл маған ең қиын кезеңдер болды. Сіздер оны түсінбейсіздер. Мен жанымды жұбататын және мені қиындықтан құтқаратын бір нәрсені іздедім. Оның не екенін өзім де түсінбеймін. Сөйтіп жүріп мына бәлеге душар болдым. Мен қазір құйға батып кеттім, - дейді ол.

«НАШАҚОРЛАР ЕКІ ЕСЕ КӨП»

Ресейде Игорь сияқтылар өте көп. Есірткіге қарсы күресетін федералдық орталық басшыларының айтуынша, «Ресейде нашақорлар саны бір жарым миллион шамасында». Бірақ тәуелсіз бақылаушылар «нашақорлар одан екі есе көп» дейді. Бұл дерек проблеманың бір қырын ғана көрсетеді.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Ресей елшілерімен кездесіп, АҚШ-пен есірткі саудасын қадағалау келісімі жасалмайтынын мәлімдеп отыр. Мәскеу, 30 қаңтар 2013 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (ортада) Ресей елшілерімен кездесіп, АҚШ-пен есірткі саудасын қадағалау келісімі жасалмайтынын мәлімдеп отыр. Мәскеу, 30 қаңтар 2013 жыл.

Есірткінің кесірінен Ресейде жыл сайын 100 мың адам қайтыс болады. Себебі нашақорлар вирус жұққан шприцтерді қайтадан пайдалана береді. Сондықтан оларға ВИЧ тез жұғады. Бұл індет Африка құрлығында да дәл бұлай жылдам тарамайды. Қазір Ресейде ВИЧ жұқтырған адамдар көбейіп барады. Кремль әлем бойынша ең көп есірткі өндіретін ел - Ауғанстаннан Ресейге тасылатын есірткі жолдарын анықтап, жариялаған. Ресей НАТО коалициясын «соғыстан титықтаған Ауғанстандағы есірткі өндірісін қолдап отырсыңдар» деп айыптады.

Ресейдің бас санитар дәрігері Геннадий Онищенко былтыр «НАТО әскері Ауғанстаннан шыққаннан кейін Ресейге тасылатын есірткі көлемі артады» деп ескертті. Бірақ Ресей үкіметі Игорь сияқты нашақорларды емдейтін ірі жоба жасамады.

ВИЧ-тің таралуына тосқауыл қою үшін нашақорларға шприц тарататын мемлекеттік бағдарлама да жоқ. Нашақорларды емдеу үшін есірткінің орнына басқа дәрі қолданатын жобалар да жасалмаған. Гепатит, ВИЧ, туберкулезбен ауыратын көптеген нашақорды ешкім тұрақты емдемейді. Кейде оларды дәрігерлер қабылдамайды.

«БӘРІБІР ӨЛЕТІН АДАМСЫҢ»

Максим Малышев - Андрей Рылков үкіметтік емес қорының ерікті мүшесі. Олар нашақорларға көмек көрсетеді.

Андрей Рылков қорының белсендісі Максим Малышев (оң жақта) пен осы қордың тағы бір еріктісі нашақорларға шприц таратып жүр. Мәскеу, 8 қазан 2013 жыл.

Андрей Рылков қорының белсендісі Максим Малышев (оң жақта) пен осы қордың тағы бір еріктісі нашақорларға шприц таратып жүр. Мәскеу, 8 қазан 2013 жыл.

- Нашақордың өмірі - қорлық. Жұрт оларды кемсітіп, ар-намыстарына тиеді. Адамдардың нашақор десе зәресі ұшады. Осы жағдайдың кесірінен олар дұрыстап емделе алмайды. Егер нашақор адам ауруханаға барса, дәрігерлер оған «Неге келдің? Не керек саған? Біз сені не себепті емдеуіміз керек? Бәрібір өлетін адамсың» деп шығарып салады,- дейді.

Нашақорлар проблемасымен айналысқысы келетін мұндай азаматтық топтарға үнемі қаржы жетіспей жатады. Олар тіпті үкімет тарапынан қысым көреді. Соған қарамастан Андрей Рылков қоры нашақорларға көмектесудің түрлі жолдарын қарастырып келеді. Бұл қор нашақорлардың ВИЧ пен гепатитке тегін тексеріліп, дәрі-дәрмек пен таза шприцтерді тегін алуын қамтамасыз еткісі келеді. Сонымен қатар есірткіні алмастыратын «Метадон» сияқты дәрілердің де нашақорларға заңды түрде тегін берілуін жолға қоюды көздейді.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы есірткінің орнына «Метадон» қолдануды «нашақорларды емдеп жазудың ең тиімді тәсілі» дейді. Бірақ Ресейде оған тыйым салынған. 2012 жылдың ақпан айында үкіметтік органдар «Метадон» препаратын қолдануға үгіттегені үшін Рылков қорының веб-сайтын уақытша жауып тастады.

Таяуда Мәскеу қаласының шетіндегі Марино ауылында Игорь сияқты нашақорларға көмек көрсетіп жатқан Малышев пен оның әріптестеріне полиция қоқан-лоқы көрсетіп, нашақорларды босатуды талап еткен. Бұдан кейін еріктілер нашақорларды көшедегі аялдамаларда емдей бастады. Бұл жолы олар героинге тәуелді жезөкшелерді де емдеуді қолға алды.

«Есірткісіз қала» ұйымының құрылтайшысы Евгений Ройзман. Ресей, 8 тамыз 2013 жыл.

«Есірткісіз қала» ұйымының құрылтайшысы Евгений Ройзман. Ресей, 8 тамыз 2013 жыл.

Андрей Рылков қорының жұмыс тәсілі Екатеринбургтегі есірткіге қарсы күресуші еріктілердің «Есірткісіз қала» ұйымының емдеу әдістерінен мүлде бөлек.

«Есірткісіз қаланың» мүшелері нашақорларды төсекке қинап таңып, матап тастап, олардың бұл тәсілдері дау тудырған. Ұйымның құрылтайшысы Евгений Ройзман қыркүйек айында қала мэрі болып сайланды.

«КӨМЕКТЕСЕ БЕРЕМІЗ»

Андрей Рылков қорының еріктісі Малышевтің айтуынша, «өзі де есірткіден емделіп, жазылған».

- Қордың жасап жатқан жұмысы теңізге тамған тамшыдай ғана. Бірақ сонда да атқаруға тұрарлық қайырлы іс. Біз аз болсақ та, есірткі саясатын өзгертуге шамамыз келмесе де, бұл істі атқаруға міндеттіміз. Не болса да біз тоқтамай еңбектене береміз, - дейді ол.

​Ал Игорь нашақорлардың қоғамда қадірсіз жан екенін жақсы біледі. Ол бұрыннан белгілі нашақор болғандықтан, полиция оны қалаған уақытында тұтқындап, ұсақ қылмыстарды мойнына іле салуға дайын. Бірақ Игорь Мәскеуде қоғамдық көлік мекемесінің ескі автобустарын жөндейтін жұмысқа кірген.

- Шынымды айтсам, осы жұмыс болмағанда, баяғыда-ақ түрмеге түсер едім. Есірткі алу үшін ең бірінші ақша керек. Жұмыс жасамасаң, ақша да жоқ. Жұмыссыз көшеде қалсаң, біреуді ұрлауға, тонауға тура келеді. Осылайша ерте ме, кеш пе, ақыры түрмеге апаратын бұрыс жолға түсесің. Әдетте түрмеге тез түсесің. Себебі ұзақ уақыт ұстатпай қашып жүру мүмкін емес, - дейді ол.

Том Бэлмфорттың мақаласын ағылшын тілінен аударған - Сағынай Кәрім.
XS
SM
MD
LG