Accessibility links

Ресейдегі сақалдың тарихы


Австриялық сақалды әнші Кончита Вурстты ресейліктер жақтырмайды.

Австриялық сақалды әнші Кончита Вурстты ресейліктер жақтырмайды.

Ресейде сақал қоюдың да саяси мәні бар. Сақал орыс дәстүрінде ер-азаматтың бір белгісі саналып, оның православ діні өкілі екенін білдіреді.

BuzzFeed сайты австриялық әнші, биылғы Eurovision байқауының жеңімпазы Кончита Вурстқа қарсылық ретінде сақалдарын қырып тастаған ресейліктер туралы жазды.

САҚАЛДЫҢ САЯСИ МӘНІ

Ал гей белсенділер Мәскеуде «Кончита Вурст құрметіне сақалды ерлер мен әйелдер маршын» өткізуге ресми түрде рұқсат сұрады. Олар маршты мамырдың 27-сі күні өткізіп, оны Ресейде гомосексуалдарды қылмыскер ретінде қудалаудың тоқтатылғанына 21 жыл толу құрметіне арнамақ.

Ресейде сақалдың саяси мәні бар. 17-ғасырдың соңында Петр І елде модернизация жасау үшін сарайдағыларға сақалдарын қыруды бұйырып, сақалы ұзындарға салық салатын болды.

Оның бұл әрекетінен бірден нәтиже шықпады, қарсы шыққандар көп болды. Өйткені Ресей тарихында ұзын сақал ер-азаматтық пен діншілдік белгісі саналады.

Бірақ Петрдің алдында Ресейде басқа біреудің сақалына зиян келтірген адамға айыппұл салынатын болған. Адамдар орыс еркегінің күші мен қуатын сақалының қалыңдығы мен ұқыптылығына қарап бағалайтын. Адамның сақалына түкіргеннен артық қорлау жоқ деп саналатын.

Ресейдегі сақал өсіру «эволюциясын» көрсететін инфографикада автор Ұлы Петр тұсында «сақал қыру ер адамның көркі мен беделі туралы бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі түсінікке қайшы келді» дейді.

«Қалың парик» пен «бакенбардтар» дәуірінен соң советтік коммунизм сақал-мұртқа тіпті қатты шүйлікті. Ол туралы бір блогер былай жазды:

Егер сіз Ресейде сақал-мұртты қырып жүру мәдениеттілік болып саналады десеңіз, қателесесіз. Пушкиннің бакенбардын еске алыңыз. Сақал өсіру Ресейдегі «Ұлы реформа» тұсында тіпті кең тарады. Ол «сақалды мұжықтар басыбайлы құлдықтан құтылған кезең» болатын. Одан кейін қайтадан сақалмен алысу кезеңі келді. Большевик режимі орнап, сақал тарихи «прогресті» бастан өткерді: Маркстың сақалы Сталиннің мұртына ұласып, Хрущевке жеткенде асқабақ сияқты тақырбас қана қалды. Петрдің сақалдан құтылу арманы жүзеге асты.

Ол бұдан ары былай жазады:

Советтер билігі орнаған тұста Лениннің шоқша сақалы мен мұрты болды. Одан кейін ел басқарған Сталиннің мұрты ғана болса, Хрущев тақырбас еді. Одан соң шашы ұйпа-тұйпа Брежнев, уланып қайтыс болған екі қартаң басшы Андропов пен Черненко болды, содан соң билікті шекесі күнге жарқыраған Горбачев қолына алды. Соңғы үш басшыға тоқталсақ: олардың сақал-мұрты болған емес.

Ал енді орысқа тән дәстүрлі сақалдың үлгілерін қараңыз («айбыны» бойынша кері ретпен орналастырдық):

6. Александр Солженицин

Ұлының айтуынша, «әкесінің сақалы ызбарлы пайғамбар бейнесін елестеткен».

5. Игорь Васильевич Курчатов

Физик, ядролық қару жасауға қатысқан. Ол СССР атом бомбасының «атасы» саналады. «Бағдарлама жүзеге асқанша сақалымды қырмаймын» деген сөзі үшін жұрт оны «Сақал» атап кетті.

4. Федор Достоевский

«Достоевскийдің сақалы ұқыпты көрінеді, әңгімеге үйір адамға ұқсатады, ал салбыраған мұрты қаталдық белгісі іспетті».

3. Лев Толстой.

«Daily Telegraph» жазушының сақалын «Соғыс және бейбітшілік» (жазушының романы – ред.) тәрізді ұзын» деп сипаттайды.

2. Владимир Ленин.

Еппен басылған, өткенмен қоштасқан, жарқын болашақты уәде еткен сақал. Ал мына суретте Лениннің сақалы жоқ.

1 . Распутин

«Ертеректе Ресейде болған еді атайы ер,
Жанарынан от шашқан, алып әрі күшті еді.
Көрген жанды үрей билеп, сескенер,
Бірақ Мәскеу аруларымен көңілдес».

(Люк Олнаттың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)
XS
SM
MD
LG