Accessibility links

«Мемориал» ұйымының Ресейге сіңірген еңбегі


1989 жылы Нобель сыйлығы лауреаты Андрей Сахаров бастамасымен ашылған «Мемориал» ұйымы совет кезеңіндегі репрессияларды әшкерелеп, Ресейдегі түрлі дискриминациямен күресіп келеді.

1989 жылы Нобель сыйлығы лауреаты Андрей Сахаров бастамасымен ашылған «Мемориал» ұйымы совет кезеңіндегі репрессияларды әшкерелеп, Ресейдегі түрлі дискриминациямен күресіп келеді.

Ресей прокурорлары елдегі ең танымал әрі алғашқы болып құрылған «Мемориал» құқық қорғау ұйымын жабуға сылтау іздеп отыр. Азаттық «Мемориалды» жауып тастаса, Ресей қоғамы неден айырылатынын саралап көрді.

Ресейдің әділет министрлігі жоғарғы соттан осы елдегі беделді қоғамдық ұйым - «Мемориалды» жабуды сұрады. Бұл құқық қорғаушы ұйым Ресейдегі 50-ден астам үкіметтік емес ұйымның басын біріктіріп отыр.

1989 жылы Нобель сыйлығының лауреаты Андрей Сахаровтың бастамасымен ашылған «Мемориал» ұйымы совет кезеңіндегі репрессияларды әшкереледі, қазір Ресейдегі түрлі дискриминациямен күресіп келеді. Азаттық ұйымның маңызды деген жетістіктерін шолып шықты.

СОВЕТ КЕЗЕҢІНДЕГІ «ҮЛКЕН ТЕРРОРДЫ» ӘШКЕРЕЛЕУ

«Мемориалдың» негізгі мақсаты 15-20 миллион адамның ажалына себепкер болған советтік тоталитаризм қылмысын әшкерелеп, оны құжаттармен дәлелдеу еді. Ұйым 1990 жылы саяси репрессия құрбандарына арнап ескерткіш тұрғызды.

«Соловки тасы» аталатын ескерткіштің тас тақталары СССР-дің еңбек лагері болған Ақ теңіздегі Соловки аралдарынан алынды. Бұл ескерткіш бұрынғы КГБ (мемлекеттік қауіпсіздік комитеті – ред.) мен оның қазіргі ізбасары ФСБ (федералдық қауіпсіздік қызметі – ред.) штаб-пәтері орналасқан Лубянка алаңында тұр.

1991 жылы саяси репрессия құрбандарын ақтау туралы заңның қабылдануы мен 30 қыркүйекті қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні деп жариялауға да бұл ұйым елеулі үлес қосты. «Мемориал» коммунистік режимнің құрбаны болған көптеген адамдардың тағдырын анықтап, 20 жыл бойы 2 миллион 65 мыңнан астам адамның деректерін жинады.

Осылайша, бұл ұйым туысы туралы бір дерек алуға зар болған ресейліктер мен басқа да адамдарға үлкен көмек жасады.

2008 жылы полиция «Мемориалдың» Петербургтегі кеңсесін тінтіп, топтың барлық электрондық мұрағатын тәркіледі. Ол архив кейін қалпына келтірілді, олардың біраз бөлігі топтың интернет қорында сақталған еді.

СОЛТҮСТІК КАВКАЗҒА КӨМЕК

1991 жылы ашылған «Мемориал» Солтүстік Кавказда негізгі құқық қорғау ұйымына айналды. Ресей мен жергілікті милиция қызметкерлері жүргізген операциялар кезінде бұл аймақтың мыңдаған бейбіт тұрғыны адам ұрлау мен азаптау құрбаны болған еді. Ұйым 2000 жылы Грозныйда кеңсесін ашты.

2009 жылы ұйым белсендісі және сондағы филиал жетекшісі Наталья Эстемирова қаза тапты. Бұл оқиғадан соң ұйым Грозныйдағы кеңсесін жабуға мәжбүр болды. Эстемирова адам ұрлау мен өлтіруге қатысты «жүздеген» істі зерттеген еді.

«Мемориал» жетекшісі Олег Орлов «Эстемированың өліміне айыпты - Шешенстан президенті Рамзан Қадыров» деген мәлімдемесі үшін сотқа тартылып, бірақ ақталып шықты.

Шешенстанда қазір тәуелсіз пікір айтатын бірде-бір ұйым қалмады. «Мемориал» ұйымы ғана Солтүстік Кавказдағы адам құқықтарын бұзу оқиғалары жөнінде күн сайын бюллетень жариялап тұрады. Шешенстанда қалған санаулы белсенділердің бірі Руслан Кутаевтың жақында тұтқындалып, соққыға жығылғанын да осы ұйым хабарлады.

ТАРИХТЫ МӘҢГІ ЕСТЕ САҚТАУҒА ҚОСҚАН ҮЛЕСІ

«Ешқашан ұмытпаймыз» деген сөз айтуға оңай. Бірақ оны іске асыру қиын. Сталиннің саяси мұрасына қоғам қызығушылығы артқан тұста «Мемориал» халықтың көзін ашуды негізгі міндетінің бірі деп белгіледі. Тоталитаризм қылмысын әшкерелейтін көптеген фильмдер мен деректі фильмдерді қаржыландырумен қатар, бұл топ Мәскеудің Лубянка ауданына «террорлық заманға саяхат» (турлар - ред.) ұйымдастырып келеді.

Азаттықтың Орыс қызметінің тілшісі Иван Воронин «Мемориал» өкілі Павел Гнилорыбовпен бірге Мәскеудің әйгілі Лубянка қалашығына барып келген еді. Онда барған адам СССР құпия полициясының сұмдық қылмыстары туралы мәліметтерін көбейтіп, Владимир Путиннің өткеннен сабақ алмай отырғанын түсінеді.

КСЕНОФОБИЯМЕН КҮРЕС

2003 жылы «Мемориал» Ресейдегі сыған халқы өкілдерінің құқын қорғауға арналған «Кемсітуге қарсы орталық» құратынын мәлімдеді. Дискриминацияға қарсы бұл орталық шығарған бірінші бюллетенде Санкт-Петербургтің Пушкин ауданындағы инновациялық бастауыш мектепте сыған балаларын оқыту жобасы қолға алынғаны жазылды. Онда сыған балаларына олардың мәдени ерекшелігін ескере отырып білім берілетіні жазылған болатын.

Бұдан соң «Мемориал» осы саладағы жұмыстарын кеңейтіп, Орталық Азия мен Кавказдан келген еңбек мигранттарының қиын жағдайына назар аудырды. 2012 жылы ұйымның Санкт-Петербургтегі орталығы БҰҰ-ға ұсынған зерттеуде сығандар мен мигранттарға полицияның жиі зорлық-зомбылық көрсететіні айтылады.

Прокурорлар бұл ұйымды «шетелдік агент» деп шығару үшін орталыққа қарсы іс қозғаған кезде осы есепті пайдаланды. Орталық қазіргі таңда Ресей билігінің қысымын көрген Қырым татарларын қорғау және 2018 жылы Ресейде өтетін FIFA (футбол) әлем чемпионаты кезінде болуы мүмкін нәсілшілдіктің алдын алу мақсатында жұмыс істеп жатыр.

СЫНШЫЛАРДЫ ҚОЛДАУ

Құрылғаннан бері «Мемориал» Ресейдің және кейбір постсовтеттік елдердің үкіметтерін сынап, ойын ашық айтқан тұлғаларға құқықтық және рухани қолдау көрсетіп келеді. Олардың ішінде ұйым Михаил Ходорковский, Алексей Навальный, белоруссиялық Алесь Беляцкий мен Андрей Барабанов, Алексей Гаскаров пен 2012 жылы Болотный алаңына шыққан басқа да оппозиционерлерге құқықтық көмек жасады.

Саяси тұтқындар да «Мемориал» назарынан тыс қалған емес. Ұйым украиналық ұшқыш Надя Савченконың тағдырына жұрт көңілін аударуға тырысты. Ресей президенті Владимир Путинге ашық хат жолдап, Украинадағы соғысқа қарсы екендерін білдірді.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG