Accessibility links

Ресейде бірнеше ұйым жаңа заңға бағынбауға бел буды


"Мемориал" құқық қорғау ұйымы кеңсесінің сыртындағы жазу. Мәскеу, 21 қараша 2012 жыл.

"Мемориал" құқық қорғау ұйымы кеңсесінің сыртындағы жазу. Мәскеу, 21 қараша 2012 жыл.

Үкіметтік емес ұйымдардың «шетел агенті» ретінде тіркелуін талап еткен жаңа заңға Ресейдегі белсенді топтар қарсы шықты. Бірнеше ұйым «жаңа заңға бағынбайтындарын» мәлімдеді.

Жаңа заң шетелден қаржылай көмек алатын үкіметтік емес ұйымдардың «шетел агенті» ретінде тіркелуін талап етеді. Заң қарашаның 21-і күні күшіне енді.

«ШЕТЕЛ АГЕНТІ БОЛЫП ТІРКЕЛМЕЙМІЗ»

Жаңа заң «саяси белсенді» деп танылған үкіметтік емес ұйымдарға ғана қатысты. Ресейде ең бірінші пайда болған ұйымдардың бірі – «Мәскеу Хельсинки тобының» негізін қалаушы Людмила Алексеева бұл заңды «абсурд» деп жариялап, оған бағынбайтынын мәлімдеді.

- Заңды қатаң сақтайтын адамдар - құқық қорғаушылардың заңға бағынбауы бірінші рет болып отыр. Шарасыздықтан солай етуге мәжбүрміз. Біз шетел агенті болып тіркеле алмаймыз. Себебі, олай етсек жалған ақпарат береміз, - дейді Людмила Алексеева.

Ресейде басталған «билікке бағынбау кампаниясына», баспасөз бетіндегі ақпараттарға қарағанда, ондаған ұйым қосылған. Олардың құрамында сайлауды бақылайтын тәуелсіз «Голос», жемқорлыққа қарсы күресетін Transparency International («Халықаралық жариялылық»), құқық қорғаумен айналысатын Agora («Агора»), Civic Assistance («Азаматтық жәрдем») және For Human Rights («Адам құқықтары үшін») ұйымдары бар.

Бірақ Ресей басшылары заңның толық орындалуын талап етіп отыр. Дума спикері Сергей Нарышкин қарашаның 19-ы күні «Мен бір-ақ жайтты ескертемін - заң қабылданды, еді оны орындауға тиіссіңдер» деп мәлімдеді.

«ЕНДІ НЕ БОЛАРЫ БЕЛГІСІЗ»

Людмила Алексеева да енді не болатынын білмейді.

- Әліптің артын бағайық. Егер қандай да бір қысым жасалса, Страсбургтегі адам құқығы жөніндегі халықаралық сотқа жүгінемін, - деді ол.
Құқық қорғаушы Людмила Алексеева шетелден қаржы алатын ұйымдарды «шетел агенттері» деп танитын заңды "абсурд" деп атады.

Құқық қорғаушы Людмила Алексеева шетелден қаржы алатын ұйымдарды «шетел агенттері» деп танитын заңды "абсурд" деп атады.


Жаңа заң бойынша егер ұйым заң талаптарын орындамаса, билік өкілдері ол ұйымның қызметін алты айға тоқтата алады.

Бұл заң бойынша, ендігі жерде шетелден қаржы алатын ұйымдар құжаттарында өздерін «шетел агенті» деп көрсетуге міндетті.

Талапты орындамаған ұйымдарға 100 мыңнан 300 мың рубльге дейін айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл бұдан азырақ. Ал заң талабын екінші рет бұзғандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

«Мемориал» ұйымының директоры Олег Орлов «Заң мүлде түсініксіз» дейді. Ол өзінің бұл заңға қарсы қанша уақыт бойкот жариялайтынын айтпады.

Адвокат Евгени Архипов «Расында да заңда түсініксіз тұстар көп. Бірақ оның жүзеге асырылуы прецендент болмақ» дейді.

Ол «бойкоттан бір нәтиже болады» дегенге сенбейді.

- Меніңше, билік ұйымдарды санкциялармен матап тастайды. Айыппұлдар салады, қылмыстық жауапкершілікке тартады. Жанжал басталады, - дейді Архипов.

Ұйымдар қарашаның 20-сы күні «шетел агенттері» ретінде тіркеліп бітуі керек болған.

2012 жылы жаз айларында оппозицияның Путинге қарсы шерулері көбейді. Осы шерулерді басу үшін Ресей Думасында бірнеше заңдар қабылданғанда, үкіметтік емес ұйымдарға қатысты осы заң қоса қарастырылған.

Мәскеулік саяси сарапшы Дмитрий Орешкин:

- Бұл заң үкімет басшылары үшін тиімсіз. Заңды орындамаған ұйымдар биліктің қысымына ұшырап, қуғындалады. Соның кесірінен билік сенімнен айрылады, - дейді.

Қарашаның 21-і күні Facebook-тің бір қолданушысы адам құқықтары үшін күресетін ұйымның сыртқы есігіне біреулер жазып кеткен сөзді суретке түсіріп, парақшасына іліп қойды. Онда «Шетел агенті» және «Мен АҚШ-ты жақсы көрем» деп жазылған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG