Accessibility links

Ресей интернетті өшіре ала ма?


Интернетті шектеуге қарсы пикет. Мәскеу, 1 қазан 2014 жыл.

Интернетті шектеуге қарсы пикет. Мәскеу, 1 қазан 2014 жыл.

Интернетті кез келген сәтте өшіріп тастау құдіретіне ие болуды әр диктатор армандайды. Бірақ ел аумағындағы әлемдік желіні өшіре салу олар аңсағандай оңай шаруа ма?

Ресей қауіпсіздік кеңесі отырысынан соң президент Владимир Путин Кремльдің интернетті шектемейтінін, толық мемлекет бақылауына алмайтынын мәлімдеді. Дегенмен билік кибер қауіпсіздікті күшейту үшін қосымша шаралар қабылдап, экстремизм, ксенофобия, терроризм мен балалар порнографиясын «насихаттайтын» сайттарды жауып жатыр.

Ресейде кейінгі кезде «интернетке шектеу қойылады немесе мүлдем өшіріледі» деген сыбыс көбейген еді. Украина дағдарысы кезінде Батыспен арасы нашарлаған Ресей басқаша ойлайтындарға қысым жасау үшін осындай әрекетке барады деген қауіп күшейді.

Қыркүйектің 30-ы күні Кремль «Әріптестеріміз (АҚШ және Батыс) бізге интернетте IP-адрес беру қызметін тоқтатқан жағдайда не істейтінімізді пысықтадық» деп мәлімдеп, мемлекет тарапынан бақылаудың күшейетінін меңзегендей болды.

Мәскеуге немесе басқа бір мемлекетке интернетті өшіріп тастау оңайға түсе ме? Мұны анықтау үшін төмендегі бірнеше сұрақтың жауабын білу қажет.

Интернетті өшіру қаншалықты оңай?

2011 жылы «Араб көктемі» (кейбір араб елдерінде революцияға ұласқан шерулер – ред.) кезінде Египет интернетті бес күнге өшірді. Осы жылы Сирия да интернетті үш мәрте өшірген. Непал мен Мьянманың да желіні қысқа уақытқа ажыратқан кездері болды. 2009 жылы Қытайдың ұйғырлар көп қоныстанған Шыңжаң ауданындағы бүлік кезінде де Қытай тұрғындары интернетке қосылу мүмкіндігінен айырылды.

Ресейде интернет байланысын шетелден алып отырған 300 компания бар.

Ресейде интернет байланысын шетелден алып отырған 300 компания бар.

Интернетті бақылайтын Dyn компаниясының жетекші ғылыми қызметкері Джим Коуидің айтуынша, ғаламдық желіден ажырату мүмкіндігі елдегі провайдерлердің санына тәуелді. Яғни, провайдерлер байланысты елден тысқары компаниялардан сатып алып отырған болса, қауіп сәл азаяды. Ал шетелмен байланыс орнатқан провайдерлер көп болған сайын, үкіметке елді интернеттен ажырату қиынға түспек.

Коуи «Провайдердің көп болғаны жақсы. Тұтас елді интернетсіз қалдыру үшін олардың әрқайсысын жеке-жеке өшіріп шығу қажет болады» дейді. Египетте интернет байланысын орнатқан компаниялар саны 10-нан аз, ал Сирияда екеу ғана. Сондықтан оларға интернетті өшіру оңайға түсті.

Ресейдегі жағдай қандай?

Ресей сыртқы әлеммен онлайн байланысты үзуге келгенде Египет немесе Сириядай әрекет ете алмайды. Коуидің айтуынша, бұл елде сырттан байланыс жүйесін сатып алған 300-ден астам компания бар. Ресей үкіметі интернетті өшіру үшін осы провайдерлердің әрқайсысының қызметін толық тоқтатуға мәжбүр болады. Мұны да істеуге болады, бірақ оған көп уақыт кетеді әрі жұмысы өте көп.

Кремльдің басқа қандай амалы бар?

Балама әдістің бірі – сайттың мазмұнын сүзгіден өткізу. Ресей бірнеше оппозициялық сайттарды әлдеқашан жауып тастады және кейбір блогерлердің тіркелуін талап ететін заң қабылдады.

Мәскеу шетелдік интернет-компанияларды өз заңымен жүргізгісі келеді. Ресей баспасөзін бақылайтын «Роскомнадзор» мекемесі Facebook, Twitter және Google компанияларына тіркеуден өту және мета мәліметтерді алты ай бойы Ресейде орналасқан ақпарат мұрағатында сақтау туралы ескертпе жіберді. Бұл туралы Кремльге қарайтын «Известия» газеті қыркүйектің 26-сы күні жазды.

Коуидің пікірінше, Ресей белгілі бір аймақтары немесе қалаларындағы интернетті өшіре алады. Телекоммуникация саласындағы ірі компания - «Ростелеком» 1990-жылдары ыдырап кеткен шағын компанияларды өз қармағына қайта алған, енді бұл компанияның аймақтағы желіні өшіруі қиын емес.

Интернет пайдаланушылардың амалы бар ма?

Интернет пайдаланушылар интернет-провайдерлер жабылған күнде ұялы байланыс операторлары қызметіне жүгіне алады. Яғни, азаматтар 3G қызметі арқылы ғаламторға смартфонмен кіре алады. Халықаралық телефон желісіне қосылған азаматтар телефон арқылы шетелдегі байланысты да қолдана алады. Бірақ оның жылдамдығы төмен, бағасы қымбат болуы мүмкін.

2011 жылы Египет провайдерлер жұмысын тоқтатқанда Еуропадағы сигналды алыстан бере алатын компаниялар қызмет көрсеткен еді.

Провайдерлер жұмысын тоқтатпаған жағдайда, мазмұнды сүзгіден өткізуге жол бермейтін технологияларды пайдалануға болады. Tor аталатын бағдарлама пайдаланушының әрекеттерін үшінші тараптың бақылауына мүмкіндік бермейді. Басқа сөзбен айтқанда, оппозициялық ақпарат сүзгіден шифрланған, мазмұны белгісіз күйінде өтіп, пайдаланушы компьютеріне жетеді.

(Люк Джонсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG