Accessibility links

Ресей интернеті «Қытай жолымен» кетіп барады


Ресейдегі @ белгісіне қойылған мүсін. Киров, 25 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдегі @ белгісіне қойылған мүсін. Киров, 25 тамыз 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин 30 маусымда «экстремистік» деп танылған материалдарды интернетте қайтара басқан азаматтарды соттау туралы заңға қол қойды.

Сыншылар Кремльге іш тартатын ақпарат құралдары көп Ресейдің интернетке салған тыйымдары Қытай үлгісіне ұқсап бара жатқанын айтады.

Азаттық тілшісі Мәскеудегі интернетті зерттеу институтының стратегиялық жобалар жөніндегі директоры Ирина Левовадан осы мәселеге қатысты сұхбат алды.

Азаттық: Президент Владимир Путин осы аптада интернеттегі «экстремизмді» таратқандарды қылмыстық жауапқа тартатын заңға қол қойды. «Экстремистік» сипаттағы материалды қайтара басқандар енді бес жылға дейін сотталуы мүмкін. Бұл заң жайында не айтасыз?

Ирина Левова: Мен бұл бастаманы құптауға болады деп ойлаймын. Бірақ сот шешімі мен экстремистік материалдарды интернетке таратпау туралы айтсақ: "Экстремизм деген не? Қандай материал экстремистік екенін кім, қалай, қандай шарттар бойынша анықтайды?" деген сауалдар туады. Сондай-ақ материалға ретвит жасаған немесе сілтемені көшірген азаматты қалай анықтайтындары да түсініксіз.

Азаттық: Сіздің ойыңызша мәселе заңның мазмұнында емес, оның орындалу әдісінде ме?

Ирина Левова: Бастама дұрыс-ақ, бірақ әдеттегідей әлі шала, толық жетілмеген. Техникалық тұрғыдан алғанда интернет қызметін реттеу біздің

Интернет қарап отырған бала. Ресей. (Көрнекі сурет)

Интернет қарап отырған бала. Ресей. (Көрнекі сурет)

депутаттар ойлағаннан әлдеқайда күрделі. Бұйрық шығару – бір басқа, оны жүзеге асыру – бір басқа.

Азаттық: Материалды қайталап басқан адамды түрмеге қамауды сөз бостандығын шектеу деуге бола ма?

Ирина Левова: Оған сөз бостандығын шектеу ретінде қарамас едім. Сөз еркіндігін басып-жаншу дегеніміз – нақты бір пікірге цензура жасау немесе тыйым салу. Бұл жерде біз Ресейде тыйым салынған мазмұн (материал) туралы айтып тұрмыз, оны қайта басу да тыйымның теориясына кіреді. Заңды жүзеге асырудағы мәселелермен бетпе-бет келіп тұрмыз. Заңдарды өзіміз ойлағандай жүзеге асыра алмаймыз. Бұл сөз бостандығын шектеу емес. Ресейде заңның орындалу сипаты басқа елдерден ерекше. Қаншама заң қабылданады, шын мәнінде соның 20 пайызы ғана орындалса, оның өзі жаман емес.

Азаттық: Кейбір бақылаушылар Кремль интернетке билігін жүргізбек дейді. Осы пікір шындыққа жанаса ма?

Ирина Левова: Қазіргі саяси бағытты есепке алсақ, ол - қисынды құбылыс. Барлық нәрсе ретімен, жол картасы жөнімен жасалып

Ресей журналистері ел президенті Владимир Путиннің сөзін тыңдап отыр. Мәскеу, 17 сәуір 2014 жыл.

Ресей журналистері ел президенті Владимир Путиннің сөзін тыңдап отыр. Мәскеу, 17 сәуір 2014 жыл.

жатқандай, Ресей Федерациясы Америка мен Еуропадан басқа бағытта кетіп бара жатқандай көрінеді. Біз Қытай немесе Солтүстік Корея бағытымен бара жатырмыз, әйтеуір АҚШ немесе Еуропа Одағы елдерімен жолымыз түйіспейді. Бұл жақсы ма әлде жаман ба деп дауласа беруге болады, бірақ осындай құбылыстың бар екенін көріп отырмыз.

Азаттық: Қандай шаралар мұндай әсер қалдырады?

Ирина Левова: Қазіргі кезде барлық серверлер Ресей аумағында болуы тиіс. Мемлекеттік дума әрбір азаматтан жеке дерегін Ресейдегі серверде сақтауды талап ететін түзетуді екінші оқылымда талқылайды. Роскомнадзор (Ресей үкіметінің коммуникацияны реттеу органы) 3 мыңнан астам оқырманы бар блоггерді тіркеп отырады.

Азаттық: Елде интернеттегі тыйым күшейіп бара ма?

Ирина Левова: Әрине.

Азаттық: Бұл құбылыс қашан басталды?

Ирина Левова: Бұл 2012 жылы қара тізім туралы заң қабылданғанда басталды. Өткен жылы авторлық құқықты бұзған ресурстарды бұғаттау туралы заң қабылданды. Одан кейін қара тізімге қосылған санаттар көбейе берді. Қазір ақпарат туралы заңдағы бір баптың орнында тыйым салуға қатысты төрт бап бар.

Азаттық тілшісі Том Бэлмфордтың материалын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG