Accessibility links

Иркутск бірінші болып дауыс санай бастады


Иркутск қаласындағы сайлау жарнамасы. 4 наурыз 2012 жыл
Иркутск қаласындағы сайлау жарнамасы. 4 наурыз 2012 жыл

Наурыздың 4- і күні кешкі сағат сегізде Ресей қалаларының бірі Иркутскіде президент сайлауы аяқталды. «Голос» тәуелсіз ұйымы бірқатар заңбұзушылық әрекеттерді байқадық деп мәлімдегенімен, сайлау учаскелеріндегі бақылаушылар ештеңе көрмегендерін айтады.


Көктем басталғанымен Ресейдің Қиыр Шығысындағы ауа райынан әзірге жылылық лебі сезілмейді. Температура әлі минус 25-тен төмендей қоймапты.

ОРТАЛЫҚ УЧАСКЕДЕ ТӘУЕЛСІЗ БАҚЫЛАУШЫ ЖОҚ

Азаттық радиосының тілшісі Иркутскінің орталық сайлау учаскелерінің бірі саналатын 710-сайлау орталығында болған еді. Ол қаланың Гагарин бульвары мен Карл Маркс көшесінің қилысындағы Сібір темір жолы филиалының ғимаратында орналасқан.

Сайлау комиссиясы мүшесі Ирина Сосновская соңғы 17.30-да жаңартылған мәліметке сай тізімдегі сайлаушылардың 61 пайызы дауыс беріп үлгергенін айтты. Ол қабырғадағы веб -камераларды көрсетіп, сайлаудың ашық өтіп жатқанына сендіруге тырысты.
Ирина Сосновская Иркутскдегі орталық 710-сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясы мүшесі. 4 наурыз 2012 жыл
Ирина Сосновская Иркутскдегі орталық 710-сайлау учаскесіндегі сайлау комиссиясы мүшесі. 4 наурыз 2012 жыл

- Мына камералардың бірі сайлау бюллетендері берілетін жерді қамтыса, екіншісі «кабинкаларды» көрсетіп тұр. Сағат кешкі сегізде сайлау учаскесі жұмысын тоқтатады. Біз пайдаланылмаған бюллетендерді жойып, жылжымалы жәшіктерді ашып, қорытынды хаттамаларды толтыра бастаймыз,- дейді Ирина Сосновская.

Оның айтуынша бұл учаскеде Ресей президенттігіне кандидаттардың өкілдері бақылаушы ретінде қатысып отыр.

- Басқа тәуелсіз мемлекеттік емес ұйымдардан ешкім жоқ, оларды көргеніміз де жоқ,- деді ол.

Дәл осы учаскеден Иркутск облысының губернаторы Дмитрий Мезенцев отбасымен келіп дауыс беріп кетті.

«ВЕБ-КАМЕРАЛАР АШЫҚТЫҚ КЕПІЛІ ЕМЕС»

Ресей коммунистік партиясының өкіл-бақылаушысы Сергей Чупуров өзінің қандай да бір заң бұзушылықтарды байқай қоймағанын мәлімдеді. «Дегенмен заң бұзу жоқ деп айта алмаймын, бірақ олардың бәрі учаскеге келгенге дейін жүзеге асырылып қойды деп санаймын» деді ол.

- Веб-камералар сайлаудағы дауыстарды фальсификациялаудан қорғайды дегенге сене алмаймын. Дауыстарды бұрмалаудың құпия болудан қалған тәсілдері көп қой: студенттерді топтастыру, баспаханадан жағымсыз кандидаттың аты-жөнін дұрыс көрінбейтіндей етіп бюллетеньдер басу тәрізді, - дейді Сергей Чупуров.
ОБСЕ бақылаушылары Катрина Апел (сол жақта) мен Арег Ховханисян. Иркутск, 4 наурыз 2012 жыл
ОБСЕ бақылаушылары Катрина Апел (сол жақта) мен Арег Ховханисян. Иркутск, 4 наурыз 2012 жыл

710-учаскеге сайлау аяқталуға санаулы минуттар қалғанда ЕҚЫҰ-ның 2012 жылғы Ресейдегі президент сайлауының бақылаушысы миссиясын атқарып жүрген Голландиядан келген Катрина Апел мен армениялық Арег Ховханисян бас сұқты.
Алайда олар сайлау барысының өтуі жайлы Азаттық тілшісіне әзірше түсініктеме бере алмайтынын айтты.

- Ертең Мәскеудегі біздің миссиямыз бір-ақ қорытындылайды, - деді олар.

«ГОЛОСТЫҢ» АНЫҚТАМАСЫ

Азаттық тілшісі Иркутскідегі президент сайлауына бақылау жасаған ресейлік коммерциялық емес саясаттан тыс «Голос» ассоциациясымен хабарласқан еді. Бұл ұйымның мақсаты ресейлік сайлаушылардың құқығын қорғау және азаматтық қоғамды дамыту.

Президент сайлауы кезінде Иркутскіде осы ұйымның 50-ге тарта тәуелсіз бақылаушысы дауыс беруді бақылаған. Олар сайлау заңдылығының сақталмағаны жайлы өз анықтамаларын «Телеинформ» ақпараттық сайтында жариялап отырды. Мәселен, осындағы шұғыл хабарлардың бірі «793-сайлау учаскесіне келген сайлаушы өзі үшін біреудің дауыс беріп қойғанын анықтады» деп хабарлайды. Ол туралы түсірілген бейнетаспа да бар.

- Жалпы мұндай заң бұзушылықтар жетіп артылады. Оның бәрін жедел түрде интернет сайтта жариялап отырдық, - деп мәлімдеді «Голостың» белсендісі.

Қоғамдық белсенді сайлау қорытындысын шығару кезінде де заң бұзылды деп есептейді. «656-сайлау учаскесінде қорытынды шығару кезеңдері сақталған жоқ, 697-сайлау учаскесі қорытынды хаттамасының көшірмесін беруден бас тартқан» деп хабарлайды жоғарыдағы интернет сайтта «Голос» ұйымы.
XS
SM
MD
LG