Accessibility links

ИМ-ге қосылған Ресей қызы туралы хикая


Орыс тілінде сөйлейтін "жиһадшылар" туралы видеодан алынған скриншот. Болжам бойынша, видео Сирияның Кобани қаласы маңында түсірілген.

Орыс тілінде сөйлейтін "жиһадшылар" туралы видеодан алынған скриншот. Болжам бойынша, видео Сирияның Кобани қаласы маңында түсірілген.

Ресейдің екінші үлкен қаласы Санкт-Петербургтің Федералдық қауіпсіздік қызметі (ФСБ) осы аптада 18 жастағы бойжеткенге қарсы іс қозғады. Бұрынғы сән колледжі студенті ресейліктерді «ИМ сапына шақырған».

Санкт-Петербурген шығатын «Фонтанка» жаңалықтар сайтының жазуынша, күдікті Мария Погорелова 2014 жылы қарашаның 17-сі күні Стамбулға ұшып кеткен. Сол жақтан Алеппо провинциясындағы (Сирия) экстремистерге қосылған.

ОҢШЫЛДАРДАН КӨҢІЛІ ҚАЛДЫ

Радикалды исламға еш қатысы жоқ әсіреоңшылдарды жақтайтын ресейлік жасөспірім неліктен үйінен қашып, Таяу Шығыстағы содырларға қосылды?

Погорелова қаланың солтүстігіндегі Художники даңғылындағы екі бөлмелі пәтерде өскен. Бала кезінде ол би үйірмесіне қатысады және Шекспирдің шығармашылығына қызығады. «Фонтанка» «Погорелованың бойында әлеуметтік теңдік пен белсенділікті оятқан Шекспир туындылары болса керек» деп, қызық болжам жасаған.

Дұрысы, советтік дәуірде Шекспирді басқаша түсіндіретін. Мысалы, СССР-де «Отеллоны» (пьеса) көрген адам Африкадағы ұлт-азаттық күресті қолдауға бейім болып шығатын.

Погорелова өсе келе нәсілдік саясатқа қызыға бастайды. 2012 жылы жасөспірім Петербургтің оңшыл (ұлтшыл) топтарына қосылады, тіпті мойнына свастикаға ұқсас сурет (тату) салдырып алады. «Фонтанканың» дерегі бойынша, анасы оны қайтадан тату-салонға апарып, свастиканы «түсініксіз геометриялық фигураға» айналдырады.

Погорелова бұдан соң Санкт-Петербург колледжіне түсіп, шаштараз мамандығын меңгермек болады, бірақ оқуын аяқтамай шығып кетеді. «Фонтанканың» анықтауынша, бойжеткен бірнеше мәрте полицияның көзіне түседі, тіпті тұтқындалған кездері де болған.

«РЕСЕЙЛІКТЕРДІ СОДЫРЛАРҒА ҚОСЫЛУҒА ҮГІТТЕГЕН»

Сайттың жазуынша, нео-нацизм идеясынан көңілі қалған Погорелова радикалдық исламға қызыға бастайды. McDonald's бөлімшесінде жұмыс істеп жүрген жасөспірім анасына ислам дінін қабылдағанын, ниқаб кие бастағанын айтады.

Ракка қаласында ИМ туын ұстап жүрген содыр. 2014 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)

Ракка қаласында ИМ туын ұстап жүрген содыр. 2014 жылдың шілдесі. (Көрнекі сурет)

Бұдан соң ол мұсылмандарға арналған танысу сайтында «Абу Бак» деген адаммен танысады. Есімін Мариям деп өзгерткен қыздың жаңа танысы Сирияда соғысып жүрген «Ислам мемлекеті» (ИМ) экстремистік ұйымын қолдайтын жауынгер болып шығады. Ол Погореловаға ақша салып, Түркияға ұшып келуін сұрайды. Сол жерден Раккаға (Сирия) барған «Мариям» «Абу Баккамен» жолығады.

Ресей қауіпсіздік қызметіне жақын, кремльшіл Life News агенттігінің жазуынша, «Погорелова басқаларды ИМ қатарына шақыруға тиіс болған». Ал оның Сириядан жазған хатын оқыған «Фонтанка» «ностальгиялық көңіл-күй» байқалады дейді. Ол өз қатарына қосылғысы келетін жолдастарына «маған «Ласточка» шоколад кәмпиті мен қарақұмық ала келіңдер» деген өтініш айтып, борщь рецептін сұрайды.

Погорелова Сирияға барып, ИМ қатарына қосылған жалғыз ресейлік емес.

Қаңтар айында танымал орыс актері Вадим Дорофеевтің ИМ сапында соғысып жүріп, қаза тапқаны жөнінде ақпарат тарады. 2014 жылдың қаңтарында Дорофеев әйелі мен екі кішкентай баласын тастап, ИМ қатарына қосылған еді.

Ресей ИМ-ге мүше болуға тыйым салады. Өткен жылдың желтоқсанында Ресей жоғарғы соты ИМ-ді «террористік ұйым» деп жариялады.

(Йоанна Паражчуктің блогын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG