Accessibility links

АҚШ дипломаты: «Ресейге сене беруге болмайды»


АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы елшісі Даниель Баэр.

АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы елшісі Даниель Баэр.

АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы елшісі Даниель Баэр бұрынғы Совет Одағы республикаларына «Ресейге тәуелді болып отырмай бермей, АҚШ-пен және Еуропа Одағымен жақынырақ араласу қажет» деп кеңес берді.

АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымындағы (ЕҚЫҰ) елшісі Даниель Баэрдің пікірінше, «Бұрынғы Совет Одағы республикалары Украинаның шығысындағы кикілжіңнен үлкен сабақ алуы керек, Ресейге тым көп сене беруге болмайды».

– Егер жалғыз досың Путин болса, онда жағдайың мүшкіл деген сөз. Меніңше, Мәскеу саяси күштерді өз қажетіне қарай манипуляция жасауды ұнататынын, сол уақытта халықтың қандай халде болатынына көп бас қатырмайтынын сан мәрте дәлелдеді. Олар халықтың үкіметке деген көзқарасы жайлы ойланбайды да, мұның орнына олар өз мақсатына жету үшін [өзге елдердің] үкіметтеріне манипуляция жасауды ғана жақсы көреді, – дейді ол Азаттыққа берген сұхбатында.

Баэрдің айтуынша, Беларусь президенті Александр Лукашенко ел президенттігіне кандидат болған оппозиция басшысы Николай Статкевичті және тағы бес саяси белсендіні қамаудан босату арқылы тек Мәскеуге сеніп отыра бермей, Еуропа Одағымен де қарым-қатынасты жақсартқысы келетінін байқатты.

– Бұл Еуропа Одағы мен АҚШ-тың біраздан бері айтып та, түрлі жолдармен ықпал ету арқылы түсіндіріп те келе жатқан «Беларусь басқа жолмен, Еуропа бағытымен жүре алады, бірақ бұл үшін түбегейлі өзгеріс керек» деген позициясының әсері ме – оны білмеймін. Бұл өзгеріс болып жатыр ма, мұның астарында бір өтініш жатыр ма - оны тек [Лукашенко] біледі, – дейді Баэр.

Дипломаттың сөзіне қарағанда, Беларусь халқы Еуропа бағытында дамығанды жөн көреді. «Қазанның 11-і күні өтетін президент сайлауы Беларусь үшін үлкен сынақ болмақ» деген АҚШ елшісі «Батыс елдері әділетсіз деп сынаған әрі заңсыздық пен нәтижелерді бұрмалау фактілері көп тіркелген алдыңғы сайлауларға қарағанда бұл жолғы шара барынша ашық әрі әділ өтеді деп үміттенетінін» айтты.

Беларусь президентінің суреті салынған сайлау жарнамасы жанынан өтіп бара жатқан әйел. Минск, 23 шілде 2015 жыл.

Беларусь президентінің суреті салынған сайлау жарнамасы жанынан өтіп бара жатқан әйел. Минск, 23 шілде 2015 жыл.

Беларусьті 21 жыл бойы басқарып келе жатқан Александр Лукашенко бұл жолғы сайлауда да оңай жеңіске жетеді деген болжам бар.

– Бұл жолы президент Лукашенко алдыңғы сайлауларда жіберген өрескел қателіктер мен заңсыздықтарға жол бермейді; баспасөзді, азаматтық қоғамды, жиындар бостандығын шектемейді деп сенемін, – дейді Баэр.

ЕҚЫҰ-дағы АҚШ елшісі «Беларусьте еркін әрі әділ сайлау өткізу үшін әлі көп демократиялық өзгерістер болуы керек» деп санайды.

«РЕСЕЙ БІТІМ ШАРТЫН БҰЗЫП КЕЛЕДІ»

Баэрдің айтуынша, «ақпанда қол қойылған атысты тоқтату туралы келісім алғаш рет шынайы жүзеге асып, Украинаның шығысында біраздан бері қақтығыс бәсеңдеген». Соның арқасында ғана ЕҚЫҰ-ның арнайы бақылау миссиясының қарусыз бақылаушылары бұрын жете алмай жүрген конфликт аймақтарын барып, жағдайды көзбен көруге мүмкіндік алды.

ЕҚЫҰ-дағы АҚШ елшісінің айтуынша, «ЕҚЫҰ бақылаушыларын Ресей сепаратистер басып алған Украинаның Донецк және Луганск аймақтарының біраз бөлігіне кіргізбей қойған».

– Сепаратистер шоғырланған аймақтың 50 пайыздай бөлігінде шектеулердің тым көп болғаны сондай, ЕҚЫҰ арнайы бақылау миссиясы өкілдерінің ол жаққа өтуге мүлде мүмкіндігі болған жоқ. Бұл өңір кімнің не істеп жатқанын болжап білуге болмайтын «қара үңгірге» айналды, – деді Дэниел Баэр.

«Ресеймен шекарадағы Украина бақылауынан шығып кеткен аймаққа арнайы бақылау миссиясы өкілдері мүлде жіберілген жоқ» деген Баэр «Минск келісімінде айтылған талаптарды айлар бойы орындамай келді» деп Ресейді айыптады.

«Атыстардың тоқтауы - қуанарлық жайт» деген ол «Украинаның шығысындағы Ресейдің озбыр агрессиясын тоқтату үшін АҚШ пен басқа да тараптар бір жылдан астам уақыт бойы еңбек етіп келеді» деді.

Оның айтуынша, 2014 жылдың қыркүйегінде Минск хаттамасына қол қойғанына қарамастан, Ресей арада өткен бір жыл ішінде бітім талаптарын «үнемі бұзып отырған».

«Киев үшін басты мақсат - қазір мықты мемлекет қалыптастырып, реформаларды жүзеге асыру. Бұлардың екеуі де оңай атқарылатын шаруа емес. Кейбірін іске асыру тіпті қиын болуы мүмкін. Бірақ соның арқасында Украина гүлденген демократиялық елге айналады» дейді Даниель Баэр.

Кишиневтегі шеру. Молдова, 13 қыркүйек 2015 жыл.

Кишиневтегі шеру. Молдова, 13 қыркүйек 2015 жыл.

Молдова астанасы Кишиневте жүріп жатқан жемқорлыққа қарсы наразылық шеруі жөнінде пікір білдірген АҚШ елшісі: «[Ондағы] халық дәл Киев тұрғындарын толғандырған себептермен шеруге шықты, осындай себептермен өткен жылдары АҚШ халқы да көтеріліске шыққан. Халық әлденеден қатты шаршағанда көшеге шығады» деді.

Өткен жылы Молдова банктерінен 1 миллиард доллардың ұшты-күйлі жоғалуы бұл кедей республика халқын ашуландырған еді. «Кишиневті Еуропа Одағы құрамына өтуге үндегендер «халықтың ақшасын ұрламайтын; сенімді, азаматтар өз қабілетін толық аша алатын қоғам құруға мүмкіндік беретіндей қызмет көрсететін; заң үстемдігі орнаған мекемелер ел басқаратын, демократиялық институттар орныққан Молдованы қалыптастырғысы келеді» дейді Баэр.

«ОРНЫ ТОЛМАС ШЫҒЫН»

Баэр «АҚШ соңғы жылдары саяси қуғын-сүргінді тым күшейтіп, оппозиция белсенділері мен журналистерді түрмеге жапқан Әзербайжанды қатты сынамайтын болды» деген пікірді жоққа шығарды.

«Халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымдары «саяси көзқарасы үшін қуғындалды» деп баға берген азаматтар – өз елінің болашағы үшін басын бәйгеге тіккен патриоттар. Олар гүлденген, күшті әрі демократиялық Әзербайжанды көксейді» деді АҚШ-тың ЕҚЫҰ-дағы елшісі.

«Әзербайжанның ресми өкілдерімен кездескенде «Бұл АҚШ-тың проблемасы емес, бұл - өздеріңіздің мәселелеріңіз. [Азаттық радиосының түрмеге жабылған тілшісі] Хадиджа Исмаилова, [саяси белсенді] Расул Жафаров, [саяси белсенді] Интигам Әлиев, ерлі-зайыпты Юнустар (саяси белсенділері Лейла Юнус пен Ариф Юнус – ред.) – бұлардың барлығы өз елдерінің кемел болашағына сенетін адамдар. Мұндай жандардың түрмеде отыруы – орны толмас шығын» деп ескертеміз» дейді елші.

Баэр Азаттықтың штаттан тыс тілшісі Сапармамед Непескулиевті шілденің 7-сінде тұтқындаған, Түркімен редакциясының тағы бірнеше тілшісін қорқыту, ескерту, тергеу арқылы жұмыстарын тоқтатуға мәжбүрлеп жатқан Түркіменстан үкіметі әрекеттерін сынады.

– Түркіменстан – ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекет. ЕҚЫҰ-ның мүшесі ретінде бұл елдің соттарды әділ әрі ашық жүргізу, қамаудағыларға дұрыс қарау, баспасөз бостандығын қорғау сияқты міндеттемелері бар. Қай жерде де тәуелсіз журналиске шабуыл тек АҚШ-ты емес, ЕҚЫҰ-ға мүше көптеген мемлекеттерді алаңдатады, – деді АҚШ елшісі.

Азаттықтың Түркімен қызметі тілшісі Сапармамед Непескулиев.

Азаттықтың Түркімен қызметі тілшісі Сапармамед Непескулиев.

Каспий теңізі жағалауындағы Аваза қаласында әлде соның маңайында тұтқынға алынғалы бері Непескулиевті ешкіммен тілдестірмей, қамауда ұстап отыр. Журналистің анасының айтуынша, оған есірткіге қатысты айып тағылған. Кейбір дереккөздер оның үш жылға бас бостандығынан айырылғанын айтады.

Түркіменстанның құзырлы органдары Непескулиевті осының алдында да бірнеше мәрте тұтқындап, оған «журналистік кәсібіңді тоқтат» деп ескерту жасаған.

Биыл Варшава қаласында өткен ЕҚЫҰ-ның жыл сайынғы саммитінде адам құқықтары мәселесі талқыланған еді. Түркіменстан осы жиынға қатысудан бас тартты. «Түркіменстан өкілдері осы басқосуға келіп, басқалармен араласып, олардың [адам құқықтары мәселелері жөніндегі] пікірлерін тыңдауы керек еді» дейді Баэр.

ЕҚЫҰ-ның және бір мүшесі – Қырғызстан туралы әңгіме қозғаған АҚШ елшісі бұл елдің де Ресейдің дәстүрін жалғап, азаматтық қоғам дамуын шектейтін заңдар қабылдап жатқанына өкініш білдірді. Мәселен, жақында қырғыз парламенті кейбір үкіметтік емес ұйымдарға «шетел агенті» деп айдар тағуға, «гомосексуализмді насихаттады» деп айыптауға мүмкіндік беретін заңдар қабылдаған.

– Орталық Азияны күшейтуге Қырғызстанның қосар үлесі зор, сондықтан олар дұрыс жолды таңдап, демократиялық институттарды қалыптастырып, негізгі еркіндіктерді шектемей, олардың қорғалуына мүмкіндік жасаса, бұл Қырғызстанның болашағы үшін үлкен жетістік болар еді, біз де осыған септесе беретін боламыз, – дейді Баэр.

Пит Баумгартнердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG