Accessibility links

Қуат нарығындағы өзгерістер - Ресейге уайым


Ресей президенті Владимир Путин мұнай құбырының ашылу салтанатында. Владивосток, 8 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей президенті Владимир Путин мұнай құбырының ашылу салтанатында. Владивосток, 8 қыркүйек 2011 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресейдің мұнайы мен газын алатын Еуропа шикізат терминалын ашты. Ал Қытай Орталық Азия елдерімен энергетикалық келісім-шарттар жасасып, АҚШ мұнай өндіруге көшті.

Ғаламдық қуат көздері саласындағы жылдам өзгеріп жатқан ахуал Мәскеудің әлемдік нарықтағы аясын тарылтып келеді.

АҚШ ең ірі мұнай-газ өндіруші елге айналып, Ресейді екінші орынға ығыстырмақ.

Келер жылы Еуропада (Польшаның Свиноуйсьце портында) сұйытылған табиғи газды тасымалдайтын жаңа терминал ашылмақ.

Ресейден көмірсутегі шикізатын алатын екінші ірі нарық Қытай - Орталық Азиядағы Түркіменстан, Өзбекстан, Қазақстан сияқты энергетика шикізатын өндіруші елдермен, маңызды транзиттік өткел есебіндегі Қырғызстанмен энергетикалық келісім-шарттарға қол қойды. Қытай төрағасы Си Цзиньпин бұл шарттарға қол қою үшін қыркүйек айында Орталық Азия елдерін бір апта аралаған еді.

ҚЫСЫМ - ҚОС БҮЙІРДЕН

Осы екі өзгеріс бір кездері Ресей ықпалында болған шикізат тасымалы желісіне тәуелділік азаятынын, ол елдің экономикалық және геосаяси әл-ауқаты кеми түсетінін білдіреді.

Ресей Каспий аймағында энергия ресурстарын өндіретін, бірақ үлкен нарыққа шығатын жолы жоқ елдерге «Газпром» және «Роснефть» компаниялары арқылы "Газпромның" 2015 жылы құрылысын бітіруді жоспарлаған "Оңтүстік ағыс" газ құбыры жобасы.

"Газпромның" 2015 жылы құрылысын бітіруді жоспарлаған "Оңтүстік ағыс" газ құбыры жобасы.

ықпалын жүргізіп келді. Бұл екі компания Еуропадағы тұтынушыларға да талап қоя алатын. Енді Еуропа газ тасымалдайтын жаңа терминал ашып, Қытай Орталық Азия елдерімен келісім жасасып жатқан тұста Ресейдің ықпалы азайды.

Вашингтондағы Вудро Вильсон орталығының Еуропадағы энергетикалық қауіпсіздік жөніндегі сарапшысы Александрос Петерсен «Ресейге қатысты көп өзгерістер болып жатыр» дейді.

- Ғаламдық энергетика саласында қазір болып жатқан өзгерістер алдағы 10-20 жылда әлемдік нарықта мүлде басқаша жағдай қалыптастырады. Ол осыдан 10-20 жыл бұрынғы кездегіден мүлде өзгеше жағдай болады, - деп болжайды сарапшы.

Бірақ Ресей әлемде қуат шикізаттарын өндіретін ірі елдің бірі болып қала береді. Бұл ел ең ірі мұнай өндіруші ретінде Сауд Арабиясымен бәсекелесіп келеді. Ресейде әлемдегі ең үлкен табиғи газ қоры бар. Ресей Еуропаның табиғи газға деген сұранысының 30 пайызға жуығын өтеп отыр.

Алайда Ресейдің әлемдік бәсекеде жетекші орнынан айырылатын сыңайы байқалады. Лондондағы Chatham House орталығының Ресей және Еуразия бағдарламалары бойынша зерттеушісі Джон Лоф:

- Кезінде Батыс Сібірге Совет Одағы көп инвестиция салды. Соңғы 20 жыл бойы Ресей осы инвестиция есебінен өмір сүріп келді. Сол ресурстарды арзан жолмен пайдалану заманы өтіп барады, - дейді.

АҚШ энергетика министрлігі осы айдың басында таратқан хабарға қарағанда, АҚШ-тың теңіздегі мұнай ұңғылары. 23 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

АҚШ-тың теңіздегі мұнай ұңғылары. 23 шілде 2010 жыл. (Көрнекі сурет)

жыл соңына қарай ол ел әлемдегі ең ірі мұнай-газ өндірушіге айналып, 2013 жылы Ресейді екінші орынға ығыстырмақ.

АҚШ соңғы жылдары қатпарлы тастар жынысынан мұнай-газ өндірудің жоғары технологияларын тауып, шикізат өндірісіне баса назар аудара бастады. АҚШ-та табиғи газды импорттау көлемі - 30 пайызға, ал мұнай импорттау 15 пайызға төмендеген еді. Осының есебінен Еуропаға шикізат сату бойынша Ресей алға шыққан.

Табиғи газды танкермен, теміржолмен тасымалдауға мүмкіндік беретін жаңа технологияның дамуы Ресейдің Совет заманынан қалған құбыр жүйесіне тәуелділікті азайтып келеді. Бұған қоса Әзербайжан Еуропадағы тұтынушылармен тікелей байланыс орнатып, қуат көздерін әлемдік нарыққа шығара бастады. Бұл ел де Ресейге тәуелділіктен құтылды.

«ҚЫТАЙ РЕСЕЙДЕН ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ТАРТЫП АЛДЫ»

Ал құрлықтың екінші шетінде тағы бір үлкен тұтынушы – Қытай отыр. Бірақ бұл елдің ресурстары мен технологиясы өз тасымал жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Пекиннің Мәскеумен арадағы ірі келісімдері Ресейдің Шығыс Сібір, Қиыр Шығыс және Арктика аймақтарындағы шикізат өндірісін дамытуға септігін тигізеді. Джон Қытай төрағасы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев газ құбырын ашу келісімі салтанатында. Астана, 7 қыркүйек 2013 жыл.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев газ құбырын ашу келісімі салтанатында. Астана, 7 қыркүйек 2013 жыл.

Лофтың айтуынша, «Қытай Ресейді қосымша қуат көзі ретінде ғана пайдаланады».

- Қытайдың Орталық Азияны Ресейден «тартып алғаны» даусыз. Жедел қимылдың арқасында бұл ел Орталық Азия мемлекеттерімен байланысты нығайтып, инфрақұрылымын жасақтап алды, - дейді Лоф.

Бұл өзгерістер Ресейге қазірдің өзінде әсер ете бастады, себебі энергетика секторы бұл елдің жалпы ішкі өнімінің 30 пайызын, ал бюджет түсімінің тең жартысын құрайды. 2012 жылы «Газпромның» табысы 15 пайызға төмендеп, Еуропаға экспорт көлемі 8 пайызға кеміген.

Осы жылдың екінші тоқсанында Ресейдің жалпы экономикалық өсімі үкімет жоспарлаған 1,9 пайыздық межеден төмендеп, 1,2 пайыз ғана болды. Есесіне, үкімет шығындары көбейді. 2005 жылы үкімет "мұнай бағасы барреліне 55 доллар болған жағдайда бюджет толады" деп жоспарлайтын. Бұрынғы қаржы министрі Алексей Кудриннің айуынша, «қазір бюджет толуы үшін баға 117 доллар болуы тиіс». Бірақ бұл күнде баға 100 доллардың маңайынан аспай тұр.

«РЕСЕЙГЕ ГЕОСАЯСАТТЫҢ ДА ЗИЯНЫ ТИДІ»

Бірақ бұл мәліметтер Ресейдің жағдайы мүшкіл дегенді білдірмейді. 1980 жылдардағы ғаламдық энергетика нарығындағы өзгерістердің Совет Одағының күйреуіне әсер еткенін ескерсек, Ресей мұндай қиындыққа бұрын да душар болған.

Бұл жерде Қытайдың, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қуат көздеріне деген тәуелділігінің артып келе жатқанын ұмытпау керек. Егер олардың шикізатқа сұранысын Ресей тиімді пайдалана алса, бұл тарап табысты нарыққа айналғалы тұр.

Сарапшылардың көбі Ресейдің «Газпром» компаниясын көршілеріне қарсы геосаяси қару ретінде пайдаланып отырғанын айтады. Мамандар «Ресейдің Сібірдегі газ ұңғымасы. Ресей, 23 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

Сібірдегі газ ұңғымасы. Ресей, 23 қазан 2012 жыл. (Көрнекі сурет)

геосаяси ойындары экономикасына шығын келтіріп отыр» дейді. Мәселен, Мәскеу Молдовадағы Приднестровье сепаратистік аймағын қолдап келеді. Аймақтың соңғы 20 жылдағы «Газпромға» қарызы 3 миллиард долларға жеткен.

Сарапшы Петерсеннің айтуынша, «Кремль геосаяси «дәстүрден» арылып, энергетика секторына бизнес тұрғысынан қарауды үйренуі керек».

- Егер Кремль «Газпромды» коммерциялық мекеме ретінде көргісі келсе және оның табыс тапқанын қаласа, онда оны мемлекет қарамағындағы «Роснефть» сияқты ірі компаниялармен бәсекеге түсіруі керек. Сол кезде ел аумағындағы тозығы жеткен табиғи газ жүйесі жөнделіп, экспорт тиімді болады, - дейді Петерсен.
«Газпром» коррупция пен ысырапшылдық кесірінен жыл сайын 40 миллиард доллар, яғни жалпы табысының 40 пайызын жоғалтып отыр.

Бұған дейін Ресей ішкі газ өндірісін субсидиялау мен жемқорлықтың кесірінен «Газпром» арқылы тиімсіз жобаларға ұрынып, талай қаржыдан айрылған. 2012 жылы әлемдегі 105 ірі компанияның рейтингін жасаған Transparency International халықаралық ұйымы «Газпромды» «ең жабық әрі жемқорлыққа батқан компания» деп атады. Коррупцияға қарсы тиімді шаралар жасау бойынша «0» деген баға алған жалғыз компания осы «Газпром» болған.

Вашингтондағы халықаралық экономика институты маманының есептеуі бойынша, «Газпром» коррупция пен ысырапшылдық кесірінен жыл сайын 40 миллиард доллар, яғни жалпы табысының 40 пайызын жоғалтып отыр».

«РЕСЕЙГЕ ИНВЕСТИЦИЯ МЕН БІЛІКТІЛІК ҚАЖЕТ»

Егер Ресей энергия шикізаты экспортын Азия нарығына бейімдеп, Шығыс Сібір, Қиыр Шығыс және Арктика аймақтарындағы өндірісін дамытса және газ өндіру ісінде жаңа технологияларды дамыта алса, қазіргі олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндігі бар.

Джон Лофтың айтуынша, Мәскеу шетел инвестициясы мен тәжірибесін пайдалануға тырысуы керек.

- Жаңа аймақтардағы ресурстарды игеру өте қиын. Көбіне ондай жерлерде инфрақұрылым болмайды. Жаңа аймақтарда өнім өндіру Батыс Сібірдегіден технологиялық тұрғыда анағұрлым күрделі болмақ. Сондықтан Ресей озық халықаралық тәжірибені пайдалану үшін шетел көмегіне мұқтаж, - дейді ол.

Құбылып тұрған энергетикалық нарықта бәсекеге төтеп беру үшін Ресей билігі ұтымды саяси шешімдер қабылдауы керек. Ең алдымен Кремль Совет Одағы тарағалы бері қалыптасқан «коррупциялық капитализмнен» арылып, халықаралық қағидаларға бет бұруы қажет.

Бұлай етпеген жағдайда Кремльдің Солтүстік Кавказдағы кедей әрі тұрақсыз аймақтарды қаржыландыру мүмкіндігі азайып, елдің қорғаныс жүйесі нашарлауы мүмкін. Одан бөлек, халық талғажау етіп отырған әлеуметтік қорғау саласын да қаржыландыру қиындайды.

Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG