Accessibility links

Ресей постсоветтік елдерге СССР-ді елестетті


Алматыдағы Ресей консулдығы алдындағы наразылық акциясы. 3 наурыз 2014 жыл.

Алматыдағы Ресей консулдығы алдындағы наразылық акциясы. 3 наурыз 2014 жыл.

Балтық жағалауындағы және Орталық Азиядағы постсоветтік елдер, Орталық және Шығыс Еуропаның бұрынғы коммунистік мемлекеттері Ресейдің Қырымдағы әрекеттеріне сақтана қарайды.

Ресейдің Қырымға басып кіруі тарихтағы жағымсыз сәттерді Кремльдің бұрынғы одақтастарының есіне қайта түсірді.

БАЛТЫҚ ЕЛДЕРІ МЕН ШЫҒЫС ЕУРОПА

Шығыс Еуропадағы Варшава келісімінде Мәскеумен бірге болған мемлекеттер және бұрынғы совет елдері Ресейдің Украинаға қарасты Қырым түбегінде әскери қуатын көрсетіп, айбат шегуіне алаңдады.

Постсоветтік елдердің ішінде Литва, Латвия және Эстония Еуропа Одағы мен НАТО құрамына қабылданған. Осы үш мемлекет дағдарыс басталғалы Ресейді ашық сынап келеді.

Украина шерушілеріне қолдау білдіріп тұрған Латвия азаматы. Рига, 24 қаңтар 2014 жыл.

Украина шерушілеріне қолдау білдіріп тұрған Латвия азаматы. Рига, 24 қаңтар 2014 жыл.

Олар Польшаны қолдап, НАТО келісім-шартындағы 4-бапқа жүгінді. Онда «Одаққа мүше елдердің біреуінің саяси тәуелсіздігіне, қауіпсіздігі мен аумақтық тұтастығына қауіп төнсе, мүше мемлекеттер НАТО-ның шұғыл кеңесін шақыруға құқылы» екені айтылады. НАТО Қырымдағы жағдайға байланысты төрт рет шұғыл жиын өткізіп үлгерді.

Польша, Чехия, Словакия мен Венгрияның премьер-министрлері Ресейдің Украинадағы әрекетін көргенде «есеңгіреп» қалғандарын айтты. Олар наурыздың 4-і күні бірлескен мәлімдеме жасап, Ресейдің әскери басқыншылығы «1956, 1968 және 1981 жылдардағы өз тағдырларын еске түсіргенін» мәлімдеді.

Сөйтіп олар Венгрия мен Чехословакияға жасалған совет басқыншылығы мен коммунистік Польшаға СССР-дің әскери тәртіп енгізгенін еске алды.

Чехияның қорғаныс министрі Мартин Стропницки осы аптада «Ресейдің «Атомстройэкспорт» компаниясы Чехиядағы Темелин атом электр станциясын салу үшін жарияланған 10 миллиард долларлық тендерге қатыса алмайды» деп мәлімдеді. Ол «Ресей өз әрекетімен демократиялық елдер қатарынан шықты. Ол мүддесін рұқсат етілмейтін, қолдануға тиіс емес әдістер арқылы қорғауға көшті» деді. Алайда Чехияның премьер-министрі Богуслав Соботка сол күні-ақ Стропницкидің пікірін жуып-шайып, Ресеймен қатынастардың маңызды екенін айтуға кірісті.

Молдованың премьер-министрі Юриэ Лянке «Ресейдің Қырымдағы әрекеті 1992 жылғы сепаратистік шиеленісті еске салғанын» айтты. Сол кезде Ресей Молдовадан бөлінген аймақ - Приднестровьеге қолдау көрсеткен еді. Лянке 3 наурыз күні Вашингтондағы Атлант кеңесінде «Басқалар қатты жауап айтып, бетін қайтаруға тырыспаса, Путин өз саясатын дұрыс деп ойлап, ары қарай ол әрекеттерін дамыта түсуі мүмкін» деп мәлімдеді.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ

Орталық Азия елдері ішінен Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі сайтына «Украинадағы оқиғалардың елдің аумақтық тұтастығы мен егемендігіне қауіп төндіретіні» туралы ақпарат ілді. Онда «бұл оқиғалардың Өзбекстанды да қатты алаңдатып отырғаны» айтылған.

Беларусь, Ресей, Қазақстан президенттері Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес жиынында отыр. Мәскеу, 5 наурыз 2014 жыл.

Беларусь, Ресей, Қазақстан президенттері Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңес жиынында отыр. Мәскеу, 5 наурыз 2014 жыл.

Бұрынғы советтік елдердің бәрі наразылығын «айғайлап айтты» деуге келмейді. Армения өткен аптада Ресей, Беларусь және Қазақстан мүше болып отырған Кеден Одағына кіретінін хабарлады.

Наурыздың 5-і күні Мәскеуде Ресей, Беларусь және Қазақстан президенттері экономикалық интеграциялық процестерді дамыту мәселелерін кеңесті.

Бірақ Қазақстанда бір топ белсенді Ресейдің Украинаға қарсы әрекетіне наразылықтарын білдіріп Ресей консулдығына хат тапсырды.

Қырғызстанда да сәрсенбі күні белсенділер парламенттің алдында Ресейдің Қырымға әскери шабуылына қарсы акция өткізді. Олар «Қырғызстан билігі Ресейден Украинаның егемендігіне қол сұқпауды талап етсін» дейді.

(Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG