Accessibility links

Ресейлік оппозиционер анасын жерлеуге бара алмады


Болотной алаңындағы оқиғаға байланысты қамалған Михаил Косенко. Мәскеу, 6 қыркүйек 2012 жыл.
Болотной алаңындағы оқиғаға байланысты қамалған Михаил Косенко. Мәскеу, 6 қыркүйек 2012 жыл.

Тергеліп жатқан тұтқын Михаил Косенконы анасын жерлеп қайтуға жібермеген Мәскеу соты шешімі жұртшылықтың ашуын туғызды.

Қыркүйектің 9-ында Мәскеу соты Михаил Косенконың «анамды жерлеуге қатысайын» деген өтінішін қабылдамай тастады. Бұл оқиға «Болотный ісіне» (айыптыларды ұстаған Мәскеудегі алаңның есімімен аталған) қатысты ашу-ызаны ушықтыра түсті.

«ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЕРЕЖЕНІ БҰЗДЫ»

Бір жылдан астам алдын-ала қамау орнында жатқан, психикалық сырқаты бар Михаил Косенко да басқа 26 адам сияқты күдікке ілінген. Олар «2012 жылдың мамыр айында үкіметке қарсы шеру өткізіп, полиция қызметкерлеріне шабуылдаған және «бұқаралық тәртіпсіздік» жасауға үгіттеген» деп айыпталды. Қамаудағылардың кейбірі айыпты деп танылса, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Ресейде тергеу изоляторында жатқан адамдардың жерлеуге қатысуға құқы жоқ, бірақ Косенко апелляцияға шағымданып, соңғы сәтке дейін анасымен қоштасуға (анасы 10 қыркүйек жерленді) рұқсат етер деп үміттенді.

Оның қорғаушысы Валерий Шухардин Ресей заңы тұтқынның дүние салған туысымен қоштасуға мүмкіндік бермей, халықаралық ережені бұзғанын айтады.

– Сотталған және жазасын өтеп жатқан адамдар ғана туысымен қоштасуға қақылы. Біздің заңымыз қылмыскерлерге рұқсат береді, ал алдын ала қамауда жатқан жазықсыз жандарға рұқсат етпейді. Бұл тұрғыдан келгенде біздің заң айыпталушының жеке өмірге қатысты құқығын бұзады – ол адам құқығын қорғау мен негізгі еркіндік туралы конвенцияның 8-бабында көрсетілген, – дейді заңгер.

АЙЫП

«Болотный ісі» халықаралық қауымдастықтың ашу-ызасын туғызып, өткен жылы қайтадан президент болып сайланған Владимир Путиннің саяси тұрғыда басқаша ойлайтындарды аяусыз басып-жаншитынын әшкерелей түсті.

2012 жылдың 6 мамырында Владимир Путиннің тағы да ел басқаруына қарсы
Михаил Косенкоға қолдау көрсетушілер шарасы.
Михаил Косенкоға қолдау көрсетушілер шарасы.
шығып, Болотный алаңында шеру өткізген адамдардың 400-ге жуығы ұсталды.

Солардың бірі Михаил Косенконың жағдайы ерекше көңіл аударуға тұрарлық. Әскери қызметін өтеу кезінде психикалық дертке шалдыққан 38 жастағы Косенко қазір тергеу изоляторының психиатрия бөлімінде жатыр. Тұтқындалғанға дейін 10 жыл бойы емханадан сәтті ем қабылдап жүргеніне қарамастан, прокуратура оны күштеп психиатриялық ауруханаға жатқызды.

Қорғаушы Валерий Шухардиннің айтуынша, Михаил Косенко қамауда қажетті медициналық көмек алып жатқан жоқ. Түрмедегі өмір оның денсаулығына айтарлықтай зиянын тигізген.

– Мүгедек адам болғандықтан ол басқаларға қарағанда көбірек қиналады. Түрмедегі өмір денсаулығына оң әсер етпейді, – дейді адвокат.

Қорғаушы «Михаил Косенко полиция қызметкеріне қол жұмсаған» деген айыпты үзілді-кесілді жоққа шығарады, оның үстіне полиция офицері де Косенконы танымаған. Михаил Косенконың «полицияға соқтыққаны туралы» кадрлерде оның бір топ адамның арасында тұрғаны көрсетілген.


Михаил Косенконың анасы Нина белгісіз сырқаттан көз жұмар алдында ұлын босатуды өтініп, бейне баян жариялаған.

– Оны ойлағанда көз жасымды тыя алмай жылай беремін. Қазір де өз-өзіме ие бола алар емеспін. Уайымдап, үйге келсе екен деп жатырмын, – деген еді тұтқынның анасы.

Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG