Accessibility links

Ресей ұшағын атудың соңы не болмақ?


Ресей консулдығы алдына жиылған Түркияның наразы азаматтары. Стамбул, 24 қараша 2015 жыл.

Ресей консулдығы алдына жиылған Түркияның наразы азаматтары. Стамбул, 24 қараша 2015 жыл.

Түркия қорғаныс күштері Сириямен шекарада Ресейдің әскери ұшағын атып құлатты. Бұл оқиғаның халықаралық саясатқа қандай әсері болуы мүмкін?

Қарашаның 24-і күні Түркия әуе қорғанысы күштерінің әскери ұшағы «әуе кеңістігімізге кіріп кетті» деп, Ресейдің СУ-24 ұшағын атып құлатты. Бұл оқиғадан кейін түрік президенті Режеп Тайып Ердоған «Ресей ұшағының Түркияның Сириямен шекарасын бұзып кіргенін, бірақ өз елінің ұшақ ату оқиғасына қатысы Ресеймен қарым-қатынасын ушықтырғысы келмейтінін айтты. Ұшақтан парашютпен секіріп түскен ұшқыштардың бірін «Сириядағы көтерілісшілер атып өлтіргені» хабарланды. Ресей президенті Владимир Путин бұл оқиғаны «ту сыртымыздан берілген соққы» деп атады.

Бұл оқиғаның маңыздылығын түсініп, оның әрі қарай қалай өрбитінін болжау мақсатында әлемнің ең озық әскери сарапшыларын сөзге тартқан едік.

ҰШАҚ АТУ САЛДАРЫ

Дмитрий Горенбург, Гарвард университетінің Ресей және Еуразия мәселелері жөніндегі Дэвис орталығы:

- Бұл оқиға Ресейдің жолаушылар ұшағы құлатылғаннан және Париждегі шабуылдардан көп өтпестен болып отыр. Содан бері «Ислам мемлекеті» (ИМ) содырлар тобына қарсы альянс құру жайы көп талқыланған еді. Бұл елдердің барлығы бірлесіп жұмыс істеуі тиіс болған, бұл іске қатысы бар елдердің мүдделері әркелкі болғандықтан, енді мұны жүзеге асыру оңай болмайды.

Эдуард Лукас, The Economist журналының аға редакторы әрі Варшава мен Вашингтондағы Еуропа саясатын зерттеу орталығының вице-президенті:

- Бүгінге дейін теңізден атылған зымырандар, Ресей ұшақтарының видеолары Ресей телеарналарынан ерекше салтанатты оқиға сияқты әспеттеліп жатқан еді. Бүгін оның нағыз соғыс екені және Ресейдің өз ұшақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ете алмайтыны аян болды. Бұл біз күтіп отырған оқиға болатын. Дау болып отырған әуе кеңістігінде Францияның, Американың, Ресейдің және Сирияның ұшақтары ұшып жүр, конфликтіні бәсеңдету жайын бәрі көтеріп жатқанымен, дәл қазір оны жүзеге асыру қиынның қиыны.

Александр Кларксон, Лондон король колледжінің оқытушысы:

- Түркия Ресейдің Сирияда істеп жатқандарын ешқашан жақтырған емес. Путин мұны АҚШ-пен арадағы кикілжің деп қабылдағанымен, оның мәні тереңде жатыр. Түркия өз әуе кеңістігіне орыстардың кіргеніне төзбейтінін қайта-қайта ескертіп келеді, сөйтіп бір кезде Ердоған қолын сермеп: «Біз өз мүддемізді табандылықпен қорғайтынымызды мықтап тұрып ескертуіміз керек» деген сияқты.

Түркия қорғаныс күштері Түркия-Сирия шекарасында атып түсірген Ресей ұшағының құлаған видеосынан алынған скриншот.

Түркия қорғаныс күштері Түркия-Сирия шекарасында атып түсірген Ресей ұшағының құлаған видеосынан алынған скриншот.

Марк Галеотти, Нью-Йорк университетінің ғаламдық мәселелер орталығы профессоры:

- Ең алдымен айтарым: бұл – үшінші жаһан соғысының басы емес. Путиннің сөзінен байқағаным, ол жай реніш білдірген жоқ, шарасына сыймай отырды. Ресей мен Түркия арасындағы кикілжің біраздан бері қоздап жатқан. Ресей барлаушыларының Түркияның қалаларында жалданып кісі өлтіріп жүргені айтылды. Олар кей кездері тіпті Батыс Еуропа елдерінен гөрі түріктерге көбірек тізе батырып жүрген.

Кайл Фрис, Ресей әскері жөніндегі эксперт (АҚШ)

- Дұрыс реттемесе, мұның біраз салдары болуы мүмкін. Украина дағдарысы кезінде Түркия мен Ресейдің арасы біршама жақындаған. Ресейдің Еуропа Одағымен араздығынан келетін зиянның орнын жабуы мүмкін Түркия Мәскеу газының ең үлкен нарығына айналған. Менің білуімше, қазір Түркияға сырттан келетін газдың 60 пайызы Ресейдікі. Олар мұны тоқтата ма? Тоқтата қоймас, оның үстіне «Газпром» Еуропадан тартқан шығындарынан әлі еңсесін тіктей алмай жатыр. Ресей мен Түркияның осы күнге дейін әуе кеңістігіне қатысты келісім жасаспағанына таңым бар, оның үстіне Ресей мен АҚШ мұндай жағдайларды болдырмау мақсатында тығыз ынтымақтасып отыр.

Густав Грессель, Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі сарапшысы:

- [Ресейдің] Қырымға басып кіруі Ердоғанға ауыр соққы болды, оның үстіне Ресейдің татарларды кемсітуі де оған қатты тиді. Ресейдің Түркиядан рұқсат алмастан, Сирияны әуеден шабуылдауы оның шыдамын тауысты. Менің ойымша, Ердоған мұны өзін кемсіту деп түсінді. Әсіресе, әуе кеңістігі ережелерін алғаш бұзған кезден Түркия Ресейге қатты шүйліге бастады. Меніңше, Ердоған Түркияның мықты екенін, оны екінші сорттағы ел ретінде қарастыруға болмайтынын байқатқысы келген сияқты. Менің ойымша, мұнда әңгіме Ресейдің әуе кеңістігіне кіруі жайлы емес, [Ердоғанның] беделі мен абыройы жайында болып отыр.

Алекс Кокчаров, IHS сарапшысы

- Сирия кикілжіңіндегі негізгі түйткіл – соғыс басталғалы оның басты демеушілері оған араласпай келген. Негізгі ұрыс жергілікті «өкілдері» арасында жүріп жатқан. Қазір конфликтіге әскери жолмен араласып жатқан демеушілердің арасы жақындап келеді. Ресей Сириядағы әскери операцияларға тек әуе күштеріміз қатысып жатыр дегенімен, Сирия жерінде оның жаяу әскерінің жүргені туралы да көп айтылды.

ПУТИН ЕНДІ НЕ ІСТЕЙДІ?

Дмитрий Горенбург:

- Ердоғанның тұрғысынан қарасақ, ол өз шекарасын қорғады, мұнда оның есебі түгел. Ендігі мәселе: өз елінде беделі түсіп қалмас үшін Путин қандай амал жасамақ?

Александр Кларксон:

- Ресейліктер жақсы шоу көрсетіп жатқанымен, олардың Сирияда нағыз операция өткізерліктей техникалық мүмкіндігі де, байланыстары да, күш-қуаты да жоқ. Олар аңдаусыз тәуекелге барып, Түркия әуе кеңістігін бұзды, олар содырларға және жалпы аймаққа қатысты «ойыма не келсе, соны істеймін» деген неоколониалдық көзқараста болған сияқты. Украинадағыдай ол [қарсыласының] қуат-күшін дұрыс бағаламай қалды.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның кездесуі. Мәскеу, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның кездесуі. Мәскеу, 23 қыркүйек 2015 жыл.

Марк Галеотти:

- Егер түріктер кешірім сұрамаса, онда Түркия мен Ресейдің арасындағы текетірес ушығады. Ресей экстремистік күрд қозғалыстарына қолдау білдіруі мүмкін. Қарсыласының қас жауына көмектесу – Ресейдің классикалық әдісі.

Юрий Бармин, Ресей халықаралық қатынастар кеңесінде Таяу Шығыс жөніндегі сарапшы:

- Жасаған мәлімдемесіне қарасақ, Путин халықаралық деңгейде болмаса да, екіжақты қарым-қатынасты «құрбан» етіп, бұл трагедия үшін Түркияның сазайын беруге бекініп отыр. Түркия мен Ресей қаржы және өнеркәсіп саласында жақсы қарым-қатынас орнатқан, ең көп жапа шегетін де осы сала болмақ. Бір жыл бойы талқыланып келе жатқан газ құбырын тарту жобасы да тоқтап қалады. Ресейде Түркияға баратын ұшақтарды тоқтату туралы айтып жатыр, бұл елдің туризм саласына үлкен соққы болмақ, себебі Түркияға баратын туристердің 30 пайызы – ресейліктер.

Анна Борщевская, Вашингтон институты:

- Екі тарап та ашық әскери қақтығысты қалап отырған жоқ. Ресейліктер НАТО-ның қалай жақсы жұмыс істейтінін біледі, олар мұны жылдар бойы байқап келеді. Ресейліктер, сондай-ақ НАТО мүшелерінің әуе кеңістігін де «сынап» көрген, бәлкім олар түріктерден мұндай қатаң жауап күтпеген болар. Меніңше, Путин бұл жағдайды өзінің ел ішіндегі имиджін жақсарту үшін пайдаланып қалуға тырысады.

НАТО-РЕСЕЙ АРАСЫ НЕ БОЛАДЫ?

Дмитрий Горенбург:

- Меніңше, НАТО-ға мүше елдердің астаналарында қазір қандай жауап беру керектігін талқылап жатыр, жағдайдың әрі қарай қалай өрбитінін алдағы 48 сағаттың ішінде білетін боламыз. Көп мәлімдемелер жасалады, бәлкім экономика саласында кек алатын болар, мүмкін Ресейдің базасына жақын барған түрік ұшағын атып құлату сияқты жауаптар болуы ықтимал. Бұдан кейін жағдайдың қалай өрбитінін бір ғана оқиғаға қарап анықтауға болады.

Мэтью Рожански, Кеннан институты, Вудро Вильсон ғалымдар орталығы:

- Нақты бірдеңе деуге тым ерте, бірақ, болған жайттар тұрғысынан қарар болсақ, заманауи тарихта алғаш рет НАТО мүшесі Ресейдің әскери ұшағына тікелей оқ атып, оны құлатты. Бұл – бұрын-соңды болмаған дағдарыс. Бұл НАТО мен Ресей арасындағы араздыққа ұласа қоймаса да, Ресей мен Түркия арасындағы айлар, тіпті жылдар бойы жатқан кикілжіңнің ушығуы болды. Ресей мен Түркияның Сириядағы мүдделері бір-бірімен қабыспайтыны белгілі, екі жақтың басшылары да бұған үлкен саяси капитал жұмсады, сондықтан, одан оңайлықпен бас тарта алмайды. Меніңше, «бұл оқиға – НАТО-ның ісі, Америка өзара координацияға тосқауыл қоюға тырысты» деген сияқты түсіндірмелер болуы мүмкін.

Марк Галеотти:

- Немістер өзгермейді, себебі олар Ресейдің Сириядағы жағдайды реттейтін тарап болғанын қалайды. Ең негізгі сұрақ: НАТО-ның ең басты ойыншысы, Түркияның ең жақын одақтасы АҚШ не істемек? Бір жағынан, Сирияға ең ықпалды күш те, онда көп нәрсесін жоғалтатын да – АҚШ.

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг: "Біз айқын түрде мәлімдедік, Түркиямен біргеміз және одақтасымыздың аймақтық тұтастығының сақталуын қолдаймыз".

НАТО бас хатшысы Йенс Столтенберг: "Біз айқын түрде мәлімдедік, Түркиямен біргеміз және одақтасымыздың аймақтық тұтастығының сақталуын қолдаймыз".

Кайл Фрис:

- Кремльдің реакциясына байланысты бұл НАТО үшін өте күрделі сценарийге ұласуы ықтимал. Алайда, Ресейде экономикалық ахуал нашар болғандықтан, айтарлықтай ештеңе өзгере қоймас. Меніңше, Франция Түркияға ренжиді, ал Германия абайлап медиатор болуға тырысады (дегенмен Путинге көбірек жақтасатын шығар, себебі Меркель мен Ердоғанның арасы онша емес), ал Ұлыбритания мен АҚШ мүмкіндігінше араласпауға тырысады.

Юрий Бармин:

- НАТО мен Ресейдің арасы онсыз да өте нашар, бұдан әрі ушыға қоятындай емес. Дегенмен, бұл – шынымен өте күрделі мәселе. Путин Түркиядан басқа ешбір елді ИМ содырларының сыбайласы» деп атаған емес.

Густав Грессель:

- НАТО-ның басқа мүшелері қалай жауап береді, соған қарауымыз керек. Түркия Сирияға және ИМ-ге қатысты екіжақты саясат ұстанып келеді, бұл оның НАТО-дағы одақтастарына көп проблема тудырып отыр. Түркия – ИМ-нің заңсыз мұнайын ең көп тұтынатын ел, оның үстіне Түркия әлі де Еуропадан ИМ жағында соғысуға аттанып жатқан содырлардың негізгі өткелі саналады. Түріктердің бұл екеуіне тосқауыл қою әрекеті жартыкеш болып отыр. Оның үстіне олардың кейбір исламшыл топтарды күрд жасақтарына қарсы пайдалануы [Батыстың] Анкараға деген сеніміне селкеу түсіреді. Демек, Ердоған Батыстан толық қолдау таппайды. Ресей Батысқа қарсы саясат ұстанды деп, Батыс Түркияның әрекеттерін көзсіз мақұлдай қоймайды.

«ЕКІ БАСШЫ ДА ОҢЫП ТҰРҒАН ЖОҚ»

Александр Кларксон:

- НАТО мен Германия тез арада жағдайды реттеуге, бейбіт арнаға түсіруге тырысады. Түріктер де соны қалайды. Бірақ Ресейдің істеп жатқаны ақылға сыймайды, себебі Түркия Сириядағы ахуалға байланысты нағыз соғыс жағдайында тұр, әрі олар әрекет жасаймыз деп көп мәрте ескерткен. Түркия бұл жағдайды пайдаланып Ресейге «Сирияның кейбір аймақтарында біздің одақтастарымыз бар, сен өз қалауыңша әрекет ете алмайсың» дегенді ескертуге тырысады.

Марк Галеотти:

- Ресейдегі аудитория түріктерді барып тұрған антагонистер деп ойлайды, дегенмен олардан «Путин, егер Түркияға шабуылдамасаң, бейшарасың» деген сияқты реакция болмайды. Түркияның істегені дұрыс емес болып көрінетіндей ахуал қалыптасады. Оның үстіне, Ресей баспасөзі әлем лидерлерінің «Түркия кінәлі болуы мүмкін» дегенді тұспалдай айтқан сөздерінің өзін іліп әкетіп, дабыра жасауға тырысады.

Майкл Кофман, Вильсон орталығындағы Ресей әскері бойынша сарапшы:

- Меніңше, мұнда жеке тұлғалар ерекше рөл ойнайды, бұл тұрғыдан екі басшы да оңып тұрған жоқ. Владимир Путин кекшілдігімен белгілі, Режеп Тайып Ердоған да сабырмен әрекет ете алмайтын адам саналады. Мұның салдары «қанға – қан, жанға – жан» деген принципке ұласуы мүмкін, онда жағдай мүлде бақылаудан шығып кетеді.

Дмитрий Горенбург:

- Ресей Сирияға шабуылды бастарда АҚШ-пен арасын жақсартып алуға көп күш жұмсады, бірақ ол «барлығын АҚШ шешеді» деп ойлап, басқаларды көзге ілмеген сыңайлы. Енді қазір бір типтегі екі адамның текетіресін көріп отырмыз, екеуі де өздерін ерекше патриот етіп көрсеткісі келеді, бұдан қандай проблемалар туындайтынын көреміз.

Майкл Стефенс, корольдік біріккен қызмет институты:

- Екі тарап та бір-бірінің Сириядағы саясаттарын сынап, «террористерді қолдап отыр» деп бірін-бірі айыптап отыр. Бірақ, екеуі де ИМ-ді Сириядағы басты проблема деп есептемейді. Мұнысы күлкілі, себебі бұл екі елдің астаналарының арасындағы халықтың ықыласы мен сүйіспеншілігі үшін пиар соғысына ұласып кетуі мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG