Accessibility links

Туыстары Сириядан оралған шешеннің сотталғанына наразы


Кобани маңында "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы туын көтерген содырлар деп жарияланған сурет. Сирия, 7 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Кобани маңында "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы туын көтерген содырлар деп жарияланған сурет. Сирия, 7 қазан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Сириядан оралған 22 жастағы Шешенстан азаматы Саид Мажаев ісінің бұлыңғыр тұсы көп. Туыстары оның екі жылға сотталғанына наразы, ал полиция өкілдері «тым жеңіл үкім кесілді» дейді.

Грозный тұрғыны Мажаевты сот қарашаның 10-ы күні екі жылға бас бостандығынан айырып, жазасын жалпы режимдегі колонияда өтеуге үкім шығарды.

КІМГЕ ЖАҚТАСҚАН?

Оның Сирияда болғаны даусыз. Мажаевтің өзі 2013 жылдың қарашасында сонда барғанын, ал биыл қаңтарда еліне оралғанын (оралған бетте тұтқындалған – ред.) жасырмайды.

Дегенмен Мажаев пен оның отбасы сот әділетсіз үкім шығарды, өте ауыр жаза тағайындады деп есептейді. Мажаев үкімге қарсы шағым түсіріп отыр.

Желтоқсанның 3-і күні оның туыстары «Кавказский узел» жаңалықтар сайтына «үкімге түсірген шағымы қаралмай жатып оны түзету колониясына алып кете ме деп алаңдаймыз» деген.

Мажаевтың Сирияға барып қайтқан қысқа мерзім ішінде не істегені белгісіз. Ол Ресей қылмыстық кодексінің 208-бабы бойынша сотталды. «Ресей Федерациясының мүддесіне қайшы келетін мақсатта шетел аумағында қарулы қақтығысқа қатысу» деп аталатын бап бойынша әдетте бес жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі.

Бірақ Мажаевтың қандай қарулы топ құрамында соғысқаны түсініксіз. Оның үстіне, туысқандары оның шайқасқа қатысқаны туралы нақты дәлел жоқ дейді. Ал құқық қорғау органдары қызметкерлері оның соғыста жараланғанын айтады.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы жақтастары әлеуметтік желіге Омар Шишани деп жариялаған видеодан скриншот.

"Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы жақтастары әлеуметтік желіге Омар Шишани деп жариялаған видеодан скриншот.

Тергеу органдары «Мажаев «Азат Сирия армиясы» құрамында соғысты» дейді, бірақ оған сену қиын. Басқа деректер бойынша, Мажаев шешен Жейш әл-Мухаджирин әл-Ансар басқаратын «Кавказ әмірлігі» жасағында болған.

«Кавказ әмірлігі» жасағы өзін Кавказдағы осы аттас экстремистік ұйымның сириялық филиалы санайды. 2013 жылдың қарашасында, Мажаев Сирияға барған кезде Омар Шишани басқаратын топ «Ислам мемлекеті» экстремистік ұйымына қосылып жатқан еді. Сирияда азғантай уақыт болған Мажаевтың «Ислам мемлекеті» содырлары қатарында болуы да мүмкін.

ШЫНЫМЕН СОҒЫСҚАН БА?

Мажаевтың туысқандары жігіттің Сирияға барғанын мойындайды. Олар «Мажаев Башар Ассад басқарған Сирия үкіметіне қарсы болып, ондағы мұсылмандарды қорлықтан құтқару үшін барған» дейді. Бірақ бірнеше аптадан соң Мажаев «ондағылардың жиһад туралы түсініктері қате екенін ұғып», Түркияға, одан Шешенстанға оралған.

«Кавказский узел» сайтына сұхбат берген айыпталушының бір туысы «Мажаевтың Сириядағы әскери шараларға қатысқанын дәлелдейтін бірде-бір сурет немесе видео жоқ» дейді. Оның айтуынша, айып жігіттің өз айтқандары мен «қауіпсіздік қызметі өкілдерінің ықпалымен» тағылған.

Ресей тергеу комитетінің ғимараты. (Көрнекі сурет)

Ресей тергеу комитетінің ғимараты. (Көрнекі сурет)

Мажаевтың туыстары жігіттің құқық қорғау органы қызметкерлерімен келіскеннен кейін ғана Шешенстанға оралғанын айтады. Яғни, ол «мені ақтайды немесе шартты түрде соттайды» деп ойлаған. Бірақ құқық қорғау органы өкілдерінің пікірі басқандай.

Шешенстандағы Ресей тергеу комитетінің өкілі «Кавказский Узел» сайтына берген сұхбатында «Мажаевтың туыстары бір маңызды деректі ескермей отыр. Айыпталушы соғыста жараланып, Түркияға емделуге келген. Бір қақтығыс кезінде Саид Мажаевтың аяғынан оқ тиген. Ол жараланбаса, қарулы топ құрамында жүре беретін бе еді» дейді.

(Йоанна Паражчуктің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG