Accessibility links

Батыста масқара болған модельер Ресейді паналады


Антисемиттік сөздерімен жанжалға ілігіп, абыройынан айырылған британдық модельер Джон Гальяно Мәскеудегі ресейлік косметика компаниясының креатив директоры болды.

Үш жыл бұрын антисемиттік сөздері үшін жанжалға ілігіп, енді сән әлеміне қайтып оралуы мүмкін еместей көрінген британдық модельер Джон Гальяно қызметін жалғастырып жатыр.

Украинадағы әрекеттері үшін Батыстың сынына ұшыраған Ресейге келген дизайнер Гальяно мамырдың 22-сі күні Мәскеу түбінде өткен шоу кезінде ресейлік «Л'Этуаль» косметика дүкендері желісінің жаңадан тағайындалған креатив директоры ретінде таныстырылды. Компания Гальяноның жаңа жұмыс орны туралы таратқан баспасөз хабарламасын «Джон оралды» деп атаған. Ритейлердің мәлімдеуінше, модельер «Л'Этуаль» (L'Etoile) брендін құрумен айналыспақ.

Гальяноның бұл қызметке тағайындалуын жұрт сан-саққа жүгіртті. Кейбір комментаторлар «антисемиттік көзқарастарымен танылған әлдекім өзін Украина мен Батыста қайта жанданған фашизмге қарсы күрескер ретінде көрсеткісі келетін Ресейге көшіп келді» деп мысқылдайды. Енді біреулер өзінің гей екенін жасырмайтын Гальяноның жуырда ғана гомосексуализмді насихаттауға тыйым салғаны үшін Батыстың сынына ұшыраған Ресейді таңдауын ерсі көреді.

850 филиалы бар аса ірі ресейлік «Л'Этуаль» косметика желісінің деңгейі кезінде Гальяно жұмыс істеген әйгілі француз сән үйлері дәрежесіне жетпейді.

Бірақ антисемиттік сөздері үшін басы дауға қалып, Christian Dior Джон Гальяно. Мәскеу, 22 мамыр 2014 жыл.

Джон Гальяно. Мәскеу, 22 мамыр 2014 жыл.

компаниясындағы 15 жылдық маңызды қызметінен айырылып, Батыстан кеткен дизайнер жаңа жұмысына риза сияқты. Ол Ресейдің ИТАР-ТАСС агенттігіне: «Мен үшін бұл – мүмкіндік әрі үлкен сынақ. Оның нәтижесі әдемі әрі шабыт шақырардай болады деп ойлаймын» деді.

Париждегі бір кафеде мас кезінде нацистік диктатор Адольф Гитлерді мадақтап, ұлты еврей екі итальяндық әйелді мазақ еткені түсіп қалған видео жарияланған соң қазіргі замандағы ең дарынды дизайнерлердің бірі деп есептелетін Гальяно қуғынға ұшырады.

Кейінірек Гальяно өз қылығын жұмыстағы шаршаумен, есірткіге тәуелділікпен байланыстырып, кемсіту сөздері үшін кешірім сұраған. Бірақ оған бұл сөздері үшін және бір жыл бұрынғы нәсілшілдік шабуылы үшін 8 мың 400 доллар айыппұл салынды. Франция оны 2009 жылы марапаттаған «Құрмет легионы» медалінен айырды.

Былтыр Vanity Fair журналына берген сұхбатында Гальяно есірткі мен ішімдікке тәуелділіктен күресуге мәжбүрлеген жанжалға «алғыс айтамын» деп мәлімдеген.

Мәскеу мен Батыстың арасы ушығып тұрған тұста Ресей өз елінің үкіметімен жанжалдасқан жұлдыздарды паналатып жатыр.

Былтыр Франция үкіметі салық саясатын күшейткеннен кейін француз актері Жерар Депардье Ресей азаматтығын алды. АҚШ барлау қызметінің агенті әрі елінде құпия ақпаратты жария еткені үшін іздеу жарияланған Эдвард Сноуден де Ресейде бас сауғалады.

Бірақ Сноуден Ресейде жұрт көзіне түспей оқшау өмір сүріп жатса, Джон Гальяно жаңа отанында өзінің бұрынғы өмір салтынан бас тартқысы келмейтін сияқты. Дизайнер Мәскеудегі бір түні 12 мың доллар тұратын қонақ үйдің 370 шаршы метрлік президенттік люкс нөмірін жалдаған. Бір қызығы, бұл қонақ үй «Украина» деп аталады.

(Мақала авторы – Азаттық тілшісі Клэр Бигг).
XS
SM
MD
LG