Accessibility links

«Журналистиканың жағдайы мүшкіл»


Мәскеу мемлекеттік университетінің (МГУ) журналистика факультетінің президенті Ясен Засурский. Мәскеу, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Мәскеу мемлекеттік университетінің (МГУ) журналистика факультетінің президенті Ясен Засурский. Мәскеу, 15 қыркүйек 2015 жыл.

Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетін 40 жылдан артық басқарған ол ресейлік БАҚ-та жүрген бұрынғы студенттерінің жұмысын төмен бағалайды. «Теледидардан ақпарат алу мүмкін емес болып кетті» дейді Ясен Засурский.

Ресей журналистикасының «атасы» деуге лайық біреу болса, оның есімі – Ясен Засурский.

Қазір денсаулығы нашарлаған 85 жастағы қария Мәскеу мемлекеттік университетінің (МГУ) журналистика факультетін 40 жылдан астам басқарды. Ал 2007 жылы оған факультеттің құрметті президенті атағы берілді.

«САРАПТАМА ЖОҚ»

Оның қолынан диплом алған танымал журналистер көп. 2003 жылы аяқ астынан уланып, түсініксіз жағдайда дүние салған зерттеуші журналист Юрий Щекочихин; 2006 жылы Мәскеуде өлтірілген Анна Политковская; «Химкинская правда» газетінің редакторы болған, 2008 жылы соққыға жығылып, содан айыға алмай 2013 жылы көз жұмған Михаил Бекетов және басқалар.

Бірақ Засурский өзінің дәрісін тыңдаған басқа шәкірттеріне риза болып отырған жоқ. Олардың көбі Ресейдің қазіргі президенті Владимир Путиннің тұсында мемлекеттік арналардың «жұлдызына» айналды. Шын мәнінде, оның телевизиядан «қатты көңілі қалған».

Сірескен ресми мәлімдемелер. Сараптама жоқ, теледидардың алдында отырған адамды соқыр деп ойлайтын тәрізді. Басқа пікірлер бар екенін көрсететін тілші жоқ.

«Олардың ақпаратты беру үлгілері маған ұнамайды. Теледидардан ақпарат алуға тырысқаннан еш пайда жоқ. Сірескен ресми мәлімдемелер. Сараптама жоқ, теледидардың алдында отырған адамды соқыр деп ойлайтын тәрізді. Басқа пікірлер бар екенін көрсететін журналист жоқ» деді ол Азаттықтың Орыс қызметіне.

Мұндай қатал бағаны бүкіл өмірін елінің журналистика саласын дамытуға арнаған адам айтып отыр. Засурский өзінің бір шәкірті - мемлекеттік телеарнада жаңалық жүргізетін Эрнест Мацкявичюстің жақында айтқан пікірін естіген кезде бүкшие түсті.

Мацкявичюс «Ресей ақпараттық соғыс азабын бастан өткеріп жатыр, тілшілер бұрын қабылданған халықаралық журналистика стандарттарынан бас тартуы керек» деген болатын. «1942 жылғы журналистиканы еске алайық» деп Екінші дүниежүзілік соғыстың орта тұсын меңзеген ол «Олар екі жақты ақпаратты бірдей беріп пе еді? Бір тараптан сұхбат алып, содан соң екінші жақтың пікірін біліп пе еді?» деген еді.

«Мацкявичюс тамаша студент болатын. Бірақ мен онымен келіспеймін» дейді Засурский. Қарт ұстаздың пікірінше, «Вести» арнасының жүргізушісі журналистиканың негізгі ұстанымынан бас тартып отыр. «Адамдар жеткіліксіз немесе толымсыз ақпарат алған кезде қауқарсыз болады. Солайша біз қарсылас шабуылдамай тұрып берілеміз» дейді ол.

Ясен Засурский сұхбатының толық нұсқасы (орыс тілінде):

«ЕЛЬЦИННІҢ ҚАТЕЛІГІ»

Ол МГУ-дің тағы бір түлегі – қазір «Россия сегодня» мемлекеттік арнасын басқарып, Батыс елдеріне қарсы пікір айтып жүрген Дмитрий Киселевтің неліктен соншалықты танымал журналиске айналғанын түсінбейді.

«Ол қызықты журналист. Дұрысы - бұрын сондай болған. Өте саналы жігіт еді, мағыналы дүниелер жазатын. Бірақ қазір түрлі идеяларды қайталап жүр. Оның журналистикаға қатысы шамалы. Журналист адамдардың болып жатқан жағдайды түсінуіне көмектесуі керек. Ол тек ақпаратты беруші емес, ағартушы болуға тиіс. Мен араласатын ортада Киселевті жоғары бағалайды дей алмаймын. Ол тек тәжірибелі насихатшы болса керек» дейді Засурский.

Журналист адамдардың болып жатқан жағдайды түсінуіне көмектесуі керек. Ол тек ақпаратты беруші емес, ағартушы болуға тиіс.

Засурский СССР-дің бұрынғы президенті Михаил Горбачевті жақсы көреді. «1980-жылдардың соңындағы реформалар журналистер үшін ғажайып күндер болған еді» дейді ол. Засурский Ресейдің бұрынғы президенті Ельцинді жақтырмайды, «ол Горбачев бастаған реформаларды сәтті аяқтай алмады. Шешуші сәтте дағдарып қалды» дейді. Засурский Путин де біраз жақсы істер тындырса да, «Ельциннің оны сайлап кеткені дұрыс болмады» деген пікірін де айтты.

Засурский- ұзақ өмірінде түрлі оқиғаға куә болған адам. 1929 жылы Мәскеуде өмірге келген ол осы қалада өсті, тек Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Барнаулға эвакуация арқылы көшірілген. 1948 жылы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық институтының шет тілдер факультетін, ағылшын тілі мамандығын бітірді.

1967 жылы 20-ғасырдағы АҚШ әдебиеті жайлы диссертация қорғап, доктор дәрежесін алды. 1955 жылы Мәскеу мемлекеттік университетіне ауысып, 1965-2007 жылдар аралығында декан қызметін атқарды. Соңғы кездері денсаулығы сыр берген ұстаз арбаға таңылып отыр. Бірақ «денсаулығым жақсарып келеді, Жаңа жыл қарсаңында жүре бастайтын шығармын» дейді.

Засурский Путин билігі кезінде адал журналистердің бағы жанады дегенге сенбейді. Ол 1950-жылдары «Иностранная литература» баспасында редактор болып істеген кезін еске алды. Сол кезде саяси себептерге байланысты шығармаларын жариялай алмаған советтік ақындардың аудармамен күн көргенін айтты. «Олардың көбі бағаланбады... Бірақ аударма жасауларына рұқсат ететін, сонымен күнелтті. Қазіргі журналистерге де неге солай істемеске» дейді ол.

Роман Супердің мақаласы ағылшын тілінен аударылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG