Accessibility links

Омбыда қазақ тілінде газет шыға бастады


Омбылық "Замандас" газетінің алғашқы саны. 16 желтоқсан 2013 жыл

Омбылық "Замандас" газетінің алғашқы саны. 16 желтоқсан 2013 жыл

Ресейдің ірі қазақ диаспорасы тұратын өлкесіндегі жалғыз қазақ тілді басылым басшысы қазақ мәдениетін насихаттағысы келеді. Азаттық газеттің бас редакторымен сұхбаттасты.

Екі айда бір рет шығатын Омбыдағы қазақ тілді «Замандас» газетінің алғашқы саны былтырғы желтоқсанның 16-сы күні жарық көрген. Тоғыз адам жұмыс істейтін редакция ұжымы алдағы уақытта басылымның онлайн нұсқасын қолға алмақшы. Азаттық тілшісі газеттің бас редакторы Максим Споткаймен сұхбаттасты.

Азаттық: - Максим мырза, «Замандас» «Атамекеннен» кейін Омбыда шығып тұрған екінші қазақтілді газет қой?

Максим Споткай: - Иә, бірақ қазір «Атамекен» қаржы мәселелеріне байланысты жабылып қалған. Сондықтан «Замандасты» Омбыдағы жалғыз қазақ тіліндегі газет деп атауға да болатын шығар.

Азаттық: - Газеттің форматы қандай? Оны кім қаржыландырып отыр?

Максим Споткай: - Газет Омбыдағы қазақ қауымына арналған. Негізгі сипаты – мәдени-ағартушылық. Қазір Ресейде тұратын қазақтар тілін, дәстүрін ұмыта бастаған. Газеттің мақсаты – Омбы қазақтарын тарихына деген ынтасын ояту. Газетті «Қазақ тілі» бастамашыл тобы шығарып отыр. Оны «Шоқан жолы» қоғамдық бірлестігі қаржыландырды. Бұл Омбыдағы аймақтық қоғамдық ұйым, толық атауы – «Қазақ халқының дәстүрін жаңғырту. Шоқан жолы» деп аталады.
"Замандас" газетінің бас редакторы Максим Споткай. Жеке мұрағаттан алынған.

"Замандас" газетінің бас редакторы Максим Споткай. Жеке мұрағаттан алынған.


Азаттық: - Газет тұтастай қазақ тілінде ме?

Максим Споткай: - Жоқ, оқырман ауқымын кеңейту үшін қазақ және орыс тілінде шығарып жатырмыз.

Азаттық: - Газет тиражы қанша? Және оны оқырманға жеткізу жағын да айтып өтсеңіз?

Максим Споткай: - Газеттің тиражы – 999. Себебі тираж мыңнан асса, тіркелу керек болады. Бұл қосымша қаржыны талап етеді, газетке мекеме де жалдау керек болады. Қазақ қауымының ынтасын ояту үшін әзірге, осындай тираж да жеткілікті. Тіркелу жайында жоспарымыз жоқ. Бұған дейін «Атамекен» де солай шыққан болатын. Ал тарату жағына келсек, ол міндетті түрде осындағы қазақ ауылдарына жетеді. Қазақтар тығыз шоғырланған аумақта газетті тарататын адамдарды тауып қойдық. Ал қаладағы сатылатын орындардың нақты мекен-жайларын алдағы газет таныстырылымында хабарлаймыз. Қазір бұл мәселені талқылап жатырмыз. «Замандас» газеті қазақ халқының ұлттық киімдері сатылатын дүкендер сияқты жерлерде сатылады. Егер осындағы қазақ кәсіпкерлері келіссе, сол жерде сатамыз.

Азаттық: - Омбы қазақтарының қазақ тілі мен мәдениетіне қатысты көзқарасы қандай?

Максим Споткай: - Омбы өлкесінде ХІХ ғасырдың ортасында 11 қазақ ауылы болса, қазір одан көбірек екені белгілі. Қазақтар мұнда байырғы заманнан бері тұрып келеді. Орта жүз қазақтары бағзыдан мекендеген, сондықтан біз «қазақ диаспорасы» деп емес, «Омбыдағы қазақ қауымы» деп атаймыз. Совет кезінде бұл Ресей территориясы болып шыға келді.
Омбы қазақтары. Көрнекі сурет

Омбы қазақтары. Көрнекі сурет


Мұнда қазақ ауылдары өте көп. Онда қазақ халқының дәстүрі өте жақсы сақталған. Егер мұндағы дәстүрде қандай да бір өзгеріс болса, ол ассимиляцияға емес, тұрғылықты мекенге байланысты өзгерген. Ал қалада тұратын қазақтар мүлде өзгеше. Қаладағы аға буын өкілдері дәстүрді қадірлеп, кейбірі үйде қазақ тілінде сөйлегенмен жастар арасында қазақ тілін меңгеріп жүргендер өте аз. Енді олардың айналасы орыс тілінде сөйлегендіктен осы тілде араласып, қазақ тілін білуді қажетсінбейді. Омбыда қазақ тілін үйрету курсы бар. Оған 10 адам барып жүр. Біз үшін бұл – жетістік.

Азаттық: - Егер Омбыдағы қазақ жастары ана тілін білмесе, мұндағы қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр болғаны ғой?

Максим Споткай: - Иә, Омбыдағы қазақ тілінің болашағы бұлыңғыр, тұманды. Бірақ жалпы алғанда барлығы да жастардың өзіне байланысты ғой. Біз газет арқылы жастардың тіл үйренуге деген ынтасын арттырғымыз келеді.

Азаттық: - Сұхбатыңызға рахмет!
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG