Accessibility links

«28 панфиловшы» жайлы құжат жариялаған басшы орнынан кетті


Ресей мемлекеттік архивінің бұрынғы директоры Сергей Мироненко.

Ресей мемлекеттік архивінің бұрынғы директоры Сергей Мироненко.

28 панфиловшы туралы аңыздың ойдан шығарылғаны жөніндегі құжаттарды жариялаған Ресей мемлекеттік архиві директоры Сергей Мироненко қызметінен алынды. Мироненко «өтірік тарих жасағысы келмейтінін» мәлімдеді.

Мемлекеттік архив басшысы Сергей Мироненко Азаттықтың Орыс редакциясына қызметінен кеткеннен кейін берген сұхбатында жұмыстан босату жөніндегі шешім «ұжымдық» негізде шығарылғанын айтты.

Алматыдағы 28 панфиловшы ескерткіші.

Алматыдағы 28 панфиловшы ескерткіші.

Мироненконың сөзіне қарағанда, оны Ресей мәдениет министрі Владимир Мединскийдің сынауы оның жұмыстан кетуіне «тікелей әсер етпеген». Осыны айтқан Мироненко жұртқа «алтынға малынған түс көрсету» және тарихты аңызға толтыру өзінің «мамандығы емес екенін» мәлімдеді. Ол Ресей билігінің де тарихшылардың осыны сұрап отырмағанын айтты.

2015 жылы Ресей мемлекеттік архиві сайтына Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Мәскеуді қорғауға қатысқан 28 панфиловшының ерлігі ойдан шығарылғанын көрсететін құжаттар жариялаған. Бұл құжаттар жарияланғаннан кейін Ресейдің мәдениет министрі Владимир Мединский Мироненконы сынаған еді. Мединский сол жолы архив қызметкерлерін «өз жұмыстарымен айналысуға, құжаттарға қатысты жеке көзқарастарын білдірмеуге» шақырған болатын.

Ақпараттарға қарағанда, енді Сергей Мироненко жұмысын осы архивтің ғылыми жетекшісі ретінде жалғастырады. Ол Ресей мемлекеттік архиві директоры қызметін осы мекеме құрылған 1992 жылдың сәуірінен атқарып келген еді.

ҚҰЖАТ ПЕН РЕАКЦИЯ

Қазақстан мен Қырғызстанда жасақталған «28 панфиловшылар» дивизиясы туралы құжаттар Ресей мемлекеттік архиві сайтына былтыр шілде айында жарияланған еді.

Ресей мемлекеттік архиві «Көптеген адамдар, ұйымдар мен мекемелер өтініші бойынша бас әскери прокурор Н. Афанасьевтің «28 панфиловшы» туралы Бас әскери прокуратураның тексеруі нәтижелері бойынша 1948 жылы мамырдың 10-ы жазған, СССР прокуратурасы қорында сақталып тұрған анықтама-баяндамасын жариялаймыз» деп жазған.

«Красная звезда» газетінде жарияланған мақалада жазылған жайттар бұрын да тексерілген болатын. Алғаш рет ол құжаттар 1997 жылы «Новый мир» журналына басылған. Ол материалдарда 28 панфиловшы қатысқан ұрыстың болмағанына дәлелдер келтірілген. Бұл аңызды тексеру 28 панфиловшының бірі Иван Добробабин «Отанын сатты» деп айыпталған кезде басталды. Ол немістерге тұтқынға беріліп, 1942 жылы Харьков қаласы түбіндегі селода фашистер полициясының бастығы болған. Ресей мемлекеттік архивінің құжаттарды жариялауы 28 панфиловшының ерлігі аңыз екенін растай түседі.

Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский «28 панфиловшы» туралы Андрей Шальопаның фильм түсіргенін қолдайтынын мәлімдеген. 2014 жылы министрлік фильмді түсіруге 30 миллион рубль бөлді.

Құжаттар жарияланғаннан кейін режиссер Шальопа «ұлттық ерліктерді терістеуге» болмайтынын айтып, «ондай батырлардың ұрпаққа үлгі алу үшін керек екенін» мәлімдеген.

Шальопа «Олар киелі. Ұлттық ерліктерді жоққа шығару тек халықтың рухын түсіру үшін жасалады. Ондай әрекеттерді ақтау да қиын» деген.

Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский.

Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский.

Владимир Мединский «Мемлекеттік архив басшысы жазушы, журналист, тарихи жалған аңыздармен күресуші емес» деп, жарияланған құжаттардың ерлікті жоққа шығармайтынын, өйткені ұрыстың болғанын терістемейтінін мәлімдеген.

Ол «Аңызды «ғылыми» есептермен теріске шығаруға тырысушылар – тіл безеушілер... Оларға айтарым: 1941 жылдың тарихына кір қолыңды жүгірткен сендерді окоптарға апарып фашист танкісіне қарсы қойса жақсы болар еді. Бұл тақырыпты қаралауды қою керек» деген еді.

«28 панфиловшы» фильмі 2013 жылдан бері түсіріліп жатыр. Оның премьерасы 2015 жылдың күзіне белгіленген еді, алайда режиссер фильмнің 2016 жылы көрсетілетінін хабарлады.

Мақала Азаттықтың Орыс қызметі мен «Настоящее Время» бағдарламасы материалдары негізінде жазылды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG