Accessibility links

Мәскеуді мұратына жеткізетін Еуразия Одағы


Ресей президенті Владимир Путинді Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов әуежайда қарсы алып тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл

Ресей президенті Владимир Путинді Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов әуежайда қарсы алып тұр. Астана, 29 мамыр 2014 жыл

Субсидия мен мәжбүрлеу әдісін қатар қолданған Ресей өзі армандайтын еуразиялық интеграцияны тереңдетіп әрі оның ауқымын да кеңейтіп келеді. Ал оған қосылатын елдердің күдігі басым.

Болашақта осы одаққа мүше болады деген мемлекеттердің тартыншақтап отырғанына қарамастан, Мәскеу қолдайтын Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) аумағын кеңейтіп келеді.

Бүгін, мамырдың 29-ында, Астанада Ресей, Беларусь және Қазақстан президенттері Кеден Одағын 2015 жылдың қаңтарынан бастап ЕАЭО-ға айналдыратын келісімге қол қояды.

Одақтың өз ішінде интеграция тереңдеп келеді, Армения мен Қырғызстан оған мүшелікке өтуге ниет білдіріп отыр.

Алайда Мәскеудің қажет болса көршілерінің ішкі ісіне араласуға дайын тұрғанын әшкерелеген Украина дағдарысынан кейін ЕАЭО келісіміне қол қоятын елдердің күдігі күшейді. Өткен айда Минскіде өткен үш ел басшыларының кездесуінде осындай қорқыныштың бар екені білінді.

Минскілік саяси сарапшы Юрий Чаусов Минск саммиті қарсаңында «ЕАЭО-да саясаттан гөрі экономика басым болуы керек» деген пікірлер жиі айтылған еске салады.

- Мұның өзі олардың келіссөз процесін мейлінше соза түскісі келетінін аңғартты. ЕАЭО әу баста компромиске келудің платформасы ретінде қарастырылған. Украинадағы оқиғалардан соң бұл одақ «тауар мен қызмет түрлерінің еркін алмасуын қамтамасыз ететін ортақ кеңістік» қана емес, «кішкентай жасыл адамдар» мен «биязы кісілердің» (Украинадағы қақтығысқа қатысып жатыр деген Ресей агенттері мен жалдамалыларын айтады – ред.) ортақ кеңістігіне, ал кең ауқымда қарасақ, «конфликтілер қаупін арттыратын аймаққа» айналды, - дейді.

Қырымда жүрген «кішкентай жасыл адамдар». Перевальное, 20 мамыр 2014 жыл. Қырымды қосып алғаннан кейін Путин «жасыл адамдардың» Ресей әскері болғанын мойындады.

Қырымда жүрген «кішкентай жасыл адамдар». Перевальное, 20 мамыр 2014 жыл. Қырымды қосып алғаннан кейін Путин «жасыл адамдардың» Ресей әскері болғанын мойындады.

​Мәскеу армандаған бұл альянс Ресейдің бұрынғы советтік кеңістіктегі саяси үстемдігін қалпына келтіруді көздеген, экономикалық мақсаттан гөрі саяси амбициясы басым жоба саналады.

Еуропа Одағының қауіпсіздікті зерттеу институтының аға сарапшысы, ЕАЭО туралы жақында шыққан баяндама авторларының бірі Нику Попеску:

- Мұның саяси жоба екені анық. Ал оның экономикалық мақсаты бұлыңғырлау. Ресей өзін әлемдегі саяси және геосаяси полюс санайды, сондықтан оның пост-советтік кеңістікте одақтас ұстау мақсаты тек экономикалық мүддеге негізделіп отырған жоқ. Мәскеу, әрине, бұл жобаның экономикалық тұрғыда жұмыс істегенін де қалайды. Егер ол мүмкін болмай бара жатса, онда экономикалық мақсаттар шегеріліп, Ресейдің стратегиялық және саяси императивтері (мүдделері - ред.) алға шығады, - дейді.

Ресей сыртқы істер министрлігіне қарасты дипломатиялық академия директорының орынбасары Александр Лукин жақында ЕАЭО-ны «Еуразиядағы дербес күш орталығы» деп атап, «экономикалық жағы маңызды болғанымен, ол Батыс насихаттайтын құндылықтардан қорғану мақсатының қасында екінші орынға түсіп қалады» деп жазды.

УКРАИНА «ЕЛЕСІ»

Мәскеу Украинадағы дағдарыс басталмай тұрып-ақ бұл келісімге осы көктемде қол қойылуына қатты мүдделі екенін байқатты. Ресейдің бұлайша асығуы Кремльдің экономикалық мүдделерінен туып отырған жоқ, керісінше Мәскеу пост-советтік кеңістікті қайта интеграциялау жөніндегі жоспар аясында әрекет жасап отыр.

Солдан оңға қарай: Беларусь премьер-министрі Михаил Мясникович, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

Солдан оңға қарай: Беларусь премьер-министрі Михаил Мясникович, Ресей премьер-министрі Дмитрий Медведев пен Қазақстан премьер-министрі Кәрім Мәсімов. Мәскеу, 15 сәуір 2013 жыл.

Минскілік сарапшы Чаусов «Украинадағы оқиғалардан кейін Беларусь пен Қазақстан Ресеймен тығыз интеграциядан тіксініп қалды» дейді.

Сәуірде Беларусь астанасы Минск қаласында үш ел басшыларының «қырғиқабақ саммиті» өтті, онда Беларусь президенті Александр Лукашенко да, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев та «одақ құру процесі тым асығыс жүріп жатыр» деген пікір білдірді.

Бірақ ең маңызды деген тұстары әлі нақтыланбаған бұл келісімге Астанада бүгін қол қойылмақ.

- Бір қызығы - көп мәселе келісімге қосымша тіркелетін құжаттарда нақтыланады деген желеумен кейінге қалдырылды. Одан да қызығы – келіссөздер барысында Назарбаевтың және Қазақстан тарапының талабымен Еуразия парламенті сияқты мемлекеттен де жоғары тұратын элементтердің барлығы алынып тасталды, - дейді Бирмингем университетінің профессоры Рилка Драгнева-Люерс.

Бұл мәселелер күн тәртібінен алынып тасталды ма, әлде оларды талқылау жай кейінге ысырылды ма - ол жағы әзірге белгісіз. Анығы – Ресей «кіші әріптестеріне» саяси және экономикалық тұрғыдан ықпал етудің барлық тетіктерін іске қосты.

ОДАҚТЫҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЖАҒЫ

Кеден Одағы 2010 жылдан бері жұмыс істеп тұрғанымен, оның мүше мемлекеттер (Ресей, Беларусь, Қазақстан – ред.) экономикасына әсерін бағалау қиын.

Үш ел арасындағы сауда аздап артты, сарапшылар «бұған 2008-2009 жылдардағы қаржы дағдарысы әсер етті» дейді. Бірақ Еуразия экономикалық комиссиясының өткен аптадағы ақпаратына қарағанда, 2014 жылдың бірінші тоқсанында үш елдің саудасы өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға азайған.

Қазақстан мен Беларусь Кеден Одағы шарттарына қарамастан, нарығын толық ашпады деп Ресейді кінәлап келеді. 2013 жылдың аяғында Беларусь премьер-министрі Владимир Семашко «Ресей Беларусьтің ауылшаруашылық техникасының импортына шектеу қойды, соның кесірінен өндіріс 2 пайызға төмендеді» деп мәлімдеді. «Беларусь Кеден Одағымен тым тығыз қарым-қатынас орнатты» деген ол шетелдік нарықпен де қарым-қатынасты дамыту керек екенін ашық айтты.

Қазақстан-Ресей шекарасындағы жолда тұрған белгі. (Көрнекі сурет)

Қазақстан-Ресей шекарасындағы жолда тұрған белгі. (Көрнекі сурет)

Қазақстан да Ресейдің өз нарығын толық ашпай отырғанын мәлімдеп, наразылық білдірді. Алматылық бизнесмен Алтай Сандыбаев:

- Кеден Одағына қарамастан, Ресейге тауар сатуға, әсіресе алкоголь өнімдерін экспорттауға тыйым салынып отыр. Осы жайында шағым айтып жүргендер көп, бірақ өзгерген ештеңе байқалмайды, - дейді.

Оның айтуынша, табысы мол Ресей нарығына жол ашылады деген уәде «бос сөз күйінде қалған». Ал сарапшы Попеску:

- Кеден Одағындағы үш елдің де Еуропа Одағымен (ЕО) саудасы өткен жылы 2,5 пайызға артты. Демек орыстар мен қазақтардың ЕО-мен саудасы өзара саудаларына қарағанда жақсы жүріп жатыр, - дейді.

Оның айтуынша, көп сараптамалардың нәтижесі көрсеткендей, өзара алыс-берістен гөрі сырт елдермен сауда-саттық пост-советтік мемлекеттер экономикасына көбірек көмектеседі.

Оның үстіне, Ресей ғаламдық қаржы дағдарысына төтеп беру үшін тарифтерді өсірді және Кеден Одағының басқа мүшелерін де осыған мәжбүрледі. Мәселен, Қазақстан «сырт елдерден келетін тауарларға баж салығы өскендіктен, бағасы арзан, сапасы төмен Кеден Одағы елдерінің тауарлары нарықты жаулап алды» деп наразылық білдірді.

Украинадағы жағдайға байланысты Батыс елдерінің Ресейге салған санкциялары Қазақстан экономикасына кері әсер ететін болса, онда Кеден Одағы бұдан түгел зардап шегеді деген сөз.

БОЛАШАҚ МҮШЕЛЕР

Экономикалық нәтижелері көңіл көншітерлік болмаса да, Армения мен Қырғызстан бұл альянсқа қосылуға ниет білдіріп, жол картасын жасап жатыр.

2013 жылдың соңында Армения президенті Серж Саркисян «Ереван ЕО-мен серіктестік келісіміне байланысты келіссөздерді тоқтатып, ЕАЭО-ға кіру мәселесін қарастырады» деген мәлімдеме жасап, көп жұртты таңғалдырған.

Таулы Қарабақ аймағына байланысты Әзербайжанмен араздасып, соның кесірінен біраздан бері саяси және экономикалық тұрғыда оқшауланып қалған Армения саяси, экономикалық және қауіпсіздік салалары бойынша Ресейдің қолдауына мұқтаж. Армения - Ресей үстемдік ететін Ұжымдық қауіпсіздік келісім-шарты ұйымының (ОДКБ) мүшесі. ЕАЭО мен ОДКБ арасында тікелей ресми байланыс болмағанымен, Ереванның одаққа мүше болуға ұмтылысы осы жайтпен (Қарабақ қақтығысын айтады – ред.) де байланысты екені анық.

Бұған қоса, сарапшылардың айтуынша, Ресей жағы Армения ішіндегі режимнің саяси бақталастарын қолдауды азайтуға келіскен. Саркисянның ЕАЭО-ға қарай ұмтылуына бұл да бір себеп болуы мүмкін.

Сарапшы Драгнева-Люерстің айтуынша, ЕАЭО ЕО сияқты мемлекеттердің ішкі институттарын өзгертуге талпынбайды. Сондықтан, Молдова, Украина, Грузия сияқты саяси жүйесі анағұрлым ашық елдер бұл ұйымға сынмен қарайды, ал оған мүше болуға авторитарлық режим орнаған елдер көбірек мүдделі. Бішкектегі саяси сарапшы Эльмира Ноғойбаева Қырғызстанның «ашық елге» жататынын айтып:

- Қырғызстан айналасындағы модельдерді көшіріп отырған ел сияқты. Бішкек тіпті өзінің сыртқы саясатын қалыптастыруға да ұмтылмайды. Ол қоршаған ортаға сылбыр реакция білдіріп қана отыр, - дейді.

Қырғыздың Дордой базары. (Көрнекі сурет)

Қырғыздың Дордой базары. (Көрнекі сурет)

Қырғызстандағы бизнес қауымдастығы да Кеден Одағына кірудің қаупін ескертті. Бішкектегі жеңіл өнеркәсіп қауымдастығының президенті Фархад Толғоноевтің айтуынша, Қырғызстанға импортталатын тауардың 60 пайызы Кеден Одағынан тыс елдерден – Қытай мен Түркиядан келеді. Қырғызстан Кеден Одағына кірсе, бұл тауарларға салынатын баж салығы екі есе өседі.

Орталық Азиядағы ең үлкен «Дордой» базарында киім-кешек сататын Чинара Қасымбекова:

- Ешқандай бизнес болмай қалады. Баға онсыз да қымбат, егер біз Кеден Одағына кірсек, мүлде ештеңе қалмайды. Халық Кеден Одағын қаламайды, [Кеден Одағына кірсек] олар кәсіпсіз қалады. [Одаққа кірген соң] не болатынын білмеймін, мүмкін жұрттың бәрі үйде отыратын шығар, әлде шетелге кетіп қалар, білмеймін, - дейді.

Бірақ Қырғызстан билігі халықаралық оқшаулануды, басқа мүмкіндіктердің жоқ екенін айтып отыр. Өткен жылғы желтоқсанда Кеден Одағының Мәскеудегі саммитінен соң болған баспасөз мәслихатында Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев үмітті саясаткерден гөрі шарасыз адамға ұқсап тұрды. Қырғыз президенті:

- Бізде басқа баламаның жоқ екенін де түсінуіміз керек. Украина ЕО мен Кеден Одағының қайсысымен жақындасатынын өзі таңдай алады. Бізде таңдау аз, - деді.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG