Accessibility links

"Сирияға кетушінің" қазақстандық екені расталды


"Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар" жайлы видеодан скриншот.

"Сирияда соғысып жүрген қазақстандықтар" жайлы видеодан скриншот.

Ресейдің Дондағы Ростов қаласында "Сирияға кетпек болды" деп айыпталған Вазген Заргарьян сотын күтіп отыр. Алматылық 24 жастағы жігітке "терроризм" айыбы тағылған.

"Сириядағы қарулы қақтығысқа қатыспақ болды" деген айыппен Ресейде ұсталып, Дондағы Ростовта сотты күтіп отырған Вазген Заргарьянның Қазақстан азаматы екені расталды. Бұл деректі Заргарьянның ісін қарап жатқан Солтүстік Кавказ аймақтық әскери сотының өкілі Азаттыққа мәлім етті.

- Іс түсті, сотқа берілді. Факт бойынша сот отырысын тағайындау туралы немесе алдын-ала тыңдау туралы қаулы шығарылады. Әзірге не болатынын білмейміз, судья шешеді, - деді сот өкілі.

Алматылық 24 жастағы Вазген Заргарьянға «шет мемлекеттегі қарулы қақтығысқа қатысуға дайындалу» және «террористік ұйымның әрекетіне қатысуға дайындалу» (Ресей қылмыстық кодексінің 208-бап 1-бөлімі және 205.5-бап 2-бөлімі) бойынша айыптар тағылған.

Ростов облыстық прокуратурасының дерегінше, Вазген Заргарьян 2014-2015 жылдары Сириядағы қарулы қақтығысқа баруға бірнеше мәрте талпыныс жасаған.

Ресейлік "Коммерсант" басылымының жазуынша, Заргарьян бұл жоспарын телефон арқылы сол жақта жүрген таныстарымен талқылаған. Осылайша бірінші рет 2014 жылдың наурыз айында Түркия арқылы жетпек болған, алайда сол жерде ұсталып, Қазақстанға қайтадан жіберілген. Мұнан соң Вазген Заргарьян «Ислам мемлекеті» террористік тобына басқаша барудың жолын іздеген. Әуелі Дондағы Ростовқа (Ресей) жетіп, кейіннен Тбилиси (Грузия) автобусына билет сатып алған кезде ресей полициясына ұсталған. Басылымның жазуынша, "радикалды ислам идеяларын насихаттаған" айыпталушы Сирияға барып, "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына қосылып, Башар Асад режиміне қарсы күреспек болған.

Ресейлік интернет-сайттардың жазуынша, Вазген Заргарьян 2015 жылдың шілде айында ұсталған. Әуелі оған "қоғамдық орында балағаттағаны үшін" айып тағылып, 12 күнге қамалса, кейінірек терроризм бойынша айыптар таққан. Ресейлік сайттар күдіктінің анасы, төрт-бес жыл бұрын балаларымен бірге Алматыдан Ростовқа (Ресей) көшіп барған Елена Оганесянцтың тергеу изоляторына барып, баласының жағдайын біліп тұратынын жазады.

Қазақстанның ресми органдарынан әзірше Вазген Заргарьянға байланысты ешқандай дерек ала алмадық.

Қазақстандықтардың Сирияға «жиһадқа» кете бастағаны туралы алғашқы ақпарат екі жыл бұрын қазан айында «150 қазақ жиһадшысы»атты видеомен шыққан еді. Одан кейін де Сирияға кеткен қазақстандықтар, олардың «​ж​иһадшы балалары»​ туралы бірнешевидеолар жарияланған. Былтыр Қазақстан билігі ИМ қатарында 300 қазақстандық бар, оның жартысы әйелдер деп мәлімдеген.

  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG