Accessibility links

Чаушеску, Арафат және Каддафи қастандықпен өлтіргісі келген генерал Ион Пачепа КГБ мен Таяу Шығыс террористерінің арасындағы байланыс сырын ашты.

Ресейде 2016 жылдың ақпанында Ион Михай Пачепа мен Рональд Рычляктың «Дезинформация» деген кітабы жарық көруі тиіс. Екі жыл бұрын ағылшын тілінде жарияланған басылым орыс тіліне дер кезінде аударылған сияқты. Өйткені кітап авторлары СССР арнайы қызметінің Таяу Шығыста, атап айтқанда Сирияда террористік ұйымдарды қалай құрып, қаржыландырғанын жан-жақты баяндайды. Режиссер Стэн Мур «Дезинформация» кітабы бойынша деректі фильм түсірген.

Генерал Ион Михай Пачепаны (1928 жылы туған) совет блогында болған елдердің барлау қызметінің Батысқа қашқан ең жоғары шенді офицері деп атайды. Ол алты жыл Румыния сыртқы барлау қызметі бастығының орынбасары, Николае Чауческудің кеңесшісі болған. Пачепа Азаттық радиосының Румын қызметі директорын қастандықпен өлтіруді ұйымдастыру туралы бұйрықты орындаудан бас тартып, 1978 жылы АҚШ-қа қашқан. Ол қашып кеткен соң Румыния басшылығындағы талай адам қызметінен айырылған. Чауческу министрлер кабинетінің үш мүшесін қызметінен босатып, саяси бюроның төрт мүшесін қатардан шығарып, 22 елшіні ауыстырған. 1978 жылдың қыркүйегінде Румыния соты Пачепаны сырттай өлім жазасына кескен. Чауческу оны өлтірген адамға 2 миллион доллар сыйақы тағайындаған. Қашқын генералды Ясир Арафат пен Муаммар Каддафидің адамдары іздеген. Әйгілі террорист Карлос-Шакалға «КГБ мен румын барлау қызметінің талай құпиясын білетін Пачепаны өлтірсең, 1 миллион доллар төлейміз» деп уәде еткен.

«Дезинформация» кітабында СССР арнайы қызметі қолайсыз басшылардың (мысалы, папа ХІІ Пий) беделін түсіретін науқанды қалай ұйымдастырып, дүниежүзілік шіркеу кеңесі сияқты беделді ұйымдарға агенттерін қалай енгізгені, мұсылман елдерінде антиамериканизмді қалай қоздырып, 1960 жылдардың аяғынан бастап антисемитизмді насихаттау арқылы Таяу Шығыста терроризмді қалай қолдағаны жайлы баяндалады. Мысалы, КГБ басшысы Юрий Андропов әйгілі әрі жалған «Сионизм абыздарының хаттамаларын» араб тіліне аударып, таратуға жарлық берген: «Андропов үшін ислам әлемі Америкаға деген өшпенділік вирусы штаммын КГБ марксизм-ленинизм бактериясынан көбейте алатын Петри тостағаны болды».

Генерал Пачепа СССР сыртқы барлау қызметі – КГБ-ның бірінші бас басқармасын 15 жыл бойы басқарған генерал-полковник Александр Сахаровскиймен әңгімесін еске алып, оның «Ядролық бомба әскери күш қолдануды ескірген әдіске айналдырған қазіргі заманда терроризм негізгі қаруымызға айналуы тиіс» деген сөздерін келтіреді. Сахаровскийдің қадағалауымен құрылған Румыния қауіпсіздік қызметі 1968-1978 жылдары Ливандағы палестиналық террористерге апта сайын қару-жарақ тиелген екі жүк ұшағын жөнелтіп отырған. Штази (ГДР мемлекеттік қауіпсіздігі министрлігі) мұрағаттарында 1983 жылы Ливанға құны шамамен 2 миллион доллар тұратын Калашников автоматтары мен оқ-дәрі жөнелтілгені жайлы құжат бар. Коммунистік Чехословакия ислам террористеріне 1000 тонна Семтекс жарылғыш затын жөнелткен, Пачепа «бұл 150 жылға жетер еді» деп жазады.

Лубянкада құрылған жоспар бойынша террористер ұшақтарды басып ала бастады: СССР арнайы қызметінен ақша алып тұрған Палестинаны азат ету ұйымы тек 1969 жылдың өзінде ғана 82 ұшақты басып алған. Генерал Пачепа 1971 жылы Сахаровский өзіне кабинетінде қаптаған қызыл жалаушалар тігілген картаны көрсеткенін еске алады. Әр жалауша басып алынған ұшақты білдіреді. Сахаровский оған «Мұны мен ойлап таптым» деп мақтанған.

КГБ генерал-полковнигі Александр Сахаровский (1909-1983)

КГБ генерал-полковнигі Александр Сахаровский (1909-1983)

«Дезинформация» СССР жайлы ғана кітап емес. «Путин дәуірі» тарауында билік басына КГБ-дан шыққандар келгеннен кейін Ресейде саяси репрессиялар басталып, шпиономания жаңғырғаны, антиамериканизм қозғаны туралы жазылған. Ал «КГБ империясы» тарауында Ион Пачепа генерал Сахаровскийдің «КГБ Ресейдің 500 жылға жететін тіршілігін қамтамасыз етті әрі негізгі дұшпанымыз – америкалық сионизмге қарсы соғыста міндетті түрде жеңеді» деген сөздерін келтірген. «Дезинформация» кітабы авторы: «Билік құрған заманында өз еліндегі 20 миллион адамның және коммунистік елдердегі 70 миллион адамның көзін жойған варварлық КГБ тіршілік етуін тоқтатқан жоқ әрі қазіргі Ресейді әлем тарихында мемлекеттік қауіпсіздік комитеті басқарған алғашқы диктатураға айналдырды. Егер қырғиқабақ соғыс тұсында КГБ мемлекет ішіндегі мемлекет болса, енді ол мемлекеттің өзіне айналды, ал Путин – Ресей ғана емес, бүкіл Еуропадағы ең бай адам» дейді.

Генерал Пачепаның пікірінше, Кремль араб әлеміндегі радикалды және террористік топтарды қолдау жөніндегі Андропов бастап кеткен саясатты жалғастырып отыр. АҚШ 2011 жылдың 11 қыркүйегінен кейін терроризмге соғыс жарияласа, Мәскеу агенттері арқылы солшыл қозғалыстарды АҚШ саясатына қарсы наразылық акцияларына итермелеп, Еуропадағы антиамериканизмді қолдау үшін қолдан келген амалдарын жасап отыр.

«Дезинформация» кітабының орыс тіліндегі басылымы жарыққа шығар алдында Ион Михай Пачепа Азаттықтың Орыс қызметі сұрақтарына жауап берді:

Азаттық: – Совет заманында КГБ қолдаған ислам террористік ұйымдары мен Таяу Шығыстағы қазіргі дағдарыс арасында байланыс бары байқала ма?

Ион Михай Пачепа: – Әрине, байқалады. Алты күндік соғыстан кейін Лубянкада қазіргі халықаралық терроризм пайда болды. Әлгі соғыс барысында Израиль СССР-дің Таяу Шығыстағы маңызды екі одақтасының намысына тиген болатын. Ол кезде әлгі екі елдің билігі СССР басшылығы мен совет барлау қызметінде отырған кеңесшілеріне бағынатын. Ал қазір Кремль бұрынғы совет блогына кірген бүкіл елдің барлау қызметтерінен Совет Одағының бұрынғы беделін қалпына келтіру жөніндегі ірі бағдарламасын құпия қолдауды сұрайды.

Азаттық: – Путин Сириядағы әскери операциясын не себепті бастады деп ойлайсыз?

Көп ұзамай Башар Асад та Кремльдің қуыршағына айналды. Мұның ақысына ол Мәскеуден әскери көмек алып отырды.

Ион Михай Пачепа: – Хафез Асад советтің қуыршағы болды. Мен КГБ-ның жоғары басшылығында жұмыс істеген кезде Асад тұсындағы Сирияны оның СССР-дегі кеңесшілері басқаратын. 2000 жылдың маусымында Асад қайтыс болғаннан кейін совет салтымен баламасыз өткен сайлауда әкесінің орнын баласы Башар басты. «Асадтың» сайлауы Кремльге Путинді әкелу үшін КГБ/ФСБ ұйымдастырған сарай төңкерісінен бірер айдан кейін өтті. Көп ұзамай Башар Асад та Кремльдің қуыршағына айналды. Мұның ақысына ол Мәскеуден әскери көмек алып отырды. 2006 жылғы Израиль мен «Хезболла» тобының соғысы кезінде Израильге қарсы Калашников автоматтары, атыс қондырғылар, Ресейдің көмегімен әзірленген «Фаджр-1» және «Фаджр-3» зымырандары, Ресейде шығарылған АТ-5 және «Корнет» өздігінен жүретін танкіге қарсы зымыран кешендері қолданылды.

Ресей қару-жарағының ескірген түрлеріне әлемнің түкпір-түкпіріндегі террористердің сұранысы үлкен әрі оларды қайдан алуға болатынын олар жақсы біледі. «Хезболла» ұйымы тастап кеткен қару-жарақ жәшіктерінің сыртында «Тапсырыс беруші: Сирия қорғаныс министрлігі. Жеткізуші: Тула «Приборостроение» конструкторлық бюросы» деген таңба болған.

Азаттық: – ИМ ұйымына қарсы күресте Батыс елдері Ресеймен бірігуі тиіс пе?

Ион Михай Пачепа: – Ең зұлым дұшпанды жеңу үшін тіпті Ібілістің өзімен келісімге келуге болады. Соңғы екі аптада Париж бен Египеттегі ресейлік ұшақта болған терактілерден кейін екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі сияқты жаңа одақ құрылуы мүмкін. «Ислам мемлекеті» (ИМ) ұйымы сеніміне кіріп, тыңшылықпен айналысқан неміс тілшісі Юрген Тоденхофердің ақпарына қарағанда, бұл террористік ұйымның көздегені – ядролық қаруды қолға түсіру әрі «тарихтағы ең ауқымды діни тазарту шараларын» жүргізу.

КГБ мен СВР (сыртқы барлау қызметі) бұрынғы қызметкері, ал қазір Парижде тұратын Сергей Жирнов ИМ ұйымы мен Андропов тәрбиелеген террористер арасындағы байланыс жайлы ойларын Азаттықтың Орыс қызметімен бөлісті.

Меніңше, қазіргі террористер – кезінде біздің арнайы лагерьлерде өсіп-өнген, іріктелген, тәрбиеленген, қаруланып, жаттықтырылған террористердің мұрагерлері ғана емес, олардың шартты жаңғыруы.

– Меніңше, қазіргі террористер – кезінде біздің арнайы лагерьлерде өсіп-өнген, іріктелген, тәрбиеленген, қаруланып, жаттықтырылған террористердің мұрагерлері ғана емес, олардың шартты жаңғыруы. КГБ, КПСС және СССР-ден қайта жаңғырған Путиннің арнайы қызметі сияқты. Кәрі-құртаң шалдардың көзі кеткенімен, бұрынғы заманды көксеу сезімі қалды. СССР әлемге жаһандық модель ұсынғандықтан алып держава болды. Ал Путин басқаратын қазіргі Ресейдің әлем түгілі тіпті өз азаматтарына ұсынатын моделі жоқ. Араб терроризміне мүлде өзге ұрпақ келді. Коммунизм мен революцияда олардың шаруасы жоқ, олар тіпті біздің ойынымызға қатысқандай да түр танытпайды. ИМ ұйымына біздің ақшамыз керек емес. Қазір арабтардың ақшасы Ресейден көп. Олар өз-өзімен және радикалды исламның ғаламдық стратегиясымен әуре, тек өз проблемаларымен (мұнай мен газ төңірегінде сүнниттер мен шииттердің араздығы) әлек. Бірақ біздің «жауымыз» ортақ – АҚШ пен Батыс. Ал Путин осыны пайдаланып қалуға тырысып отыр.

Ал біздің Кремльде, Ясенев пен Лубянкада және «аквариумда» бұрынғы советтік дәуренін аңсайтын әрі әлемнің геосаяси тұрғыдан мүлде өзгеріп кеткенін түсінбейтін жаңа ұрпақ отыр. Мысалы, Египет СССР-ге опасыздық жасады, (Сирияда) құдіретті әкенің орнына әлжуаз баласы Асад келді, Хусейннің тұсындағы ескі Ирак пен Каддафи тұсындағы Ливия жоқ болды, мұның бәрі – бұрын Ресей әмірін жүргізген жерлер. Израильмен ара қатынасымыз да көп өзгеріске ұшырады. Бұрын ол ел бізге жау еді, енді дос та, қас та болмай қалды. Сондықтан палестиналықтармен қарым-қатынасымыз өзгерді. Бірақ ең бастысы, қазір СССР де, коммунизм де жоқ. Араб терроизмі мен Иранның ядролық қару жасап алу қаупі Путиннің Израильге жалбақтап, ол елге өз агенттерін енгізуіне мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан Путин оларға енді көп нәрсе ұсына алмайды. Бірақ халықаралық шиеленіс факторы ретінде терроризмге оның өзі зәру. Сондықтан Путин режимінің СВР, ГРУ, ФСБ сияқты оперативтік деңгейдегі заңға қайшы байланыстары мықты екеніне сенімдімін. Оның үстіне, бізде агентура енгізетін өз каналымыз бар – Шешенстан, Татарстан және өзге де ислам автономды республикалары.

Дұшпандарымыз бен бәсекелестеріміз – Батыс пен мұнайлы елдердің шейхтарына қысым жасау үшін Путин мұның бәрін қулықпен пайдаланғысы келеді. Әуелі Примаков, ал кейін Путин келгеннен кейін біздің арнайы қызметтің мақсат, әдістері мен барлау басшылығындағы атмосфера бұрынғы қалпында қалды немесе ескі нұсқа бойынша біртіндеп тіріліп келеді. Ал Путиннің қазіргі араб терроризмімен бірігуі – цинизм әрі Батыстан ортақ жау іздеу мақсатын көздейді. Ол жақтағы жағдайды шиеленістіру арқылы Батысты келіссөз жүргізуге оңай көндіруге болады.

Путин Андропов тұсындағы сияқты жаһандық терроризмді емес, жекелеген топтарды сәтті пайдаланып отыр. Олардың туын жамылып өз акцияларын өткізу оңайға түсіп, Батыс елдеріндегі «бейнетінің зейнетін» көріп жатыр. Неге екені белгісіз, бірақ өркениетті елдер арасында оның акциялары түскен сайын Батысқа қарсы террористік әрекеттер көбейіп, олар Путинді құшағына тартуға мәжбүр болады. Бұрын кіші Бушты қармаққа түсірген қарапайым қулық енді Олланд пен Обамаға қатысты сәтті қолданылып жатыр.

Азаттықтың Орыс қызметінің мақаласы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG