Accessibility links

Кремльшіл топ жол ережесін бұзушылармен күресіп жүр


"СтопХам" белсенділері көлігіне жапсырып кеткен қағазды жыртып жатқан адам. Владивосток, 13 сәуір 2013 жыл.
"СтопХам" белсенділері көлігіне жапсырып кеткен қағазды жыртып жатқан адам. Владивосток, 13 сәуір 2013 жыл.

Оппозициямен күресу үшін құрылған «Наши» қозғалысының бір тобы жолдағы тәртіпсіздікті бақылап, интернетте танымал болып кетті.

Көлік көп жүретін кезде Мәскеудің солтүстігіндегі даңғыл жолдың бойына келген белсенділер кептелісті айналып өтпек болған жүргізушілерді аңдып тұрады.

Жаяу жүргіншілер жолына шығып кеткен көліктің алдын кес-кестеген олар жүргізушіден өз жолына түсуді талап етеді.

Жүргізушілер дөрекілік танытып, балағат сөз айтады, кейбіреулері белсенділерге Калашников автоматы не тапанша сияқты қару кезеніп, бейсбол таяғымен ұрмақ болып қоқан-лоқы көрсетеді. Ал белсенділер мұның бәрін бейнетаспаға жазып алады. Бұдан соң олар осы видеоматериалды музыкамен өңдеп, клип жасап шығарады да, YouTube-тегі парақшасына жүктеп, әлеуметтік желілер арқылы жұртқа таратады.

– Балтамен қорқытқанды да, гольфтің таяғын ала жүгіргенді де көрдік. Көрмегеніміз жоқ. Тіпті бір рейд кезінде көлік жүргізушісі граната алып шықты, – дейді белсенділердің бірі, 20 жастағы Артем Леонов.

КРЕМЛЬДІҢ ГРАНТЫН АЛАТЫН ҰЙЫМ

«СтопХам» деп аталатын бұл жастар ұйымын Кремль қаржыландырады. Ұйым 2005 жылы шынайы оппозицияны қорқыту үшін құрылған, қазір тарап кеткен «Наши» қозғалысының бір бөлігі саналады. Бірақ бұлар «Наши» қозғалысы сияқты оппозицияға соқтықпайды, тек жол ережелерін өрескел бұзып, жаяулар жолына шығып, көлігін ретсіз қойып кеткен адамдармен күреседі. Ондай көліктердің терезесіне «Ешкіммен санаспаймын», «Қайда тоқтағым келсе сонда тоқтаймын» деген жазуы бар стикерлер жапсырып кетеді.

Қозғалыс өкілдері қағаз жапсырып кеткен көлік. Мәскеу, 19 маусым 2012 жыл.
Қозғалыс өкілдері қағаз жапсырып кеткен көлік. Мәскеу, 19 маусым 2012 жыл.

Осындай белсенділігінің арқасында әлеуметтік желілерде «СтопХам» қозғалысын көрушілер миллионға жетті. Олар 2013 жылы Кремльден 4 миллион рубль, ал 2014 жылы 6 миллион рубль грант алған.

«СтопХам» ұйымына қарап Кремльдің жастар ұйымдарын және интернеттегі белсенділікті қолдауда біраз жетістікке жеткенін байқауға болады. Бүгінгі интернет заманында виртуалды белсенділік шынайы белсенділіктен де маңызды болып жатады. Оның үстінде бұл топ жол ережелерін елемейтін лауазымды тұлғалармен күресу мақсатында құрылған «Общество синих ведерок» сияқты қозғалыстардың сәтті шыққан тәжірибесін қайталағысы келетін сыңайлы.

«ЖАЙ ҒАНА ИНТЕРНЕТ ШОУ»

«Общество синих ведерок» қозғалысының негізін қалаушы Петр Шкуматов «СтопХам» өздеріне ұқсамайтынын, жай интернет шоу ғана екенін айтады. Оның айтуынша, «СтопХамның» жетекшісі Дмитрий Чугунов «Наши» қозғалысының бұрынғы комиссары, қазір Кремльдің консультативтік органы – қоғамдық палатаның мүшесі.

– Оны қолдайтындар төбелес, арандату сияқты шоу жасағанды жөн көреді. Меніңше, бұл көп адамды қызықтырады. «СтопХамның» арандатушылық тактикасының арқасында интернетте олардың видеоларын көретіндер көп, — дейді Шкуматов.

"СтопХам" ұйымының мүшелері. Мәскеу, 13 ақпан 2015 жыл.
"СтопХам" ұйымының мүшелері. Мәскеу, 13 ақпан 2015 жыл.

Мұндай тәсілдің кесірі тиюі де мүмкін. Ақпанның 10-ында Санкт-Петербургте «СтопХам» ұйымының арасында 20 жастағы бойжеткен бар төрт белсендісін әлдекімдер ұрып, камераларын алып кеткен. Белсенділердің үшеуі түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жатқызылған.

«СтопХам» қозғалысы «Наши» ұйымының аясында 2010 жылы құрылған. Сол жылы Тверь қаласында өткен «Наши» ұйымының форумында олардың жұмыс жоспарын Ресей ішкі істер министрі Рашид Нұрғалиев қолдаған.​

Арада екі жыл өткен соң «СтопХам» жеке ұйым ретінде қайта тіркеуден өтті. Ұйымның тағы бір белсендісі Антон Ерохиннің сөзінше, «бұған «Нашидің» беделінің түсуі себеп болған».

«СтопХамның» жетекшісі Дмитрий Чугуновтың өзін Александра деп таныстырған баспасөз хатшысы қазір «СтопХамның» «Наши» қозғалысымен ешқандай байланысы жоқ екенін айтты. Бүгінде бұл ұйымның жер-жерде аймақтық филиалдары жұмыс істейді.

«СТОПХАМ» ЖӘНЕ «АНТИМАЙДАН»

Бұл қозғалыс өздерінің беделіне қатты мән беретін сияқты. Мәскеудегі метро бекетінің маңында темекі шегіп тұрған олар камера қосыла салысымен темекілерін тастай салды. Жетекшілері Артем Леонов рейдке шығар алдында оларға темекі шекпеу, ішімдік ішпеу, жаман сөз айтпау керек екенін қатаң ескертеді екен.

Ұйымның Қырымдағы бөлімінің мүшесі көлік терезесіне қағаз жапсырып тұр. 8 желтоқсан 2014 жыл.
Ұйымның Қырымдағы бөлімінің мүшесі көлік терезесіне қағаз жапсырып тұр. 8 желтоқсан 2014 жыл.

Жастары 18 бен 29 аралығындағы 20 шақты белсенді екі топқа бөлініп тұрады. Қарбалас кезінде кептелісті айналып өтпек болып жолдың жиегіне шыққан көліктер топталып тұрған жастарды көріп, қайтадан жолға бұрылады. Жүргізушілердің көбі «СтопХам» қозғалысы мүшелерінің жолдың осы тұсын торуылдап жүретінін біліп алған.

Кейде «СтопХам» ұйымы маргиналдар мен бұзақылардың тобы сияқты көрінеді. Топ мүшелерінің көбі – Ресейдің шет аймақтарынан келген, Мәскеуде тиіп-қашып жұмыс істеп жүрген жастар. Оппозиция өкілдері мен шетел елшілеріне тиісіп, сүйкімі кеткен «Наши» қозғалысынан іргесін аулақ салғысы келген бұл ұйымды «Антимайдан» атты басқа бір кремльшіл қозғалыспен байланыстыратындар бар.

Блогшылардың сөзінше, 15 қаңтарда оппозициялық көзқарасымен белгілі блогшы Алексей Навальныйды қолдау мақсатында өткен шеру кезінде оларға қарсы шыққан «Антимайдан» өкілдерінің арасында «СтопХамның» да мүшелері болған.

«СтопХамның» жетекшісі Дмитрий Чугуновтың баспасөз хатшысы Александра «СтопХам» өкілдерінің ол шеруге қатысқаны жайлы ештеңе білмейтінін хабарлады. Ол өз ұйымының «Антимайданмен» қандай байланысы бар екенін анықтап беруге уәде етті.

Том Бэлмфорттың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG