Accessibility links

Мәскеудегі қырғызстандық мигранттарға жасалатын зорлық-зомбылық оқиғаларының көбі тіркелмей қалады. Өйткені зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыздардың көбі полицияға бармайды. Бірақ қыздарды зорлап, ұрып соғатындардың көбі - олардың өз отандастары.

Гүлайымнің аяғына салынған гипсті бір апта бұрын алған, бірақ ол ішіндегі баласын түсіріп алудан қорқып жұмысқа әлі бармай жүр. Бір ай бұрын оны полиция бөлімшесі жанында ішкі істер министрлігінің қызметкері көлігімен қағып кеткен. Гүлайым Талантбекқызы Азаттыққа оқиға қалай болғанын айтып берді.

- Сасқалақтап қалдым да, не істерімді білмей, еңбектеп аулағырақ кетуге тырыстым. Буындарыма зақым келіп, қан ақты. Олар аяғым ауыр екенін бірден түсінбеді. Көлік доңғалағы астында жатқанымды жүргізуші де бірден байқаған жоқ. Алдыңғы жақта тұрған милиционерлер «Қағып кеттің! Қағып кеттің!» деп айқайлады, - дейді ол.

Бұл кезде Гүлайымның күйеуі полицияның әлгі бөлімшесінде болған. Оны көліктегі құжаттарын әкелгенше күткісі келмеген полицейлер алып кеткен. Ал Гүлайым әлгі қағаздарды бөлімшеге апара жатқан. Оны көлігімен қағып кеткен офицер мұны естіген соң жарақат алған келіншекті сүйрелеп бөлімшеге апарған. Ол жерде полиция бастықтарының бірі шығып, Гүлайыммен сөйлескен.

Әлгі адам «Мен Солтүстік Чертанов бөлімшесі бастығының орынбасарымын, қане келісейік. Саған бес мың [рубль] береміз, соны ал да, кет! Бастық солай деді!» деп ақша ұсынған. Оның бұл сөзіне Гүлайым «Ақшаларыңыз керек емес! Аяғым ауыр. Сіз не, көрмей тұрсыз ба?!» деген.

Бірақ полицейлер жедел жәрдем шақыруға да, адам қағу оқиғасын тексеруге де құлық танытпаған. Олар аяғы ауыр келіншекті бөлімшеде бір сағаттан артық ұстаған.

Полицейлердің бірі «Келіншек күйеуін қатты жақсы көретін сияқты. Күйеуі үшін бәріне барады, құр қорқытсақ жетіп жатыр. Қолына бес мың бере салсаң, өзі-ақ кетеді. Сендердің бәрің чуркасыңдар» деген. Гүлайым оларға «Менімен неге бұлай сөйлесесіздер. Бұлай сөйлесуге құқықтарыңыз жоқ! Арыз жазамын» деген. Мұнан соң полицейлер «Қане жаз, қазір күйеуіңмен бірге қамаймыз, екеуің бірге отырасыңдар» деген.

Мәскеу полициясы. (Көрнекі сурет)

Мәскеу полициясы. (Көрнекі сурет)

Құжаттарының бәрі дұрыс болып шығып, ақыры Гүлайымның күйеуін босатқан. Ал жедел жәрдемді бір сағаттан кейін ғана шақырған. Дәрігерлер «ішіне соққы тиген, сол жақ бүйрегі, тізесі зақымданған» деген диагноз қойған . Тергеушілер сот сараптамасын сол күйі өткізбеген. Гүлайым «құқық қорғау органы қызметкерлері бір-бірінің әрекетін жасырып-жауып отыр» дейді. Қазір ол іштегі сәбиінің денсаулығын ғана ойлайды.

Журналист Рахат Асанғұлова «Мұндай оқиғалар бар, әрине. Былтыр «Лайфньюз» (бұқаралық ақпарат құралы – ред.) федералдық көші-қон полициясының бір қызметкері қырғызстандық мигрант келіншекті зорлағаны туралы хабарлаған. Бірақ - бұл бірлі-жарым кездесетін оқиға, жаппай болатын жағдай дегенді білдірмейді. Негізі, қыздардың көбі отандастарынан жәбір көреді» дейді.

Асанғұлованың айтуынша, мигрант қыз-келіншектер көбінесе қырғыз жігіттерінен зардап шегеді. Өзге ұлттың жігіттерімен араласқан отандастарын соққыға жыққан «патриоттар» бандасынан бөлек, кей қыздар баспананы бірге жалдап тұратын көршілерінен, пәтер қожайындарынан қорқады. Өз жерлестерінің зорлық-зомбылық әрекеттері туралы шағымдануға қырғыз қыздарының көбінесе батылы жетпейді.

Жерлесі ұрып-соққан Айдай «Ол мас болды әрі мені жазықсыз айыптады. Жауап қайтарып едім, балағаттап, ұрып-соға бастады. Оған дөрекі ештеңе айтқан жоқпын. Тіпті үнімді шығарған жоқпын» дейді. Ол Мәскеуге бірнеше ай бұрын ғана келген. Мәскеу түбіндегі цехтардың біріне тігінші болып орналасып, қала шетінен біреулермен бірге тұратын пәтер тапқан. Оқиға әлгі пәтерде болған.

Жатыр едім, ол жарықты сөндірді де «менімен төсектес боласың»» деді. Қанша жалынсам да, мені шығармай қойды. Бір кезде біреу келіп есікті ашты, сол кезде қашып шықтым.

«Жатыр едім, ол жарықты сөндірді де «менімен төсектес боласың»» деді. Қанша жалынсам да, мені шығармай қойды. Бір кезде біреу келіп есікті ашты, сол кезде қашып шықтым» дейді Айдай.

Қыздың жақ сүйегі сынған. Қазір жағын арнайы бекіткіш ұстап тұр. Айдай ас-суды түтікшемен ғана іше алады. Сөйлегенде де жағын ашпай әрең сөйлейді. Операция жасатуға ақшасы жоқ. Айдайды соққыға жыққан адамды енді диаспора белсенділері табуға тырысып жүр.

«Ол полицияға жүгінген, бірақ олар арызын да қарамай, ешқандай шара да қолданбады. Ісі қараусыз қалды. Тіпті тексеруге кіріссе де, мұнда бәрін ақша шешеді. Ақша берсе, олар кез келген күдіктіні босатып қоя береді» деп қынжылады Мәскеудегі диаспора белсендісі Рашит.

Айдай қарт әке-шешесіне ештеңе айтпаған, оларға «Мәскеуде жағдайым жақсы» деп, айдың аяғында әдетінше ақша салып тұрады.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің тілшісі Жібек Бегалиеваның мақаласы орыс тілінен аударылды.

XS
SM
MD
LG