Accessibility links

Ресейде кей еңбек мигранттарының "екінші әйелдері" бар


Тәжікстандық мигрант Мирзахаким Тулибаев пен ресейлік Марина Гордина балаларымен бірге.

Тәжікстандық мигрант Мирзахаким Тулибаев пен ресейлік Марина Гордина балаларымен бірге.

Орталық Азиядан Ресейге барған еңбек мигранттары ондағы әйелдермен көп некелеседі. Ресей заңдарында көп әйел алуға тыйым салынған, бірақ полигамияға қылмыстық жауапкершілік жоқ.

Мәскеу мешітінің бас имамы, Мәскеу мұсылмандарының діни басқармасы мүфтиі (ММДБ) Ильдар Аляутдинов Азаттықтың Өзбек қызметіне әңгімесінде Ресейде Орталық Азия елдерінен келген еңбек мигранттары арасында бірнеше әйел алу оқиғалары жиілеп бара жатқанын айтты. ММДБ дерегінше, Ресей территориясында полигамияның тарау ауқымына қатысты нақты сандар анық емес.

Өзбекстан мен Тәжікстанның ресейлік қыз-келіншектермен шариғат бойынша некелескісі келетін азаматтары кейінгі кезде бізге көп келеді.

– Орталық Азия елдерінің, мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстанның ресейлік қыз-келіншектермен шариғат бойынша некелескісі келетін азаматтары кейінгі кезде бізге көп келеді. Бірінші отбасының рұқсаты жоқ болса, олармен некеге отыруға көбінесе рұқсат етпейміз. Мұндай өтінішпен жүгінетін мұсылмандарға қоятын бірінші талабымыз – мұндай некеге бірінші әйелінің келісімі болуы тиіс. Егер ер адам некелесер алдында екінші әйел алуға бірінші әйелі келісім бергенін дәлелдей алмаса, некені қимаймыз. Ең бастысы, екі шаңырақтағы қарым-қатынас қасиетті Құранда жазылғандай әділ әрі екі әйелдің де құқығын бұзбайтындай болуы тиіс, – дейді Ильдар Аляутдинов.

Мәскеу облысында тұратын 31 жастағы Марина Гордина – Ресейге 17 жыл бұрын келген Тәжікстан тумасы Мирзахаким Тулибаевтың екінші әйелі. Мирзахаким мен Маринаның Лола, Сара және Алина деген үш баласы бар. Марина Гординаның айтуынша, оның күйеуі бірінші отбасын көру үшін жылына кемі бір мәрте Тәжікстанға барып келеді. Әйелдің айтуынша, күйеуі екі отбасына бірдей қамқорлық жасайды.

– Кей адамдар біздің отбасымызды жақтырмауы, қарым-қатынасымызды түсінбеуі мүмкін. Бірақ маған өз отбасым, күйеуім ұнайды. Отбасымды мақтаныш тұтамын. Күйеуімді, бала-шағамды жақсы көремін. Екеуміздің қарым-қатынасымыз да ұнайды. Жұрт не ойласа, оны ойласын. Ең бастысы, шаңырағымызда бір-бірімізге толық сенеміз. Күйеуімнің бірінші әйелі барын білетінім сияқты, ол да мен жайлы біледі. Екеуміз тіл табыстық. Егер қарсы шықсам, шаңырағым шайқалады, күйеуімнен айырылып жалғыз қаламын. Күйеуімнің бәйбішесі салт-дәстүрді ұстанады, ал біз өз ережемізге сәйкес өмір сүреміз. Құдай маған осындай күйеуді нәсіп еткен екен, енді онымен бірге боламын. Бәріне шыдаймын. Құдай қаласа, күйеуммен өмірімнің ақырына дейін отасқым келеді, – дейді Марина Гордина.

Тәжікстаннан Ресейге жұмыс істеуге кеткелі отырған адам. (Көрнекі сурет)

Тәжікстаннан Ресейге жұмыс істеуге кеткелі отырған адам. (Көрнекі сурет)

Мәскеуде тұратын блогер әрі журналист Сахиба Хайитбаеваның айтуынша, өзбекстандықтар көбінесе құжаттарын еш қиындықсыз ресімдеп, Ресейде заңды жұмыс істеуге мүмкіндік алу үшін екінші некеге бел буады.

– Бірақ ресейлік қыз-келіншектерге жасырын үйленетін өзбекстандықтар да көп. Бала-шағасынан алыста ұзақ жүргендіктен, кей жігіттер өзге әйелге үйленуды сөкет санамайды. Меніңше, ерінің бірнеше әйел алуына өзбек әйелдерінің көпшілігі келіспейді. Бірақ бәрінен бұрын әлгі ер адамдардың Өзбекстанда қалған балаларына обал. Олар өмір бойы қиналып, әкесіз өседі, - деді Сахиба Хайитбаева.

«Иванов өзбектері» қоғамы жетекшісі Салимжан Амировтің сөзінше, Иванов облысына келген өзбектердің ішінде бірнеше әйел алғандардың көбі – егде жастағы ер адамдар.

Ақша тауып жүрген кей отандастарымыз орыс әйелдеріне үйленіп алғаннан кейін Өзбекстанда қалған бірінші әйелдерін ұмытып кетеді.

– Менің дерегімше, Иванов облысына Сурхандария, Қашқадария, Самарқан және ішінара Бұхара облыстарынан жұмысқа әйелдер емес, көбінесе ер адамдар келеді. Олардың арасында екінші әйелі барлар көп. Олардың арасында екінші рет отбасын құрғаннан кейін елінде қалған бірінші отбасын ұмытып кетпейтіндер бар. Бірақ ондайлар аз. Жақсы кәсібі бар, ақша тауып жүрген кей отандастарымыз орыс әйелдеріне үйленіп алғаннан кейін Өзбекстанда қалған бірінші әйелдерін ұмытып кетеді. Біздің қоғамнан күйеуін кері қайтаруға көмектесуді сұрайтын өзбекстандық әйелдер көп, кейбірі «тіпті депортациялау арқылы болса да күйеуімді қайтарып беріңіздерші» дейді. Өйткені оларға бала-шағасын жалғыз асырау өте қиын.Әлгі әйелдер Ресейде жүрген күйеулерін мүлде айырылп қалудан қорқады, – дейді Салимжан Амиров.

Блогер әрі журналист Сахиба Хайитбаева еңбек мигранттарының Ресейде ұзақ жүріп алып, екінші отбасын құруы өзбек әйелдерін ауыр жағдайда қалдырады деп санайды.

– Қазір Өзбекстанда соғыс кезіндегі сияқты жағдай қалыптасқан, кей махаллаларда ер адамдар мүлде жоқ. Ер адамдардың бәрі Ресейге, Оңтүстік Кореяға, Чехияға нәпақа табуға кеткен. Бала-шағасының қасында болуы тиіс жігіттер шетелде жүр. Қазір ол жақта тұрмысқа шыға алмай қалған қыздар көп. Қазір бұл – өзбек қоғамындағы ең үлкен проблемалардың бірі, – дейді Сахиба Хайитбаева.

Мәскеу мұсылмандары діни басқармасының дерегінше, Мәскеу қаласы мешітінде жыл сайын Орталық Азия елдерінен келген жүздеген адам жергілікті әйелдермен шариғат бойынша некеге тұрады. Ресей заңдары көп әйел алуға тыйым салғанымен, бұған қылмыстық жауапкершілік қарастырылмаған.

2006 жылы бүкілресейлік қоғамдық пікірді зерттеу орталығы (ВЦИОМ) жүргізген сауалнама нәтижелеріне қарағанда, ресейліктердің 60 пайызға жуығы көп әйел алуға қарсы.

Азаттықтың Өзбек қызметінің мақаласы.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG