Accessibility links

Мәскеуде сайлау алдында мигрантқа қысым күшейді


Мәскеудегі мигрантардың депортация лагері
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:17 0:00

Мәскеудегі мигрантардың депортация лагері

Мәскеуде мигранттарға қарсы рейдтер жиіледі. Сарапшылар «бұл - ұлтшыл сайлаушыға жағынған биліктің тактикасы» десе, құқық қорғаушылар полицияның мигрантқа жасаған озбырлығын сынайды.

Дағыстандық қарбыз сатушылар Мәскеу полициясына шабуыл жасаған соң Ресей еңбек мигранттарын жаппай тұтқындай бастады. Ұлтшылдар полицияның бұл әрекеттерін өзге ұлт өкілдерін Ресейден қуу мүмкіндігі ретінде қолдап шықты. Енді біреулер «мәселенің тамыры сыбайлас жемқорлықпен күн көретін, мигранттан пара алып үйренген полиция мен билік органдарының дәрменсіздігінде жатыр» дейді.

ПАРА БЕРМЕУ ҮШІН ТӨБЕЛЕСКЕН РАСУЛОВТАР

Өткен аптадан бастап ұсталған Ресейдегі заңсыз мигранттардың жағдайы адам қызығарлық емес. Мәскеу полициясы Вьетнам, Әзербайжан, Сирия, Марокко, Қырғызстан, Өзбекстан және Египеттен келген 1 мың 400 иммигрантты тұтқындады. Олардың 600-ден астамы қазір депортацияны күтіп, қапырық шатырды паналап отыр. Ресей миграция қызметі елде тұтқындалған мигранттарды ұстайтын 80-нен астам осындай пунк ашатынын мәлімдеп, заңсыз жұмыс күшіне қарсы күрестің күшейетінін білдірді.

Бақылаушылар «иммигранттардан құтылу шарасын билік келесі айда өтетін аймақтық сайлау алдында ұлтшылдарға жағыну үшін істеп жатыр» деп жориды.
Бірақ мигранттар федерациясының төрағасы Мұхаммад Маджумдер осы науқанның астында миграцияға қатысты негізгі мәселелер - өршіп бара жатқан сыбайлас жемқорлық, полиция мен делдалдың құжат рәсімдеу кезінде параны шамадан тыс көп алуы сияқты мәселелер елеусіз қалды деп налиды.

- ТМД азаматтары Ресейде жұмысқа орналасу үшін 2 мың рубль кедендік баж салығын төлеуі тиіс. Бірақ шын мәнінде олар 20-25 мың рубль төлейді. Бұл көп шығын. Шенеуніктер делдалдықпен айналысатын мыңдаған фирмалар ашып алған. Олар мигранттарды қанау арқылы күн көреді, - дейді ол.

Маджумдердің айтуынша, «Ресейдегі 10 миллион мигранттың 90 пайызы заңсыз еңбек етеді. Сондықтан, олардың ақысын жеу, бопсалау, зорлық-зомбылық көрсету сияқты оқиғалар жиі болады. Апталық рейд кезіндегі полициямен қақтығыс соның дәлелі. Дағыстаннан қарбыз әкелетін Халимат пен Магомед Расуловтар Матвеевск базарында полицияға шабуыл жасап, оларды бейсбол сойылымен ұрған. Полицияның біреуі ауыр жараланған, ал басқа тәртіп қызметкерлері қақтығысқа араласпай, тамашалап тұрған.

Ресей президенті Владимир Путиннің өзі бастап, «Расуловтар пара бермеу үшін шабуылдаған болар» деген болжам айтты.

Рейд кезінде ұсталған мигранттардың Мәскеудегі шатыр-лагері. Мәскеу, 5 тамыз 2013 жыл.
Рейд кезінде ұсталған мигранттардың Мәскеудегі шатыр-лагері. Мәскеу, 5 тамыз 2013 жыл.

Ресей ғылым академиясының Кавказ аймағын зерттеуші ғалымы Энвер Кисриев Солтүстік Кавказдан келетін жұмысшылардың Ресей азаматы екенін ескертіп, Ресей азаматы бола тұра олардың көп қиянат көретінін айтады.

- Сатушылардың бәрі пара береді. Кавказдықтар басқаларға қарағанда көбірек төлейді, себебі оларға қысым көп. Қарбыз Дағыстан тауларында өспейді, олар жемісті Астраханьдағы сатушылардан алады. Оны осында жеткізу үшін өз ақшаларын, туған-туыстарының қаржысын шығындайды. Олар делдал ретінде сол қарбыздан аз-маз пайда көргісі келеді, - дейді Энвер Кисриев.

ҰЛТШЫЛДАРДЫҢ КӨҢІЛІН АУЛАУ

«Мемориал» құқық қорғау ұйымы өкілдерінің айтуынша, «рейд кезінде тұтқындалған мигранттар полициядан қандай тәртіп бұзғаны туралы анықтама талап ете алады және полиция оларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қалыпты баспанаға орналастырмаса, үш сағаттан артық ұстауға құқығы жоқ».

Ресейдің адам құқы бойынша уәкілі Владимир Лукиннің полицияның ұсталған иммигранттарға арнап тіккен Мәскеудегі шатыр-лагерлеріне көңілі толмайды. Оның айтуынша, «ондағы адамдардың жүріп-тұруы шектелген және тамағы жұтаң, жасалған жағдай үкіметтік ережелерге сай емес».

Кейбір сарапшылар «иммигранттарды жаппай тұтқындау қыркүйектің 8-і күні өтетін аймақтық сайлау алдында (оның ішінде Мәскеу мэрі сайлауы да бар) шетелдік мигранттарды жақтырмайтын ұлтшыл тұрғындардың көңілін аулау үшін әдейі жүріп жатыр» дейді. Санкт-Петербургте жас ұлтшылдар тобы өздігінен бірігіп, базардағы мигранттардың құжаттарын талап етіп, жеміс-жидек қораптарын шашып, өткен-кеткен адамдарға тегін таратқан. Осының бәрін полиция қызметкерлері бақылап тұрған.

2009 жылы құқық қорғау органдарындағы сыбайлас жемқорлық туралы мәлімдеме жасап, Путинді коррупцияны жоюға шақырған бұрынғы полиция майоры Алексей Дымовский «базарлардың полиция қызметкерлері үшін қып-қызыл пайда көзі екенін» айтады.

- Новороссийск қаласы аумағында үш базар болды. Осы базарлардың бәрінде сатушылар полициямен қақтығысты. Олар саудагерлерден пара талап етіп, жеміс-жидек, көкөніс алып отырған. Полиция қызметкері тәжіктер мен өзбектерге саяжай салдырған. Оларды немен тамақтандырады? Азық-түлікті базардан алады, - дейді ол.

Любовь Чижова мен Оля Курачеваның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.
XS
SM
MD
LG