Accessibility links

«Ресейдің әскери жаттығуынан сақтану керек»


Әскери жаттығуды бақылап тұрған жауынгерлер. Ресей, Волгоград облысы, 3 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Әскери жаттығуды бақылап тұрған жауынгерлер. Ресей, Волгоград облысы, 3 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ресей Қазақстанмен шекаралас Алтай аймағында стратегиялық зымыран күштерінің ауқымды командалық-штабтық жаттығуын өткізіп жатыр. Әскери сарапшы оның себептері жайлы болжамын айтты.

Азаттыққа берген сұхбатында Қазақстан қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары, запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысов Ресейдің әскери жаттығуы мен Қазақстанға әсер етуі мүмкін қатерлер жайына тоқталды.

Азаттық: - Ресей 30 қыркүйекте Алтай өлкесінде әскери жаттығуын бастады. Қыркүйек айының басында Ресей Астрахань аумағында, Каспий теңізінде де бір жаттығу өткізген. Бұл айтылған аумақтар - Қазақстан шекарасына жақын жерлер. Ресейдің Украинадағы саяси жағдай асқынған кезде Қазақстанмен шекарада бір айдың ішінде екі рет жаттығу өткізуінің себебі не болуы мүмкін?

Әмірбек Тоғысов: - Украинадағы жағдай Ресей мен Украинаға ғана қатысты емес, геосаяси тұрғыдағы мәселе болып табылады. Ресей осы орайда өзін қауіпсіздігін қамтамасыз ететін мемлекет ретінде көрсеткісі келіп, жаттығулар өткізіп жатыр. Ресей батыста да үлкен жаттығу өткізді. Ресейдің мұндай жаттығулар өткізуінің екі себебі бар деп білемін. Бір себеп – өзінің қарулы күштерінің дайындығын тексеру болса, екінші себеп – шетелге осындай қару-жарағымыз, дайындығымыз бар деп күшін көрсету.

Азаттық: - Ресейдің бір айдың ішінде Қазақстанмен шекара маңында екі бірдей жаттығу өткізуі назар аудартпай ма?

Әмірбек Тоғысов.

Әмірбек Тоғысов.

Әмірбек Тоғысов: - Ресей өзінің бүкіл шекарасы бойында осындай жаттығулар өткізіп жатыр ғой. Бұл қайда болса да біз дайынбыз дегенді аңғартады. Олар сол дайындық деңгейін бізге де «көрсетіп» жатқан шығар. Бірақ Ресей мен Қазақстан көп уақыт бірге келе жатыр. Қазақстанның да, Ресейдің де ҰҚШҰ мен ШЫҰ тәрізді ұйымдарға мүше екендігін ескергенде, бұл жаттығулардан онша шошу керек емес. Бірақ сонда да сақтану керек, ойлану керек.

Азаттық: - Бірақ соңғы жаттығуды қарап отырсаңыз, Ресей зымыран күштерін пайдаланып отыр. Жаттығудағы техника арасында «Тополь» кешендері бар. Жаттығудың мақсаты ретінде диверсиялық топтарды анықтау деп атап көрсетілген. Ұшқышсыз ұшатын құралдар пайдаланылып жатыр. Өзіңіз айтқан ұйымдарға бірдей мүше қатарлас елдердің бір-бірінің шекарасына жақын маңда осындай мақсатта әскери жаттығу өткізуі қалай болады?

Әмірбек Тоғысов: - Ресей алыстағы елдерге ғана емес, жақындағы елдерге де «ойланыңдар, осындай күшіміз бар, бізбен бірге болыңдар, басқа ой болмасын» деген тұрғыда жаттығу өткізіп жатқан шығар деп ойлаймын. Бірақ қандай одақта болсақ та «өзіміздің қауіпсіздігімізді, елімізді, жерімізді қалай сақтаймыз» деген ой болу керек. Ресейде «біраз жеріміз Қазақстанға өтіп кетті» деп айтып жүргендер бар ғой, соны ескеру керек. Ресейде сондай да бір саясат жүріп жатыр. «Еліміз, жеріміз кеңейіп жатыр» деген ұрандар бар. Владимир Жириновский деген – қатардағы ұлтшыл Эдуард Лимонов емес, ол саясатта, мемлекеттік думада жүрген адам. Сондықтан бізге қауіпсіздікке мән беру керек.

Азаттық: - Ал Қазақстан Ресеймен шекараға жақын маңда жаттығу өткізгендей болса, қандай мақсатта жаттығулар өткізуі мүмкін? Белгілі бір елдердің шекарасына жақын маңда жаттығу өткізгенде шекараның арғы бетіндегі елдердің ерекшеліктері ескеріле ме?

Қазақстанның да, Ресейдің де ҰҚШҰ мен ШЫҰ тәрізді ұйымдарға мүше екендігін ескергенде, бұл жаттығулардан онша шошу керек емес. Бірақ сонда да сақтану керек, ойлану керек.

Әмірбек Тоғысов: - Қазақстан Ресеймен шекараға жақын маңда әскери жаттығу өткізеді деп ойламаймын. Ондай жаттығулар керек те емес. Ал Ауғанстандағы жағдайдан сақтанып, Ирактағы «ислам мемлекеті» содырларының әсерінен сақтанып әскери жаттығу өткізуге болады.

Азаттық: - Қазақстан геосаяси асқынып, ТМД елдері аумағы мазасыз жағдайда тұрғанда нақты не жағдайға дайын болу керек?

Әмірбек Тоғысов: - Қазақстан өзінің жер байлығын, ресурстарын сақтап қалуы керек. Екіншіден, лаңкестіктен сақтануы керек. Оған дайын болуы қажет. Үшіншіден, болашақта су дауы шығуы мүмкін. Бір кезде Қырғызстанмен суға қатысты дау болды. Қытай Ертісті бөгей берсе, Балқашқа қауіпті, соны ескеру керек.

Қазақстан шекарасын көрші елдер арасында және БҰҰ-да бекітіп алды. Бірақ Өзбекстан, Қырғызстан мен Тәжікстан өзара шекара проблемасын әлі шешпеді. Оларда бір-бірінің жеріне еніп тұрған анклавтар бар. Есірткі тасымалы да бар. Қазақстан осындай аймақтарда тууы мүмкін қауіптерге дайын болуы керек.

Азаттық: - Сұхбат бергеніңізге рақмет!

  • 16x9 Image

    Қуанышбек ҚАРИ

    Алматы бюросының бас редакторы. Азаттық радиосында 2010 жылдан бері жұмыс істейді. Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің журналистика факультетін бакалавр дәрежесімен, Тегеран университеті парсы әдебиеті факультетін магистр дәрежесімен тәмамдаған.

    Иран телерадиобірлестігі әлемдік қызметінде тілші, кейін қазақстандық бірнеше БАҚ-тың Ирандағы тілшісі қызметтерін атқарған. Қазақстандық ақпарат агенттіктерінде, газет-журналдарда тілші, бөлім меңгерушісі, бас редактордың бірінші орынбасары болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG