Accessibility links

Ресей шетелдік дипломаттар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне арнап кедендік баж салығы төленбейтін дүкен ашуды көздеп отыр. Бұл СССР кезіндегі «Березка» дүкендер желісін еске түсіреді.

Совет Одағы тұсында шетелдіктер мен совет элитасы ғана барып, жай адамдардың қолы жете бермейтін ішімдік пен темекіні және Еуропа тәттілерін шетел валютасына сатып алатын «Березка» дүкендер желісі ұзақ жылдар бойы жұмыс істеген.

Арада жиырма шақты жыл өткенде Ресей Мәскеуде шетелдіктерге арнап «Березка» сияқты дүкен ашуды қайта қолға алып жатыр.

«ЗИЯН ШЕГІП ЖАТҚАНДАРҒА КӨМЕК»

Gazeta.ru сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров премьер-министр Дмитрий Медведевке шетелдік дипломаттар мен халықаралық ұйымдардың қызметкерлеріне арнап баж салығы салынбайтын осындай тауарлар дүкенін ашуды сұрап өтініш берген.

Сергей Лавров 2014 жылы 19 желтоқсанда жазған бұл хатында «Ресейдегі дипломатиялық өкілдіктерге тауарларды жеткізудің кешігуінен және қаржылық шығындардың артуынан зиян шегіп жатқандарға көмектесу керек» екенін айтқан.

Бұл дүкендерде президент Владимир Путиннің шешімімен Ресейге әкелуге тыйым салынған америкалық және еуропалық тауарлар сатыла ма, жоқ па – ол жағы белгісіз.

Ресейдің экономикалық даму министрі Мәскеуде кедендік баж салығы төленбейтін дүкен ашу туралы ұсыныс түскенін және мұның жай-жапсары қарастырылып жатқанын айтты. Егер ашыла қалған жағдайда бұл дүкенге жекеменшік компания қожалық етеді, ал оның жұмысын сыртқы істер министрімен байланысы бар компания бақылап отырады.

ВИДЕО: Мәскеу тұрғындарының жаңа дүкен жайлы пікірлері

АУҚАТТЫ ТҰРМЫС БЕЛГІСІ

Сергей Лавровтың ұсынысынан соң Ресей баспасөзі шетелдіктерге көмектесу үшін және ел ішінде жасырылған валютаны өткізу мақсатында 1960 жылдары Совет үкіметі ашқан «Березка» дүкенін еске алысты. Совет Одағы тұсында кейінірек «Березка» деген атаумен жалпы көпшілікке арналған дүкендер де ашыла бастаған. Онда шетелде жұмыс істеп тапқан не сырттағы туыстары жіберген шетел валютасын купонға алмастырған адамдар сауда жасай алатын.

Италия актрисасы Клаудио Кардинале "Березка" дүкенінде жүр. Мәскеу, 1968 жыл.

Италия актрисасы Клаудио Кардинале "Березка" дүкенінде жүр. Мәскеу, 1968 жыл.

Шетелдік азық-түлік, киім-кешек, алкоголь өнімдері, түрлі құрал-жабдықтар сияқты ел ішінде жоқ қат дүниелерді сатқан бұл дүкендерді совет басшылығы көп айта бермейтін, ақпарат құралдары да бұл тақырыпты көп қозғамайтын деп жазады мәскеулік тарихшы Анна Иванова.

Шетел валютасы бар кез келген адамның онда сауда жасауға мүмкіндігі болды. Бірақ қарапайым совет халқы бұл дүкендерді элитаның ауқатты тұрмысының белгісі деп түсінді.

Бұл дүкендер тіпті совет заманында шыққан анекдоттарға арқау болған, әншілер оны әнге қосқан. Ел ішінде кең тараған бір анекдотта совет адамының «Березка» дүкеніне кіріп келіп, төңірекке таңырқай қарап, саяси баспана сұрағаны» айтылады.

Әйгілі бард әнші Владимир Высоцкий 1968 жылы жарық көрген бір әнінде Мәскеуге келіп, туыстарына оны-мұны алмақ болып, байқамай «Березка» дүкеніне кіріп кеткен бір кейіпкердің басынан кешкенін былай баяндайды:

«Сіздікі қандай валюта?» деп сұрады,

Қорықпаңыз, доллар емес» дедім мен.

СССР кезіндегі "Березка" дүкені алдындағы адамдар.

СССР кезіндегі "Березка" дүкені алдындағы адамдар.

Кейін «Березкадағы» елде жоқ ерекше тауарларды сатып алғысы келетіндер көбейіп, купондардың жабайы саудасы қарқын алды. «Совет үкіметі шетелдік валютаны алмастыратын купондардың заңсыз саудасын тоқтатуға байланысты ешқандай нақты шара қолданған жоқ» деп жазады тарихшы Анна Иванова.

Бірақ бұл үшін жазаға тартылғандар да болған. Ресейде туып-өсіп, 1970 жылдары АҚШ-қа көшіп кеткен журналист Александр Грант өзін совет үкіметі тек «Совет Одағына қарсы үгіт-насихат жүргізді» деп қана емес, «Березкада» жиі сауда жасайтын әдетіне бола «валюта айырбастау заңдарын бұзды» деп те айыптағанын айтады.

– Мен дипломаттар берген ақшаға «Березкадан» сусын, азық-түлік сатып алатынмын. Сондықтан олар мені валюта транзакциялары заңын бұзды деп айыптады, – дейді Грант.

Осы айыптарға бола ол бес жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген.

«БӘРІМІЗ БІРДЕЙ КЕДЕЙ БОЛАЙЫҚ»

1980 жылдары Горбачевтың реформалары басталып, ақпарат құралдарында әлеуметтік теңдік туралы мәселелер көп қозғала бастаған соң Совет үкіметі «Березка» дүкендерін жабу керек деп шешті.

Кедейлік болса, бәріміз бірдей кедей болайық. Кедейлік те ортақ, проблема да ортақ болсын.

«Әлеуметтік әділдік – істеген жұмысы үшін бірдей жалақы алу ғана емес, сол ақшаны жұмсауда бірдей мүмкіндіктердің берілуі. Кедейлік болса, бәріміз бірдей кедей болайық. Кедейлік те ортақ, проблема да ортақ болсын. Мүмкін, кейінірек жақсы тауарлар келе бастайтын шығар» деп жазды 1987 жылы «Литературная газета» басылымы.

Көп ұзамай Совет үкіметі шетел валютасына «Березка» купондарын сатып алуға тыйым салып, барлық купонды айналымнан алып тастайтынын жариялады. Бұл үкіметтің жемқорлыққа және әлеуметтік теңсіздікке қарсы жүргізген шарасы деп сипатталды. Хабарландыруды ести сала жұрт «Березка» дүкендеріне ағылып, қолдарында бар купондарға тауар алып қалу үшін жанталасты.

Сол кездегі оқиғаларды есіне алған ресейлік бір блогшы: «Теледидардан хабарды ести сала, қолыма бір бума купон ұстаған күйі «Березка» дүкеніне жүгіріп бардым. Дүкеннің сыртында қалың нөпір тұрады-ау деп барғанымда мүлде басқа жағдайға тап болдым. Сөрелер жып-жылмағай бос тұр екен. Тіпті аудиокассетаға дейін алып кетіпті. Кассир ертең тағы тауар келеді деп уәде берді» деп жазды.

Карл Шректің материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG