Accessibility links

Жеңіс күні Ресейде Сталин музейі ашылмақ


Ресейдегі түрлі саяси қозғалыстар жиындарына Сталин портретін жиі көтеріп шығатын болды.

Ресейдегі түрлі саяси қозғалыстар жиындарына Сталин портретін жиі көтеріп шығатын болды.

Ресейде Сталин атын өшіргісі келмейтіндер бар. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында Ресей мәдениет министрі басатаған топ «Совет Одағының ұлы жеңістерінің символы» – Сталиннің музейін ашпақ.

1943 жылғы тамыздың 5-іне ауған түні Тверь облысы Ржев қаласы маңындағы Хорошево селосында тарихи оқиға болды.

Станцияға сыртында айырым белгісі жоқ ескі пойыз тоқтап, генералиссимус Йосиф Сталиннің өзі түсті. Оны бірден осы ауылдағы ағаш үйге алып келген, сонда ол терезесі Волга өзеніне қарайтын қарапайым бөлмеде бір түн түнеп шығады. Бұл – Сталиннің Ұлы Отан соғысы кезінде майдан өтіне ең жақын келген кезі болатын.

1942 жылдың қаңтары мен 1943 жылдың наурызы аралығында кескілескен ұрыс алаңына айналған Ржев қаласы Сталин келерден бес ай бұрын ғана фашистерден азат етілген еді.

Келесі күні таңертең баққа шығып серуендеп жүрген Сталин селодан 600 шақырымдай жердегі Орел және Белгород қалаларында совет әскерінің жеңіске жеткені туралы қуанышты хабар алады. Ол бұл жеңісті артиллериядан салют ату арқылы Мәскеуде тойлау керек деген жарлық шығарып, сосын пойызға қайта отырып, Кремльге қайтып кетеді.

Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский басқаратын «Әскери-тарихи қоғам» мен Ресей коммунистік партиясы және Ржев аудандық әкімдігі бірлесіп, СССР-дің диктатор басшысы бір түнеп кеткен сол ағаш үйден Сталиннің алғашқы музейін ашуды жоспарлап отыр. Музей үйі Жеңістің 70 жылдығы тойланатын мамырдың 9-ы қарсаңында ресми түрде ашылмақ.

СТАЛИНДІ ДӘРІПТЕУ

Ресей коммунистік партиясының веб-сайтында осы саяси ұйымның Тверь облыстық филиалындағы өкілі Артем Гончаров «Бұл жоғары әскери қолбасшыға арнап толық жабдықталған экспозиция болады» дейді.

Ржев ауданындағы Сталин музейі.

Ржев ауданындағы Сталин музейі.

Бірақ «толық» жабдықталған музейде Сталиннің жақсы жақтары ғана дәріптелетін тәрізді. Мұнда қойылатын экспозициялардың атаулары да көп нәрсені айтып тұр. Олар «Орыс православ шіркеуін қалпына келтірудегі Сталиннің рөлі», «Сталиннің жеңіске қосқан үлесі», «Сталиннің совет өнеркәсібін эвакуациялаудағы рөлі», «Сталин Совет Одағының жеңістері мен жетістіктерінің символы ретінде» деген тақырыптармен жасалмақ.

Алайда бұл тақырыптардың арасында жаппай қуғын-сүргін, ГУЛАГ, Молотов-Риббентроп келісімі, Сталиннің Гитлермен ынтымақтасуы сияқты оның көлеңкелі жақтарын сипаттайтын тақырыптар жоқ. Сталиндік қуғын-сүргінді зерттеумен айналысатын «Мемориал» қоғамдық ұйымы Тверь аймақтық филиалы мүшесі Сергей Глушков:

- Музей жоспарымен танысқанда қатты қынжылдық. Біздің ойымызша, мұндай музейді ашудың қажеті жоқ, себебі ол тарихты бұрмалап, зұлымдықты насихаттайды, – дейді.

«МУЗЕЙ ҚОҒАМДЫ ЖІККЕ БӨЛЕДІ»

Президент Владимир Путин билікке келгелі Сталинге қатысты көзқарас біртіндеп өзгеріп келеді. Путиннің өзі оны «мықты басқарушы» деп мақтайды. Түрлі көзқарастағы саяси қозғалыстар жиындарына Сталин портретін жиі көтеріп шығатын болды. Ал оның бюсті дүкендерде Путиндікімен қатар қойылып, сатылып жатыр.

«Левада» орталығы жақында жүргізген сауалнама нәтижелеріне қарағанда, ресейліктердің 57 пайызы Сталиннің Ресей тарихындағы рөлін жақсы бағалайды. СССР құлағалы Ресейде Сталинді бұлайша қолдау көрсеткіші болған емес. «Мемориал» ұйымының өкілі Сергей Глушков «бұл тенденция қоғам үшін қауіпті» дейді.

Мәскеудегі ГУЛАГ музейінің жаңа ғимараты. (Көрнекі сурет)

Мәскеудегі ГУЛАГ музейінің жаңа ғимараты. (Көрнекі сурет)

- Бұл – қауіпті жағдай, себебі Сталин тұлғасы ел ішінде әртүрлі реакция туғызады. Ал музейдің ашылуы – шектен шыққан әрекет, ол қоғамды жікке бөледі. Адамдар қақтығысуы мүмкін. Сондықтан, абай болуымыз керек. Әрине, біз елді арандатып, Сталинді қолдаушылар мен жек көрушілерді бір-біріне айдап салғымыз келмейді. Керісінше, біреулер елді осылай арандатқысы келетін сияқты, – дейді ол.

Ресейлік журналист әрі сарапшы Андрей Колесников жақында Gazeta.ru сайтына осыған ұқсас пікір жазды.

Ол «Жеңістің 70 жылдығы жақындаған сайын олар Сталинді, сталинизмді және ол жүргізген әлеуметтік саясатты насихаттауға тырысып жатыр. Бұған қарсылық білдіргендердің барлығы тарихты бұрмалаушылар болып жарияланады. Жеңістің 70 жылдығы неосталинизмге бастайтын жаңа кезең іспетті болып тұр. Олар жеңісті өздеріне меншіктеп алды» деп жазды.

Хорошево селосындағы Сталин қонған үйдің тарихы да қызық. 1947 жылы ол Сталин атындағы селолық кітапхана болған. Кейіннен кітапхананың бір бөлігі Сталин туралы, оның осы үйге келуі туралы мәлімет беретін музейге айналған. Бірақ Сталинді әспеттеуді тоқтатқан Хрущев заманында бұл музей жабылған. Бұл үй кейіннен кітапхана ретінде қайтадан қолданыла бастаған. 2000 жылы Владимир Путин президент болып сайланған соң, музей қайта ашылған. Ресейдің бұрынғы президенті Борис Ельциннің күзет қызметін басқарған Александр Коржаков Сталин заманында Кремльде пайдаланылған шәй ішетін ыдыс-аяқтарды осы музейге табыс еткен.

Сталин терроры құрбандары бірінің суреті. (Көрнекі сурет)

Сталин терроры құрбандары бірінің суреті. (Көрнекі сурет)

Жаңа музей Жеңіс мерекесі құрметіне ұйымдастырылатын салтанатты шаралар аясында мамырдың 9-ы күні ресми түрде ашылмақ. Коммунистік партияның веб-сайтындағы ақпаратқа қарағанда, ұйымдастырушылар музейді Тверь облысының туристік бағдарламасына қосуды көздеп отыр. Осы ақпаратқа сәйкес, аймақ тұрғындарының 80 пайызы музейдің ашылуын қолдайды. Ал Сергей Глушков бұл дерекке күмәнмен қарайды:

- Тверь тұрғындарының көбі, әсіресе қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, бұған реніш білдірді. Сталин музейі ашылатынын тарихты келемеждеу, туыстарының әруағын қорлау деп қабылдағандар көп, – дейді Сергей Глушков.

(Лилия Палвелеваның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG